30 жылдыққа – 30 аула клубы

0 25

Нұр-Сұлтан қаласында аула клубтарын дамытуға ерекше маңыз беріліп отыр. Аула клубтарының басты мақсаты – балалар мен жастардың уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге дәнекер болу, оның ішінде жетім балалар мен әлеуметтік жағынан осал отбасыларының балаларын бірінші кезекте қамту қарастырылған. Осы аптада елордада 26-аула клубы ашылды.Дұрыс тәрбие – балаға өмір бойы азық. Алайда көп ата-ананың қолы қауырт тірліктен босамай, баласын қалдыруға орын таппай жатады. Ақылы үйірмелердің бағасы шарықтап тұр. Елордадағы өлмейтін бизнестің түрі де балаларға қосымша білім беру нысандары. Қалтасы көтермейтін көпбалалы отбасылар үшін үйінің жанындағы аула клубтарынан артық орын жоқ.
Биыл – күш атасы Қажымұқанның 150 жылдық мерейтойы. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұлан-ға­йыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген бабамыздың ерлігі – жас ұрпаққа өнеге. Орасан күштің иесі бала күнінен қатарының алды болып, күрестен ешкімге дес бермей ауыл жұртының назарына ілігіпті. Бүгінгінің баласына аңыз әңгіме сияқты естілетін оның ерлік жолын жалғастыру – парыз. Осы орайда балуанның мерей­тойына арнап Сарыарқа ауданында қаламыздағы жиырма алтыншы аула клубы ашылды. «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы бірлесіп ашқан жаңа аула клубы жетім балалар мен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға арналған.
Жаңадан ашылған «Динамо» аула клубы «Қуат» спорт кешенінде орналасқан. Сарыарқа ауданының балаларына бос уақытын тиімді пайдаланатын спорт үйірмелерінің ашылуы үлкен қуаныш сыйлады. Ашылу салтанатына жиналған жасөспірімдердің жүзінен күлкі, жаттықтырушылардың дидарынан үміт ұшқыны байқалады. Ғимаратқа кіргенде қабырғаға ілінген олимпиада чемпиондары мен динамошылардың суреттері еңсеңді көтеріп, спорт нысанына келгеніңді есіңе салады. Ермұхан Ыбырайымов, Бақтияр Артаевтан бастап Әділбек Ниязымбетов, Данияр Елеусінов сынды батыр ұлдарымыздың жеңіс тұғырында тұрған сәттері тәрбиеленушілердің бойындағы «чемпион боламын» деген сенімді оятатындай.
Салтанатты жиынды Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров ашып, бүлдіршіндердің қуанышына ортақ екенін жеткізді. «Қала басшысының тапсырмасына сәйкес аула клубтарының санын көбейтіп отырмыз. Аула клубтары тек қаланың орталығында ғана емес, шеткі аймақтарын да қамту керек. Бүгін 26-аула клубын аштық. Ал Сарыарқа ауданында 4-аула клубы ашылуда. Негізі, басты бағыт – аз қамтылған отбасылардағы балаларды ақысыз түрде спортқа дайындап, уақыттарын тиімді пайдалануға септігімізді тигізу» деді ол.
Одан әрі сөз кезегін алған «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Болат Рамазанұлы қала басшылығынан ұсыныс келген кезде қуана-қуана келіскендерін, болашақ ұрпақ бойына салауатты өмір салтын қалыптастырып, ел чемпиондарын дайындауға үлес қосу үлкен мәртебе екенін айтты.
Үш қабатты еңселі ғимараттың үш залы енді балаларға арналмақ. Қажетті құралдармен толықтай жасақталған клубта бокс, қоян-қолтық ұрыс, таэквондо секілді спорт секциялары, сондай-ақ тренажер залы жұмыс істейтін болады. Үйірмелерге 14 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Қазіргі карантиндік жағдайға байланысты қатысушылар саны аз екен. Дегенмен алдағы уақытта «Динамо» аула клубынан балалардың қарасы үзілмейтініне сенеміз.
Айтпақшы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жыл соңына дейін елордада 30 аула клубын ашу жоспарланған.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 10 =