2016 жыл

0 57

23 ақпан – Елбасының тапсырмасына орай Астанада құрылған қалалық Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті.
8 наурыз – Астанада Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаеваның «Сахнада – 40 жыл. «Көктем шақырады» атты мерейтойлық концерті өтті.
20 наурыз – ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы өтті.
27 мамыр – Астанада бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Бұрымды боксшылардың байрақты бәсекесінде қазақ арулары 4 алтын, 2 қола медаль олжалап, Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орынды иеленді.
10 маусым – Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне билеттерді онлайн-сату басталды.
1 шілде – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан ­Назарбаев Индустриалды-инновация­лық дамудың мемлекеттік бағдарламасының 2016 жылдың жартыжылдық қорытындысына арналған жалпыұлттық телекөпір барысында Астанадағы «Ipek Kagit Central Asia» ЖШС-нің санитарлық-гигиеналық және тұрмысқа қажетті қағаз өнімдерін өндіру зауытын іске қосты.
1 шілде – Қазақстан Респуб­ликасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң қабылданып, Жер кодексіне 2021 жылдың соңына дейін түзетулер енгізуге мораторий жариялады.
6 шілде – елордада қала әкімдігінің қолдауымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Астана күніне арналған «Бағаналы ордам – басты ордам» атты республикалық айтыс өтті.
31 шілде – Астанада тұңғыш рет суда жүзу, велосипедпен және жаяу жарысу сияқты үш сайыстан тұратын триатлон сайысы ұйымдастырылды.
4 қазан – Астанадағы «Bi Villag Deluxe-1» коттедж қалашығында Татарстан Республикасының Қазақстандағы өкілетті өкілдігі ашылды.
8 қазан – Астананың «Жасыл белдеу» аумағының оңтүстік-батыс бөлігінде жалпы ұзындығы 23 шақырымға созылатын жаңа веложол пайдалануға берілді.
31 қазан – «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушы алғашқы бес елге – Венгрия, Германия, Қытай, Түркия және ­Францияға павильондардың құжаты мен пәтерлердің сертификаты ­тапсырылды.
6 желтоқсан – Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дәстүрге айналған жалпыұлттық телекөпір өтті. Шара барысында Елбасы елордадағы «Selena Insulations» ЖШС құрылыс материалдарын шығаратын зауытты іске қосты.
9 желтоқсан – елордада тұратын 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларға «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалі тапсырылды.

2016 жыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен айшықталды. Осыған байланысты елде де, елордада да ақжолтай жаңалықтар аз болмады. «Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстан» шарасы аясында біршама істер атқарылды. Жазда бас қала тұрғындары бір миллионға жетті. Астанада «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі бой көтерді. Төменде сол жылдың елеулі оқиғаларын жинақтадық.

МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ДЕКЛАРАЦИЯ

23 қарашада Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларация­сы» қабылданды.

Халық қалаулыларының пікірінше, Декларация еліміз үшін маңызды оқиға болып табылады. Онда Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру тарихына баға беріліп, осы бағыттағы миссияны Елбасының аса сәтті орындап шыққаны атап көрсетілген. Декларация еліміздің тарихындағы жарқын беттердің бірі болып қалатыны анық. Бұл құжатта Елбасының басшылығымен еліміздің 25 жыл ішінде жеткен жетістігі мен алған асу-белестерін баяндалады. Бұл құжаттың еліміздің басты идеологиялық құжаты ретіндегі маңызы айрықша болды. Аталған жылы жалпы 49 халықаралық шара өтіп, 81 екіжақты сапар ұйымдастырылды. Еңбегі сіңген азаматтарға «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» төсбелгісі табыс­талды.

АЛАШ КӨСЕМІ АРДАҚТАЛДЫ

2016 жылы Алаш көсемі, қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, халқымыздың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ­ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді.

ЮНЕСКО-ның 2015 жылы 18 қарашада Парижде аяқталған Бас конференциясының 38-ші сессиясында осындай қаулы қабылданды. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. 2011 жылы Мәскеудегі Дон зиратында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан жерленген қабірге ескерткіш-тас қойылды. Белгілі әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы өз мақаласында Әлихан Бөкейханның Нығмет Нұрмақовпен бірге Мәскеуде жерленгенін жазады. Бұл деректің негізсіз емес екеніне көз жеткізген қарағандылық ғалымдардың айтуынша, Әлекең мен Нығмет аталарымызға топырақ бұйырған орында Кеңес одағының зұлмат саясатының құрбаны болған 5065 адам жерленген көрінеді.

КЕЙКІ БАТЫРҒА ҚҰРМЕТ

93 жыл бойы Санкт-Петербор қаласындағы Кунст­камерада сақталып келген Кейкі батыр­дың бас сүйегінің елге жеткізілуі халқымыз үшін маңызды оқиғалардың бірі болды.

Батырымыздың бас сүйегін елге қайтару үшін ресейлік тараппен келіссөздер ұзақ уақыттан жүргізіліп келгені белгілі. Кейкі батырдың бас сүйегін қалпына келтіру жұмыстары Мажарстанда жүргізілді. Бас сүйек батырдың туған жері Қостанай облысы Амангелді ауданының Тасты ауылында арнайы салынған мазарға жерленетін болады.

ӘЛЕМ ҒҰЛАМАЛАРЫ – ЕЛОРДАДА

Елбасы Нобель сыйлығының лауреаттары және халықаралық ұйым басшыларымен кездесті.

Кездесуге Нобель сыйлығының лауреат­тары Т.Сарджент, К.Писсаридес және Э.Прескотт, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті С.Чак­рабарти, экономист, АҚШ Президенті Р.Рейганның және Ұлыбритания Премьер-­­минис­т­рі М.Тэтчердің бұрынғы кеңесшісі А.Лаффер, Колумбия университеті Жер институтының директоры Д.Сакс, Масса­чусетс технология институтының экономика профессоры Д.Аджемоглу, Кембридж университетінің экономика профессоры Чанг Ха-Джун, экономист Хунбин Сун, «The Boston Consulting Group» төрағасы Х.П.Бюркнер, JP Morgan Chase International директорлар кеңесінің төрағасы Д.Френкель қатысты.
Кездесуге қатысушылар жаһандық саяси және экономикалық дамуға, ақша-валюта жүйесінің перспективаларына қатысты көзқарастарын білдіріп, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге байланысты өз ойларын ортаға салған еді.

ЕЛОРДА ТҰРҒЫНДАРЫ МИЛЛИОНҒА ЖЕТТІ!

4 шілдеде сағат түнгі бірде №1 перинаталды орталықта Астананың миллионыншы тұрғыны дүние есігін ашты. Осы ақжолтай хабарды естіген Елбасы қуанышын жасыра алмай нәрестенің ата-анасы мен барша астаналықтарды миллионыншы тұрғынның дүниеге келуімен құттықтады. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев ерлі-зайыптыларды құттықтап, пәтер кілтін тапсырды.

Миллионыншы астаналық – ата-анасының тұңғышы. Анасы – №9 «Нұршашу» балабақшасының тәрбиешісі, жиырма екі жастағы Арайлым Мұхамедьярова, әкесі – «Астана РЭК» кәсіпорнының жұмысшысы, 24 жастағы Олжас Мұхамедьяров.
«Бүгін мен үшін қос мереке – әкемнің туған күні және қызым дүние есігін ашып отыр. Оның үстіне пәтер кілтін тапсырды. Бұл тосын сый болды. Мемлекет басшысына алғыс айтамын. Ай сайын, жыл сайын халқымыздың саны арта берсін деп тілеймін. Әке мен ана болу бақытын әркімнің басына берсін» деді қызының есімін Саида қойған бақытты әке.

ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫНА ТАРТУ

16 желтоқсан күні Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументін ашты. «ЭКСПО-2017» көрмесi аумағында орнатылған монументтің 25 қыры Тәуелсіздіктің 25 жылын, ел тарихындағы 25 маңызды оқиғаны білдіреді. Сондай-ақ Президент «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі нысандарды аралап, кеңес өткізді.

«Осыдан 25 жыл бұрын бiз Қазақстанды тәуелсiз ел деп жарияладық. Бүгiнгi кездесуіміздің себебі – Астанамызда тағы бiр монумент ашайын деп отырмыз. Астананы Ақмолаға көшiрген кезде ең алдымен қаланың ортасы деп ескi қаладағы алаңды игердiк. Одан кейiн сол жағалауда, тақыр жерде жаңа қала салғанымызда «Бәйтерек» орнаттық. Ол әлi күнге дейiн қаланың символы болып келе жатыр. Халықтың барлығы сол жерге барғанды, жүргендi жақсы көредi. Одан кейiн «Қазақ елi» деген монумент орнаттық» дедi Мемлекет басшысы.
Елімізде Тәуелсіздік мерейтойларына байланысты қандай да бір естелік қалдыру дәстүрі қалыптасқан. Мысалы, азаттығымызға 5 жыл толғанда Алматыдағы орталық алаңда Тәуелсiздiк монументi ашылса, Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына орай Астанада «Мәңгiлiк ел» салтанат қақпасы бой көтерді.
«ЭКСПО-ны ашқан кезде дүние жүзінен миллиондаған туристер келетін болады. Сонда мына монументке қарап, Қазақстанның тарихын таниды. Қаламыздың тұрғындарының саны 3 млн болған кезде көрікті орындары көп болуы тиіс. Сондықтан Астанаға мұндай монумент көптік етпейді» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ЕЛ ТӨРІНДЕ – ЖЕҢІМПАЗДАР

«Қазақстан» орталық концерт залында XXXI жазғы Олимпия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері марапатталды.

Қазақстандық спортшылар Рио-де-Жанейродағы ХХХI жазғы Олимпия ойындарында түрлі дәрежедегі 17 медальді иеленген еді.
«Бұл Қазақстанның әлемдік олимпиадаға қатысу тарихындағы басқа Олимпия ойындарындағы жүлделерден әлдеқайда көп. Ресми емес медальдік есепте біздің олимпиа­далық құрама әлемнің 207 елінің спорттық құрамалары ішінде 22-орында тұр. Баршамыз Риодағы Олимпиада тұғырында еліміздің әнұраны 3 рет шырқалып, туымыздың 3 рет ең биікте желбірегеніне мақтанамыз» дей келе, Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық құраманың жат­тықтырушылар құрамына, олим­пиадашылардың отбасыларына және барша қазақстандықтарға сайыста қолдау білдіргені үшін, ал спортшыларға – нағыз бәсекеде көр­сеткен ерік-жігері үшін алғыс айтты.

ҚОЛАДАН ҚҰЙЫЛҒАН ҚОШҚАРБАЕВ

Астанада ұлтымыздың даңқты батыры, Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен қазақтың ұлы, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ескерт­кіші ашылды.

Белгілі мүсінші Асқар Нартовтың қолынан шыққан батырдың қола мүсінінің тұғырымен қосқандағы жалпы биіктігі – 12 метр.
Ерекше оқиғаның басына қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, әскери оқу орындарының тәрбиеленушілері, батыр ұрпақтары, қаланың жұртшылығы жиналып, Рақымжан рухына тағзым етті. Тұлғаның туғанына тура 92 жыл толған күні елорда төрінен бой көтерген ескерткішті Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашып берді.

АСТАНА ҚАЗЫНАСЫНДА – ТРИЛЛИОН!

Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойы қарсаңында еліміздің бас ордасының қазынасына алғаш рет 1 триллионнан астам теңге жиналды. Ақжолтай ақпаратты елордалық Мемлекеттік кірістер департаменті жариялады.

«Елорда қазынасына құйылған қыруар қаржы – тыңғылықты атқарылған еңбектің жемісі. Бұл Мемлекеттік кірістер департаментінің үш құрылымдық қызметтің (кеден, салық және экономикалық тергеу) үйлесімді жұмыстарының арқасында мүмкін болды» деді Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Алмат Иманғожин.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 8 =