2011 жыл

0 27

2011 жыл мемлекетіміздің тарихында Алматы және Астана қалаларында ақ Азиаданың өтуімен, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен, Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуімен, соның аясында Астана декларациясының қабылдануымен айшықталды. Сол жылы бір мүшелге толған елорданың да саяси, әлеуметтік-экономикалық, әдеби-мәдени өмірінде айтулы оқиғалар болды. Соның бәрі бас қаланың бас басылымы – «Астана ақшамы» газеті беттерінен көрініс тапты.

АҚ АЗИАДА АЛАУЫ

Басылымның жылашар нөмірінен VІІ қысқы Азия ойын­дары туралы ақпараттық, сараптамалық, танымдық бағыттағы материалдар шыға бастады. «Тәуелсіздіктің мерейлі жылы байрақты жарыспен басталғалы тұр. Енді санаулы күндерден кейін Қазақстанның барлық аймағында Азиаданың алауы эстафетасы басталып кетеді. Бұл кезде елдің бірлігі мен рухы бір арнаға тоғысып, мәртебеміз көтеріледі. Яғни, 30 қаңтар-6 ақпан күндері Астана мен Алматы қалаларында өтетін VІІ қысқы Азия ойындары Қазақстан тарихындағы орасан оқиға болмақ…» деп жазды сол кезде газеттің бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков. «Биатлонда бағымыз жана ма?» атты бұл материалында автор әрі қарай осы спорт түрінің тарихына, Қазақстан құрамасына тоқталған («Астана ақшамы», №1, 6 қаңтар, 2011 жыл).
Газеттің бұдан кейінгі нөмірлерінде де «Фрис­тайл: үкілі үмітіміз Юлия», «Мәнерлеп сырғанау – спорттың сұлуы» атты қызықты материалдар шықты. Қорытындысында бір аптаға созылған байрақты бәсекеде Қазақстан айды аспанға шығарып, командалық есепте медальдар көрсеткіші жағынан бірінші орыннан көрінді. Жалпы алғанда, қоржынына 70 медаль (32 – алтын, 21 – күміс, 17 – қола) түсірді.

ҚАЙРАТКЕРДІҢ КҮЛІ ЖӘНЕ МАРИЯ ТЕАТРЫНЫҢ ГАСТРОЛі

Сол қыста Алаш арысы Смағұл Сәдуақасовтың мәйі­тінің күлі елордаға жеткізілді. Мұны газет 22 қаңтар күні шыққан нөмерінде хабарлады. Бұл хабардан қайраткердің күлі 21 қаңтарда сағат 7.15-те «Мәскеу – Астана» бағытындағы №874 ұшақпен әкелінгенін білеміз. Жерлеу орны анықталғанша, Алаш ардақтысының күлі Сәдуақас қажы Ғылмани мешітіндегі арнайы бөлмеде сақталды.
Көктемде астанаға атақты Мария театры гастрольдік сапармен келді. «Астанада алғаш бес жыл бұрын болдым. Конгресс-холда өнер көрсеткен едік. Сол уақыттан бүгінге дейінгі өзгерісті көріп өзім де таң қалдым. Астананы, жалпы Қазақстанның даму қарқынын айтып жеткізу мүмкін емес. Адам сенгісіз» деген еді сол кезде газет тілшісіне берген сұхбатында театрдың көркемдік жетекшісі Валерий Гергиев.

ҚҰРЫЛТАЙ ҚОНАҚТАРЫ

Мамырдың мамыражай күндері елордада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ІV құрылтайы өтті. «…Шетелдік арнайы делегацияны бұрнағы күні Астана теміржол вокзалынан Талғат Мамашев, Кәкімбек Салықов, Нұрғожа Ораз, Оразкүл Асанғазы, Мұхамбедия Ахмет-Төре сынды еліміздің бір топ зиялы қауым өкілдері қазақи дәстүр бойынша шашу шашып, құшақ жая қарсы алды. Келген қонақтардың арасында 40 шақты елде тұратын қазақ диаспорасының 350-ден астам өкілі бар…» («Астана ақшамы, №58, 26 мамыр, 2011 жыл).

АСТАНА ДЕКЛАРАЦИЯСЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

Қазақстанның төрағалығымен Ислам ынтымақтас­тық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38 сессиясы 30 маусым күні елордада аяқталды. «57 мемлекеттен келген делегаттардың қатысуымен үш күнге созылған жиын барысында жүздеген құжат қабылданып, өзара келісімдер мен хаттамаларға қол қойылды. Ең бастысы, бүгінгі күні ислам әлемін шарпыған өзекті мәселелерді қамтыған 26 пункттен тұратын Астана декларациясы қабылданды…» («Астана ақшамы», №75, 6 шілде, 2011 жыл»). Осы нөмірде Ислам ын­тымақтастық ұйымының бас хатшысы Эклемеддин Ихсаноғлының көлемді сұхбаты да шықты.

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА – ЖАҢА МЕКТЕП

2011-2012 оқу жылы басталғанда астанада 81 орта білім беру мектебі болды. Оның 68-і – мемлекеттік, 13-і – жекеменшік және 1 – кешкі мектеп. 1 қыркүйек күні Көктал-2 кентінде №68 орта мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Аталмыш оқу орны 800 балаға арнап салынған. Бірінші күннен мұнда 700-ден астам бала қабылданды. «Соңғы жылдары қала шетіндегі кенттерге ерекше көңіл бөлініп отыр. Мұнда ашылған білім мекемелерінің орны бөлек. Сондықтан Көктал-2 кентіндегі №68 орта мектептің ашылуын жергілікті халық асыға күтті. Қазір Көктал-1 кентіндегі №40 мектептегі оқушылардың саны көп болғандықтан, осында ауыстырылды. Ондағы тәжірибелі мұғалімдердің жартысы да жаңа мектепке арнайы шақырылып отыр». Сол кезде №68 орта мектеп директоры Шәріпхан Жәкенбай қуанышын осылай жеткізді. («Астана ақшамы», №100, 3 қыркүйек, 2011 жыл).

ТӨРТ ЖОБАНЫҢ БІРІ – «ТҰЛПАР-ТАЛЬГО»

«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының құрылғанына сол жылы 10 жыл толды. Ұйымның бөлім басшысы Асқар Адамбековтің «Жасампаз мегажоба жаңа мүмкіндіктерге жетелейді» атты сұхбатынан («Астана ақшамы, №100, 3 қыркүйек, 2011 жыл) №1 Индустриалды парк аумағында жүзеге асырылуға жоспарланған жобалар жайлы білеміз. 2011 жылы жалпы сомасы 12,6 млрд теңгені құрайтын төрт жобаның іске асырылуы жоспарланған.
Соның бірі «Тұлпар-Тальго» зауытының тәуелсіздік күніне қарай салтанатты ашылуы болды. Жалпы аумағы – 21 гектар, ал өндірістік орны 31 шаршы метрді құрайтын кәсіпорын жылына 150 жолаушы вагонын шығаруды межеледі. Бұл жоба Испания­ның «Патентес Тальго С.П» компаниясымен бірлестікте іске асты. («Астана ақшамы», №143, 10 желтоқсан, 2011 жыл).

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» – МЕРЕЙТОЙҒА ТАРТУ

Тәуелсіздік мерейтойына тағы бір тамаша тарту – «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы. «Елбасының идеясынан туған нысанды Астана қаласының бас безендірушісі Сағындық Жанболатов пен сәулетші Қанат Қорғанов және Мұрат Мансұров басшылық ететін шығармашылық ұжым мүсіндепті. Кәдімгі классикалық жобада жасалған. Биіктігі – 20 метр. Бұл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 20 жыл деген ұғымды білдіреді…» («Астана ақшамы», №146, 20 желтоқсан, 2011 жыл).

ҚОС ТЕАТР ҚУАНЫШЫ

Жылдың соңында Елбасының шешімімен Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры мен М.Горький атындағы орыс драма театрына академиялық мәртебе берілді. Осыған орай Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев пен Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов өнер ұжымдарымен кездесіп, Тәуелсіздік күнімен және алған атақтарымен құттықтады. Бұл ақжолтай ақпарат та газеттің 20 желтоқсан күнгі санында жарияланған.

«АҚЫЛДЫ ҚАЛАНЫҢ» АЛҒАШҚЫ АДЫМДАРЫ

Smart Astana («Ақылды қала») тұжырымдамасының аясында алғашқы инновациялық жобалардың тұсаукесері №54 мектеп-лицейде өтті. Газет тілшісі Гүлжан Рахман соны сүйіншіледі. «Ақылды қала» – бас қаланың инфрақұрылымын жақсартуға арналған бірегей жоба. Бұл жобаның даму негізіне ақылды экономика, мобильді қолжетімділік, ақылды қоршаған орта, ақылды әкімдік, ақылды тұрғын үй ортасы және ақылды адамдардың әрекеттесуіне негізделген еуропалық «ақылды» қалалардың даму моделі алынған…» («Астана ақшамы», №148, 24 желтоқсан, 2011 жыл).

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ДҮМПУ

Газет дерегінше, 2011 жылдың 1 қарашасындағы есеп бойынша Астана тұрғындарының жалпы саны 734 443 адамға жетті. Жыл басындағы мәліметпен салыстырғанда, астаналықтардың жалпы саны 37 314 адамға артқан. Қаңтар-қазан айларында 14783 сәби туған. Ұлдар – 7625 (51,6%), қыздар – 7158 (48,4%). «Астаналықтар – Қазақстандағы ең жас тұрғындардың бірі болып саналады. Елордалықтардың орташа жасы – 30 жас». («Астана ақшамы», №151, 31 желтоқсан, 2011 жыл».

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 3 =