2010 жыл

0 32

2010 жыл елді елең еткізген оқиғаларға толы болды. Осы жылы Қазақстан, Беларусь Республикалары және Ресей Федерациясы бірігіп Кедендік Одақ құрды, еліміз посткеңестік мемлекеттерінің арасында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Елордада Түркі елдерінің құрылтайы өтті. Экономикадағы айтулы жаңалық – 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Мұның бәрі «Астана ақшамы» газетінің сол жылғы нөмірлерінде көрініс тапты.

Жолаушылар мүддесі үшін

Дегенмен, астананың жаңа жылы ғаламдық ауқымдағы мәселелерден емес, қала тұрғындарының тұрмысы үшін маңыз­ды жолаушыларды қоғамдық тасымалдау ісіндегі өзгерістерден басталды. Жұрт шырша мерекесін тойлап болып, енді үйреншікті күнделікті күйкі тірліктеріне кіріскенде, қалада автобустар кестесінің ауысып кеткенін көрді. Бұл жүргізушілер мен кондукторлардың еңбек­ақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізілуіне байланысты болатын.
– Әкім қоғамдық көліктің жұмысын түбегейлі жақсарту туралы тапсырма берді. Ол тек қоғамдық тасымалдау саласын жаңа техникамен жабдықтау және жұмыс сипатын жаңа сатыға көтеру ғана емес, бұл оның бәрінің жиынтығы, соның ішінде басқару жүйесін өзгерту де бар. Егер бұған дейін жүргізушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, енді олар кәсіпорынның штатына кірді. Тұрақты жалақы, сыйлықақы алатын болды, толық әлеуметтік пакетпен, шипажайлық-курорттық ем-шаралармен қамтамасыз етіледі, зейнетақы қорына төлем аударуға міндеттелді, – деді Астана қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Талғат Ардан.

Кеден Одағы

Кедендік одақ құру туралы үш ел алғаш рет 1995 жылы қол қойған болатын. Сәл кейінірек оларға Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан қосылды. 2007 жылы Бірыңғай кедендік аумақты қалыптастыру құру және Кедендік одақты қалыптастыру туралы келісімді бекітті. 2009 жылы мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде Кедендік Одақтың негізін құрайтын 40 шақты халықаралық құжат қабылданды және ратификацияланды.
2020 жылдың 1 қаңтарында бірыңғай кедендік тариф, осы жылдың 1 шілдесінде Бірыңғай кедендік кодекс күшіне енді. Жалпы, Кедендік Одақ жүйесін ұйымдастыруға байланысты шаралар үздіксіз жүргізіліп жатты. Осы жайттардың бәрі газет беттерінен оқиға өрбуіне қарай әрдайым кезең-кезеңімен көрініс тауып отырды.

Индустриалдық-инновациялық даму

Осы жылы 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индус­триалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Соның аясында тек алғашқы жылдың өзінде жалпы сомасы 3,9 трлн тг болатын 51 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Бұл жобалар бойынша олардың нысандарының құрылыс жұмыстарында 100 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылады деп топшыланды.
Сөйте тұра, министрліктерден, ұлттық холдингтерден, облыстық және қалалық әкімдіктерден алынған ақпарлар негізіне сүйене отырып, елімізде жыл соңында дейін 134 жобаны аяқтауға мүмкіндік бар екені анықталды. ҚР Индустрия және сауда министрлігі осындай мәлімде жасайды. Министрліктің мәліметінде бұл жобаларға жалпы сомасы 800 млрд тг салынғаны айтылады. Егер биыл 134 жоба жүзеге асырылатын болса, жаңадан 17 мың жұмыс орны ашылмақшы. Газеттің кезекті нөмірінде Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына осындай оптимистік баға берілген.

Қазақстан – ЕҚЫҰ төрағасы

Бұл – бүгінгі қазақ тарихында сөзсіз өте зор оқиға. Ол – республиканың халықаралық саясаттағы рөлінің артып келе жатқандығының куәсі. ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің Венада өткен инаугурациялық отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұйымның төрағалық қызметінде жетекшілікке алатын негізгі 4 ұранды мәлім етті. Газеттің кезекті санында Елбасының Венадағы кездесуіндегі сөйлеген сөзі толық жарияланған.
Біздің еліміздің ЕҚЫҰ-да төрағалық етудегі ұраны: Сенім, Дәстүр, Ашықтық және Төзімділік. Сенім – бұл халықаралық қатынастардағы негізгі ресурс. Елдер арасындағы өзара сенімділік қатынастар мен тұрақты диалог ұжымдық қауіпсіздіктің архитектуралық қаңқасы ретінде қызмет етеді. Дәстүр – Қазақстанның ЕҚЫҰ іргелі принциптері мен құндылықтарына деген шынайы берілгендігін айқындап тұр. Ашықтық – мейлінше жариялықты, «қосарланған стандарттар» мен «бөлініс желісінің» жоқтығын білдіреді. Төзімділік – бұл мәдениеттер және өркениеттер арасындағы диалогтың маңыздылығын көрсетеді.

Мемлекет басшысының Жолдауы

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауында мемлекеттік бюджетке құйылатын кепілдендірілген трансферт 8 млрд АҚШ долларына дейін өсетіні айтылған. Аталған трансферт отандық экономиканы индустриаландыру бағдарламаларына бағытталмақшы. Соның арқасында шағын және орта бизнестің еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 2020 жылы 40 пайызды құрайтын болады.
Отандық экономиканы жеделдетіп әртараптандыру арқылы өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ үлесі 13 пайызды құрауы тиіс. Жалпы тауар көлемінде сыртқы нарыққа жөнелтілетін шикізаттық емес экспорттың үлесі 45 пайыздан кем болмауы керек. Ресми дерек бойынша бүгінде ол 27 пайыз мөлшерінде екен.
Әлбетте, ел экономикасын инновациялық жаңашылдықтарсыз дамыту мүмкін емес. Технологиясы ескірген және энергияны көп тұтынатын өндіріске ешбір инвестордың және капиталистік басқару принциптеріне құрылған ешбір мемлекеттің ақша салмайтыны белгілі. Ал уақыт талабына сай және ғаламдық өндіріс стандарттарына жауап беретін «ақылды жобалар» қолға алынса, ол басқа мәселе!
Бұл осыдан 10 жыл бұрын жасалған болжам еді. Әлбетте, әлемді дендеген індет отандық экономиканың дамуына да кесірін көп тигізді, осыған байланысты қазіргі жағдайды көзіқарақты оқырман өзі бағамдай жатар. Біз тек газетте сол күндері берілген деректі ғана назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Астанада – «Жер сағаты»

Ағымдағы жылдың 30 нау­рызы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 20.30-да елордадағы 80-ге тарта үкіметтік мекемелер мен ғимараттар 1 сағатқа жарықты өшіріп қойды. Сөйтіп, «Жер сағаты» халықаралық акциясына қолдау білдірді. Адамзат тарихындағы ең ауқымды шараға әлемнің 100-ден астам астаналары мен 1000-нан астам ірі қалалар қатысты. Бұл шара экология және ғаламдық климаттың жылыну мәселелеріне адам баласының назарын аударту үшін жасалды.
Бір сәтке әлемдегі ең биік құрылыс – Дубайдың «Бурж Халифа» үйінің, Тайваньдағы зәулім ғимарат «Тайпей-101»-дің, Париждегі Эйфель мұнарасының жарығы өшті. Астанада «Бәйтерек», Президент резиденциясы «Ақорда», Жоғарғы Соттың және Тәуелсіздік сарайы ғимараттары, «Қазақ елі» монументі, «Думан» ойын-сауық орталығы, тағы көптеген нысандар тоқ көзінен ажыратылды.

Түбі бір түркілер!

Газеттің 27 мамыр күнгі нөмірінде Астанада Түркі елдерінің құрылтайы өткені туралы көлемді мақала шыққан. Түркия Президенті Абдолла Гүл құрылтайда Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін айта келіп, біздің мемлекетті өңірдегі ең маңызды туыс ел деп атады. Сондай-ақ қазақ мемлекетінің ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіне жоғары баға беріп, Ұйым басшылары Саммитін Астанада өткізу туралы бастамасына қолдау көрсететінін білдірді. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі саммит 11 жыл бұрын Стамбұлда өткен болатын.

Ұлы Жібек Жолы

Шығыс пен Батысты үздіксіз және бір құрылық жолымен жалғайтын, Орта Азияның өмірлік ең маңызды көлік күретамырын осылай атаған асыра айтқандық емес. Міне, сондықтан да болар, бұл күнде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ғаламдық инфрақұрылымдық жобасына әлемнің назары ауып отыр.
Қазақ жері әлемнің бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар халықаралық қатынас жолдарының сан тарамдалған желісін құрайтын ғаламдық интеграция­лық жүйенің маңызды учаскесі болып табылады. Алайда оған қарамастан, әлемдік заманауи көлік жүйесі өзінің сапасы мен параметрлері бойынша біртекті емес, ол жалпы әлемдік даму принциптері мен шарттарына байланысты шешім қабылдау­да айтарлықтай қиындықтар туғызады.
Дамыған елдердің көлік жүйе­сі ғаламдық көлік желісінің 78 пайызын және жүк айналымының 74 пайызын құрайды. Сол себепті Еуропа мен Азияны құрлықтық дәліз арқылы жалғап тұрған Қазақстан өзінің көлік магистралін жетілдіруге мүдделі. Бұл еліміздің шикізаттық экономикадан транзиттік әлеуетке көшуі үшін маңызды. Ол халқымыздың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін болады. Осыдан мың жыл бұрын ата-бабамыз керуен ізін салған Ұлы Жібек Жолын жаңғырту тек Қазақстан үшін ғана емес, тұтас Еуразия құрылығы үшін маңызды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 1 =