2014 жыл

0 29

 20 наурыз – Бейжің қаласындағы «Чаоян» саябағында қазақтың ұлы ойшылы әрі ақыны Абай Құнанбаевқа ескерткіш-мүсін орнатылды.
17-23 мамыр – Санкт-Петербург қаласында Астананың мәдени күндері өтті. Нева жағалауындағы шаһарда астаналықтардың күшімен қазақтың этноауылы қанат жайды.
2 маусым – «Астана – Шымкент» бағытында жаңа жүрдек пойыз жүре бастады. «Тальго» вагондарынан құралған состав діттеген жеріне 15 сағат 35 минутта жетеді.
3 шілде – елордада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ашылды.
6 шілде – Астанада «Астана-алау» атты түркі музыкасының фестивалі болды. Ол үш күн бойы қала жұртшылығын ән мен күйге бөледі. Фестивальге 14 елден өнер шеберлері қатысты.
27 шілде – Қазақстан Дүние­жүзілік сауда ұйымына мүше болып қабылданды.
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің XVI фестивалі басталды. Ол қыркүйектің 19-ына дейін созылып, бірнеше атаулы бағдарламалар бойынша конкурстар өткізді.
10 қыркүйек – Елбасы ­Нұрсұлтан ­Назарбаев Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Роуханимен кез­десті. Онда таяуда іске қосылатын екі ел арасындағы теміржол магистралінен кейін­гі ахуал жайлы сөз қозғалды.
28 қыркүйек – Алматы қаласында AIBA бүкіләлемдік бокс академиясы ашылды.
30 қыркүйек – алғаш рет елімізде Еңбек күні атап өтілді.
20 қазан – ұлтымыздың біртуар композиторы Шәмші Қалдаяқовтың әндерін насихаттауға арналған «Менің Қазақстаным» фестивалі өтті.
11 қараша – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады.
5 желтоқсан – Елбасы ­Н.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Франция президенті Франсуа Олландпен кездесті.

Бұл жылы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бірқалыпты өткен жоқ. Ішкі, сыртқы факторлардың әсерінен біраз құбылушылықтар болып, әлемдік нарықтағы сілкіністер ұлттық экономикаға да әсер етті. Осы жылы елордамызға бүкіл әлем көз тіккен үлкен оқиға орын алды. Астанамыздың төрінде Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құру шартына қол қойып, тарихи құжатты бекітті. Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің мемлекеттер басшылары деңгейіндегі төртінші саммитте ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларация қабылдады. Осындай саяси-экономикалық өзгерістер арасында еліміздің рухани өмірінде елеулі оқиғалар да орын алды.

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТОПЫРАҒЫН ЖЕТКІЗДІ

Қазақтың зиялы қауымының ірі тұлғасы, атақты қаламгер, драматург, Алашорда қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың кіндік қаны тамған жерінен бір уыс топырақ жазушы жерленген Мәскеу қаласындағы ­Ваганьков зиратына көмілді. Репрессияға ұшыраған қазақ жазушысы Ж.Аймауытовтың жерленген жері 2014 жылы ғана белгілі болды.

100 ТОМДЫҚ МҰРА

17 қарашада Алматыда Орталық Азия елдері фестивалі мен ІІІ халықаралық кітап форумы аясында «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклорының 100 томдығының таныстырылымы өтті.

Бұл жинақ «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарыққа шықты. «Бабалар сөзі» топтамасының 20 томы батырлар жырына, 13 томы тарихи жырларға арналған. Жетеуі – діни, 13-і – хикаялық дастандар. 8-і – ғашықтық дастандар, 5-томы ертегілерден тұрады. Жинақта қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған асыл мұрасы, тарихы, мәдениеті, салт-санасы, философиясы, педагогикасы, өнері түгел қамтылған.
Сол жылы Германия­ның Франкфурт қала­сында өткен әлемдік кітап жәрмеңкесінде қазақ ­фольклорының 100 томдық «Бабалар сөзі» топтамасы әлем жұртшылығына таныс­тырылды.

«ҚАЗАҚСТАН-2050» – СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒДАР

17 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жариялады.

Н.Назарбаев Жолдау арқылы барлық қазақстандықтарды ел бірлігін сақтай отырып, бір мақ­сат, бір мүдде – тәуелсіздік мүддесі үшін ынтымақтаса еңбек етуге шақырды. Елбасы бұдан бір жыл бұрын, 2013 жылы «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын жариялап, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын да анықтап берген-ді. Мемлекет басшысы Қазақстанды ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу және «Мәңгілік Қазақстан» жобасын ұсынып, біз қадам жасайтын жаңа дәуірдің кемел келбеті мен басты мақсатын алға тартқан болатын.
«Қазақстан-2050» стратегиясы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласын қамтитын және олардың үздіксіз өсуін қамтамасыз ететін жаңғырудың жаңа бір жолы еді. Сөйтіп, Елбасы әлемде тереңдей бастаған «санкциялық соғыс» жағдайындағы Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін тағы бір нығайта отырып, сенімді түрде ілгерілеудің қазақстандықтардың әлеуметтік қорғалуының нақты міндеттерін белгіледі.

ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ

31 мамыр күні Қазақстанның астанасында әлем көз тіккен үлкен оқиға орын алды. 29 мамыр күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономи­калық одақ (ЕАЭО) құру шартына қол қойып, тарихи құжатты бекітті.

Шындығында, бұл әлемдік ауқымдағы аса маңызды оқиға болатын. Жаһан елдері әлемнің экономикалық картасында жаңа экономикалық-интеграциялық одақтың дүниеге келуінің куәсі болды. Талай халықаралық алқалы жиындар мен келелі кеңестерге куә болған қазақ елінің елордасы 2014 жылдың мамыр айында әлем үшін тағы бір тарихи маңызды шешім қабылданған орталыққа айналды. Осылайша Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт рәсімделді. Әрине, дәл осы одақтың астарынан саяси пиғылдарды іздеп, сан-саққа ой жүгіртіп, жағымсыз сәуегейлік жасағандар аз болмады. Алайда 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми іске кіріскен Еуразиялық экономикалық одақ уақыт өте келе өзінің таза экономикалық һәм мемлекеттік мүддеден туған бірлестік екенін де айқын көрсете бастады.

«НҰРЛЫ ЖОЛДЫҢ» ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

11 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында елдің инфрақұрылымдық дамуының ауқымды бесжылдық жоспарын – «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жария етті.

«Нұрлы жол» бағдарламасында аса маңызды орын алатыны – көлік-логистикалық сала. Сенімді инфрақұрылымдық тірек – барлық өңірлерді астанамен және өзара магистралды автомобиль, темір жол және әуе жолдарымен байланыстыруы тиіс болды. Автомобиль жолдары жобаларының бірінші кезектегі маңыз­дыларының қатарында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі, Астана – Қарағанды – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Ақтөбе – Атырау, Алматы – Өскемен, Атырау – Астрахань күре жолдары болды. Энергетикалық инфрақұрылымда Екібастұз – Семей – Өскемен және Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы электр тасымалдау жоғары вольт­ты желілерінің құрылысын жүргізу басымдықты иеленді. Барлық осы жобаларды жүзеге асыру құрылыс материалдары мен өзге де өнімдерге деген сұраныс­ты арттырды, жаңа экономикалық саясат бүкіл отандық индустрияның өсуіне тиімді ықпал етіп, оның қозғаушы күшіне айналды.

ЮНЕСКО ТІЗІМІ ТОЛЫҚТЫРЫЛДЫ

Жібек жолы бойындағы бірқатар қазақстандық тарихи нысандар, мәселен, Жетісудан (Талғар, Күлтөбе, Қарамерген, Ақыртас және басқалары) ЮНЕСКО-ның тізіміне енді.

Сырдария өңіріндегі тарихи ескерткіш­терді (Сығанақ, Отырар, Сауран) де сол тізімге енгізу көзделуде. Қазақ мәдениетінің мәртебесін асырған шаралардың бірі – 2014 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне ұлттық номинация бойынша «Дәстүрлі домбыра күйлерін орындау өнері», сондай-ақ Қырғызстанмен бірлескен номинацияда «Қазақ және қырғыз киіз үйлерін дайындаудың оқуы мен тәжірибесі» енгізілгендігі.
Осы жылдың шілдесінде Астана қаласында ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиялардың бірінші аймақаралық кеңесі болып өтіп, оған әлемнің 120 елінен өкілдер қатысты. Бір атап айтарлығы, мұндай кеңес ЮНЕСКО-ның Парижде орналасқан штаб-пәтерінен тыс жерде бірінші рет өткізілді.

ФРАНЦУЗ ҚАЙРАТКЕРІ – ЕЛОРДАДА

Желтоқсанда Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков пен Франция Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Этьеннің қатысуымен Шарль де Голльдің ескерткіші ашылды.

Бесінші республиканың негізін қалаған әйгілі француз генералының елорда төріне орын табуы – екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың нышаны.
Аты аңызға айналған француз қайраткерінің 3,1 метрлік ескерткіші Валерий Пирожков атты шебердің қолынан шыққан. Сондай-ақ қос астананың саяси-экономикалық байланысының дәлелі ретінде 2008 жылы елордада әйгілі тұлғаның атына көше беріліп, «Француз орамы» және «Париж орамы» тұрғын үй кешендерінің құрылысы қолға алынған еді.

БАТЫС ҮЛГІСІНДЕГІ БАСПАНАЛАР
Астана күні қарсаңында елорда аумағында заманауи сипаттағы 4 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді.

Оның бірі – Қабанбай батыр даңғылындағы келбеті көз тартатын «Триум­фальный» тұрғын үй кешені. Бұл нысанда еуропалық архитектураның ең үздік элементтері қолданылған. Қабырғалары табиғи тастармен, травертинмен қапталған.
Ақбұлақ өзенінің айналасынан орын тепкен «Милан орамы» қаланың көркіне көрік қос­ты. Кешен классикалық италиялық архитектура стилінде салынды. 5 үйден тұратын тұрғын жай Милан көшелерін еске түсіреді.
Бұған қоса, Астанадағы Лондонның бір бөлшегіндей болып «Ағылшын орамы» ашылды. Жасыл желегі, жайлы орындықтары, аллеясы көне қаланың Ковент-Гарден бағында жүргендей әсер сыйлайды.
Ал төртіншісі – Тельман тұрғын алабында салтанат құрған «Саранда» VIP-қалашығы.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × three =