42,5 мың теңгені кімдер алады?

0 147

Мемлекет басшысы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияға және «Атамекен» ҰКП-ға жұмыс берушілерді, әсіресе шағын және орта бизнесті қолдау бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған тұлғаларға ай сайынғы төлемдер кепілдендірілгенін атап өтті. Төлемдер көлемі ең төменгі еңбекақы мөлшеріне сәйкес 42500 теңгені құрайды. Осындай қаражатты дағдарыс кезінде ең кемі 1,5 млн қазақстандық алады. Бұл ақша жұмыс берушілерге жұмыс орындарын сақтауға және өндірістің мәжбүрлі тоқтап қалуы кезінде қызметкерлерді қолдауға көмектеседі. Қазіргі кезде ең қысқа мерзімде қаражатты бөлудің ашық әрі тиімді механизмі қажет.
12 наурыздан бастап Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төтенше жағдай режимін енгізу және карантиндік шараларға байланысты бизнеспен бірлесіп, ахуалды белсенді түрде саралап жатыр. Осы уақыт аралығында «Атамекенге» 7 мыңнан астам кәсіпкер жүгінген, олар келтірілген залал мен шешуді қажет ететін проблемалар жайында мәлімдеген. Жиналған деректер нәтижесінде ҰКП сарапшылары жұмыс орындарын сақтау және бірінші қажеттіліктегі тауарларға баға деңгейін ұстап тұру бойынша шаралар топтамасын әзірледі.
Қазіргі күні жұмыстан босаған қызметкерлер санын анықтау үшін қиындыққа ұшыраған салалардағы кәсіпкерлерге жаппай сауалнама жүргізіліп жатыр. Сауалнама нәтижесі жедел шараларды қабылдау мақсатында Үкіметке жолданады. Бизнестің ҰКП-ға жасаған өтінімдері жұмыс берушілер шамамен 60 пайыз қызметкерлерді жұмыстан босатуды жоспарлап отырғандарын көрсетті. Әрі қарай бұл көрсеткіш өсуі мүмкін. Алдын ала есептеулер бойынша ең төменгі еңбекақыны төлеу үшін қызмет көрсету саласында қызметкерлердің 30 пайызын босатудың өзі 65 млрд теңгені қажет етеді. Осы есеп бойынша бірқатар кәсіпорын қызметкерлеріне ең төменгі еңбекақыны бір-екі ай ғана төлей алатынын көрсетті. Сондықтан жұмыс берушілер мен қызметкерлерден өтемақыға өтінім қабылдау үшін әкімдіктер жанындағы өңірлік штабтар базасында жергілікті атқарушы органдар, жұмыспен қамту басқармалары, кәсіпкерлердің өңірлік палаталары, кәсіподақтар, «Нұр Отан» партиясы өкілдерінен құрылған жұмыс топтарын құру қажет. Жұмыс топтары төтенше жағдайға байланысты штат санын қысқарту заңдылығын қарайды.
Осыған орай «Атамекен» ҰКП төтенше жағдай кезінде жұмыс берушілердің штатты ұстау бойынша шығындарын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен өтеуді ұсынды. Бұл Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жинақталып (1,4 трлн теңгеден астам) келген қаражаттың жартысын бизнестің шығындарын өтеуге бағыттауға мүмкіндік береді.
Бүгінде заңмен сақтандыру жағдайының 6 түрі бойынша тө­лем­дер қарастырылған: еңбекке жарамдылықтан айырылған жағ­дайда; асыраушыны жоғалтқан жағдайда; жұмысты жоғалтқан жағдайда; жүктілік және бала тууға байланысты табыстан айырылу жағдайында; жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табыстан айырылу жағдайында; баланың бір жасқа толуына дейін баланы күтуге байланысты табыстан айырылу жағдайында.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =