2018 елге елеулі есімдер

0 413

Бір жарым ғасыр бұрын халық композиторы Естай Беркімбайұлы, Құнанбай әулетінен шыққан тағы бір дүлдүл, Абай мұраларын жинақтап, басып шығаруда елеулі еңбек сіңірген Кәкітай Ысқақұлы, қоғам қайраткері Серәлі Лапин дүниеге келді. Қазақтың алғашқы романдарының бірін жазған Спандияр Көбеевтің, Сыр бойындағы жыр­шылық өнердің белді өкілі Шораяқтың Омарының, халық композиторы Тайжан Қалмағамбетұлының – 140, қазақ әнін Парижде әуелеткен Әміре Қашаубаевтың, Алаш қайраткері Халел Ғаббасовтың 130 жылдықтары биылға дөп түсіп тұр.

Көрнекті мемлекет қайраткері Михаил Есенәлиев, театр және кино актерлері, ҚазКСР халық әртістері Кененбай Қожабеков пен Нұрмұқан Жантөрин, ақын, Қазақстанның халық жазушысы Ғафу Қайырбеков, драматург Қалтай Мұхамеджанов, Қазақстанның халық ақыны Манап Көкенов, көпшілігімізге таныс тамаша ән мәтіндерінің авторлары Нұрсұлтан Әлімқұлов, Нұтфолла Шәкенов, Қабдыкәрім Ыдырысов, әнші, КСРО халық әртісі Роза Жаманова, талантты суретші Сабыр Мәмбеев, дирижер, Татарстан және Ресей халық әртісі Фуат Мансұров, филолог ғалымдар Жұмағали Ысмағұлов, Зәки Ахметов, Айқын Нұрқатов, Мырзабек Дүйсенов биыл тоқсан жастың төріне шығушы еді.

Биыл Абылай ханның ақылшысы, қазақтың XVIII ғасырдағы саяси-әлеуметтік өмірінде елеулі рөл атқарған Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 350 жыл толады. Елдің, халықтың мұңын жырлаған зар заман ақындары Шортанбай Қанайұлының – 200, Мұрат Мөңкеұлы мен Арқа ән өнерінің саңлағы Ақан сері (Ақжігіт) Қорамсаұлының, қобыз күйінің құдыретін танытқан Ықылас Дүкенұлының 175 жылдықтары – осы жылдың еншісінде.

Осы жылы ғасырлық мерейтойлары атап өтілетін тұлғалардың өзі бір шоғыр. Олардың арасында өз аудармаларымен қазақтың сөздік қорын байытқан аудармашы Ісләм Жарылғапов, көрнекті қаламгер Тәкен Әлімқұлов, қазақ поэзиясында баллада жанрының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қайнекей Жармағамбетов, қоғам қайраткері, философ ғалым Нұрымбек Жанділдин, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов, Кеңес Одағының батыры Боран Нысанбаев, композиторлар Сыдық Керімбаев пен Құдыс Қожамияров бар. Сондай-ақ, биыл ЖаҺанша және Халел Досмұхамедовтердің басшылығымен «Алашорда» партиясының Батыс бөлімшесінің құрылғанына 100 жыл толады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы Шәкен Ниязбеков, әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев, көрнекті қаламгерлер Асқар Сүлейменов пен Оразбек Сәрсенбай, фантаст жазушы Абдул-Хамид Мархабаев, ҚР халық әртістері Болат Аюханов пен Райымбек Сейт­метов, дарынды композиторлар Әсет Бейсеуов, Әшірхан Телғозиев, арынды ақындар Өтежан Нұрғалиев, Сәкен Иманасов, талантты әртіс­тер Әнуар Молдабеков, Қарғамбай Сатаев, Әсия Абылаева, Торғын Тасыбекова, Роза Әшірбекова, суретші Салахитдин Айтбаев, ғалым Мейірхан Әбділдин, академик Кенжеғали Сағадиев, атақты балуан Әбілсейіт Айханов – осының бәрінің 80 жылдықтары Ит жылының үлесінде.

Әлем әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева, Қазақстанның және Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, белгілі ақындар Ғалым Жайлыбай, Әбубәкір Қайран, Қасымхан Бегманов, белгілі публицист Қайнар Олжай алпыстың асқарына шығады.

Ұлы Абайдың ағасының ұлы, данышпанымыздың ақын шәкірті, ойшыл, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы мен онымен бір жылы туып, бір жылы фәни жалғанмен қоштас­қан Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының, діни-ағартушылық бағытта жыр, терме жазған Нұржан Наушабайұлының 160 жылдықтары Ит жылында келеді.

Төрімізге шыққан жылдың алғашқы күні Алматыда жасақталып, Мәскеу түбіндегі шайқаста ерлік көрсеткен 316 атқыштар, кейіннен 8 гвардиялық дивизия командирі Иван Панфиловтың туғанына 125 жыл толды. Астанада атына қазақ театры берілген сахна майталманы Қалибек Қуанышбаевтың, Абайдан кейін қазақ поэзиясына өзгеше өрнек әкелген Мағжан Жұмабаевтың, өткен ғасыр басында «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болуға» талпынған Сұлтанмахмұт Торайғырұлының, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш дәрігер Аққағаз Досжанованың 125 жылдықтары, «темір нарком» атанған мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің, қоғам қайраткері, публицист Алма Оразбаеваның 120 жылдықтары да биыл еленуі тиіс.

Көрнекті қаламгер Баққожа Мұқай, талантты ақын Жарасқан Әбдірашұлы, Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев тірі болса биыл жетпістің жотасына шығар еді. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұраны авторларының бірі, ақын Жадыра Дәрібаева, композиторлар Алтынбек Қоразбаев, Төлеген Мұхамеджанов, белгілі әртіс Тұңғышбай Жаманқұлов, күйші Шәміл Әбілтай бұйырса, 70 жылдықтарын атап өтеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + three =