292 отбасы жаңа пәтер кілтін алды

0 135

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Астана әкімі Әсет Исекешев баспана кезегінде тұрған 292 отбасыға жаңа үйден пәтер кілтін табыстады.

Бұл тұрғын үй кешені Астана қаласының сол жағалауына Нәжімеденов және Байтұрсынов көшесі арқылы баратын ыңғайлы, көлік көп жүретін жерде орналасқан. Маңында елорданың көрнекті орындары – Әзірет Сұлтан мешіті, Ұлттық мұражай, Бей­бітшілік және келісім сарайы тұр. «Астана Нұрлы жол» жаңа теміржол вокзалына да тікелей шығуға болады. Қошқарбаев көшесіндегі №39 үй деп тіркелген ғимарат «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, әкімдіктің тапсырысымен салынған. Оның құрылысын «Мейір-М» ЖШС жүргізген еді.
Қала әкімі Әсет Исекешев көптен күткен баспанасына қолы жетіп отыр­ған азаматтардың қуанышына ортақтасып, сөз сөйледі.
«Бүгін – Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні. Осындай жақсы күнде шамамен 300-дей отбасы баспаналы болып отыр. Олардың арасындағы 146 отбасы – тұрғын үй кезегі бойынша пәтер алып отырғандар. Қалада жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама бойынша тағы 1000-нан аса пәтер беріледі. Мен сіздерді құттықтаймын, осы баспана сіздерге бақыт әкелсін деп тілеймін» деген әкім бірнеше азаматқа пәтердің кілтін өз қолымен табыстады.
2018 жылы Астанада мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жалпы ауданы 60,58 мың шаршы метрді құрайтын 6 көп қабатты тұрғын үй кешені салынады деп жоспарланған. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына сәйкес 386 пәтер бөлінсе, 677 пәтер тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға берілмекші.
Әкімдіктің мәліметі бойынша бүгінде Астанада 48579 адам пәтер алу кезегінде тұр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 6 =