«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

2022: Мерейтойлар мен елеулі есімдер

0 741

Биылғы Барыс жылы елдік деңгейде атап өтілетін атаулы күндер аз емес. Өткен жыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өтті. Егемендіктің алғашқы жылында елімізді әлем біле бастады. 1992 жылы бірнеше беделді әлемдік ұйымға мүше болып, бірнеше маңызды құжат қабылданды. Осы оқиғаларға биыл 30 жыл толады. 2022 жылға дөп түсіп отырған көрнекті тұлғалардың мерейтойлары да көп.

d8dc0d7ce6ba7f270bb12effa7f03acd_big

ЕЛДІК ОҚИҒАЛАРҒА – 30 ЖЫЛ

1992 жылдың 30 қаңтарында ­Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше болды.

2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ), 22 мамырда ЮНЕСКО-ға, 19 тамызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына қабылдандық.

7 мамырда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы ҚР Президентінің Жарлығы шығып, еліміздің Қарулы Күштері құрылды.

4 маусымда шын мәнінде тарихи оқиға болды. Парламент отырысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны қабылданды.

28 қыркүйек-4 қазан аралығында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті. Сонда ­Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды.

Бұл оқиғалардың барлығына биыл 30 жыл толады. Сонымен қатар 1992 жылы Целиноград қаласына өзінің байырғы Ақмола атауы қайтарылды. Ал 1997 жылдың 10 желтоқсанында астанамыз Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Осы жылдың аяғында астананың Алатаудан Арқаға көшірілгеніне ширек ғасыр толады.

ЕЛЕНУІ ТИІС БИ МЕН БАТЫРЛАР

Көрнекті тұлғаларға келсек, биыл жасөспірім шағында қалмақ қонтайшысы Цэван Рабданды аузына қаратып, аты шыққан, Әз Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандардың ақылшысы болған Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 355 жыл. Ал жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы қол бастаған батырлар Көкжал Барақ пен Қойгелді Сартұлының туғанына 300 жыл. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы мен оның бас батырларының бірі Ақжолтай Ағыбай батырдың, атақты ақын Дулат Бабатайұлының туғанына 220 жыл. Кенесарының тағы бір батыры Бұқарбай Естекбайұлы мен туған інісі Наурызбай Қасымұлының туғанына 200 жыл. Арқада туып, топырағы Қытай жерінде бұйырған ақын, халық композиторы Әсет Найманбайұлының туғанына 155 жыл.

БАСТЫ МЕРЕЙТОЙ – БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫ

Биылғы басты мерейтойлардың бірі – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіледі. Сонымен қатар ХХ ғасыр басында «Айқап» журналын шығарып, сол кезеңде қазақ журналистикасының қалыптасуына үлкен үлес қосқан ақын, аудармашы, ағартушы Мұхамеджан Сералиннің туғанына да 150 жыл.

Алаш ардақтысы Айдархан Тұрлыбаев­тың туғанына 145 жыл. Күйші Сүгір Әліұлының, Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының, Алаш қайраткері Уәлитхан Танашевтің, халық ақыны Ғаббас Айтбаевтың туғанына 140 жыл. Алаш қайраткері Елдес Омарұлының, мемлекет қайраткерлері Жалау Мыңбайұлы мен Нәзір Төреқұловтың, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушы режиссер Жұмат Шаниннің туғанына 130 жыл.

Ұлтымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің, ақын Мақсұтбек Майшекиннің, шертпе күй шеберлері Әбікен Хасенов пен Аққыз Ахметқызының туғанына 125 жыл. Қазақ әде­биетінің классиктері, қос Ғабең – Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің, мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовтің, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахимовтың, күйші-ұстаз Қали Жантілеуовтің туғанына 125 жыл.

Халық жазушылары Дихан Әбілев пен Әлжаппар Әбішевтің, көрнекті ғалымдар Мәулен Балақаев пен Қажым Жұмалиевтің, ақын Ғали Ормановтың туғанына 115 жыл.

ҚОНАЕВТАН СҮРТІБАЕВҚА ДЕЙІН

Осы қаңтар айында 110 жылдық мерейтойлардың басы көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтан басталды. Сонымен қатар осы жылы ақын-жазушылар Жұмағали Саинның, Зейін Шашкиннің, Әди Шәріповтің, Жайық Бектұровтың, академиктер Шапық Шөкин, Өмірхан Байқоңыров, Уфа Ахмедсафин, көрнекті ғалым Лев Гумилевтің, КСРО халық әртісі Күләш Байсейітованың, ҚазКСР халық әртістері Камал Қармысов, Жамал Омарова, Шара Жиенқұлованың, журналист, мемлекет қайраткері Мұса Дінішевтің туғанына 110 жыл.

Биыл Алаш автономиясының құрылғанына 105 жыл толады. КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хадиша Бөкееваның, көрнекті композитор Бақытжан Байқадамовтың, мемлекет қайраткерлері Бәйкен Әшімов пен Кенжәлі Аймановтың, тарихшы, этнограф Жағда Бабалықұлының, ҚазКСР халық әртісі, «Гүлдер» ансамблі мен Қазақ циркінің негізін қалаушы Гүлжиһан Ғалиеваның, дін және қоғам қайраткері, түркітанушы ғалым, жазушы, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Халифа Алтайдың, кескіндемеші, киносуретші, халық суретшісі, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш кәсіпқой суретші Айша Ғалымбаеваның, Қаз­КСР халық әртісі Мүлік Сүртібаевтың туғанына да 105 жыл.

100 ЖЫЛДЫҚТЫ БАҒЛАНОВА БАСТАДЫ

Осы жылы ғасырлық мерейтойлары атап өтілетін тұлғалар бір шоғыр. Атап айтқанда, халқымыздың бұлбұл әншісі, ҚазКСР және КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланады. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің, Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсеткен қыздарымыз – Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың, ақын-жазушылар Сырбай Мәуленов, Сафуан Шәймерденов, Әзілхан Нұршайықов, Садықбек Адамбеков, Амантай Байтанаев, мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров, ҚазКСР халық әртістері Байғали Досымжанов пен Шолпан Жандарбекова, тарихшы Нығмет Мынжани, этнограф Едіге Масанов, кинорежиссер Мәжит Бегалиннің ғасырлық мерейтойлары да осы жылдың еншісінде.

АТАҚТЫ АКАДЕМИКТЕР МЕН ҚАЙРАТКЕРЛЕР

Биыл туғанына 95 жыл толатын тұлғалар – көрнекті әдебиеттанушы ғалымдар Мүсілім Базарбаев, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібай, заңгер ғалым Сұлтан Сартаев, күйші-композитор, ҚазКСР халық әртісі, Мағауия Хамзин, музыкатанушы, аспаптанушы Болат Сарыбаев, көрнекті композиторларлар Кенжебек Күмісбеков, Шамғон Қажығалиев, Ғазиза Жұбанова, Дүнгенбай Ботбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Сағидолла Құбашев, ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, академик Шаһмардан Есенов, ақындар Аманжол Шәмкенов, Қалихан Алтынбаев, Әлімқұл Жамбылов, Оспанәлі Иманалиев, тілші ғалымдар Әмеди Хасенов пен Телғожа Жанұзақов, Қаз­КСР халық әртістері Бәйтен Омаров пен Айсұлу Байқадамова, суретші Жаңатай Шәрденов, жазушылар Машқар Гумеров, Асан Жұмаділдин, Нығмет Ғабдуллин, Оразбек Бодықов, Танаш Дәуренбеков, Еркінбек Тұрысов, мемлекет қайраткері Саламат Мұқашев.

Осы жылы туғанына 90 жыл толатын көрнекті тұлғалардың арасында есімдерін ерекше атап өтуге тұрарлық елеулі есімдер – мемлекет қайраткері, «жезкиік» ақын Кәкімбек Салықов, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза, мемлекет қайраткері, жазушы-публицист Камал Смайылов, жазушы-драматург Болат Жандарбеков, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев, белгілі балетмейстер Зәуірбек Райбаев, лингвист ғалым Мархабат Томанов, академик Нәдір Нәдіров, көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетов, сәулетші, Елтаңбамыздың авторларының бірі Шота Уәлиханов, композитор Өмірбек Байділдаев, ақындар Әділбек Абайділдаев, Төлеужан Ысмайылов, Нұрғожа Ораз, жазушы-публицист, ғалым Тоқтар Бейісқұлов. 25 наурыз күні академик Әлия Бейсенова 90 жасқа келеді.

ӨНЕР МЕН ӘДЕБИЕТ ТӨРІНДЕГІ ТҰЛҒАЛАР

Осы жылдың алғашқы айында әйгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов 85 жасқа келді. Ал мамыр айында оның құрдастары – мемлекет және қоғам қайраткері, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мырзатай Жолдасбеков пен Қазақстанның халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің мерейтойлары.

Көрнекті режиссер, ұстаз Қазақстанның халық әртісі Маман Байсеркеновтің, өмірден ерте кеткен ақындар – Төлеген Айбергеновтің, Меңдекеш Сатыбалдиевтің, Жүсіп Қыдыровтың, Сабырхан Асановтың, жазушы Құрал Тоқмырзиннің, опера және эстрада әншісі, Қазақстанның халық әртісі Зейнеп Қойшыбаеваның, ақын-жазушылар Адырбек Сопыбековтің, Арғынбай Бекбосынның, Әнес Сарайдың, Тұтқабай Иманбековтің, Рза Қунақованың, Еркінбай Әкімқұловтың, актер, ұстаз, аудармашы Есім Сегізбаевтың, Қаз­КСР халық әртісі Бақыт Әшімованың, мемлекет қайраткері Ұзақбай Қарамановтың туғанына 85 жыл.

Көрнекті қаламгер, этнограф-ғалым, ұстаз, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақселеу Сейдімбектің, жазушылар, Мемлекеттік сыйлықтың лауреат­тары Дүкенбай Досжан мен Қажығали Мұханбетқалиұлының туғанына биыл 80 жыл.

Жазушы-драматург Дулат Исабеков, жазушы Төлен Әбдік, ақын Мұхтар Шаханов, белгілі сәулетші, Елтаңбамыздың авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков, академик Мұхтарбай Өтелбаев осы жылы сексеннің сеңгіріне шығады.

ЖЕТПІС БЕС ПЕН ЖЕТПІС

Биыл белгілі театр сыншысы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Әшірбек Сығайдың, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дәуітәлі Стамбековтің, әдебиет сыншысы, жазушы Сағат Әшімбаевтың, «Тамаша» тарландарының бірі, Қазақстан Республикасының халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевтың, балетмейстер, КСРО және ҚазКСР халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рамазан Баповтың, әдебиеттанушы ғалым Алма Қыраубаеваның, музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрімнің, ақын Кәкей Жаңжүңұлының, мемлекет қайраткері Нұрлан Балғынбаевтың, актриса Бақыт Жанғалиеваның туғанына 75 жыл.

Күйші-композитор, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин, Түрксой бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, жазушы-публицист Жанат Елшібек, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақып­бай, ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай сынды белгілі тұлғалардың 75 жас мерейтойлары осы жылдың еншісінде.

Биыл белгілі ақын, аудармашы, публицист Аманхан Әлімұлының, танымал тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының, театр режиссері Болат Атабаевтың туғанына 70 жыл.

Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, әнші-композитор Донеділ Қажымов, жазушы, драматург Жабал Ерғалиев, актерлер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Кәдірбек Демесінов пен Лидия Кәденова, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Өтеген Оралбаев, әдебиеттанушы ғалымдар Құлбек Ергөбек пен Әлия Бөпежанова, жазушы Қуаныш Жиенбай, белгілі реставратор Қырым Алтынбеков, әнші Ғалым Мұхамедин, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақов жетпіс жастың жотасына шығады.

Біздің назарымызға осындай мерейтойлар мен елеулі есімдер ілікті. Бұл тізімді әрі қарай соза бермей, осымен тоқтауды жөн көрдік. Жыл бойы тарихқа енген атаулы оқиғалар мен тұлғалар туралы кеңірек жазатын боламыз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды