Айгүл ҚОСАНОВА, әнші, Мемлекеттік «Дарын» жас тар сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: ЖЕР БЕТІНДЕ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ БАРДА – ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР МӘҢГІ БОЛМАҚ

0 568

– Қасиетті Маңғыстау өңірінің тумасы екеніңізді білеміз. Қазақта «өнер әкенің қанымен, ананың
сүтімен дариды» деген тәмсіл бар. Сізге кімнен дарыған?
Әлішер СЕЙІТҰЛЫ, Маңғыстау облысы

– Туып-өскен жерім – арқыраған ән мен күй, айт пен той, нағыз өнер жәрмеңкесі тәрізді еді. Мен осындай ортадан суырылып шықтым. Жас кезімнен әнге деген құштарлық мені үлкен өнерге жетеледі. «Әу» демейтін қазақ жоқ демекші, ата-анам да өнерден құр алақан емес. Әсіресе. нағашы жұртым өнерге жақынырақ.

 – Дәстүрлі әндеріміздің болашағы туралы не айтасыз? Жаһандану, батысқа бетбұрушылық заманында «даңғырлаған эстрада» дәстүрлі өнерімізді шетке ығыстырып бара жатқан жоқ па?
Қасымхан ЖАҢБЫРОВ, зейнеткер

– Жалпы осы сұрақ күллі қазақты толғандыратыны сөзсіз. Қазақ қаншама қиын-қыстау уақытта да домбырасын тастамаған. Сондықтан қазіргі кезде көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өзінің төл өнерінен біржола қол үзеді деп ойламаймын. Жер бетінде қазақ халқы барда, дәстүрлі өнер мәңгі болмақ. Дегенмен де, дәстүрлі өнердің на сихатталуы бәсең екені баршаға аян. Радио, телеарналарда дәстүрлі өнер жайында бағдарламалар жоқтың қасы. Бір қуантары – дәстүрлі ән- жырды «Шалқар» мен Қазақ радио- сы беріп тұрады. Қазақтың өнері тек қана қазаққа керек, сондықтан да барлығымыз төл өнерімізді дәріптей білейік.

– Қандай шетел сахналарында өнер көрсеттіңіз?
Арайлым САНЖАРОВА, оқушы

– Қасиетті домбыраның арқасында көптеген шетел сахналарында өнер көрсеттім. Атап айтсам, АҚШ, Германия, Австрия, Франция, Англия, Малайзия, Израиль, Түркия, Араб әмірлігі, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия,Ресей және тағы басқа мемлекеттер.

– Сіз дәстүрлі өнерден бөлек, эстрада жанрында да бақ сынап жүрсіз. Қай жанр қиынырақ?
Әділет НӘБИЕВ, оқырман

– Өнерсүйер қауым мені дәстүрлі әнші ретінде жақсы таниды. Эстрадаға біржола бет бұрамын деп айта алмаймын. Бала жастан аңсарым болған халық әндерінен қол үзу – өзіңді жоғалту ғой. Алайда дәстүрлі өнерді эстрадаға түсіріп, нақышына келтіре
орындап, көпшілікке жаңа қырынан танытып, жарнамалаудың еш әбестігі жоқ. Өйткені заман талабы нені қажет етсе – соның бағы жанады.

– Өнер әлемінде «Әннің бағын әнші ашады, әншінің бағын ән ашады» деген сөз бар. Сіздің есіміңізді де, әндеріңізді де халық жақсы біледі. Халыққа есіміңізді танытқан кімнің туындысы?
Жасұлан ЕРБОЛАТҰЛЫ, жас әнші

– Әлбетте, бірінші дәстүрлі әндер. Атадан балаға мирас болып жеткен әндердің қай-қайсысын алсақта, кез келген әншінің атын шығаратындай туындылар емес пе?

– Орындап жүрген әндеріңіздің қайсысы жаныңызға жақын?
Индира ӘЛИ, есепші

– Ән өнеріндегі қазыналы орданың бірі – Мұхит ән мектебі. Мұхиттың әндері кең диапазонды қажет ететін жауһар әндер. Әннің жақсы жаманы жоқ, тек нақышына келтіре орындай алсаң болғаны. Дегенмен де, мен үшін Мұхиттың «Айнамкөзі» жаныма жақын.

– «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді Абай атамыз, Сізді халыққа танытқан ұстаздарыңыз жайлы не айтасыз?
Манзура ЕСЕНГЕЛДИНА,аудармашы

– «Бұлақ көрсең – көзін аш» дегендей, бала кезімде талабымдыбайқаған алғашқы ұстазым – Орын Құлсариев ағайымды, өнерге қанатымды қақтырған, Маңғыстаудың ән-жырларымен сусындатқан,  консерваторияға түсуіме бірден-бір себепші болған Рухия Батыр- шиева апайымды айта аламын. Және де қазіргі дәстүрлі әншілердің көшбасшысы, ардақты ұстазымыз, қазақтың маңдайына біткен біртуар әнші – Қайрат Байбосынов та ұстазым.

– «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» екені баршаға аян. Қандай шәкірттеріңізбен мақтана аласыз?!
Оспан ҚАБДЕШҰЛЫ, дәрігер

– Шәкірттерім еліміздің облыстарының өнер ұжымдарында еңбек етуде. Ұстаз үшін шәкірттің ел алдында абыройлы жүргенінен артық ештеңе жоқ. Қазіргі кезде төл өнерімізді тастап кетпей, ары қарай жалғап келе жатқан Г.Аманбаева, С.Өмірзақова, Ф.Оразов және басқа шәкірттеріммен мақтана аламын.

– Консерваторияны бітіргеннен кейін еңбек жолыңызды Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде Ғарифолла Құрманғалиев сыныбынан бастапсыз. Әйгілі әншінің дауысы сіңген, көптеген ірі туындыларды өмірге әкелген жерінде отырып сабақ беруге жүрексінген жоқсыз ба?
Ұлман ДОСМАНОВА, ұстаз

– Әрине, маған бұл жауапкершілік жүктегені сөзсіз. Дегенмен де, осындай айтулы мектептің жалғастырушысы болған Ғарекеңнің сыныбында дәріс беру мен үшін үлкен бақыт. Жас та болсам маған артылған сенімді ақтауға тырыстым. Бірнеше шәкірт тәрбиелеп шығардым.

– Сіз сахнада да, күнделікті өмірде де әдемі қалпыңыздан танбай келесіз. Сұлулығыңыздың сыры неде? Сыртқы келбетіңізді қалай күтесіз?
Күнайым СӘКЕН, студент

– Ниетіңізге рахмет! (күлді). Әдемі болып жүргенге не жетсін? Жалпы әйел заты өзіне өзі күтім жасағаны дұрыс деп есептеймін. Оның үстіне ел алдында жүрген өнер адамы үшін бұл екі есе қажет. Өзімнің баратын сән салоным бар. Бет күтіміне көңіл бөліп тұрамын.

Әзірлеген Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − four =