2013 жыл

0 46

2013 жылы Қазақстан астанасы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындыққа кірісті. Ұлттық валюта – төл теңгеміздің қабылданғанына 20 жыл толды. Астана өзінің 15 жылдығын атап өтті. Бұл сол жылдың басты оқиғаларының бірі болды.

АСТАНА – ӨМІР СҮРГІҢ КЕЛЕТІН ҚАЛА

Жылан жылы астаналықтар үшін жағымды жаңалықпен басталды. «IV халықаралық форум аясында Мәскеу қаласында өткен «ХХІ ғасыр мегаполисі: қала және балалар», «Өмір сүргің келетін қала» байқауында Астана қаласы лауреат атанды. Елордаға берілген мұндай беделді награда Президент бастамасымен жастарды еңбекпен қамтуға бағытталған «Жасыл ел» жалпыұлттық бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асырғаны үшін берілді. Сонымен қатар қосымша білім беру жүйесінде – Оқушылар сарайының құрылысы мен Интерактивті ұлттық парк құру жөніндегі жоба әзірлегені үшін лайық деп танылды» («Астана ақшамы», №1, 3 қаңтар, 2013 жыл).

БІЛІМ ЖҮЙЕСІНІҢ БЕДЕЛІ

Көктемде кәрі құрлықтан бас қаламыздың білім жүйесінің беделін көтерген ақжолтай ақпарат келді. «Еуропа бизнес ассамблеясының «Сократ комитеті» елорданың №60 мектеп-лицейіне «Еуропалық сапа» наградасын тапсырып, ЕБА болжамы бойынша жетекші оқу орталықтарының ресми халықаралық тізбесіне енгізуге ұсыныс жасаған» («Астана ақшамы», №45, 20 сәуір, 2013 жыл).

«ЭКСПО-2017»:АЛҒАШҚЫ ТАНЫСТЫРЫЛЫМ, ЛОГОТИП МЕН СИМВОЛ

Халықаралық көрмені лайықты өткізу үшін Елбасы тапсырмасымен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы құрылды. Жазда Париж қаласында өткен Халықаралық Көрмелер бюросының 153-сессия­сында Астананың жеңімпаз қала р­етіндегі алғашқы тұсаукесері өтті. «Онда Мемлекеттік комиссия және Ұлттық компанияның құрылуы мен олардың міндеттері туралы, жобаны қаржыландыру мәселесі, халықаралық қатысушы елдермен жұмыс жүргізу бойынша іс-шаралар кешені, көрмені өткізгеннен кейінгі ЭКСПО нысандарын пайдалану жоспары сынды ақпарат берілген» («Астана ақшамы»,№66, 13 маусым, 2013 жыл).
«ЭКСПО-2017» көрмесінің логотипіне байқау жарияланған еді. Оның да нәтижесі белгілі болды. «Қазақстандықтардың таңдауына жеті түрлі логотип ұсынылған. Дауыс беруге 10 мыңнан астам адам қатысты. Қорытындысы бойын­ша екі логотип іріктелді. Үздік деп танылған «Жасыл энергия» логотипі 3088 дауыс жинады, ал екінші орындағы «Жел энергиясы» логотипіне 2594 адам өз дауысын берген» («Астана ақшамы», №83, 26 шілде, 2013 жыл).
Күзде көрме кешені мен оның символын таңдауға арналған халықаралық архитектуралық байқаудың қорытындысы шықты. Бұл байқауда АҚШ-тың «Adrian Smath + Gordon Gill Architecture» компаниясы үздік шықты. «Белгілі болғандай, ЭКСПО қалашығының аумағы 173,4 гектарды құрайды. Оның ішінде 25 гектар көрме кешеніне тиесілі. Қалашық Есіл ауданындағы Қабанбай батыр, Хусеин бен Талал, Орынбор және Рысқұлов даңғылдары мен көшелері аумағында орналасады. Кешеннің басты символы – бірнеше қабатты сфера түрінде жасалған Қазақстан павильоны. Ол көрме қалашығының дәл ортасында орналаспақ» («Астана ақшамы», №120, 24 қазан, 2013 жыл).«АСТАНА ОПЕРА» ШЫМЫЛДЫҚ АШТЫ

«Астана Опера» театрының ашылуы – сол жылдың айтулы, айшықты оқиғаларының бірі. «Жаңа өнер ордасының шымылдығы биыл 100 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан композитор Мұқан Төлебаевтың классикалық өнерге қосқан жауһары – «Біржан-Сара» ұлттық операсымен ашылды». Туындының қоюшы режиссері, Санкт-Петербург опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Юрий Александров, ал қоюшы суретшісі Вячеслав Окунев. Біржан бейнесін Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, тенор Ахмед Агади, ал Сараны Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева сомдады («Астана ақшамы», №70, 22 маусым, 2013 жыл).

«ТАРЛАН» ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Сол жылы көпшілікке арналып ашылған нысандар қатарына «Тарлан» мұз айдыны аренасын да қосуға болады. «Мұз айдыны негізінен хоккей мен мәнерлеп сырғанаудан кәсіби, жартылай кәсіби және әуесқой спортшылар үшін жаттығу кешені ретінде жоспарланған» («Астана ақшамы», №79, 16 шілде, 2013 жыл).

ҚОС ҚАБАТТЫ ТУРИСТІК АВТОБУС

«Бәйтерек» монументі алаңында экскурсиялық автобустар таныс­тырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары алғаш рет туристерге арналған қос қабатты автобусқа мініп, Астана көшелерін аралады. «Төбесі ашық «Шанхай» зауытынан шыққан туристік автобустар Лондон автобустары сияқты «Hop on-Hop off» жүйесімен жұмыс істейді. Жолаушылардың мініп-түсуіне шектеу жоқ. Сатып алған билет бір тәулікке жарамды («Астана ақшамы», №95, 22 тамыз, 2013 жыл).«АҚЫЛДЫ ҚАЛАНЫҢ» ЖАҢА ЖОБАЛАРЫ

«Smart Astana» даму тұжырымдасы аясында қос жобаның тұсаукесері өтті. «Қауіпсіз қала – Астана шаһарының тіршілігін кешенді қамтамасыз етудің жүйесі» жобасы шеңберінде қалада 30 мың бейнекамера орнату жоспарланды. Ал «Интеллектуалды көлік жүйесі» жобасы қалада көлік қозғалысын реттеуге арналған («Астана ақшамы, №100, 5 қыркүйек, 2013 жыл).

ҮЛГІЛІ ОТБАСЫЛАР ҮКІЛЕНДІ

Елбасы Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі елімізде Отбасы күні болып бекітілді. 2013 жылы бұл мереке алғашқы рет атап өтілді. «Отбасы күні мерекесіне орай Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» сарайында үлгілі отбасыларға құрмет көрсетілді. «Отбасым – мақтанышым мен тірегім» тақырыбын арқау еткен кездесуге еліміздің түкпір-түкпірінен үлгілі отбасылар келіп қатысты («Астана ақшамы», №102, 10 қыркүйек, 2013 жыл).

ЕЛОРДАЛЫҚ ҚАЛАМГЕРДІҢ
ЕСКЕРТКІШ-ТАҚТАСЫ

Белгілі жазушы, Ұлы Отан соғы­сының ардагері Әскен Нәбиев тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды. «Жазушы Астанадағы Абай көшесінің бойында орналасқан үйде өзінің қырық жылға жуық ғұмырын өткізіп қана қоймай, шығармаларының денін осы үйде жазған» («Астана ақшамы», №118, 19 қазан, 2013 жыл).

ЕСКІ ҮЙДЕН – ЖАҢА ҚОНЫСҚА

Елордадағы апатты үйлерді сүру жөніндегі қанатқақты жобаға сәйкес ескі үйлер тұрғындарының алғашқы легі жаңа баспанаға қоныс аударды. Бұл бағдарлама игілігін алдымен Кенесары мен Егемен Қазақстан көшелеріндегі 11 апатты үйдің тұрғындары көрді («Астана ақшамы», №130, 16 қараша, 2013 жыл).

ЗАЦЕПИННІҢ МӘҢГІЛІК МУЗЫКАСЫ

Әйгілі композитор, Ресей халық әртісі Александр Зацепиннің елордада шығармашылық кеші өтті. «Бәріміз бала күнімізден талай тамашалаған Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», Леонид Гайдайдың «Ы» операциясы немесе Шуриктің басқа да басынан кешкендері», «Кавказ тұтқын қызы», «Гауһар қол», «Иван Васильевич мамандығын ауыстырады» кинофильмдерін естен шығару мүмкін емес. Ал енді осыларда орындалатын әсем әндер ше?! «Құлақтан кіріп, бойды алар» бұл музыкалық шығармалардың авторы Ресей халық әртісі Александр Зацепин өзінің өнегелі жолын Қазақстанда бастағанын баса айтқымыз келеді» («Астана ақшамы», №131, 19 қараша, 2013 жыл).

МЕРЕКЕГЕ – БЕС БІРДЕЙ НЫСАН

Тұңғыш Президент күніне орай Астана маңындағы елді мекендерде бес бірдей әлеуметтік нысан іске қосылды. «Қосшы және Қараөткел ауылдарында 1200 орындық орта мектеп, ал Талапкер мен Қоянды ауылдарында 280 орындық және 96 разъезд елді мекенінде 140 орындық балабақша пайдалануға берілді. Бұлардың барлығы Елбасы тапсырмасы бойынша Астана қаласының іргесіндегі елді мекендерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр («Астана ақшамы», №136, 30 қараша, 2013 жыл).ЭКО ТАКСИ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Сол жылдың аяғынан бастап елорда жолдарына эко такси шықты. «Қыстың алғашқы күні елордалықтарға жаңа қызмет түрі ұсынылып, «Қазақ елі» монументі алаңында «Астана Эко такси» қалалық таксопаркі инвестициялық жобасының тұсаукесері өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «AllurGroup» компаниялар тобы іске асырған жобаның қыр-сырымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев танысты» («Астана ақшамы, №137, 3 желтоқсан, 2013 жыл)
P.S. Сол жылы бас қалада тұңғыш рет «Astana Piano Passion» пианистердің халық­аралық фестиваль-байқауы, «Сахнадан сәлем» республикалық театр фестивалі ұйымдас­тырылды. Көкше жерінде Абылайханның 300 жылдығы, Әулиета өңірінде Төле бидің 350 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Осының бәрі «Астана ақшамы» газеті беттерінде айшықталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + 12 =