МІНӘЖАТ МОНУМЕНТІ

0 126

Көкке қолын жайып, Тәңірден жалбарына жәрдем сұраған Әйел-ана. Анасының қалқасына тығылып, тіршіліктен қорған іздеген аш-жалаңаш, арып-ашыған бала. Ана мен баланың арқа тұсынан қазақтың ескі қорымдарында кездесетін балбал тастар көзге шалынады…

Елордадағы Республика даңғылы мен Абай көшелерінің қиылысында дәл осы көріністі суреттейтін сәулеттік көркем туынды бой көтерді.

Монумент «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» деп аталады. Оның ашылу салта­натына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаев қатысты. Келер ұрпаққа тарихтағы қаралы жыл­дар қасіретін қалай жеткізуге болады?

Бүгінгі ұрпаққа тоқшылық заманның қадірін қайтсек ұғындырамыз? Бабалар рухына деген құрметтен туған ескерткіштің елорда төрінен бой көтеруі осы сауалдардың жауа­бын шешіп берген тәрізді.

«Біз тарихқа жіті көзбен қарап, осындай нәубеттердің қайталанбауы үшін өткенді ұмытпауымыз қажет. Халықтың қасіретті сәттері әрдайым елдің жадында болуы тиіс. Бұл ретте тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған ашаршылық ешқашан ұмытылмақ емес. Есімізде болуы тиіс, мағлұмат алу­ымыз керек. Сондықтан да, біз Астананың қақ төрінде ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатып отырмыз», – деді Елбасы.

Тарихтан белгілі, қазақ талай нәубетті бастан өткерді. Оққа ұшты. Түрмеге жабылды. Айдалды. Бірақ, сол қырғынның бір де біреуінде дәл ашаршылық жылдарындағыдай адам шығынына ұшыраған жоқ. Өйткені, бұл жылдары ұлтымыздың жартысына жуығы қырылды. Президент өз сөзінде егер бұл шығын болмағанда халқымыздың саны бүгінгіден бірнеше есе көп болар еді дегенді айтты.

1932-1933 жылдары ең кемі 1,5 млн қазақ аштықтан ажал құшты. Аман қалған 200 мыңдайы басы ауған жаққа босып кетті. Біздің тарихтан білеріміз осы. Әйтсе де, осы жолы Елбасы бұл кезең әлі де зерттеуді қажет ететінін айтты. «Себебі, ол кездегі есептерді басшылар өз пайдасына орай берген» – деді сөзінде.

Ашаршылық қасіретін айшықтайтын ескерткіш орнату – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы.

Мүсіндік бейнелердің авторы сәулетші Валерий Пирожков. Ал, мүсіндердің артқы қапталына тұрғызылған «Қасірет керегесі» деп аталатын композицияның авторы – сәулетші Орал Әлібаев.

Монумент 0,175 га жерді алып жа­тыр. Әйел-ана образындағы ескерткіштің биіктігі – 4,4 метр. Ал, «Қасірет керегесі» қабырғасының биіктігі – 5 метр, жалпы ұзындығы 23 метрге жетеді.

Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының ІV съезіне келген деле­гация басшылары қатысты.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 2 =