СПОРТ – САЛАМАТТЫ ӨМIР САЛТАНАТЫ

0 129

DSC_9717

Спорт – адам үшін алдымен денсаулықтың кепілі болса, ел-жұрт үшін ұлттық намыстың көрсеткіші, ал мемлекет үшін мәртебе мерейі болып табылады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел туы екі жағдайда: бірі мемлекет басшысының ресми сапары кезінде болса, екіншісі спортшының жеңіске жеткен кезінде салтанатты жағдайда биікке көтеріледі» деген сөзі сол мәртебенің, сол намыстың салмағын айқындап тұрғандай. Шынымен де, бейбітшіліктің елшісіне баланған спорттың сиқырлы құдіреті бүгінде саясаттың да, экономиканың да айтарлықтай бір бөлшегіне айналып отырғаны ақиқат.

Құдайға шүкір, бүгінгі таңда Қазақстан спорты да әлемдік бәсекенің бел ортасынан түспей, қазақ спортшылары Олимпиада ойындарынан, әлемдік және құрлықтық жарыстардан олжа алып, төрткүл дүниенің сайыпқырандарымен қатар шауып, қайбір сайыстарда қарсыластарынан қара үздіріп, алтын тұғырдың төрінен көрініп жүр.

Халықаралық жарыстарда топ жарып, елдің мерейін көтеріп жүрген жеңімпаздар қатарында Астана спортшылары да баршылық. Соңғы бір жылдың көлемінде бокстан әлем чемпионы атанған Мерей Ақшалов пен Данияр Елеусінов, 37 спорт түрінен өткен республикалық кешенді жарыстан Астана қаласы командасының күміс жүлдегер атануы, веложарыстан Азия чемпионатында астаналық шабандоздардың бірнеше жүлдені қатарынан жеңіп алуы, басқа да сайыстардан жақсы нәтиже көрсетуі елордамыздың нағыз спорт қаласына айнала түскенін білдірсе керек.

Спортшылар жеңісі елдің мерейін көтерсе, сол жеңімпаздарды дайындайтын бапкерлер мен оқытушылар, әдіскерлер мен тәрбиешілер екені сөзсіз. Демек, ертең аталып өтілетін Спорт күні бұл осы салада еңбек етіп жүрген мыңдаған адамдардың мерекесі. Олай болса, мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті спортшы қауым!

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 5 =