42500 теңге кімдерге, қалай беріледі?

0 18

42500 теңгені кімдер алады, қалай беріледі, қашан төленеді деген мәселе бүгінгі таңда қоғамдық талқының басты тақырыбына айналды.Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аталған қаржыны алуға карантин кезінде жұмыссыз қалғандар, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар өтініш бере алады. Төлемді алу үшін 17 шілдеден бастап өтініш беруге болады. Оны алу үшін бірыңғай жиынтық төлем төлеу қажет емес. Бұл туралы онлайн брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді. «Өткен жолғы 42500 теңгенің тәжірибесін ескеріп, жалдамалы жұмысшылар үшін осы жолы өтінішті тек жұмыс берушілер ғана береді деп ұйғардық. Бұл жолғы төлем тек 1 айға төленеді. Қаржы міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Ал біз жұма күні өтініш беретін порталдарды ашып, алдағы дүйсенбіден, яғни 20 шілдеден бастап төлем тағайындауды бастаймыз» деді Біржан Нұрымбетов. Сонымен қатар жәрдемақыны кімдердің алатынына тоқталған министр төлем қамтымына нақты кімдер енетінін де айтып берді.
• Жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындау­шысы, адвокат, кәсіби медиатор);
• Орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;
• Жеке кәсіпкерлер;
• Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу­шілер;
• Карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері;
• Азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын адамдар.
Кімдер өтініш бере алады?
• жалдамалы жұмысшыларын ақысыз еңбек демалысына жіберген жұмыс берушілер;
• карантин кезінде жұмысы тоқтаған жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар.
42500.enbek.kz порталы қайта жұмысын бастайды. Бұл туралы да түсініктеме берген министр порталдың жұма күннен бастап іске қосылатынын жеткізді. «Өткендегідей 42500.enbek.kz порталы, электронды үкімет порталы жұмыс істейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғаларға телеграм-боттар да қыз­мет көрсетеді. Бұлардың барлығы жұма күннен бастап іске қосылады» деді Біржан Нұрымбетов.
Қазақстан азаматтығын алмаған, алайда оралман мәртебесі бар қандастарға 42500 теңге беріледі. «Тұрақты тіркеуде тұрып оралман мәртебесі бар қазақтар құқықтары жағынан тұрғылықты азаматтармен тең. Оларға ешқандай кедергі жоқ және Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей көмек көрсетіледі. Егер жұмыс істеп жүріп, табысынан шектеулер салдарынан айырылған болса, ол 42500 теңге алады» деп жазды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы Сырымбек Төлеуұлы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + 9 =