2014 жыл

0 27

2014 жылы еліміз Қазақстан ЕАЭО шартын қуаттап, ДСҰ-ға қадамын нықтады. Осы жылы Сочи олимпиадасына 52 спортшы жіберіп, бір қола жүлдемен (мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен) жалпы командалық есепте 26-орын алды. Жылдың басты жаңалықтары «Астана ақшамының» сол жылғы әр нөмірінде қатталды. Әсіресе, қазақ елінің түп тарихы мен құндылықтары, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуындағы бірқатар айшықты ақпараттар оқырманға жол тартты.

ЕАЭО – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛІ ОҚИҒА

31 мамырда 2014 жылы ­Қа­зақстанның астанасында әлем көз тіккен үлкен оқиға орын алды. 29 мамыр күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құру шартына қол қойып, тарихи құжатты бекітті. Шындығында, бұл әлемдік ауқымдағы аса маңызды оқиға болатын. Жаһан елдері әлемнің экономикалық картасында жаңа экономикалық-интеграциялық одақтың дүниеге келуінің куәсі болды. Талай халықаралық алқалы жиындар мен келелі кеңестерге куә болған қазақ елінің елордасы 2014 жылдың мамыр айында әлем үшін тағы бір тарихи маңызды шешім қабылданған орталыққа айналды. Осылайша Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт рәсімделді. Әрине, дәл осы одақтың астарынан саяси пиғылдарды іздеп, сан-саққа ой жүгіртіп, жағымсыз сәуегейлік жасағандар аз болмады. Алайда 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми іске кіріскен Еуразиялық экономикалық одақ уақыт өте келе өзінің таза экономикалық һәм мемлекеттік мүддеден туған бірлестік екенін да айқын көрсете бастады.

ЭСКИШЕХИР – КӨНЕ ТҮРІК ҚАЛАСЫ

Астана ақшамының 6 жыл бұрынғы беттерін парақтасаңыз, 2014 жылдың алғашқы санындағы Қайнар Олжайдың көлемді мақаласы бірден көз тартады. Өр түріктің кіндігі байланған Эскишехир қаласына сапары әдемі сурттелген. Мұражайлар қаласы аталған Эскишехир сонау Осман дәуірінен басталған жәдігерлердің отаны. Со замандағы түріктің батырын да, ақынын да түгендеп, автор әрбіріне тарихи мінездеме берген. Эскишехир мұражайына енгеннен шыққанға дейін құдды ұлылардың арасында жүргендей алған әсерін жазған. Ескерткіштердің бәрі балауызбен мүсінделген. Осы тұлғаларды 20 жыл бойы жасаған профессор Йылмаз Бүйікерше. Өз тәжірибесінде 160 мүсін жасаған екен. Әсіресе, шығар беттегі балауыз мүсіннің жасалуы туралы баяндалған экспозицияны көре отырып, мұндай ғажайып өнер туындысы яғни, балауыз мүсіндер Нұр-Сұлтан мұражайында да болатынына сенім білдірген.

АБАЙ НҰРЫ

Осы сандағы «Абай нұры» айдарындағы ұлы ақынның ­Лермонтовтан аударған «Вадим» романы оқырманды бей-жай қалдырмағаны анық. Мақала авторы Қазақстан – Ресей университеті «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры Алмахан ­Мұхаметқалиқызы біраз тың деректерді жинаған. Абай шығармашылығының үш қайнар көзі, бастау бұлағы алдымен ұлттық сөз өнері болса, одан соң халықтың поэзиялық дәстүрлері. Ал шығыс, орыс мәдениеттері ақын үшін бір төбе болғаны әдебиет тарихынан мәлім. 1893 жылдан бастап аудармаға бет бұрған ақын өлең жазуды сиреткен дейді ғалым. Өйткені әйгілі қырық бес қара сөзіне осы жылдарда қалам тартқан. Сондай-ақ ақынды жаңа қырынан танытқан аударма – шығармашылығының шыңы еді. Лермонтов, Гете, Байрон шығармаларын түпнұсқада аудармай, өзінің көңіл – күйіне үндестіре тәржімалаған. Мақаланың тақырбына арқау болған «Вадим» романы орыс классигі Лермонтов­тың бітпей қалған туындысы еді. 1900-1901 жылдары осы романның үш тарауын аударған. Бір қызығы он бір буында қара өлең ұйқасымен аударылған роман қазақ оқырманына ерекше әсер еткен дейді автор. Қайсар жігіт Вадимнің тағдырын тәржімалай отырып, сол кездегі әлеуметтік өмірдің көлеңкелі тұстарын шебер қиыстырғанын жазады. Алмахан Мұхаметқалиқызы ақын шығармаларының ішіндегі «Вадим» дастанының тарихына осылай тоқтала келіп, шығарманың алғаш 1933 жылы Қызылордада жарық көрген жинағына енгізілгенін де айтып өткен. Абай аудармалары қазақ поэзиясының өркендеп, құндылыққа айналуына алтын көпір салды деуге болады. Өйткені батыс, шығыс, орыс әдебиетін еркін игеріп, қанша ғасыр өтсе де өлмейтін, өшпейтін мұра қалдырған дара тұлға Абайдың дәстүрін Шәкәрім, Мұхтар, Ахмет, Әлихан, Мағжан Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт секілді алаш ардақтылары дамытты деп түйіндеді автор мақаласын.ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДАҒЫ ХАЛЫҚ

2014 жылғы «Ұлт ұпайы» айдары деген атаудың өзі бірден елең еткізеді. Археолог, профессор Зейнолла Самашпен сол жылғы басылымның журналисі Асхат Райқұл сұхбаттасқан. Әңгіме «Мәдени мұра» төңірегінде өрбіген. Еліміздегі 2000-шы жылдардың басында «Мәдени мұра» бағдарламасы, одан кейінгі «Тарих толқынындағы халық» жобасы жалғасты. Осы бағдарлама шыққаннан кейін тарихқа қызығушылық көбейді, археологтарға да серпін берді. Біраз айтулы деген жаңалықтарға қол жеткізгенін археолог сұхбат барысында айтып өткен. Мысалы, Сақ дәуірін айшықтайтын Шіліктідегі құндылықтар, шартты түрде Алтын адам деп аталады, Берелдегі обалар, Орталық Қазақстанның Қарқаралы өңіріне қарасты Талды қазбалары, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында бүлініп жатқан көне қалалар, ескі қоныстар, ескерткіштерді қазу жұмыстары қолға алынған. Осы тұста археолог ұтымды ой айтты, көмбелерді ашып, көне жәдігерлерді көбейте беруден еш пайда жоқ, ең бастысы оларды кәдеге жарату қажет, елдің игілігіне ұсынған дұрыс дейді. «Алтын-алтын деп айғайлай беруден жалықтық нақты іс керек» дейді ғалым. Берелдегі обалар, Талдыдағы алтыннан құйылған дүниелер сонау Америкада, Франция, Германияда көпшілік назарына ұсынылған. Руданы қазу, оны балқыту, байыту, құю сынды өндіріс бізде қай заманда да болған. Осыдан үш жарым мың жыл бұрын меңгерген мұны бабаларымыз, оны көрші Қытай, не Парсыдан ешкім әкеліп бермегені ақиқат. «Тарих толқынындағы халық» жобасының тоқтамағаны дұрыс деді. «Рухтанамыз деп тек жарқ еткен алтынды көрсете берсек не болады? Өндіріс қайда қалады? Қоланың технологиясын қайда қоямыз? Көне түркі замандарын не істейміз?» деп ғалым жанайқайын да білдірген. Осы тұста археолог жоғары сыныптың мектеп оқулықтары, әсіресе, «Қазақстан тарихына» көңілі мүлдем толмайтынын айтты. Өйткені жазатын мамандар жоқ дейді. Таза ғалымдар мектептің оқулығын жаза алмайды. Мені де оқулық жазуға шақырды, бірақ қанша жерден ғалым, профессор болсам да менің деңгейім мектептегі оқушыға оқулықа жазуға жеткен жоқ» деді. Өйткені оқулықты кәсіби тарихшылар мен педагогтар бірігіп жазғаны дұрыс деп пайымдайды. Бұл да бүгінгі күнде күйіп тұрған тақырыптардың бірі. Елімізде оқулық мәселесі әлі де түбегейлі шешілген жоқ.
Дәл осы оқулық тақырыбын 2014 жыл 11 қаңтар №3 (3061) санынан өрбіте оқуға болады. Автор Бодаухан Тоқанұлы «Оқуылықтардағы олқылықтар» мәселесін көтерген. Өкінішке орай ол олқылықтар әлі де толық жойла қойған жоқ.
Басылымның 2014 жылғы №4 санындағы «Ұлт ұпайы» айдары өзінің мазмұнымен бірден көзге түседі. «Ғалымдығым қазақтығымнан садаға» деген ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтарбай Өтелбаев өткенге шегініс жасаған. Математика ғылымы жөнінде айта келіп, 1937 жылы саяси қуғын-сүргіннің суығы жақсы математиктердің бәріне дерлік тиген. Осыдан кейін 1960 жылға дейін Қазақстанда математика ғылымы дамымаған. 1965 жылдары билікке Қонаев келгенде қазақ ғылымының тамырына қан жүгірді дейді автор. Автордың күрделі жеті математикалық есептің қатарына енген мыңжылдық проблеманы шешуге ғұмырының 35 жылы кетіпті, ол есеп шешілді, ресейлік ғалымдар жоғары бағалады, шетел тіліне де аударылды. Ал енді дүниежүзілік математиктер қоғамының мүшелері теңдеу шешімінің маңыздылығын мойындау үшін бір жылдай уақыт кетеді делінген.

ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА ҚОЛАМЕН ШЕКТЕЛДІ

«Сочи 2014»…Осы жылғы басылымның айшықты жаңалығы қысқы олимпиада. Басылымның 6 ақпандағы нөмірінен бастап әр санында олимпиада ойындарының жаңалығы басылым бетінен көрініс тауып отырды. Төрт жылда бір өтетін қысқы олимпиаданың сол жылы Мәскеудің Сочи қаласында алауы тұтанған. XXII қысқы олимпиадада 15 спорт түрі бойынша 98 алтын сарапқа салынған екен. Дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы да тастүйін дайындалған. 10 спорт түрі бойынша 52 спортшымыз сайысқа түскен. Он жеті күн бойы спорт саңлақтары Қазақстанның абыройы үшін аламан сайыста сынға түсті. Жыл жаңалығы болған бұл додада 51 спортшыға еш жүлде бұйырмай, тек марқұм Денис Тен ғана қола медаль алып, ел ­мерейін көтерген екен. Осылайша сол жылғы ақ олимпиада сахнасы Қазақстан үшін бір ғана қола медальмен шектелген.

ҚАСІРЕТІ КӨП НАУҚАН

Басылымның №11, №14, №17 санындағы «Ақтаңдақтар ақиқаты» айдарында «Қасіреті көп науқан» деректі материалы көлемді әрі құнды, мазмұнды туындылар қатарын толықтырған. Тың игеру жылдарындағы асыра сілтеушілік, солақай саясат ашық айтылған. 50-жылдардан бастап Қазақстандағы барлық жер мемлекеттік меншік боп жарияланғанда ресейден лек-легімен келімсектер келе бастаған. Мына бір дерек сол кездің шындығын ашып берді. Тың игеруге РСФСР мен Украинадан, Белоруссиядан, Балтық жағалауы­нан екі миллионнан астам адам келген. Ал қазақтардың өз жеріндегі үлес салмағы 30-ақ пайызды құраған. Осыдан-ақ тың өлкесін құрудың ешқандай қажеттілігі болмағандығын, бұл тек саяси науқан екенін автор былай деп қорытады: «Өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарындағы тың игеру эпопеясы – отаршылдық саясаттың айқын көрінісі. Сол үшін қазақ халқының өз еліндегі, өз жеріндегі саны азайды, жеріміз жыртқыштық әдіспен игерілді, ұлттық кадрлар шеттетілді. Нәтижесінде рухани құндылықтар құлазыды. Бұл кеңес заманындағы қайғы-қасіреті мол көп науанның бірі еді. Енді бұдан тиісті қорытынды шығаратын кез келді».

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 3 =