2019 жыл

0 41

Мемлекетіміздің саяси өмірінде өте үлкен өзгеріс­тер болған жыл. 2019 жылдың 19 наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің үндеуі арқылы президенттік өкілеттігін тоқтататынын жариялады. Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанда, оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Сөйтіп еліміздің Конституциясы бойынша Тұңғыш Президенттің орнын сол кездегі Сенат төрағасы ­Қасым-Жомарт Тоқаев басты. Осылайша Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет Мемлекет басшысы ауысты. Ал сол жылы 20 наурызда мемлекетіміздің жаңа президентінің бұйрығымен елордаға жиырма жыл сән берген Астана атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.

ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР ЖЫЛЫНДА

«Нұр әлем» сферасында өткен жастар форумында Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының басталғанын ресми жариялады. «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге, сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты» деді ол форумдағы сөзінде. Жыл аясында еліміздің ерекше талантты және тұлғалық сипатқа ие адамдарын анықтауға бағытталған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары анықталды. Оған қатысуға 2388 өтінім берілген. Сарапшылар тобы жоба талаптарына сай 200 үміткерді анықтаған. Соңында онлайн дауыс беру арқылы 29 адам жеңімпаз ретінде танылды. Айтулы жобада бәрінен ерекшеленген сол жастардың тең жартысы – елорда тұрғындары. («Астана ақшамы», №17, 14 ақпан, 2019 жыл).

БЕС ПЕРІШТЕ ҰШЫП КЕТТІ АСПАНҒА…

Қоғамда резонанс тудырған қайғылы оқиға Көктал тұрғын алабында 4 ақпан күні түнде, ата-анасы жұмыста жүргенде қуықтай сарайда жатқан 5 бала өртеніп кетті. Бүкіл елде бұл жағдайға жыламаған, періштелерді жоқтамаған адам қалмады. Бір төтенше жағдай елдегі бірнеше әлеуметтік мәселені қозғап кетті, тек қозғап қоймай, көптеген мәселенің шешімін табуына ықпал етті. Мәселен, осыдан кейін өрт қауіпсіздігі бойынша тексерулер күшейтіліп, елорданың шет аймақтарында жер үйлерде тұратын халықтың тұрмысы және көп балалылар мәселесі өткір көтерілді. Үкімет жанынан осы мәселемен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылып, көпбалалы аналардың өтініштері қарастырылды. Осы жұмыс аясында азаматтардың тұрмыс ­жағдайын тексеру, мұқтаждықтарын білу мақсатында мобильді топ құрылды. Олар көпбалалы аналардың тұрғылықты жерлерін аралап, тұрмыс-тіршілігімен танысты. Соның нәтижесінде аудан әкімдіктері көпбалалы отбасыларға көмек көрсету тетіктерін анықтады. Елбасы көп балалы отбасылардағы әрбір балаға берілетін жәрдемақы 21 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Бұл жұмыстардың барлығы басылым бетінде тұрақты жарияланып отырды («Астана ақшамы», №15, 9 ақпан, 2019 жыл).

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ДАМЫҒАН САЙЫН САУАТСЫЗДЫҚ ҰЛҒАЯДЫ

Қазір адамдар уақытының үштен бірін әлеуметтік желілерге арнайды. Жұмыс та, кәсіп те, баланың мектептегі жағдайы да, бәрі әлеуметтік желі болмаса реттелмейтін болған. Бірақ оның кереғар тұсы да бар. Қазір әлеуметтік желілер халықты жаппай сауатсыздыққа ұрындыруда. Басылымның 15 қаңтардағы санында шыққан «Тіл бұзарға тосқауыл қою керек» атты мақалада автор осы мәселеге назар аудартады. Осы орайда Нобель сыйлығының лауреаты Г.Жейкобсон: «Әлеуметтік желілер мен смартфондардың әсерінен 20 жылдан кейін балалар жаппай сауатсыздыққа ұшырайды. Ол кезде оқи алмайтын және оқығысы келмейтін балалар пайда болады» деген болжам жасады. Мысалы, «Ана нохчы симаисын диді сені алам диді», «Жас балағой әлі келінще кім», «Жүрек деген опсынағой», «Уй аманысен ба?»… Wһatsapp-та осындай жазбалар толып жүр. Автор тіл бұзарлар ана тілімізді осылай балталап жатқанда қарап отыра бермеу үшін бес ұсыныс айтады. Соның соңғысы – заңға әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде мемлекеттік тілді бұзған адамдарды жазалайтын арнайы бап енгізу керектігі туралы болған.

ТҮКІРІКТЕН «ЖАҢБЫР ЖАУҒАНДАЙ»

Елордада біраздан бері тұратын шетелдік досының көзқарасы тұрғысынан астаналықтардың өзін-өзі ұстау мәдениетін өркениетті елдермен салыстыра сынаған ­Ботагөз тілшінің сөзі көпке ой салады. Соның белгілері – өзіміз теңдесі жоқ деп санайтын әсем астанамызды былғап, кез келген жерге шімірікпестен қақырып, түкіре салатынымыз, екінші – кезекке тұра алмайтынымыз, үшінші – алғыс айта алмайтынымыз. «Аты дардай астана болсақ та, тұрғындардың әдебі әзірге оған сай келмей тұр. Дәлел керек пе? Дәлелді кез келген бұрыштан табасыз. Мысалы, «Хан Шатырға» барыңызшы. Көркі көз тартатын осынау орталықтың алдына түкіріктен «жаңбыр жауған» ба дерсіз» дей келе автор: «Егер олар Сингапурға барса, әңгіме басқаша болар еді. Бұл мемлекетте жерге түкірген кісі 300 сингапур долларын (шамамен 84 мың теңге) төлеуі тиіс. Себебі ондағы үкімет түкірікті, ең әуелі, қауіпті ауруларды тарататын фактор деп қарастырады» деп түйіндейді.

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

9 маусымда өткен кезектен тыс президенттік сайлауда ­Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6,5 млн қазақстандық дауыс беріп, ол Қазақстан Президенті болып сайланды. ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров жалпы тізімдегі 11947995 адамның 77,4 пайызы еліміздегі 9920 және шетелдегі 48 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасағанын хабарлады. Сайлау процесіне бақылаушы ретінде әртүрлі шетелдік ұйымдар тарапынан 1013 адам қатысты. Бір қуанарлығы, республикалық маңызы бар үш қаланың ішінен Нұр-Сұлтан көш бастап, сайлау­шылардың 68,9 пайызы дауыс берген. («Астана ақшамы», №67, 11 маусым, 2019 жыл).

ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІКТІҢ ДИАЛОГ АЛАҢЫ

Аталған кеңестің құрылуын жұртшылық көп күтті. Өйткені қоғамда халық пен билік арасын байланыстырып тұратын диалог алаңы қажет. Бұл – өркениетті елдерде қалыптасқан үрдіс. Осы орайда пікір білдірген белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының айтуынша, шындығын айтқанда, халықтың билікке көңілі толмайды. «Мен Ұлттық кеңеске ешнәрседен жалтақтамайтын, табанының бүрі, аузының дуасы бар жілікті азаматтар мүше болса деп ойлап едім… Бізде саясатты судай сапыратын саясаткерлер көп. Бірақ олардың дені ұлттың тілі мен қасіретін жан-тәнімен сезіне бермейді. «Рухани жаңғыру» туралы көп айтамыз. Бірақ нақты атқарылған іс аз. Қазір руханиятымыз өте жүдеу күйді бастан кешіп отыр» дейді ол. («Астана ақшамы», №85, 23 шілде, 2019 жыл).

САРЫБҰЛАҚ ТАЗАЛЫҒЫ ӘКІМДІК НАЗАРЫНДА

Елорда аумағының негізгі бөлігі Есіл, Ақбұлақ және ­Сарыбұлақ өзендерінің тармақтарымен тұйықталады. Соның ішінде Сарыбұлақ өзенінің ластануы әкімдік назарынан тыс қалмай, тілшілер мақаласына да арқау болған. «Сарыбұлақ тасқын сулардың ғана емес, Есiл өзенiне барып құйылатын сарқынды сулардың да қашыртқысы қызметiн атқаратын техногендiк су арнасына айналуы эколог мамандардың да құтын қашыруда. Экологиялық апатқа ұласып кетуі мүмкін» дейді мақала автор Б.Оспан. Бұл өзекті мәселенің түйінін шешуді қала әкімі Алтай Көлгінов өз құзырына, жіті қадағалауына алды. («Астана ақшамы», №88, 30 шілде, 2019 жыл).

КЕЛІНДЕР ДӘСТҮРДІ БҰРМАЛАП ЖҮР МЕ?

Кеңестік дәуірде шаңырақ көтерген бойда жас келіннің күйеуі­нің тегіне өтуін біз қаншама жыл әдептілік пен адалдықтың белгісі санап келдік. «Өз жарына берілген» келін образын үлгі еттік. «Ал негізі бұл орыс отаршылдарының қазақ ұлтының әдет-ғұрпын, бабадан жалғасқан бағалы дәстүрін бұрмалаудың бір көрінісі. Алайда бұл қағида қазақтың дәстүріне жат екенін ескеретіндер де ел ішінде әлі де сирек» дейді осы тақырыпта мәселе көтерген автор Қалиақбар Үсемхан. Себебі бұрын ат тергеп, қайын жұрттағы ағайынның атын атамайтын келіндер енді жолдасының тегіне өтіп, аталарының атын айтуда алдына жан салмай жүр. («Астана ақшамы», №92, 8 тамыз, 2019 жыл).

ТАБИҒАТТЫ ЛАСТАҒАНҒА АЙЫППҰЛ КӨБЕЙСІН

2030 жылға қарай әлемдегі қалаларда 5,1 млрд адам тұрады. Бұл – Жер шары халқының 60 пайызы. Қазіргі кезде Жер шарындағы қала тұрғындарының 10 пайызы ғана қолайлы жағдайда өмір сүреді. Астана экономикалық форумына келген The Boston Consulting Group директорлар кеңесінің төрағасы Ханс-Пол Бюркнер осылай дейді. Онымен сұхбаттасқан журналист Төлен Тілеубайға қадірменді мейман елордаға қатысты да ұсыныстар айтыпты. «Нұр-Сұлтанға Лондонның тәжірибесі өте қолайлы. Ірі-ірі кәсіпорындар өңірлерге көшіріліп, елордада тек табиғатты ластамайтын секторлар шоғырланғаны абзал. Екіншіден, жергілікті билік органдары қоршаған ортаны ластайтындарды аяп, мүсіркемеуі керек. Керісінше, оларға салықты өсіріп, заңнаманы бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар­ды көбейтсін» дейді ол. («Астана ақшамы», №97, 20 тамыз, 2019 жыл).

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + fifteen =