2015 жыл

0 20

25 ақпан – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республика­сы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығы шықты. Жарлық бо­йынша Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2015 жылдың 26 сәуіріне тағайындалды.

16 сәуір – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Ертеңіне екі елдің басшылары түркі дүние­сінің рухани орталығы болған Түркістанда Қ.Ясауи кесенесіне барып, бабалар рухына тағзым етті.

24 сәуір – «ЭКСПО-2017» қалашығы аумағында студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағы жұмысқа кірісті.

7 мамыр – Қытай Халық Респуб­ликасының Төрағасы Си Цзиньпин ресми сапармен Қазақстанға келді.

2 маусым – Астанадан Кореяға және Грузияға тікелей әуе рейстері ашылды.

23 тамыз – Астанада жастар арасында велосипед спортынан UCI әлем чемпионаты өтті. Оған дүние жүзінің 32 елінен 200-ден аса спортшы қатысты.

27 тамыз – «Астана» футбол командасы ел тарихында тұңғыш рет УЕФА чемпиондар лигасының топтық турниріне шықты.

2 қазан – Бейбітшілік және келісім сарайында мұғалімдер күніне орай өткен салтанатты жиында «2015 – жыл ұстазы» байқауының жеңімпазы анықталды. Бұл байқаудың жүлдесін №66 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Светлана Бастемова иеленді.

2015 жылы еліміздің төрт облысында автожолдарды жөндеу жұмыстары аяқталды. Қарағанды, Қостанай, Атырау жəне Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы автожол, шекаралық өткел мен көпірлер күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, пайдалануға берілді.

2015 жыл телегей де, тосын да жаңалықтарға толы болды. Бұл жылда ел тарихына қатысты саяси оқиғалар көп. Жылдың басты саяси оқиғаларының бірегейіне айналған кезектен тыс Президент сайлауы болса, екіншісі Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) ресми іске кірісті. Сонымен қатар Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер Айдын Айымбетов ғарышқа самғап, халықаралық экипаждың құрамында ­Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. Ендеше төменде осы айтулы оқиғаларға бір-бірлеп тоқталайық.

Кезектен тыс сайлау

Кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге 14 ақпанда Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің отырысында бастама көтерілді. Ассамблея мүшелері Парламент Мәжілісіндегі депутаттық топтарға, саяси партияларға, үкіметтік емес ұйымдарға және бүкіл Қазақстан халқына президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу жөнінде үндеу жолдады. Бұл мәселе жалпыхалықтық қолдау сипатына енді.
Сенат төрағасы Қасым-­Жомарт Тоқаев Конституциялық кеңеске жүгініп, кезектен тыс президенттік сайлауды өткізудің мүмкіндігін Ата Заң нормаларына орай түсіндіріп беруді сұрады. Ал Конституция­лық кеңес өз кезегінде Конституцияның 41-бабы, 3-1-тармағы нормасына сай кезектен тыс президенттік сайлауды жеке-дара таға­йындауға айрықша құқығы бар екенін атап көрсетті. Кезектен тыс Президент сайлауы 26 сәуірде өтті. Президент орынтағы үшін үш үміткер сынға түсіп, нәтижесінде Нұрсұлтан
Назарбаев сайлаушылардың 97,7 пайыздық дауысына қол жеткізіп, айқын басым­дықпен жеңіске жетті.

Айымбетов ғарышқа ұшты

2 қыркүйекте Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер – Айдын Айымбетов ғарышқа самғап, халықаралық экипаждың құрамында Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. Космонавт 10 қыркүйекте даниялық әріптесімен бірге Жерге оралды.
Айдынды әріптестерімен бірге әуежайда күтіп алуға Елбасының өзі барды. Ғарышқа бортинженер ретінде сапар шеккен Айдын Айымбетов Арал теңізі суының ластануы мен Каспий теңізінің мұнай өндірісі кезіндегі бүліну деңгейін зерттеп қайтты. Ол, бұған қоса, ғарышта астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильм­ге арналған видео­жолдау да дайындады. Сөйтіп, өз тарихында үш ғарышкер, екі Жер серігін ұшырған Қазақ елі әлемдегі ғарыш державаларының қатарына қосылды.

Еркін саудаға есік ашты

27 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Дүние­жүзілік сауда ұйымы­ның елімізді өз қатарына ресми қабылдау шарасына қатысу үшін Швейцария­ның Женева қаласына барды.
Сол күні Қазақстан ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Женевада ұйымның бас директоры Роберто Азеведо мен Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ортақ хаттамаға қол қойды. Дүниежүзілік сау­да ұйымына мүше болуға Қазақстан 1996 жылы 29 қаңтарда өтініш берген. Келіссөздер 20 жылға жуық уақытқа созылды.

Қазақ хандығынан – Қазақстан мемлекетіне

2015 жылы ұлт тарихына тағы бір мәрте тәу еткен жыл болды. Елбасы тәуелсіз еліміздің түп тамыры Қазақ хандығымен тығыз байланыста екендігіне дәлел ретінде Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жөнінде тағы бастама көтерді. Осылайша 2015 жылы жыл бойы атқарылған шаралар Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерейтойымен орайластырылып жүзеге асты.
2015 жылы хандықтың мерей­тойлық жылы ретінде ел ішінде мәдени-с­порттық шаралар да мерейтойдың шырайын келтіре түсті. Бұлардың бәрінің негізгі бөлігі қыр­күйектің 11-інде астанада бастау алып, үш күнге ұласқан дүбірлі тойдан көрініс тапты. Тойдың шарықтау шегі қазан айының басында екі мыңжылдық тарихы бар Тараз қаласында мәресіне жетіп, онда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент салтанатты түрде ашылды. Ескерткіш стеласының биіктігі 28 метрді құрайды, оның тұғырында биіктігі 4,2 метр болатын Керей мен Жәнібек хандардың мүсіндері қойылған.

Келелі кеңес, салиқалы сұхбат

10-11 маусым күндері Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі өтті. Форумға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Финляндия президенті Саули Ниинистё және Иордания королі Абдалла ІІ сияқты жоғары мәртебелі меймандар қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев форум мінбесінен бүкіл әлемнің саяси және рухани көшбасшыларын қолда бар мүмкіндіктерді соғыс­тар мен дау-жанжалдарды тоқтату, жаһандық саясаттағы сенімді қалпына келтіру үшін пайдалануға шақырды. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы Дін көшбасшылары кеңесінің рөлін арттырудың маңыздылығын атап көрсетті. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қызметін, сондай-ақ Қазақстанда құрылған этнос­аралық және конфессияаралық татулық пен келісім моделін жоғары бағалады.

Ұлы жеңіс ұмытылмайды

7 мамырда еліміздің түкпір-түкпірінде Отан қорғау­шы күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Астанада айтулы мерейтойға арналып әскери парад өтті.
«Қазақ Елi» алаңында қазақстандық әскери ұшқыштар жеке және пилотажды топ жоғары ұшу мәнерлерін асқан шеберлікпен орындап, әуе кеңістігінде жеңістің мерейтойлық мерзімін білдіретін «70» санын жазды. Айтпақшы, шара барысында алаңдағы ту ұстаушы топ еліміздің Мемлекеттік туы мен бұдан 70 жыл бұрын қазақ халқының қаһарман ұлдарының бірі Рақымжан Қошқарбаев пен оның жауынгерлік серігі Григорий Булатов екеуінің Рейхстагқа тіккен туының дәл көшірмесі – Жеңістің қызыл туын алаңға алып шығу рәсімі жасалды. Әскери парадта Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Ұлы Жеңісті мәңгілік ұлықтап өтетінін баса айтты. Ал 8-9 мамыр күндері Президент Мәскеуде өткен фашизммен соғыстағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысты. Қазақстан ­Президенті Қызыл алаңдағы әскери парадта болып, Белгісіз солдат қабіріне гүл шоқтарын қойды.

Елордада  – Панфилов ескерткіші 

Елордадағы «Жерұйық» сая­бағында Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың ескерткіші ашылды.
Биіктігі 2,5 метр қоладан құйылған Иван Панфилов ескерткішінің авторы – мүсінші Ренат Әбенов. Ескерткіштің шығыс жағында батырдың аты берілген аллея бойымен Мәскеуді қорғаған 28 панфиловшы-жауынгердің туған жылдары мен қаза тапқан күндері жазылған, табиғи граниттен жасалған естелік тақталар мен стела орнатылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + 9 =