«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

32 заманауи жабық аялдама қойылады

0 242

Астанада жыл соңына дейін 32 заманауи жабық аялдама қойылады. Бұл туралы «Астана ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов «Елорда тынысы» радиохабарына берген сұхбатында мәлімдеді.

Бұған дейін «Астана» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Канкин тілшілерге берген сұхбатында мұндай аялдамалардың екеуі қала күніне дейін жұмысын бастағанын айтқан болатын. Олар Біржан сал көшесі, 6 және Қажымұқан көшесі, 9 мекенжайларында орналасқан. Бұл павильондарда жалға алушылар өздерінің сауда-саттық жұмыс­тарын жүргізеді.
– Жылы аялдамалар кешені жобасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзе­ге асырылуда. Біз оператор ретінде әлеуеті жоғары, аялдамалардағы сауда-саттыққа қызығушылықтары зор кәсіпкерлерге жұмыс істеуге барлық жағдайды жасадық. Қалалық әкімдік жер учаскелерін бөлді. Бұл орындар кәсіпкерлерге 10 жылға дейін жалға беріледі. Одан бөлек біз инженерлік желілерін, инфрақұрылымын жасаймыз. Бұрынғы аялдаманы алып тастаймыз. Осылайша, жалға алушыға орын дайындап береміз. Ал инвестор тек сол жерді бірнеше жылға сатып алып, келісімшартта көрсетілген нобай бойынша павильонды қойып, сауда-саттығын жүзеге асырады. Жыл соңына дейін қалада осындай заманауи 32 аялдама қойылатын болады. Қазіргі уақытта үш инвестормен келісімшартқа отырдық. Кәсіпкерлерді адам аяғы үзілмейтін аялдамалар қызықтырады, – дейді Нұрлан Жақыпов.
Оның айтуынша, қала әкімдігі 32 заманауи жабық аялдамадан басқа әлеуметтік нысандар мен қаланың шеткі аудандарында 55 жылы аялдама орнатпақ. Ал заманауи аялдама кешендеріне арналған павильондар Қарағанды қаласы мен Белорусь елінен әкелінетін көрінеді. Отандық өндірушілер павильондарды жасауға қызығушылық танытқанмен, оның белгілі бір талаптары бар екенін айтады басқарма төрағасы.
– Павильондардың ішінде жаздың күндері салқындатқыш, қыста жылытқыш құралдары орнатылуы тиіс. Сонымен қатар онда ауа температурасын реттеп тұратын датчиктер, сол сияқты USB қосқыштар мен қалалық бірыңғай желіге қосылған бейнекамералар болуы керек, – деген спикер қала бизнесмендерін шағын кәсіпті пайдалануға арналған павильондардың таныстырылымына қатысуға шақырды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды