РЕФОРМАЛАР ӨЗЕГІ

0 119

Ақан-Жұмағұлов

Қазіргі таңда Қазақстан дербес мемлекет ретінде экономикалық даму үрдістерінің мол тәжірибесін жинақтай ХХI ғасырға қадам басты. Түпкілікті әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру жалпыұлттық даму басымдылықтарының негізі болып табылды. Қысқа мерзім ішінде ашық нарықтық экономика мен демократиялық даму үлгісін таңдау арқылы қоғамды және экономиканы реформалау міндеттері тиянақталып, өзіне тән айқын сипаты бар жаңа мемлекеттілік құрылым жасалды. Әсіресе, реформалардың әлеуметтік бағыт ұстанғаны маңызға ие болды. Кәсіптік еркіндік, жаңа салық, бюджет, банк жүйелері, жекеше кәсіпорындар, шаруа қожалықтары дүниеге келіп жаңа экономикалық қатынастардың негізі қаланды, яғни, нарық тетіктері жасалынды. Тарихи дамудың заманауи кезеңінің іс-қимылдары арқылы нәтижелі қарымды қадамдарға ұмтылыс жасалды. Мемлекеттің жаһандық халықаралық жүйедегі өзінің орнын анықтау, ұлттық мүддені қорғау, сыртқы саяси стратегияны айқындау, әлем мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынастар орнату, жетекші халықаралық ұйымдарды келіссөздерге тарту сияқты кезек күттірмейтін жұмыстар жүзеге асырылды. Ел мұраты – демократиялық даму және экономикалық тәуелсіздікке жету жолы болғандықтан, анық та айқын мақсат қойылды. Алайда, бүгінде жаһанда, елде болып жатқан экономикалық дағдарыс қазақ еліне әсерін тигізбей кетпек емес. Осыған байланысты мемлекет тарапынан нақты шаралар қолданылып, тығырықтан шығуға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Елбасы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде 5 институционалдық  реформаны ұсынып, оны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамды айқындап көрсетті. Реформаны орындау мақсатында еліміздегі экономикалық ахуалды жақсартып, шетелдік инвесторларды тарту үшін 2015 жылғы 19 мамырда «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. Орталықты халықаралық деңгейде мойындау үшін халықаралық компаниялар тарапынан сенімділікпен қызығушылық тудыратындай орталық қызметін жүзеге асыратын заңнамалық және реттеуші ортамен қамтамасыз етуді талап етеді. Бұл үшін әлемнің озық қаржы нарығында қолданылатын реттеу және қадағалаудың жоғарғы стандарттарына сәйкес келетін, қызметіне жағдай жасауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құқықтық орта құру аса қажет. Осыған байланысты орталықты құруды және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған, оның ішінде әлемнің жетекші қаржы орталықтары стандарттары негізінде, Орталықтың іс қағаздарында, оның ішінде сот ісін жүргізуде ағылшын тілін пайдалана отырып, ағылшын құқығының қағидаттары мен нормаларында Орталықтың қатысушылары арасындағы қатынастарды реттеуді, сонымен қатар дауларды қарау кезінде, оның ішінде инвестициалық дауларды қарау құқығымен шетелдік судьяларды тарта отырып, Орталықта қаржы сотын құруды, Орталықтың қатысушылары үшін Орталық аумағында алынған кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын және дивиденттер түрінде алынған кірістер бойынша, Орталықтың қатысушы қызметкерлерінің кірістері бойынша төлем көзіне салынатын жеке табыс салығын төлеуден 10 жылға босатуды, Орталықтың қатысушылары – Қазақстан Республикасының резидент емес қызметкерлері үшін Орталық аумағында тауарларды сатып алған кезде қосылған құн салығын қайтару шарттарын айқындайтын, Орталық қатысушыларының шетелдік жұмыс күшін рұқсат алмай тарту мүмкіндігін көздейтін заң жобаларын әзірлеуге нұсқау берілген. Реформаның 24-қадамында, Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында  «AIFC» халықаралық арбитраждық орталығын құру мәселесі тұр. Аталған арбитраждық жүйе Астана қаласында құрылатын халықаралық қаржы орталығы негізінде, оның аумағында ұйымдастырылмақ және де ол осы қаржы орталығында құрылатын қаржы сотынан тыс баламалы коммерциялық арбитраж болмақ. Онда сот әділдігін шешуге шетелдерден беделді және тәжірибелі арбитрларды тарту қарастырылуда.

Халықаралық арбитраждық орталықта Қаржы орталығының қатысушылары арасында туындаған даулар, сондай-ақ, тараптар арасындағы өзара келісімге байланысты осы арбитраждық орталық қарайтын даулар ғана қарастырылуы мүмкін. Қазақстанда мұндай орталықтардың құқықтық базасы бұрыннан қалаптасқан. Шет мемлекеттердің арбитраждық шешімдерін мойындап және оны орындау туралы 1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясы ратификацияланған. «Халықаралық арбитраж» туралы заң қабылданған. Әлемдегі мұндай орталықтардың ерекшеліктері олардың мемлекеттен тәуелсіздігінде және өзін-өзі қаржыландыруында. Олар үшін негізгі жетістік факторы – бизнестің оларға деген сенімі. «Астана» қаржы орталығында халықаралық арбитраждық орталықтың ашылуы – елімізге шетелдік инвесторларды тартуға, олардың бизнесінің Қазақстандағы қауіпсіздігіне кепіл болатындығы сөзсіз. Сонымен қатар, бұл біздің экономиканың өркендеуіне бірден-бір септігін тигізіп, халықаралық деңгейде еліміздің беделін көтеретіндігіне күмән жоқ.

Ақан  ЖҰМАҒҰЛОВ,

Астана қаласының ауданаралық экономикалық сотының төрағасы    

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 3 =