«387-ДИВИЗИЯ ОСЫ ЖЕРДЕН АТТАНҒАН»

0 182

Ақмолалық жауынгерлер жайында жаңа деректер табылды.

Ескі вокзалдың перронына шығып, сона-ау жылдардан сыр тартқан ғимаратқа көз салыңызшы. Кішкене ғана қоңырқай қос тақтай назарға шалынады.Онда «Бұл жерден 1941 жылы 387-атқыштар дивизиясының эшелондары Мәскеуді қорғауға аттанды», «Бұл жерден 1941 жылы тамызда 310-атқыштар дивизиясы Ленин­градты қорғауға аттанды» деген алыс та ауыр ойларға тартатын жазулар бар…

Көңілдің көк дөнені жүйрік қой. Көз алдымыз лезде жұпыны су­реттерге тола кетеді әлгіні оқығанда. Ол дивизиялардың құрамын, әлбетте, Сарыарқаның сайдың тасындай саңлақтары толықтырды. Бірінің анасы, бірінің әкесі, бірінің сүйген жары…

Арқа ерлерінің қаншасы әлгі жерге аман оралып, отбасы мен әулетін қуанышқа бөледі екен?.. Қаншасы Мәскеу мен Ленинградтың маңында, не болмаса басқа да майдан даласында жер жастанды, қаншасы ізім-қайым жоғалып кетті?.. Ол тұсы Аллаға аян. Алайда, күні кеше 387-атқыштар диви­зиясына қатысты құнды деректер та­рих беттеріне қатталды. Талай жылын мұражай ісіне арнаған Мәриям Кен­жеахмет біздің жауынгерлер қорғаған шаһарлардың қожасы – Ресейдің По­дольск қаласынан дивизия жайында жазылған құжаттамаларды тауып, қазақстандықтарға ұсынды. Енді өзінің жауынгер аталарын іздеген азаматтар осы деректермен жақын таныса алады.

Тарихшының айтуынша, 387-атқыштар дивизиясы 1941 жылы Ақмола облысында құрылған. Алғашқыда оның құрамында ақмолалық және қарағандылық сарбаздар шақырылған болатын. Сол жылғы қарашаның он бірінде дивизия ұрыс даласына аттанды. «Сұрапыл соғыс біткенше, талай майдан алаңында мыңдаған қазақстандық ерлікпен қаза тапты. Олардың ерліктері жайында «За победу» және «Советский бога­тырь» газеттеріне басылған екен кезінде. Сол газеттердің Подольск мұрағатында жатқан бірнеше дана­сын қазақ даласына жеткіздік» дейді М.Кенжеахмет.

Соғыс жылдары 387-атқыштар дивизиясы Мәскеуді ғана қорғап қалған жоқ. Талай қанды қырғын шайқасты бастан кешірді. Солардың бірі 1942 жылы 15 тамызда болған екен. Ол кезде дивизия әскері жаудың қоршауында қалып, сан-мың әскерден небәрі сегіз жүздейі аман қалған. Олардың есімдері жазылған тізім Көкшетаудағы тарихи мұражайға өткізілді. Батыр жауынгерлердің ұрпақтары бабаларының есімі мен деректерін сол жерден таба алады. Бұл да болса – бүгінгі буынның жұбанышы, құндылығы.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 1 =