ТҮРКИЯДА ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТАЛДЫ

0 122

water

Өткен жұмада Түркияның Анкара мен Ыстамбұл қалаларында Түрік қарулы күштері ішінен құралған бір топ әскер мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті басып алуға әрекеттенді. Осы оқиғаға байланысты бүгін Түркияның Қазақстандағы елшілігі ресми мәлімдеме жасады.

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык 16 шілдеден бастап Түркияда жағдай тұрақталғанын жеткізді.

– Қауіпсіздік органдары да, прокуратура органдары да төңкеріске қарсы қажетті шараларды шұғыл қабылдап, оқиғаның ушығуының алдын алды. Мемлекетінің бүтіндігін көксеп, ынтымақтықта әрекет еткен халқымыз көшелерге шығып, бүлікшілер мінген танктердің жолын кесті. Бүлікшілердің Түркия теледидары мен радиосы ғимаратын қарумен басып алу әрекетіне де тез арада тосқауыл қойылды. Саяси партияларымыздың бәрі дерлік демократиямызды, ұлттық ерік-жігерді және соның өкілетті органы болып табылатын Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісін қорғады, – дейді елші.

Баспасөз мәслихатында төңкеріс әрекетін Фетхуллах Гүлен жақтастары ұйымы жасағаны жарияланды. Орын алған оқиға Фетхуллах Гүлен бастаған ұйымның лаңкестік болмысын айқындап берді.

Оқиға кезінде 6000 бүлікші тұтқындалып, шамамен 100-і өлтірілген. Жалпы бейбіт азаматтарды қосқанда бұл қақтығыстарда 190 адам опат болды. Ал жарақаттанғандар саны 1400-ден асады.

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Канада, Австралия, Испания, Пәкістан, Иран сияқты мемлекеттер Түркия Республикасына қолдау білдірген жеделхаттар жолдағанын айтты.

Сондай-ақ, елші Түркияда демалып жатқан туристерге еш қауіп төніп тұрмағанын, азаматтық ұшақтардың рейстері қалпына келтірілгенін атап өтті.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 6 =