2017 жыл

0 48

Тауық жылының басты жаңалығы – әлем назарын тіккен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің елорда төрінде өтуі болды. Басылымның әрбір санында осы маңызды шараға дайындық, оның өту барысы жайлы көлемді материалдар жарияланып отырды. Ел мен елорда көлеміндегі өзге де маңызды әлеуметтік-экономикалық, мәдени және өзге де мәселелер назардан тыс қалған жоқ.

ЭКСПО ӨТКЕН ЖЫЛ

Халықаралық мамандандырылған көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтті. Шараға 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Қазақстан посткеңестік кеңістікте өз аумағында кең ауқымды көрме өткізу құқығына ие болған бірінші ел еді. Көрме орналасқан алаңның аумағы 174 гектарды құрады. Дәл ортасына шар тәрізді Қазақстанның «Нұр әлем» павильоны орналастырылды. Көрменің негізгі символы болған, диаметрі 80, биіктігі 100 метрлік бұл шарды салу үшін 13 мың тонна метал қажет болды. 90 күнде көрмені 178 елден 5 млн адам келіп, тамашалады. Барлық павильондарды аралауға жалпы 96 сағат кетеді. Көрме барысында 3500 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, бүкіл әлемнен 33 мың әртіс өнер көрсетті. Әлемнің 53 елінің үкімет басшылары мен жетекшілері көрменің құрметті қонақтары мен қатысушылары болды, 4500 волонтер жұмыс істеді. Ал ғалымдар бұл көрмеде адамзатқа 153 ғылыми жаңалық ұсынды. Көрме кезінде 9 мыңға жуық полицей тәртіпті қадағалап, бір мың полиция қызметкері ағылшын тілін меңгерді.

«НҰРЛЫ ЖОЛДА» ЖОЛЫҚҚАНША!

Ашылуы ЭКСПО көрмесінің қарсаңына орайластырылған «Нұрлы жол» теміржол вокзалы кешенінің пайдалануға берілуі жылдың айтулы оқиғасы болды. ТМД аумағында теңдесі жоқ вокзал ғимаратының сән-салтанаты мен технологиялық артықшылықтары туралы арнаулы репортаждар жасалды. «Энергияны үнемдеуден бөлек, жаңа вокзал ескі вокзалға қарағанда екі есе көп адамды қабылдауға қауқарлы. «Негізі, ескі теміржол вокзалы 12 мың адамға шақталған. Алайда қауырт күндері халық саны 25 мыңға дейін көбейе­ді. Ал жаңа вокзалдың аумағы 130 мың шаршы метрді құрайды. Демек бір мезетте 35 мыңдай адам емін-еркін келіп-кете алады» дейді вокзал бастығы Дінмұхамед Құсайынов» («Астана ақшамы», №61, 25 мамыр, 2017 жыл).

ҚАЗАҚЫ ЕСІМДЕР ЖӘНЕ ТІЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Басылым бетінде ана тілінің мәртебесі жиі көтерілді. Соның ішінде бала туғанда оған ат беру жайы да көпті алаңдатады. Себебі кеңестік одақ құрамында жүргенде орысша аттарға әуес болсақ, соңғы жылдары арабтық атауларға жақын болып алғанымыз шындық. Осы мәселені журналист Төлен Тілеубай «Қазақ есімдерін қорашсынбайық» атты мақаласында көтере отырып, республикалық телеарналарда сондай есімдердің насихатталып жатқанына алаңдаушылық танытады. Бір діни телеарна бағдарламасында журналист:«Ұлдарымызды Мұса, Иса, Салих, Мұхаммед деп, қыздарымызды Фатима, Әмина, Халима десек, еш ұтылмайтынымыз анық» деген нұсқау берілді. Бұрын Бөстекбай, Шұлғаубай деп әртүрлі есімдерді қоя беретін шаманизмнің қалдықтарынан, яғни ырымдап қоятын аттардан бас тарту – имандылыққа бет бұрған қоғамның талабы» деп атап өтіпті. Мақала авторы осындай бағдарламалардың әсерінен болар, қазіргі қазақтар жаңа туған сәбиіне Абдуррауф, Абдуссамад деп арабша ат қойып жүргенін атап өтеді. Мысалы, 2015 жылы ел арасына кең тараған әйгілі есімдердің ішінде Рабия Сұлтанбегім, Раббина, Медина бар. Қазақстанда туған 4765 нәрестеге Раяна деген есім қойылған («Астана ақшамы», №34, 23 наурыз, 2017 жыл).

«БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» МАҚАЛАСЫ

12 сәуірде Елбасы Н.Назарбаев осы мақаласын жариялады. Оны жаппай талдауға кіріскендер ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы толғамдары халықтың ел болып заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірге қадам басуға жетелейді деп бағалады. «Елбасымыз тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өткен: бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, с-ананың ашықтығы. Сонымен қатар таяу жылдардағы міндеттерімізге де тоқталған» деп мақала туралы ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков пікір білдірген. («Астана Ақшамы», №43,13 сәуір, 2017 жыл).

БАЛАБАҚША КЕЗЕГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Астаналықтар үшін білім саласының 2017 жылдағы жаңалығы – барлық мемлекеттік балабақшаларға жолдама берудің электронды жүйесі іске қосылғандығы болды. Сол жылдары әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде білім беру саласында өткір мәселелерді көтерген тілші Гүлжан Рахман елордадағы балабақша кезегі туралы жиі қалам тербеген. Соның бірі «Балабақшаға бардың ба, жолдамаңды алдың ба?» деген мақаласында ол қалада күніне кем дегенде 100 бала кезекке қойылатынын айтады. «Демографиялық жағдайдың өсуі дем беріп отырғандықтан, кезекке тұрудың да қатары артып отыр. Қуанарлық жайт, әрине. Осы бала туу және көші-қон көрсеткіштерінің жоғарылауынан мектепке дейінгі жастағы балалардың саны көбейген. Мәселен, мұндай балалардың саны 2010 жылмен салыстырғанда 7 есеге артқан» дейді ол. Сол кездегі қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, 2017 жылы елордада 30 мыңнан астам балғын балабақшаға кезекте тұрған. «Мемлекет тарапынан осы балалардың барлығын орынмен қамтамасыз ету үшін қаражат жағынан үлкен қадамдар жасау керек. Сондықтан осы мәселені біз жекеменшік сектормен, яғни кәсіпкерлермен бірлесе отырып, алдағы 3 жылда толығымен шешуді көздеп отырмыз» деп атап өткен ол Оқушылар сарайында «Кәсіпкерлердің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде мектепке дейінгі ұйымды ашу бастамасына құқықтық және консультативтік қолдау» тақырыбында өткен ашық есік күнінде. («Астана ақшамы», №89, 29 шілде, 2017 жыл).

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНА – 100 ЖЫЛ

Кеңестік идеология көрсетуге тырысқандай, алаштықтар тар ауқымдағы ұлтшылдар емес-тін. Қозғалыс жайлы жазылған авторлық мақалалардың бірінде тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев: «Алаш қозғалысы – бұл ешқандай да ретроградтық қозғалыс емес, ол қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы болатын. Өйткені біріншіден, өз бағдарламаларына сәйкес алаштықтар поляктар немесе финдер сияқты Ресейден бөлініп, дербес мемлекет құратынын мәлімдеген жоқ» деген екен. («Астана ақшамы», №147, 12 желтоқсан, 2017 жыл).

ҚАРМЕН КҮРЕС ҚАЛАЙ ЖҮРДІ?

2017 жылы Астанада бұрын-­соңды болмаған қар жауды. 2016 жылы қыс маусымында жиналған қардың жалпы көлемі 2,9 млн текше метрді құраса, сол жылы қаңтардың өзінде 3 млн текше метр қар шығарылды. Қыс басталғалы коммуналдық қызметкерлердің қолынан күрек түскен жоқ. Күні-түні үзіліссіз қар күреу жұмыстарына 2,7 мың адам жұмылдырылып, механикаландырылған тазалыққа 2 мыңнан астам арнаулы техника тартылған. Елорда аумағын санитарлық тазарту жұмыстары белгілі бір механизм бойынша кезең-кезеңімен жүргізілді. («Астана ақшамы», №6, 17 қаңтар, 2017 жыл).ҚАЛА ЭКОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ ГАЗ ТАРТУ

Жыл өткен сайын өсіп келе жатқан елордада жеке сектордағы үйлердің көмір жағып, экологияны нашарлатуы – жиі көтерілген мәселелердің бірі еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы елордаға табиғи газ әкелу туралы мәселе көтерген болатын. Қала әкімі Әсет Исекешев Астананы газдандыру туралы өз баяндамасында: «Қазіргі таңда Қызылордадан Қарағанды арқылы газ құбырын тарту туралы мәселесі қаралып жатыр. Алдағы наурыз немесе сәуір айларында энергетика министрлігінде бұл мәселені талқылайтын боламыз. Алдағы екі жылдың ішінде бұл мәселені шешу керекпіз» деген еді. Міне содан бері 3 жыл өткен соң елордаға биыл алғаш рет газ келді.

ЕЛ РУХАНИЯТЫНА ҮЛЕС

Ұлттың рухын тәрбиелейтін «Руханият» және «Мәдениет» айдарларында қазақ өнері мен мәдениетін, әдебиетін өрге сүйреген қайраткерлер туралы тың деректерге толы материалдар жарияланды. Олардың тарихқа кеткен талай сырлы әңгімелерін осы айдарларға жауапты газет шолушылары Аманғали Қалжанов пен Азамат Есенжол оқырмандарға ұсынып отырды. Мәселен, жазушы, кинорежисер Сатыбалды Нарымбетов сұхбатта: «Шоқай мінезі біраз көрермен санасына ой салғанын байқадым. Алдындағы «Көзімнің қарасы», «Қызжылаған» секілді авторлық фильмдерді қоя тұрып, тарихи тұлғаларымызды экрандау менің өзімнің парызым екенін түсіндім» депті. Бұл беттерінде бұған қоса ақын Кәкімбек Салықов, театр сыншысы Әшірбек Сығай, режиссер Қуандық ­Қасымов, жазушы Дүкенбай Досжан, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Өмірбек Байгелді, қазақ қаламгері Төлен Әбдік, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Мұхтар Шаханов және тағы да басқа көптеген қазақтың танымал тұлғалары туралы көлемді мақалалар жарық көрді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 6 =