42500 теңге: өтініш беру мерзімі анықталды

0 75

Кешеден бері елімізде 42500 теңге көлеміндегі біржолғы төлемді алуға өтініш қабылдана бастады. Бір күн ішінде төтенше жағдай кезінде төлемдер алған, қызметінің қайта шектелу мүмкіндігі жоғары 700 мың қазақстандықтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы – 42500 теңге мөлшерінде біржолғы төлемді проактивті тағайындау туралы SMS-хабарлама түсті.Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың шілде айында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты жұмыс істейтін қазақстандықтарға табысынан толық айырылған жағдайда ең төменгі жалақы – 42500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем төленеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жалдамалы жұмысшылар үшін тек жұмыс беруші өтініш беретінін мәлімдеді.

– Егер Сіз жұмыстан шықсаңыз, жұмыс беруші 42500 теңге алуыңыз­ға өтініш бере алмайды. Мұндай жағдайда халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш жазыңыз, Сізге бос жұмыс орындарын және өзге де жұмыспен қамту шараларын ұсынады. Егер жұмыс орны табылмаса, Сізді жұмыссыз ретінде тіркейді. Ондай жағдайда Әлеуметтік сақтандыру қорынан 6 ай сайын төленетін басқа әлеуметтік төлемді алуға құқыңыз бар, – деп түсіндірді ол.
42500 теңге алуға мынадай санаттарға жататын азаматтар өтініш береді: жалақысы сақталмаған еңбек демалысындағы жұмысшылар (бұл тізімге жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банктердің, ұйымдардың қызметкерлері, мемлекеттік заңды тұлғалар (шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың жұмысшыларынан басқа), сондай-ақ жарғылық капиталының 100 па­йыз акциясы және үлесі мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар кірмейді); жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын тұлғалар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісімдер бойынша табыс табатын азаматтық тұлғалар, бірыңғай жиынтық төлемді төлейтін азаматтар.
Министрдің түсіндіргеніндей, жалақысы сақталмаған демалыс­тағы жұмысшылардың тізімін жұмыс берушілер egov.kz және 42500.enbek.kz порталдары арқылы жібереді. Олардың қызметінің шектелгенін аудандық және қалалық штабтар растайды, бұл штабтардың құрамына ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен кәсіподақтар өкілдері кіреді. Басқа санатқа жататын азаматтар (жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар) өтінішті өздері жібереді. 42500 теңге алуға құқылы, бірақ жалдамалы жұмысшы болып саналмайтын азаматтар egov.kz – «Электронды үкімет» веб-порталы, 42500.enbek.kz порталы, «Электронды үкіметтің» Telegram-bot-ы, Auti мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы өтініш береді.
Біржан Нұрымбетов 16 шілдедегі брифингте министрлік проактивті форматпен де төлем төленетінін хабарлады. «Өткен жолы 42500 теңге алған, қызметі шектелген азаматтарға біз СМС-хабарлама арқылы табысынан айырылғанын растауды сұраймыз. Ондай азаматтардың өтініші мақұлданған жағдайда, өтініш бермей-ақ төлем алады. Оларға ресми порталдағы өзінің мәртебесін қадағалап отыруы жеткілікті» деді министр. Сондай-ақ құзырлы ведомство басшысы өтінішті бір-ақ рет беруді тапсырды. Өйткені бір өтінішті бірнеше порталға жіберу қабылдау жүйесіне ауырлық түсіреді. Өтініш берген адамға өзінің ЖСН бо­йынша хабарлама келеді, одан әрі өтініштің орындалуын қарап отыру қажет. Ең бастысы, шілдеде төленетін төлемге 1 қыркүйекке дейін өтініш жіберуге болады.
Жүктілігі бойынша демалысқа шыққан әйелдерге 42500 теңге төлеу тәртібі өзгерген жоқ. Баласы 1 жасқа толғанша Әлеуметтік сақтандыру қорынан баланың күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақша немесе әлеуметтік төлем төленеді. Егер 1 жылдан кейін әйел жұмысына кірісіп, жалақысы сақталмайтын демалысқа шығып, қызметі шектелсе, онда жұмыс беруші өтініш жолдайды. Егер жеке кәсібі бар, бірыңғай жиынтық төлемді тұрақты түрде төлейтін әйел болса, қызметінің шектелуіне орай, 42500 теңге алуға құқығы бар.
Министр студенттердің қандай жағдайда 42500 теңге алатынын және алмайтынын түсіндіріп берді. «Жалданып жұмыс істейтін студент төлемді алуға құқылы. Ол үшін жұмыс беруші өтініш жібереді. Егер ол жеке кәсібін ашса немесе бірыңғай жиынтық төлемді тұрақты төлеп келген болса, карантинге байланысты жұмысы шектелсе, онда өтініш бере алады. Бірақ егер студент төтенше жағдай кезінде бір-ақ рет бірыңғай жиынтық төлем төлесе, бұл жолы 42500 теңге ала алмайды. Өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес, студенттер халықтың экономикалық жағынан белсенді тобына жатпайды. Яғни жұмыссыз болып есептелмейді. Сол себептен біз олар ресми жұмыс істеген жағдайда ғана 42500 теңге төлейміз» деді Б.Нұрымбетов. Ол бірыңғай жиынтық төлемді бұл жолы төлеуге талап қойылмайтынын мәлім етті. «Ең басты талап – карантин кезінде қызметі шектеліп, табысынан айырылған адамдарға төлем төленеді. Ал зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек және өзге де әлеуметтік төлемдер алатын азаматтарға төленбейді» деп сөзін түйіндеді министр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 16 =