2017 жыл

0 65

1 қаңтар – Қазақстан Азия тобы мемлекеттерінің атынан 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.
23-24 қаңтар – Астанада Сирия­дағы жағдайды реттеу бойынша халықаралық кездесу өтті. Оған Ресейден, Ираннан, Түркиядан, Иорданиядан келген сарапшылар мен БҰҰ өкілдері қатысты. Сириядағы ахуалды бейбіт түрде реттеу жолдары Астанада шешілді.
29 қаңтар-8 ақпан – Алматыда ХХVIII қысқы Универсиада ойындары өтті. Универсиадаға 57 елден 1621 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді.
16 ақпан – «ЭКСПО-2017» көрмесінің кәдесый өнімдері таныс­тырылды.
20 наурыз – «Жастар – болашақ энергиясы» республикалық шығармашылық жобасы басталды.
25 сәуір – «Қазақстан» орталық концерт залында Қытайда өткен «Мен әншімін» байқауында екінші орын алып, аты әлемге жайылған Димаш Құдайбергеннің құрметіне «Әлем таныған Димаш» атты кеш өтті.
28 сәуір – «ЭКСПО-2017» көрмесінің миллионыншы билеті сатылды.
2 мамыр – «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай елордада 100 жаңа такси-көліктері пайдалануға берілді. Қала әкімдігінің жанында «Zhebe» және «ЭКО такси» брендімен қыз­мет көрсететін компаниялар «AstanaTaxi» инвес­тициялық жоба аясында су жаңа көліктерге ие болды.
10 мамыр – «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының ұшар басында, 21,5 метр биіктікте орналасқан қаланы шолу алаңы мен одан сәл төменіректе орын тепкен көрме галереясы ашылды.
31 мамыр – елордада «Нұрлы жол» жаңа вокзалы мен Астана халықаралық әуежайының жаңа терминалы ашылды.
10 маусым – «Астана – ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі ашылды. Көрме жұмысына 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты.
22 шілде – елордада «Алай-Astra» және «КеңМарт-Astra» атты жолаушыларды қалааралық тасымалдаудың екі көлік орталығы пайдалануға берілді.
3 тамыз – Әлемге әйгілі әнші, опера майталманы Пласидо Доминго «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында қойылған Д.Вердидің «Травиата» операсында өнер көрсетті.
29 тамыз – Қазақстан әлем бойынша бірінші болып ядролық отын банкін іске қосты.
19 қазан – елордада Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында алғаш рет жасанды жүректің имплантациясы 60 жастағы Құнанбай Абраевқа жасалды.
26 қазан – Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы» Жарлығы жарияланды.
5 желтоқсан – Қазақстанның барлық өңірлерінде Алашорданың 100 жылдығына арналған ауқымды шаралар өтті.
6 желтоқсан – Мемлекет басшысы бизнес­ті жүргізудің жеңілдігі бойынша өңірлерді бағалаудың жаңа рейтингінде алға шыққан Астанаға «Алтын сапа» сыйлығын тапсырды.

2017 жыл Қазақстан үшін бірқатар елеулі оқиғалармен есте қалды. Жыл басында Алматыда дүниежүзілік Универсиада ойын­дары өтті. Сондай-ақ еліміздің мерейін өсірген «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі де ұйымдастырылды. Елорда төрінде өткен бұл шараға 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты.

АЛАШОРДАҒА – 100 ЖЫЛ

18 мамыр күні (ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында) «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен Алашорда ұлттық үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай «Алашорда» фотоальбомы жарыққа шықты.

Аталған фотоальбомда Алаш ардақтыларының бозбала шағынан бастап, ел ағасы болған кезіне дейінгі құнды суреттері қамтылған. Әсіресе, альбомдағы Алаш арыстарының соңғы суреттері кешегі қиямет-қайым, нәубет, қуғын-сүргін заманын тағы бір рет еске түсіріп, бабалар рухына тағзым етуге мүмкіндік туғызады.

ЛАТЫНҒА КӨШУ ЖОСПАРҒА ЕНДІ

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша әлемнің үздік оқу орындарының қолданысындағы таңдаулы 18 оқулық қазақ тіліне аударылды.

Жаңа оқулықтардың алғашқы легі Елбасы бекіткен латын қарпінде жарық көрді. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ҚР Үкіметі жанынан Ұлттық комиссия құрылды. Ұлттық комиссия қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ұсыныстар әзірлеп бекіту, жұмыс барысын үйлестіру және оның сапалы орындалуына бақылау жасайды. Қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін біртіндеп көшіру көзделген. Бірінші кезең: 2018-2020 жылдарды, екінші кезең: 2021-2023 жылдарды, үшінші кезең: 2024-2025 жылдарды қамтиды.

28-ші ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДА

29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында ХХVIII қысқы Универсиада ойындары өтті. Оған 57 елден келген 1621 спортшы қатысқан болатын.

Қазақстандық спортшылар 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Ал Ресей құрамасы 71 медальмен (29 алтын, 27 күміс, 15 қола) бірінші орынды иеленді. Үшінші орынды 11 алтын, 5 күміс, 5 қола медаль еншілеген Оңтүстік Корея спортшылары қанжығасына байлады. Универсиада бағдарламасына мəнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шайбалы хоккей (ерлер, əйелдер), сноуборд, биатлон, шаңғы жарысы, керлинг, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру, фристайл секілді 12 спорт түрі енді. Қазақстан атынан Денис Тен, Абзал Рақымғалиев, Айза Иманбек, Галина Вишневская сынды белгілі спортшылар сынға түсті. Жерлестеріміз қатарында бір өзі бірнеше медальға қол жеткізген спортшылар да бар. Айталық, Анна Шевченко бір өзі Алматы төрінде 5 медальға қол жеткізді. Оның біреуі – алтын, біреуі – күміс, үшеуі – қола жүлде. Ал фристайлдың могул түрінен Дмитрий Рейхард пен Юлия Галышева қос-қос алтынға қол жеткізді. Универсиада үшін «Алматы арена», «Халық арена» сынды мұз айдыны бар ірі спорт кешендері салынып, «Медеу», Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Шымбұлақ», «Сұңқар» сынды спорт ғимараттары қайта жөндеуден өткізілді. Универсиада аяқталғаннан кейін Атлеттер қалашығы 1 748 отбасының жаңа қоныс тойына себепші болды. Онда емхана, супермаркет, банк бөлімшесі, полиция бекеті, пошта сынды халыққа қызмет көрсетілетін орындар бар. Бұл Алматыда үй кезегінде тұрғандардың санын 10 пайызға қысқартты.

ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ – ТӨРІМІЗДЕ

Астанада халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі салтанатты түрде ашылды.

Осыдан бес жыл бұрын Париж қаласында өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 152-сессиясында қатысушы 161 мемлекеттің 103-і Астананы қолдаған еді. Мұндай халықаралық шара ТМД аумағында тұңғыш рет Қазақстанда өтіп отыр.
Ел болып көптен күткен көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Ауқымды шараға қатысушы бірқатар елдердің басшылары әлемдік маңызы бар шараның ашылу салтанатын Астана төрінде тамашалады. Халықаралық көрменің ең басты ғимаратына мәртебелі меймандар мен мемлекет басшылары келді. Олардың қатарында Халықаралық көрмелер бюросының президенті Стейн Крис­тенсен, Ресей президенті ­Владимир Путин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Чехия президенті Милош Земан, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш, Армения президенті Серж Саргсян, Сербия президенті Александр Вучич, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Беларусь президенті ­Александр Лукашенко, Моңғолия президенті Цахиагийн, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов, Пәкістан Премьер-министрі Мұхаммад Наваз Шариф, Испания Королі Филипп VІ, Қырғыз­стан президенті Алмазбек Атамбаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев және тағы басқа тұлғалар бар.
Мемлекет басшысы ­Нұрсұлтан ­Назарбаев еліміздің ұлттық павильоны алдында мәртебелі меймандарды қарсы алғаннан кейін көрменің басты ғимаратын аралады.
Айта кетейік, көрме аумағында отандық және шетелдік БАҚ өкілдері үшін ашылған баспасөз орталығында сәт сайын айтулы оқиға туралы хабар әлемге таратылды.
Көрме туралы айтар болсақ, қатысушы елдердің барлығы «Болашақтың энергиясы» тақырыбын арқау еткен. БҰҰ, Дүние­жүзілік банк, ШЫҰ, МАГАТЭ сияқты халықаралық іргелі ұйымдардың қатысып, болашақтың өзекті мәселесіне алаңдаушылық білдіруі – еліміз үшін мәртебе.
Көптен күткен көрме энергияға толы жер шары бейнесімен ашылды. Барша тіршілік атауына қуат беріп тұрған жер шары еліміздің сұлу табиғаты мен заманауи технологиялардың тоғысуы арқылы көрінді. Әрмен қарай керемет театрландырылған шоуға ұласты. Қойылымының кереметтігін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сахнада әуе гимнастары мен сүңгуірлер Ой қуаты, Жер, Су, Теңіз, Жел энергия­сын түрлі декорацияларды қолдану арқылы бейнеледі. Мәселен, Жел энергиясын бейнелеген кезінде халық әні «Япур-айды» орындаған әлемге танымал әнші Мария Мудряк пен сайын далада домбыра шерткен қарт ұлы даланың кеңдігін барша әлемге паш еткендей әсер берді.
Соңында кішкентай қыз Астананың суретін салды. Оның салған суреті қарқынды дамып келе жатқан қаланың келбетіне айналды. Сахна төріне көтерілген 100-ден астам бала болашақ энергиясын қалай түсінетіндерін әр тілде жеткізді. Бұл болашақтың энергиясын осы жастар дамытады деген үлкен сенімнен туған болса керек.

МӘРТЕБЕМІЗДІ ӨСІРГЕН МЕРЕЙЛІ СӘТ

ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне 115 ел мен 22 халық­аралық ұйым қатысты. Шет мемлекеттердің бірінші тұлғаларының қатысуымен 220 ресми іс-шара ұйымдастырылды. Оған 28 мемлекет басшысы мен 10 премьер-министр қатысты.

Айта кету керек, көрмеде еліміздің барлық өңірлерінен 4500 ерікті жұмыс істеді. ­ЭКСПО қонақтарына көмек көрсету үшін Канада, Франция, АҚШ еріктілері шақырылды. Астананың волонтерлік корпусы әлемнің 35 елінің өкілдерінен тұрды. Еріктілердің орташа жасы – 19,5 жас, ал үлкені 84 жас­та болды. Көмекшілердің арасында үш үшемдер мен екі егіздер болды. Волонтерлер 11 шет тілін меңгерген. Айтпақшы, ЭКСПО-да еріктілер арасында 3 отбасы болған.
Астанада қатысушы елдер ұсынған жаңа технологиялардың ішінде қолдану үшін таңдалған ең маңызды жобалардың қатарында Испания, Франция және Латвия Республикасы сияқты елдердің «жасыл» энергияны өндіретін органикалық қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі, сондай-ақ cube Global малай компаниясының Digital Forest жасыл желектерінің жай-күйіне мониторинг жүргізу жөніндегі жобалары болды.

«ЭКСПО-2017» көрмесіне келген шетелдік туристер саны:

АЛТЫ ЖОЛ ТОҒЫСҚАН АЛЫП БЕКЕТ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 31 мамыр күні жаңа «Нұрлы жол» вокзалын ашты.

Алты қабатты айрықша теміржол вокзалының жалпы аумағы 126 шаршы метрді алып жатыр. Алты жолдың торабы кіретін бекет тәулігіне 35 мың жолаушы қабылдай алады. Вокзал жолаушылар ағынын, адамдар кезегін, қауіпсіздікті, билетті электрондық тәсілмен сату ісін басқару мен бақылаудың заманауи озық интеллектуалдық жүйелерімен жабдықталған.
Бірінші және екінші қабатта 740 көлікке арналған автотұрақ бар. Сонымен қатар ол жерде қызметтік-теxникалық бөлмелер орналасқан. Үшінші қабатта шатыр астында перрон орын тепкен. Төртінші қабат ең негізгі қабат болып саналады. Мұнда бас­ты кіреберіс пен 10 билет кассасы, анықтама бюросы, сауда орындары бар. Бесінші қабатта фуд-корт орналасқан. Әкімшілік кеңселер алтыншы қабатта. Сонымен қатар вокзалда ана мен бала бөлмелері, қонақүй, медициналық пункт бар. Вокзалдың қауіпсіздігіне де көп көңіл бөлінген. Ғимаратта адамдарды тексерістен өткізетін 16 кіреберіс бар. Оның үстіне ақылды жүйе­мен басқарылатын 510 шақты камера орнатылған.

КҮЛЛІ КИНОЖҰЛДЫЗДАР – ЕЛОРДАДА

22 шілдеде Астанада «Еуразия» XIII халық­аралық кинофестивалі басталды. Осыған орай «Оскар», «Алтын глобус» сынды киноөнеріндегі беделді сыйлықтардың иегері, америкалық актер, продюсер, кинорежиссер Николас Кейдж және «Пианист» көркем фильмінен ке­йін аты әлемге танылған «Оскар» мен «Сезар» сыйлықтарының лауреаты Эдриан Броуди елорда топырағына табан тигізді.

«Қазақстанға келіп, «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауды өзіме үлкен мәртебе көріп отырмын. Сіздердің ғажайып мемлекеттеріңізге алғаш мәрте табан тигіздім. Астана келген адамның бойына қанат бітіреді екен. Кино қарым-қатынастың әмбебап тілі болып саналады. Кино өнері арқылы әртүрлі оқиғалар жайлы әңгіме шертіп, бүкіл әлемге тарата аламыз. Кинофильмдердің көмегімен біз сезімдерімізді бүркемелемей, бір-бірімізге көмек беріп, түсінісе аламыз. Киноның арқасында кез келген мәдени кедергілерді жоя аламыз деп ойлаймын» деді Николас Кейдж.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − eighteen =