2012 жыл

0 49

2012 жылы мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына 20 жыл толды. Астана «ЭКСПО-2017» ­халық­аралық көрмесін өткізу мәртебесіне ие болды. Қазақстан спортшылары Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиадада бұрын-соңды жетпеген жетістікке қол жеткізді. Жалпы сол жылы ел тынысы мен Астана өмірінде сүйіншілейтіндей жаңалықтар аз болған жоқ. Соның бәрі «Астана ақшамы» газеті беттерінен айшықталды.

Санжар немесе Сезім, Сенім, Сенем

Жаңа жыл табалдырығымыздан аттағанда Астана қаласының үш перзентханасында 37 сәби дүние есігін ашты. «Жылдың тұңғыш сәбиі 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні сағат 01-ден 55 минут өткенде №1 перзентханада туды. Елордалық Нұрлан Дүйсеғалиев пен Ғалия Темірболатқызының шаңырағында Ұлу жылының алғашқы астаналық ұлы дүниеге келді. Сәбиге ата-анасы халқына жанашыр, ұлтын алға сүйрейтін адал азамат болсын деген ниетпен қазақтан шыққан алғашқы медицина мамандарының бірі Санжар Асфендияровтың есімін берді» («Астана ақшамы», №2, 7 қаңтар, 2012 жыл). Бұл ақпараттан жылдың үшінші күні төрт бала тәрбиелеп отырған Гүлназ Аймағамбетова Сезім, Сенім және Сенем атты үш қызды дүниеге әкелгенін білеміз.

ТМД және ЕурАзЭҚ-тің үздік қаласы

Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық Ассамблеясы ұйымдастырған байқаудың қорытындысы бойынша Астана «ТМД және ЕурАзЭҚ-тің үздік қаласы» атанды. Бұл Астананы «Ақылды қалалар» қатарына бастаған «Е-жедел жәрдем» және «Болашақ мектебі – бүгін» жобалары үшін берілді. Аталған ақжолтай ақпарат газеттің 28 қаңтар күні шыққан нөмірінде жарияланды.

Түркі мәдениетінің мәдени астанасы

2012 жылы Астана түркі мәдениетінің бас қаласы болып жарияланды. Бұл шешім содан екі жыл бұрын Стамбулда өткен Түркітілдес мемлекет басшыларының саммиті қарарымен қабылданды. Осыған байланысты 24 ақпан күні елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында «Астана-2012 – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты өтті. «Осынау шараны еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазақ әуендері» қоғамы ұйымдастырды. Салтанатты рәсімде министр Дархан Мыңбай сөз сөйледі. Түркияның Мәдениет және туризм министрі, ТҮРКСОЙ-дың уақытша үйлестірушісі Эртуғрул Гюнай түркі мәдениетінің биылғы тізгін иесі қазақ халқына Түркия елінен жалынды сәлем жолдады» («Астана ақшамы», №24, 28 ақпан, 2012 жыл).

Қаламгер қолдауы

Астананы Алатаудан Арқаға көшіру туралы Елбасы шешімін журналистерден алғашқы болып қолдаған кім? Бұл Ғалия Бөкейқызының газет тілшісі Гүлжан Рахманға берген сұхбатынан белгілі болады. «Ағам 1992 жылдың шілде айында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге жұмыс сапарымен осы Ақмола облысына келді. Ол кезде өзі – «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. Осы жолсапар жайлы үлкен мақала жазды… Онда Елбасының Ақмолаға келгені, Ерейментау ауданын аралағандағы апталық сапардың мән-жайын жазған. Осы жолы Президент Ерейментауға келгенде журналистерге ой салып: «Түбінде астананы Ақмолаға қарай жылжытуымыз керек. Бұл жөнінде қоғамдық пікір қалыптастыруымыз қажет. Оған журналистер, сіздер, үлес қосуларыңыз керек» депті. Президентіміздің осы салиқалы саясатын тез арада жүзеге асыру керек болды. Ағам Алматыға келе салысымен өзінің қарамағындағы очерк және публицистика бөлімінің басшысы Досымқан Қапасов деген журналист жігітті Ақмолаға аттандырады. («Астана ақшамы», №30, 15 наурыз, 2012 жыл).Тапсырмадан туған мерекелік тартулар

Сәуір айында Елбасы Астана қаласы активімен жиналыс өткізген. Оған қатысқан газет тілшісі Президенттің сөзін келтірген. «Тұтастай алғанда елорда бюджеті 2011 жылы 353 млрд теңгені құрады. Халықтың жан басына шаққанда мұны Прага қаласының деңгейімен салыстыруға болады. Астана бюджет көлемі бойынша Киевтен 1,5 есе, Минсктен 2,5 есе артық» деген Елбасы сол уақытта құрылысы жүріп жатқан «Әзірет Сұлтан» мешітін пайдалануға беру мәселесіне де тоқталған. «Мен күнтізбені қарадым. 6 шілде қандай күн екенін білесің бе? Менің туған күнімді ойлап тұрсың ғой. Ал мен қала күні екендігін меңзеп отырмын. Жұмаға да дәл келеді екен. Мен жұма күні осы мешітті ашқым келеді. Ашуға болады ғой» деді Елбасы мердігерге қарата («Астана ақшамы», №40, 12 сәуір, 2012 жыл).
«Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылуы Елбасы тапсырғандай, Астана күні мерекесі мен қасиетті жұма күніне сәйкес келді. Газет мұны 10 шілдеде шыққан нөмірінде сүйіншілеген. Сондай-ақ мереке күндері күй атасы – Құрманғазының ескерткіші елордада бой көтеріп, Орынбор көшесінде қаланың әуежайына апаратын автомагистраль ашылды.

Қасіретті тарих ескерткіші

Сол жылы бас қалада мәні мен маңызы жағынан басқаларынан еш кем емес, қазақтың қасіретті тарихын еске салатын тағы бір ескерткіш пайда болды. 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған бұл мінәжат монументі Республика мен Абай даңғылдарының қиылысында орнатылды («Астана ақшамы», №60, 2 маусым, 2012 жыл).

Сахна ханзадасы

«Жас қанат-2012» байқауы жаңа жұлдыздарды ашты. Кейіннен әлемді аузына қаратқан дүлдүл Димаштың жұлдызы алғаш рет осы байқауда жанды. «..Бас жүлде, «Алтын қанат» мүсіншесінің иегері… Зал сілтідей тынды… «Жас қанаттың» жиырма бірінші жеңімпазы ақтөбелік Димаш Құдайберге-е-ен!» деген дауыс шығысымен, бүкіл зал өре түрегеліп, қол шапалақтай жөнелді». Бір айта кетерлігі, бұл байқауда қазылар алқасы ол уақытта әлі 18 жасқа тола қоймаған Димашты «Сахнаның ханзадасы» деп бағалады («Астана ақшамы», №55, 22 мамыр, 2012 жыл).

Жүректі алмастырудың алғашқы отасы

Сол жазда Астанадағы Ұлттық кардиохирургия орталығында алғаш рет жүректі алмастыру отасы жасалды. «Қазіргі кезде 38 жастағы ер азаматтың хал-жағдайы қалыпты… «Донордың жүрегі 46 жастағы әйел адамнан алынды. Оның миына қан құйылып кеткен. Содан өлім құшқан әйелдің ұлы анасының жүрегі мен бүйрегін донорлық мүше ретінде пайдалануға рұқсат берді. Онымен біз екі адамның өмірін сақтап қалдық» дейді дәрігер мамандар. Жүректі алмастыру отасын белгілі кардиохирург Юрий Пя және оның чех әріптесі Жан Пирка жасап шықты. Сондай-ақ бұл операцияға Германияның мамандары қатысқан» («Астана ақшамы», №90, 14 тамыз, 2012 жыл).

Үш тілді меңгертетін жаңа мектеп

2012-2013 оқу жылында елордада төрт жаңа мектеп пайдалануға берілді. Соның бірі – №70 мектеп-лицейдің алғашқы қоңырауына Елбасы қатысты. «Заманауи жабдықтармен жабдықталған бұл мектепте 1200 бала білім алады… Жаңа лицей Б. Момышұлы мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысында, Оқушылар сарайына іргелес орналасқан. Аталмыш лицей бірінші сыныптан үш тілді меңгертуге лайықталған. Негізгі бағыты жаратылыстану-математикалық білім беру» («Астана ақшамы», №99, 4 қыркүйек, 2012 жыл).

«ЭКСПО» мерейі

Қазақстан астанасы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу мәртебесіне ие болғаны қоңыр күзде белгілі болды. «Париж қаласында өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-сессиясына қатысушы 161 мемлекеттің 103-і Астананы қолдап, дауыс берді. Осылайша, ақтық бәсекеде Бельгиямен «белдескен» Қазақстанның бәсі биік түсті («Астана ақшамы», №133, 24 қараша, 2012 жыл).

Ұлт Көшбасшысын ұлықтау

Қазақстандықтар сол жылы Тұңғыш Президент күні мерекесін алғашқы рет атап өтті. «Айтулы оқиғаға байланысты айрықша салтанат елордасы Астанада басталып, республиканың барлық аймақтарында айшықты көрініс тапты» деп жазды бұл туралы «Астана ақшамы» газеті 4 желтоқсан күні шыққан нөмірінде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 3 =