3 млн 960 мың адамға 42500 теңге төлемақы тағайындалды

0 24

Пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) жұмысы жайшылықта да мазасыз еді, ал қалада карантин жарияланғалы оның қиындығы тіпті еселеніп кетті. Енді бұрынғы міндеттеріне қоса қарауындағы үйлерді күніне екі рет дезинфекциялап тұру қосылды. Оның үстіне қазір еңбек құралдары мен қолданысқа қажетті материалдардың түгелге жуығы осыдан бір ай бұрынғы бағадан екі еседей қымбаттаған.Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Төтенше жағдай кезінде кірістің жоғалуына байланысты Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындау шарттары туралы, жалған ақпарат бергені үшін жұмыс берушілер мен азаматтардың жауапкершілігі жайлы және әлеуметтік төлем ережесінің бірнеше рет өзгеру себебін түсіндірді.
– Көптеген кісілер «осы министрлік ережені ылғи өзгерте береді, халықты жаңылыстырады. Біресе алады, біресе алмайтын болып шығады» дейді. Ол дұрыс емес. Сіздерге түсіндіріп берейін. 23 наурыз күні Президентіміз жаңа төлем енгізілетіндігін хабарлағаннан кейін үш күннің ішінде біз елімізде жаңа, бұрын болмаған әлеуметтік төлемін енгіздік. Өтініш беру, тағайындау жолдарын реттедік. Одан кейін сұрақтар туындап жатты, халықтың өтініштері, талаптары, арыздары түсті. Сондықтан біз халықтың өтініштерін ескеріп, төлемді жеңілдету үшін ғана өзгерістер енгіздік, – деді министр. Мысалы, оның түсіндіруінше, бұрын 42500 теңге әлеуметтік төлемді тек жеке кәсіпкерліктер ғана ала алатын. Ал 29 наурызда енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұл қатарға азаматтық-құқықтық сипатта жұмыс істеп жүрген фрилансерлер, карантиндегі қалалардың ірі кәсіпорындардың ақысыз демалысқа жіберілген жұмысшылары қосылды. Соңғы 12 айдағы әлеуметтік төлемдер 3 реттен 1 ретке қысқартылды. «Келесі өзгеріс 3 сәуірде болды. Коммерциялық емес ұйымдар тарапы да қаржылық мүмкіндіктерінің жоқтығына байланысты қызметкерлерін ақысыз демалысқа жібергендерін айтты. Сондықтан осы ұйымдарды қостық. 31 наурызда Президентіміз «ресми жұмыс істегендермен қатар бейресми жұмыс істеген азаматтар бір рет бірыңғай жиынтық төлем төлеп, мәртебесін анықтап, әлеуметтік төлем алсын» деп тапсырма берді. 3 сәуірде соны енгіздік» деп жалғастырды Біржан Нұрымбетов. Министр 15 сәуірдегі соңғы өзгерістерге де тоқталды. «Көптеген адамның банктерде есепшоттары жоқ екен. Сөйтіп, адамдар банкке ағылды. Сондықтан біз жедел түрде шешім қабылдап, өтінішті есепшоттарды көрсетпей беру мүмкіндігін жасадық. Төлемді тағайындап қоямыз, 30 күнге дейін есепшот ашқандарыңызды күтеміз. Ал мұны ережеге ашып жазуымыз керек. Себебі тағайындайтын мекемеге есепшотсыз тағайындау құқығын беруіміз қажет. Бұған қоса, біраз азаматтың жеке куәлігінің мерзімі өтіп кеткен екен. 42500 теңге төлеуге кедергі болмасын деп оның да шешімін қабылдадық. Өзгеріс­терді ережеге қостық» деді ол.
Бүгінгі таңда төтенше жағдайлардың салдарына байланысты табысынан айырылған 3 млн 960 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. 20 сәуірдегі жағдай бойынша «42500 теңге» төлемге 7 млн 990 мың адам өтініш берді. Оларға 157 млрд теңге төленді. Өкінішке қарай, соңғы 4-5 күн бойы әлеуметтік желілерде, қоғамда «42500 теңге алғаны үшін қылмыстық тұрғыда жазалайды екен» деген әңгіме көп таралып жатыр. Осы тұрғыда Біржан Нұрымбетов түсіндіріп өтті. Оның атап өтуінше, желіде таралған мақалаларда ол азаматтар «министр Нұрымбетовтің ешкімді жаппай тексермейміз деген сөзін жұмыс берушілер пайдаланып, жалған мәліметтер беруі мүмкін» дегенге келтірген. «Осыған байланысты, құрметті қазақстандықтар, ағайындар! Бірде-бір адам 42500 теңге алғаны үшін, тіпті жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық. Ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Оны ана талқылап жатқан заңгерлер де біледі. Біз ешкімді тексермейміз. Себебі бұл – әлеуметке бағытталған төлем» деді министр. Сондай-ақ Біржан Нұрымбетов халықтың басым бөлігінің табысы аз, жалақы мөлшері төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес екендігін баса айтты. «Көпшілік осы төлемді алғысы келеді. Өткен брифингте де айтқанмын, біз ешкімді жаппай тексеріп жатпаймыз. Жеке тұлғаларды, ресми не бейресми болсын жұмыс істеп жүргендерді, үйлерді аралап, тексермейміз. Ештеңеге уайымдамаңыздар. Сіздерге төленді ме? Алыңыздар, жаратыңыздар. Тексеру болса да бізді тексереді» деді министр.

Неге 42500 теңге барлық азаматқа бірдей берілмейді?

Төтенше жағдайға байланысты Үкімет тарапынан біраз көмек қарастырылды, қарастырылып та жатыр. Бір жағынан несиелер, салықтар, қарыздар шегерілді. Зейнетақы мен жәрдемақы тоқтаған жоқ. Олар қайта ұлғайды. Жаңа қаражат төленгенге дейін сәуір айына төленді. Сондықтан зейнетақы мен жәрдемақыны көтерілген мөлшерін мамыр айында сәуірдегі қосылған үстемемен бірге төленеді. Халықтың әлжуаз топтарына коммуналдық шығындарды өтеуге 15 мыңнан төлем енгізілді. Азық-түлік жағынан да көмек қарастырылды. Минис­трдің атап өтуінше, осындай көп көмектің бірі – төтенше жағдайға байланысты алып жүрген жалақысынан, тауып жүрген табысынан айырылғандарға берілетін 42500 теңге. «Сондықтан бұл бөлек төлем болғаннан кейін оның шарттары бар. Негізгі шарты – алып жүрген жалақыңыздан, тауып жүрген табысыңыздан төтенше жағдай салдарынан айырылған жағдайда төленетін төлем» деді Біржан Нұрымбетов.
Сонымен, жалдамалы қыз­меткер ақысыз демалысқа шықпай 42500 теңге алса, ол заңсыз болып есептелінеді. Яғни жалдамалы жұмыс істеп жүрген қызметкерлер 42500 теңгені жұмыс берушілері мәжбүрлі түрде ақысыз демалысқа жіберген болса ғана ала алады. Басқа жағдайда 42500 теңгені алуға болмайды. Сондай-ақ жұмыс берушісі жалақысының 50 пайызын ғана төлеп отырған қызметкерлер 42500 теңгеге өтінім бере алмайды. Егер жұмыстан шығып кетсе, оған жұмысынан айырылуына байланысты 6 айға дейін төленетін басқа төлем бар. Ол үшін ресми жұмыссыз ретінде тіркелуі ғана жеткілікті. Осы ретте ол ақысыз демалысқа шықпаса да, 42500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем алып жатқан жалдамалы қызметкерлердің анықталып жатқандығы айтылды. Оның түсіндіруінше, әлеуметтік төлем беру ережесі әзірленген кезде жұмыс берушілерге өздерінің жұмысшыларын ақысыз демалысқа жібергені жөнінде бұйрықтарын тіркеу немесе банктік есепшоттарда ақшаларының жоқтығын дәлелдеп, құжат ұсыну талабы болған. Бірақ қоғамның талабымен, халықтың айтуымен Еңбек министрлігі мұндай талапты алып тастап, хабарландыру тәртібіне көшкен. «Сөйтіп өтініш берген кезде төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғанын көрсету қажет болды. Біз ол өтінішке сеніп төлем жасадық. Бірақ тәртіп болуы керек. Егер заңда, біздің түсіндірмелерімізде тек ақысыз демалысқа кеткен кезде төленеді делінсе, онда ол тәртіпті сақтау керек. Сондықтан тағы да айтамын, жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерліктерге, өз бетінше ресми не бейресми жұмыс істеп жүргендерге қатысты еш проблема жоқ. Уайымдамаңыздар, ешқандай ақша қайтару, не тексеру, тергеу болмайды. Ал жұмыс берушілері мәжбүрлі ақысыз демалысқа шығармай тұрақты жұмысы жүріп, тұрақты жалақы алып жүргендердің әрекеті заң бұзушылыққа алып келеді. Ол дұрыс емес» деді Еңбек минис­трі. 42500 теңге әлеуметтік төлемі Мемлекеттік сақтандыру қорынан төленіп жатыр. Дәл осы қор зейнетақылар мен жәрдемақыларды, 1 жасқа дейін­гі бала күтіміне қатысты берілетін жәрдемақыларды төлеп келеді. Сондықтан бұл қор 42500 теңге әлеуметтік төлемді заңсыз алғандардан қаражатты қайтаруды талап етеді. «Мемлекеттік сақтандыру қоры қаражатқа жауапты болғаннан кейін ақысыз демалысқа жіберілмегендерге сұрау жіберіп, ақшаны қайтаруды талап етеді. Сондықтан тағы қайталап айтамын, тек қана жалдамалы қызметкерлер ақысыз демалысқа шықпағандарға сұрақ бар. Олар заңсыз алған» деді министр Б.Нұрымбетов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − nine =