36 көппәтерлі тұрғын үй жөнделеді

0 11

2020 жылы елордада тұрғын үй қорын жаңғырту барысында «Нұрлы жер» тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 36 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар 16 көппәтерлі тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.Үйлерді күрделі жөндеуден өткізу үшін аудандардың әкімдіктері «Өркен қала» ЖШС-мен бірлесе пәтер иелеріне тұрғын үй қорын жаңғыр­ту механизмін түсіндіріп жатыр. Соңғы жылдары 120-дан астам тұрғын үй кешені күрделі жөндеу­ден өтіп, 72 тұрғын үй кешенінде 150-ге жуық лифт ауыстырылды.
Тұрғын үй құрылысына арналған жиында қала әкімі Алтай Көлгінов тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығы саласын тұрақты түрде жаңғыртып тұру қажет екенін атап өтті. Бұл, ең алдымен, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін керек.
«Үйлердің қасбетін тиісті талаптарға сәйкестендіру қажет. Қатты жел соққан кезде плиталар құлай бастайды. Тез тұтанғыш материалдардан да қауіп көп. Мемлекеттің тапсырмасы бар. Үйлердің жағдайын зерттеу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Құрылыс маусымы басталғанға дейін барлық құжаттарды дайындап, жұмысқа кірісу керек. Мысалы, «Территория комфорта – 2», «Орбита» тұрғын үй кешендерінің қасбеті бойынша мәселелер бар. Биыл 20 тұрғын үйдің қасбетін ауыстырамыз. Сондай-ақ лифтілер мен өрт қауіпсіздігі жүйелері бойынша да мәселе туындап отыр. Осы жылы 30-дан астам лифт ауыстырылады. Елорданың дизайн-коды ережелерін сақтау қажет» деді Алтай Көлгінов.
Бұл жұмыс бойынша есеп берген қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов атап өткендей, пәтер иелері кооперативтері және өрт сөндіру қызметі тарапынан белсенділік қажет. Олар аудандардың әкімдіктермен бірлесіп тұрғын үйлерді аралап, тұрғындармен кездесулер өткізеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды