2021: Ескерілуі тиіс есімдер

0 416

Табалдырығымыздан аттап кірген ХХІ ғасырдың жиырма бірінші жылының басты мерекесі, әрине, тәу етер тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Дәл биыл есімдері ескерілуі тиіс елеулі тұлғалар да аз емес. Жыр алыбы – Жамбылдың 175, күш атасы – Қажымұқанның 150 жылдықтары осы жылы республикалық деңгейде атап өтіледі деп ойлаймыз. Төменде аттары аталатын тұлғалардың мерейтойларын да естен шығармауымыз керек.Көрнекті ақын Ғафу Қайырбековтің поэмасы жарық көргеннен кейін «Дала қоңырауы» атанған ұлтымыздың ұлы ұстазы ­Ыбырай Алтынсариннің туғанына осы жылы 180 жыл толады. Күй анасы – Динаның – 160, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның – 155, Әлиханның мүдделестері, серіктестері -Ахмет Бірімжанов­тың – 150, Жақып Ақбаевтың – 145, Әлімхан Ермековтің 130 жылдықтары да осы жылдың еншісінде.
Қазақ театрының негізін қалаған тұлғалардың бірі Серәлі (Серке) Қожамқұловтың, мемлекет және қоғам қайраткері Абдолла Асылбековтің туғанына – 125 жыл. «Дала паравозы», әйгілі әнші, актер Манарбек Ержановтың, химик ғалым, академик Әбікен Бектұровтың, ақын Жақан Сыздықовтың 120 жылдықтары осы жылға сәйкес келіп тұр.
Биыл – ұлттық әдебиет пен өнерде, ғылымда із қалдырған бірқатар тұлғалардың 115 жылдық мерейтойы. Бұл қатарда қазақ музыкасының кәсіби деңгейде қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан академик Ахмет Жұбанов, онымен шығармашылық бірлестікте «Абай» операсын жазған композитор Латиф ­Хамиди, ақындар Сәду Машақов, ­Мәриям Хакімжанова, әл-Фарабиді қазаққа танытқан ғалым Ақжан Машани, жазушы-драматург Шахмет Құсайынов, қабырғалы қаламгерлер С­­әйділ ­Талжанов, ­Ғалым Ахмедов, ­Сейітжан ­Омаров, атақты ғалым Кәрім Мыңбаев есімдерін атап өтуге болады.
Биыл дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың, көрнекті қаламгерлер Ғабдол Слановтың, Зейтін Ақышевтің, Жәрдем ­Тілековтің, Жүсіпбек Алтайбаев­тың, әдебиеттанушы ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың, химия ғылымдарының докторы, тектінің тұяғы Батырбек Бірімжановтың, күйші Бегімсал Орынбековтің 110 жылдықтары атап өтілуі тиіс.
5 қаңтарда көрнекті әдебиеттанушы ғалым, абайтанушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қайым Мұхамедхановтың туғанына 105 жыл толды. Оның атақты құрдастары – ғасыр жасаған актрисалар Айша Абдуллина мен Хабиба Елебекова, майданнан жазған хаттарымен әйгілі Баубек Бұлқышев, ақын Хамит Ерғалиев, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы, актер, әнші Кәукен Кенжетаев, ағайынды әншілер Мүсілім және Ришат Абдуллиндер, кинорежиссер Ораз Әбішев, әнші Рахия Қойшыбаева.
Осы жылы бір топ белгілі тұлғалардың ғасырлық мерей­тойы. Соның ішінде алдағы бір ай шамасында ірі мемлекет және қоғам қайраткері, атақты заңгер, академик Салық Зиманов­тың 100 жылдығы келеді. Бұл қатарда кинорежиссер Дариға Тінәлина, ақындар Есет Әукебаев пен ­Тұрсынхан Әбдірахманова, жақсының көзі, геология-минералогия ғылымдарының докторы Мағауия Ермеков, филолог ғалымдар Тауман Амандосов, Ғұбайдолла Айдаров, композитор Қапан Мусин есімдері де ауызға ілігеді.
«Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс», т.б. өлмес кинотуындылардың авторы, кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың, театртанушы Бағыбек Құндақбаевтың, актер Мәкіл Құланбаев­тың, ақындар Бәкір Тәжібаев пен ­Әдібай Табылдиевтың, атақты әнші Ермек Серкебаевтың, композитор Хабидолла Тастановтың, суретші Сахи Романовтың, атақты ғалым, талай журналистердің ұстазы Темірбек Қожакеевтің, мемлекет және қоғам қайраткері Қажахмет Балахметовтің 95 жылдықтары – осы жылдың еншісінде.
Алдағы ақпан айында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. Оның жандосы, ақын Шәміл Мұхамежановтың, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің, академик Өмірбек Жолдасбековтің, актриса Зәмзәгүл Шәріпова­ның, тарихшы ғалым Манаш Қозыбаевтың, жазушы-журналистер Омарғазы Айтанұлы мен Тауман Төрехановтың ақын Әнуарбек Дүйсенбиевтің, актер Ыдырыс Ноғайбаевтың тоқсан жылдықтары да биылға түсіп отыр.
Көрнекті қаламгерлер Сайын Мұратбековтың, Бек Тоғысбаевтың, Жанайдар Мусиннің, ­Маршал Әбдіхалықовтың, Мағзом Сүндетовтің, Шәрбану Құмарова­ның, Төлепберген Тобағабыловтың, мемлекет қайраткері Ерік Асанбаевтың, боксшы Әбдісалан Нұрмахановтың, ақындар Есләм Зікібаев пен Өмірзақ ­Қожамұратовтың, генерал Мұрат Қалматаевтың, әнші Мәдениет Ешекеевтің, атақты ғалым Өмірзақ ­Айтбаевтың, музыкатанушы Тмат Мерғалиевтың, актриса Фарида Шәріпованың туғанына – 85 жыл.
Осы жылы осы жасқа белгілі ақындар Олжас Сүлейменов пен Марфуға Айтхожина, атақты актер Сәбит Оразбаев, көрнекті композитор Илья Жақанов, қабырғалы қаламгер Қабдеш Жұмаділов, актриса Нүкетай Мышбаева, белгілі дәрігер, балалар хирургі Камал Ормантаев толады.
Ұлы Отан соғысы бұрқ ете қалған жылы дүниеге келген көрнекті қаламгерлер Бексұлтан Нұржекеұлы, Софы Сматаев, ­Сұлтан Оразалы, Исраил Сапарбай, академиктер Мұрат Жұрынов пен Әділ Ахметов, актер Нұржұман Ықтымбаев, театр қайраткері Есмұхан Обаев биыл сексеннің сеңгіріне шығады.
Талай тамаша әндердің авторы, көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеев биылғы 75 жылдық мерейтойына жете алмады. Сондай-ақ биыл көлөнер шебері, тұтас мектеп қалыптастырған Дәркембай Шоқпарұлының, актер Әшірәлі Кенжеевтің, ақындар Кеңшілік Мырзабеков пен ­Қуаныш Ахметовтің, күйші Қаршыға ­Ахмедияровтың, ақын, композитор Тынышбай Рахымның, жырау Көшеней Рүстембекұлының туғанына – 75 жыл.
Ал көктемнің алғашқы күні белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы осы жасқа толады. Оның құрдастары – қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, гобеленші Бәтима Зәуірбекова, жазушы, публицист Алдан Смайыл, күйші Айтжан Тоқтаған, ақын Шөмішбай Сариев, актриса Гүлжан Әспетова, филолог ғалым Дандай Ысқақұлы, тарихшы Мәмбет Қойгелді мерейтойларын атап өтеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × five =