«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

3 мыңға жуық адамға баспана беріледі

0 139

Қазақстанның оңтүстігінен солтүстікке көшіп барған отбасы­лардың саны 1,5 мыңға жуықтады. Көшке ілескендердің басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аударыпты.

«Жұмыс күші жетіспейтін оңтүстік өңірлерден солтүстік облыстарға 1 488 отбасы немесе 4 925 адам көшірілді. Соның ішінде еңбекке жарамды жастағылар – 2 523 адам, олардың 1 424-і немесе 56 пайызы жұмысқа орналасты. 87 адам кәсіпкерлікпен айналысады» деп мәлімдеді Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова.
Статистика бойынша, Шығыс Қазақстан облысына – 413 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысына – 400, Павлодар облысына – 361, Қостанай облысына – 224, Ақмола облысына 90 отбасы көшіп барған. Әрине, көшке ілескен қазақтың басын ауыртып, балтырын сыздатқан мәселенің бірі – баспана. Біз бұл туралы нақтылап жазған едік (қараңыз: «Астана ақшамы», «Қозғал халқым, солтүстікке!», 4 қыркүйек, 2018 жыл). Көшіп-қонуға берілетін 84,2 мың теңге баспана мәселесін шешпейді. Мемлекет көшкен жұртты қолдау үшін баспанамен қамтамасыз ететін болды. Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысына алдағы үш жылда көшіп баратын 3 мыңға жуық қазақстандықтарға үй берілетінін хабарлады. Біріншіден, олар жұмыс берушінің шақыруымен баруы тиіс. Екіншіден, қоныс аударған жерінде бес жылға дейін тұруға міндетті. Бұл мақсатқа ел бюджетінен 2019-2021 жылдарға 15 млрд теңге бөлу қарастырылып қойыпты.
Биыл 9 шілдеде өткен Үкімет мәжілісінде министр солтүстік өңірлерге 9,1 мың адам көшуді жоспарлағанын айтып еді. Бұл жолғы басқосуда ол санның 8 мыңға дейін азайғанын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды