Нұрсұлтан Назарбаев: Астана әлемдік диалог алаңына айналады

0 115

Кеше Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен V Астана экономикалық форумының салтанатты ашылуы өтті. Әлемнің 90 елінен 8 мыңға жуық адам қатысқан айтулы жиында жаһандық деңгейдегі мәселелерді талқылаған барлығы 55 іс-шара өткізілді. Алқалы жиынға 25 елден келген 300-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері баспасөз бетінде форумның саяси маңыздылығын кеңінен насихаттады.

Биылғы форумның басты ерекшелігі – қаржылық капитал мен әлемдік экономика, индустриалды-инновациялық даму, тұрақты даму және жаһандық әлеуметтік жағдай бойынша өзекті деген мәселелер талқыланды. Экономикалық форумның салтанатты ашылу рәсімінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық дағдарысқа қарсы батыл бастамалар көтеріп, қатысушылардың назарын халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға аударды.

«Бір аптадан кейін Астанада осымен төртінші рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өткелі отыр. Геосаяси салмағы мен ықпалына, тарихи тәжірибесіне, экономикалық даму деңгейі мен қоғамына қарамастан мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар толерантты болуы тиіс. ХХІ ғасырда әлемнің алуан түрлілігі экономикалық, мәдени, ақпараттық өзара іс-қимылға орасан зор мүмкіндіктер береді»,– деген Елбасы бұл ретте Астана экономикалық форумы заманның ең өзекті мәселелерін қамтитын сындарлы диалог үшін таптырмас алаңға айналатынын айтты.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, G-global идеясының әлеуеті әлемдік қоғамдастықтың кеңінен қолдауы арқасында арта түсті.

G-global сұхбат алаңы – Елбасының бастамасымен құрылған әлемдік қаржы дағдарысынан шығу тетіктерін құру және талқылауға бағытталған халықаралық виртуалды жоба. Бұл арқылы барлық мемлекеттерді, әлемдік саясаттың мемлекетаралық және үкіметтік емес субъектілерін, сондай-ақ, жекелеген саясаткерлерді, қоғам қайраткерлерін, сарапшылар мен ғалымдарды ынтымақтасуға шақыру. Бүгінде сұхбат алаңы мамандардың айтуынша, 143 елдің жүз мыңдаған пайдаланушылардың басын қосқан. «Еуразиялық экономикалық ғалымдар клубы» қауымдастығының мәліметіне сенсек, аталмыш сайтты жыл сайын 9 мың адам пайдаланады екен. Осылайша экономикалық және сараптамалық сайттар рейтингісінде Давостық кездесулердің интернет-ресурсынан кейінгі екінші орында тұр. Ал, іздеу индексі бойынша барлық экономикалық форумдарды басып озғаны елді қуантады. Осы басқосуда Елбасы адамзат өркениетінің дамуының конструктивизмі, бес қағида негізінде қамтамасыз етілсе, оны G-Global қағидалары деп атауды ұсынды. Оның айтуынша, адамзат революциялар мен әлемдік соғыстардың лимитін өткен ғасырда сарқыды. «XXI ғасырда ғаламдық сәулетті табысты жаңарту тек қана ілгері даму – эволюциялық жолмен ғана іске асырылуы мүмкін. Араб көктемі көрсеткендей, революция- лар тек қоғамның дамуын тежейді, олардың экономикасын кері апарып тастайды, көптеген проблемалар тудырады»,–деді өз сөзінде.

Сонымен қатар, жиында әділеттілік, теңдік және консенсус, ғаламдық толеранттық пен сенім, конструктивті көп полярлық бағыттарына ерекше тоқталып, мұның бәрі болашақтың жаһандық стратегиясының құрамдас бөлігі екендігін ескертті.

Өз кезегінде сөз алған БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Ша Цзуукан V Астана экономикалық форумына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның құттықтау хатын оқып берді. «Соңғы бес жылда Астана экономикалық форумы басты экономикалық мәселелерді талқылауда аса маңызды жиынға айналды. Жаһандық қатысушылардың мемлекеттік сектор өкілдері, ғалымдар, бизнес, экономика, мәдениет өкілдерінің басын қосатын форум заманымыздың ең өзекті мәселелерін қамтитын сындарлы диалог үшін таптырмас алаң болып табылады. Бүгінгі әлем айтарлықтай проблемалармен бетпе-бет келіп отыр: климаттың өзгеруі, экономикалық теңсіздік, жұмыссыздықтың күрт өсуі. Көптеген елдер қолданыстағы тәртіпке үміті мен сенімін жоғалтуда. Халықаралық және ұлттық институттарға сенімсіздіктер де баршылық. Ал, қазіргі уақыттағы «ойын тәртібі» барлық қатысушылар үшін тең құқылықты қамтымауы да мүмкін. Дегенмен, бізге ортақ күн тәртібін қалыптастырып, сол арқылы орнықты, әділ, қауіпсіз, еркін әлемді қалыптастыруға тиіспіз. Сондықтан да, мен Астанада бас қосқан барлықтарыңыздан осы бағыттағы жұмысымызды, біздің ортақ ұжымдық ісімізді жақсартуға көмектесетін ұсыныстар әзірлеуге шақырамын», – делінген аталмыш хатта.

«Қазір дүниежүзінің экономикасы аласапыранға толы алмағайып кезеңді бастан өткеруде. Жаһанды жайлап келе жатқан дағдарыс тұрақты дамуға елеулі қатер төндірмей қоймайды.Осындай сәтте біздің әлемдік экономиканы бірлесе талқылауымыз өте маңызды. Бұны бүгінгі форумның сапалы құрамынан да байқауға болады. Астанаға келген мемлекет басшылары мен экс-басшыларды, Үкімет басшылары мен әлемге танымал саясаткерлерді, халықаарлық ұйымдар басшыларын, сондай-ақ, осы форумға қатысып, елімізге ресми сапар жасауға келген Қазақстан халқы мен мемлекетінің досы Режеп Ердоғанға ерекше алғыс білдіргім келеді», – деді Н.Назарбаев.

Айта кетерлігі, үш күнге созылған форум шеңберінде Индонезия, Германия, Түркия елдерімен халықаралық бизнес форумы аясында жалпы сомасы 2 млрд. АҚШ долларын құрайтын бірнеше келісімдерге қол қойылды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =