35 көпқабатты үй сүріледі

0 34

Аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Байжанов мүлік иелері бірлестіктерін құру мәселесіне арналған қоғамдық тыңдауда аудан аумағында тозығы жеткен 174 үй жөндеуді қажет ететінін айтты. «Аудандағы тұрғын үй қорының сапасын жақсарту үшін 2020 жылы үйлерді түгелдей паспорттаған болатынбыз. Әр үйге төлқұжат жасап, проблемасын жеке-жеке қарадық. Паспорттау қорытындысы бойынша аймақта орналасқан 446 үйдің 206-сында ғана ақау жоқтығы анықталды. Сондай-ақ 174 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет» деді әкімдік өкілі.
Ал енді 53 үйдің жағдайы одан да мүшкіл екен. Оның ішінде 35 көпқабатты үйге тіпті жөндеудің өзі көмектеспейді екен. Осыған орай, ауданда ескі үйлерді сүру көкейтесті проблемаға айналып отыр. Оның алтауы 63-76 пайыз деңгейінде тозған. Ал 29 көпқабатты үй 33-59 пайыз ескірген. Тұрғын үй қатынас­тарын реттейтін заңнамаға сәйкес, егер ғимараттың 60 пайыздан астам көлемі ескірсе, онда мұндай үйлер міндетті сүрілуге жатады делінген.
Сонымен бірге, барак типіндегі 29 үйдің де сүрілетіні белгілі болды. «Барак типіндегі 29 үй сүріп тастауға жатады. Олардың тозу көрсеткіші 50 пайыздан асқан. Паспорттау қорытындысына сәйкес ақаулар анықталған үйлерді жамап-жасқау, ғимараттың пайдалану мерзімін ұлғайту мен сапасын жақсарту мақсатында жұмыс жоспары жасалды.
Бұл нысандар ескі үйлерді сүрудің 2023-2025 жылдарға жоспарланған үшінші кезеңіне енуі тиіс.
Аудан халқымен кездесу барысында жаңа заңнамаға сәйкес қолданысқа енген өзгерістерге байланысты басты назар мүлік иелері бірлестіктерін құру мәселесіне аударылды. «Тұрғындар арасында тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы белсенді түрде түсіндірілуде. Қазір 17 үйді осы бағдарламаға дайындап жатырмыз. Тағы 3 үйдің құжаты бір аптаның ішінде бітеді. Биыл 20 үйдің құжатын дайындасақ, қалғаны келесі жылға қалғалы тұр» деді Жасұлан Байжанов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + eighteen =