4 күндік жұмыс аптасы тиімді ме?

0 200

Соңғы жылдары әлем елдері 4 күндік жұмыс аптасына көшудің артықшылығы мен кемшілігін талқылап жатыр. Оған Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы агенттігі саналатын Халықаралық еңбек ұйымының 2014 жылы 4 күндік жұмыс аптасына көшуді ұсынуы себеп болды. Оның түрлі артықшылығы бар екенін алға тартқан мамандар 4 күндік жұмыс аптасына көшу: біріншіден, бұл денсаулыққа пайдалы; екіншіден, жұмыс орындары көбейеді; үшіншіден, қоршаған ортаға оң әсері бар деп есептейді.

Әлемде 4 күндік жұмыс аптасына көшу мәселесін қарастырып отырған елдер аз емес. Әсіресе өткен жылдан бастап, пандемия жағдайына байланысты жұмыс қашықтан істелді де, дәстүрлі форматта жұмыс істеудің көптеген кемшіліктері байқалды. Міне, осы жағдайға байланысты Жаңа Зеландия, Жапония, Испания, Ұлыбритания сынды елдер 4 күндік жұмыс аптасына көшудің жолдарын қарастыра бастады. Олардың бұл мәселеге деген қызығушылығын оятқан Microsoft компаниясының Жапониядағы филиалының зерттеу нәтижесі болды. Аталған компания 4 күндік жұмыс аптасына көшкеннен кейін қызметкерлердің өндірістік қуаты 40 пайызға артып, электр мен жылуға кеткен қаражат үнемделген. Қағаз да аз жұмсалған. Жұмысшылар 25 пайызға кем сұранған.
Жаңа Зеландиядағы тәжірибеден де жұмысшылардың көңіл-күйі жақсарып, жұмыс істеуге құштарлығы артып, жұмыс өнімділігі 20 пайызға артатыны дәлелденген. Кейбір елдерде 32 сағаттық жұмыс жүйесіне көшкеннен кейін, жұмысшылардың өндіріс, тұрмысқа деген ынтасы күшейіп, жанұясына көңіл бөлетін уақыты молайып, ағайын-туыс­тарымен қарым-қатынасы жақсара түскен. Бұл өз кезегінде рухани қысым мен күйзелісті азайтып, жұмысшылардың жүйке ауруына шалдығуын төмендеткен. Осындай артықшылығын назарға алған Исландия елі қазір 4 күндік жұмыс аптасына көшудің жоспарын жасап отыр. Егер бұл жоспар жүзеге асса, онда Исландия әлемде 4 күндік жұмыс аптасына көшкен алғашқы елге айналмақ.
Әрине, 4 күндік жұмыс аптасына көшсек, жалақы азайып, 3 күн қосымша жұмыс істеуге тура келеді де, тұрмыстың қысымы одан ары ауырлап кетеді деп қарайтындар да аз емес. Бұл жағдай көрші ел Ресейде жасалған тәжірибеден байқалды. Ресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының мәліметінше, Ресей халқының 48 пайызы бес күндік жұмыс күні қала бергенін қалайды екен. Себебі олар жұмыс аптасы қысқарса, онда жалақы азаяды деп ойлайды. Ал төрт күндік жұмыс күніне өту сауалнамасына қатысқандардың 29 пайызы қолдаса, 17 пайызы бәрібір деген сыңай танытқан. Тек Мәскеу мен Санкт-Петербург тұрғындары (25-34 жас аралығы) ғана төрт күндік жұмыс аптасына өтуді қуана қолдаған.
32 сағаттық жұмыс режимі мектептер мен емханалардың қызмет жүйесіне кері әсер етуі де мүмкін. Бірақ, ғылым-техниканың дамуына сай, болашақта көптеген елдер 4 күндік жұмыс аптасына көшетіні анық. Сондықтан еліміз де бұл әдісті қазірден бастап сынақтан өткізгені абзал секілді. ҚР Еңбек кодексінің 77-бабына сәйкес, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы керек. Алайда, елімізде кодекстегі осы норма жиі бұзылады. Өйткені көптеген жұмыс берушілер қол астындағы жұрттың қызметте көбірек жүргенін қалайды. Ал жұмысшылардың басым бөлігі бос уақытының артып, оны отбасымен өткізуді аңсайды. Бізше, 4 күндік жұмыс аптасына көшу осы мәселені ұтымды шешуге үлкен септігін тигізеді.
Әлем бұрын 6 күндік, кейін 5 күндік жұмыс аптасына көшкенін ескерсек, болашақта 4 күндік жұмыс аптасына көшудің де ауылы алыс емес. Өйткені урбанизация процесінің тездеуіне сай, адамдардың рухани қысымы мен жұмыстан қажу сезімі күннен-күнге артып келеді. Бұл жинала берсе, болашақта тұтас ұлттың рухани сапасына әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан ұлт сапасы мен ұрпақ тәрбиесі тұрғысынан алғанда, бұл мәселенің артықшылығы да жоқ емес.
Пандемия жағдайына байланысты тұтас Қазақстанда кейбір мекемелер онлайн жұмыс істеді. Бұл жұмыс тәсілі кейбір мекемелердің жұмыс өнімділігін төмендетіп, мектептердің оқу сапасын нашарлатып жібергенімен, өзіндік артықшылығын да көрсетті. Атап айтқанда, жұмысшылардың жол жүру шығыны азайып, ірі қалалардағы көлік кептелісі төмендеді. Көлік қозғалысы азайған соң, ауа сапасы жақсарып, қоршаған ортаға оң әсер етті. Бастысы, онлайын жұмыс істегенде өндіріс тұралап, тіршілік мүлде тоқтап қалған жоқ. Демек, әлем елдері 4 күндік жұмыс аптасын енгізсе де, экономиканың дамуына, өндірістің өркендеуіне кері әсерін тигізбейді. Керісінше, Қазақстанда ішкі туризмінің дамуына, жан санының өсуіне (пандемия кезінде елімізде бір жылда 430 мың сәби дүниеге келгенін ескеріңіз) тың серпін береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =