39 аула абаттандырылды

0 31

Байқоңыр ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Жаулыбаевтың халыққа есеп беру кездесуі №55 орта мектеп пен №10 мектеп-гимназияда жалғасты. Бұл кездесулерге қала әкімінің орынбасарлары Бақтияр Мәкен мен Нұрлан Нұркенов қатысты.Қазіргі таңда аталмыш ауданда 234 аула аумағы бар болса, оның 67-сіне абаттандыру бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Биыл солардың ішіндегі 39 аула абаттандырылады деп жоспарлануда. Ерлан Жаулыбаевтың айтуынша, былтыр 23 ауланың аумағы қалпына келтіріліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.
«Атап айтсақ, Егемен Қазақстан көшесіндегі, сондай-ақ «Өндіріс» тұрғын алабындағы Ақбидай көшесі, 15 мекенжайында орналасқан үйдің қоғамдық кеңістіктері жөнделді. Бұдан бөлек, «Жастар» сарайының алды және Республика даңғылындағы жерасты жаяу жүргіншілер өткелі қалпына келтірілді. Сонымен қатар, 18 аула аумақтарында тас төсемені ауыстыру және қайта салу, ораміші аулалар мен өтпе жолдарды, көлік тұрақтары мен жаяу жүргінші жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл 39 аула аумағын абаттандыру жоспарлануда» деді Ерлан Жау­лыбаев.
Өз сөзінде аудан әкімінің міндетін атқарушы саябақтар мен гүлзарлар мәселесіне де тоқталды.
«Аудан аумағында 1 саябақ және 23 гүлбақ орналасқан, олардың да іші реттеліп, кемшін тұстары қалпына келтірілді. Өткен жылы ауданымыздағы маңызды оқиғалардың бірі «Қаламгерлер аллеясының» ашылуы болғаны белгілі. Бұл әдемі аллея Абай мен Сембинов көшелерінің қиылысынан бастап Егемен Қазақстан көшесіне дейін созылып жатыр. Аллеяның қақ ортасына Абайдың сөзі жазылған кітаптың мәрмәр мүсіні және Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына арналған «Үш Арыс» ескерткіші орнатылды» деді ол.
Мұнымен қоса ол алдағы уақытта аудан аумағында 3 гүлзар салынатынын да атап өтті. Гүлзарлар Ақ бидай көшесі, 11, Тайбурыл көшесі, 9а мекенжайларында және Абай даңғылынан бастап Егемен Қазақстан мен Бейсекбаев көшелерінің қиылысына дейінгі аумақта орналасатын болады.
Есеп беру кездесуі барысында астаналықтардың талап-тілектері де тыңдалды. Өзін Күнімхан Айтжанова деп таныстырған тұрғын қоқыс жәшіктерінің уақытылы тазаланбайтынын, тазаланса да, жәшіктердің қайта орнына қойылмайтынына шағымданды.
«Мен «Молодежный» тұрғын алабындағы Есіл тұйығында тұрамын. Желтоқсаннан бері ауладағы қоқыс контейнері проблемаға айналды. Бұрындары уақытылы тазаланбай, аузы-мұрнынан шығып тұратын. Кейін тазалады да, бірақ әлгі жәшіктерді орнына қоймай, көлік жүретін аумақтың ортасына тастай салыпты. Енді оның үстін қазір қар басып қалған. Мәшинелер оны айналып өтеді. Сол жолдарында біз секілді жеке сектордағы үйлердің су септигін басып кетеді. Бұлай созыла берсе, бір күні септик құриды» деді ол.
Аудан басшысы сол заматта-ақ аталған мәселеге жауапты орган өкілдеріне сұрау салды. Сөйтсе, ауланың ішіне кіретін жол тар болғандықтан, қоқыс жәшіктері бұрынғы орнына жеткізілмеген екен. Сондықтан алдағы уақытта осы мекенжай аумағындағы қоқыс жәшіктерінің ауыстыру міндеті қойылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 17 =