2010 жыл

0 39

1 қаңтар – Қазақстан ТМД аясында құрылған Кеден одағына кірісті.
7 сәуір – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан ­Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесу өткізді.
9 мамыр – Астанада Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты шеру өтті. «Қазақ елі» монументінен бастау алып, «Отан қорғаушылар» ескерткіш кешеніне дейін жалғасқан шеруді «УАЗ» маркалы 30 әскери автокөлікпен 120 соғыс ардагері бастады. Шеруге жалпы 7 мыңнан аса адам қатысты.
28 мамыр – Астанада тұңғыш рет инновациялық жобалардың форумы өтті. Елорданың экономикасына заманауи технология­ларды ынталандырып, диалог алаңын құруды мақсат еткен жиынға 200-ге жуық делегат қатысып, 60-тан астам жоба ұсынылды.
7 маусым – Тәуелсіздік сарайында «Астана Инвест – 2010» І Халықаралық инвестициялық форум өтті.
11 маусым – Астанада қазіргі заман талаптарына сай елімізде теңдесі жоқ гемодиализ орталығы қатарға қосылды. Бұл бүйректің созылмалы ауруымен ауыратындарды емдеуге кірісті.
25 шілде – «Астана» велокомандасының капитаны Альберто Контадор «Тур де Франс» көп күндік веложарысының жеңімпазы атанды.
30 тамыз – Астанадағы «Қазақ елі» монументі алаңында ел Конституциясының 15 жылдығына арналған әскери шеру өтті. Оған Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан
Назарбаев қатысты.
13 қазан – елордалық «Астана ақшамы» газетінің шыға бастағанына 20 жыл толды. Сол жылы басылым Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арнап «Менің атам – майдангер» байқауын өткізді.
20 қазан – Астанада алғаш рет Бүкіләлемдік рухани мәдениетінің екі күндік форумы өтті. Айтулы шараға 500-ге жуық делегат қатысты.
1 желтоқсан – Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Астана саммитін ашты. Саммитке барлық құрлықтан – 75 елдің делегациясы қатысты.2010 жылдың 1-2 желтоқсан күндері елордада өткен ЕҚЫҰ елдері мемлекет басшыларының Саммиті халықаралық деңгейдегі саяси оқиғаның бірі ретінде бағаланды. Бұл жиынға 28 мемлекеттің бірінші басшылары, 10 елдің Үкімет басшылары қатысты. Осы жылы Қазақстанда Германия жылы өтті. Атақты архитектор Норман Фостердің жобасымен елордада «Хан Шатыр» ғимараты бой көтерді.

АСТАНА МӘРТЕБЕСІН АСҚАҚТАТҚАН

1-2 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ елдері мемлекет басшыларының саммиті өтті. Саммитке 65 елдің делегациясы, соның ішінде 28 мемлекеттің президенті, 10 елдің премьер-министрі, сонымен қатар жоғары лауазымды шенеуніктер, халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де ­Бришамбо, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведев, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федералдық канцлері Ангела Меркель, Италия Премьер-минис­трі Cильвио Берлускони болды.
25 қарашадан Қазақстанда жаңа «Саммит ТВ» телеарнасы өз жұмысын бастады. Ол қазақстандық алғашқы ұлттық спутниктік арна «Caspionet»-тің базасында құрылды. «Саммит ТВ» тәулік бойы, тек қана ағылшын тілінде хабар таратты. Алқалы жиын ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясын қабылдауымен қорытындыланды.
Әлемдік басқосу аяқ­талған соң Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға құттықтау жолдады. Онда: «Саммит қорытындыларының еліміз үшін стратегиялық маңызы бар. Біріншіден, біз өз тәуелсіздігіміздің сыртқы саяси негіздерін нығайттық. Екіншіден, саммит біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыздың шыңы болды. Қазақстан ұйымның жаңа ғасырда дамуына серпін берді» делінген құттықтауда.

ГЕРМАНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖЫЛЫ

2010 жыл Германияның Қазақстандағы жылы болып жарияланды. Осы жылдың шілдесінде Германия канцлері Ангела Меркель Астанаға алғашқы ресми сапармен келді. Екі жақты келіссөз нәтижесінде жалпы сомасы 2 миллиард еуроға келісімдер жасалды. Сауда-экономикалық қатынастарды үйлестіру мақсатында Қазақстан – Германия бизнес кеңесі құрылды. Қазақстан – Германия бизнес-форумына жүзден аса неміс фирмасының өкілдері қатысты. Қазан айында Астанаға Бундестаг президенті Норберт Ламмерт келді. Сол айда Гумбольд атындағы Берлин университетінде «Қазақстан және қазақ тілі» лектораты ашылды. Бұл алыс шет елдердегі Қазақстанның алғашқы жобасы еді.

ХАН ШАТЫР

«Хан Шатыр» – алып мөлдір шыныдан жасалған әлемдегі ең ірі шатыр. Елордада бой көтерген ғимарат қала күніне орай 2010 жылы 6 шілдеде ашылған. Елбасының идеясын жүзеге асыру әйгілі британдық сәулетші Лорд Норман Фостерге тапсырылды.
Норман Фостердің қиялынан шық­­­қан сәулет туындысы – бір шатыр­дың ас­тында әлем деңгейіндегі сау­да, ойын-сауықты біріктірген елордадағы бірегей орталық. Нысан күн сәулесін өткізетін мөлдір шыныдан және полимерлі жабынмен бекітілген болат темір арқаннан құрастырылған. Арнайы химиялық құрам шатырдың кеңістігін температураның ауытқуынан қорғап, нысан ішіндегі микроклиматты сақтап тұрады. Осы және өзге де технологиялардың арқасында «Хан Шатыр» әлемдегі он эко-ғимараттың қатарына енді. Бұл туралы Forbes Style журналы жазды.
«Хан Шатыр» СОО аста­налықтар мен қала қонақтарына әмбебап дүкені, отбасы саябағы, мейрамханалар, кино­театр, спорт залдары, жасанды жағажай мен бассейні бар аквапарк, қызмет және кеңсе орындары, 700 орынға арналған паркинг қызметін ұсынады.
Бірегей орталық күмбезінің астында Мальдив аралдарынан арнайы әкелінген жұмсақ құм төселген, тропикалық өсімдіктері бар жабық жағажай орналасқан. Хауыздардың бірінде орналасқан жасанды толқын нағыз теңіз жағалауында демалып жатқандай сезімге бөлейді. Бұл жерде жылдың кез келген мезгілінде елордалықтар мен қала қонақтары демалады. Әкімшіліктің мәліметіне сәйкес, демалыс күндері «Хан Шатырға» шамамен 30 мың адам бас сұғады.
Шатыр құрылысы 2006 жылы басталып, 4 жылға созылды. Ғимараттың бас директоры Энгин Асраланның айтуынша, әуелден құрылыс 2 жылға жоспарланған еді. Алайда күн райының қолайсыздығы мен күтпеген қиындықтар құрылыс мерзімін ұзартты.ХАНДАР ТӨРГЕ ШЫҚТЫ

1 маусым күні Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақ хандығының негізін салушы Керей және Жәнібекке ескерт­кіш ашылды.
«Бүгінде тәуелсіздігіміздің бойтұмарына, елдігіміздің рәмізіне айналған асқақ Астананың алғашқы кірпіші осында қаланды. Ордамыз бастапқыда осы жерге орналасып, маңайына маңызды мемлекеттік мекемелер қоныс тепті. Сондықтан біз тұңғыш хандарымыздың тұғыр­лы белгісін Тұңғыш Президент мұражайы саябағында, Астана қаласының әкімдігі ғимаратының маңында орналастыруды жөн деп таптық» деді салтанатты жиынға қатысқан Елбасы.
Ескерткіш жобасына алдын ала республикалық байқау жарияланған-тын. Оған бас-аяғы 10 эскиз ұсынылып, қорытындысында астаналық жас мүсінші Ринат Әбеновтің үлгісі үздік деп танылды. Таза қоладан құйылған ескерткіштің салмағы – 16,20 тонна. Мүсіндердің іргетасынан ұшар басына дейінгі жалпы биіктігі – 12 метр. Түрегеп тұрған Жәнібек хан мүсінінің биіктігі 5,25 метр болса, қазақы ер-тоқымда отырған Керей ханның бейнесі 4 метрді құрайды.

НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ АШЫЛДЫ

28 маусымда Астанада ашылған халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев­ университетінің ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
«Қаламыздағы Еуразия ұлттық университеті еліміздегі ең жетекші университеттердің бірі саналады. Бірақ жаңа университеттің мағынасы мен жағдайы мүлде басқа. Жоғары оқу орны биыл өз жұмысын бастайтын болады. Мемлекет есебінен 500 оқу гранты бөлініп отыр. Еліміздің болашақ зияткерлік элитасын қалыптастыру мақсатында құрылған университет білім беру жүйесінің басымдықтары мен үздік ғылыми білім практикасын үйлесімді байланыс­тыратын Қазақстанның ұлттық бренді болуға арналған. Бұл – жастарға, елдің болашағына арналған сыйлық» деді Мемлекет басшысы.
Назарбаев университеті елор­даның сол жағалауында, қаланың экологиялық таза бөлігінде, 80 гектар алқапта орналасты. Ғимараттар мен құрылыстардың 143 мың шаршы метрді құрайтын аумағына университет ғимараты, студенттерге арналған жатақхана, профессор-оқытушылық құрам үшін тұрғын үй, қосымша ғимараттар мен басқа да құрылыстар кірді.
Университеттің ашылу салтанатында «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтейік!» атты жалпыхалықтық телекөпір өткізілді. Оның барысында Президенттің индустриалдық бағдарламасы шеңберінде ел бойынша іске асырылатын 2010 жылдың бірінші жартыжылдығының 72 инвестициялық жобасы Елбасыға ұсынылды.

АСҚАҚ АБАЙ – АСТАНАДА

19 маусым күні Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысында қазақтың бас ақыны, ұлы Абайдың ескерт­кіші бой көтерді. Салтанатты шараға атқамінер азаматтармен бірге Семей өңірінен келген ақынның жақындары қатысты. Олардың арасында «Абай» қорының директоры, ойшылдың жиен немересі ­Балтабек Ерсәлімов болды.
Абай Құнанбайұлының жаңа еңселі ескерткішін жасап, оны лайықты орынға қою жөніндегі мәселені бір топ қалалық мәслихат депутаты, қоғам және мәдениет қайраткерлері көтеріп, Астана әкімінің атына хат жолдаған болатын. Сол жылдың қаңтар айында ескерткіштің эскиз жобасына республикалық байқау жарияланды. Ашық түрде өткен байқаудың қорытындысында алматылық мүсінші Болат Досжанов жеңімпаз атанды.
Оның идеясымен жасалған ескерткіштің жалпы биіктігі – 14,750 метр. Тұғырынан бөлек Абай мүсінінің биіктігі – 7,550 метр. Таза қоладан құйылған композицияның салмағы – 10 тонна.

БӨГЕТ БҰЗЫЛҒАН ТҮН

12 наурызға қара­ған түні Алматы об­лысындағы Қызылағаш су қо­ймасындағы бөгет бұзылып, Қызылағаш ауылын су басты. Бұл жайт «Қызылағаш оқиғасы» деп аталды. Ресми мәлімет бойынша, 45 адам қайтыс болды. Қызылағашта шамамен 3,5 мың адам тұрған. Олардың 80 пайызға жуығы – оралмандар. Су тасқынынан кейін төрт айдың ішінде 460-тан аса үй жаңадан салынып, 30 үй жөнделді. Сол жылы 15 наурызда 90-нан аса отбасы қайта келді. Үкімет төтенше жағдайдың салдарын жоюға 600 миллион теңге бөлді. Оның көбі материалдық көмекке, қалған 100 миллионы баспана салуға жұмсалды.

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУҒА БЕТБҰРЫС

19 наурызда Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама мақсаты – экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы оның тұрақты және теңгерімді өсімін қамтамасыз ету. Бағдарламаның негізгі міндеттері: экономиканы әртарап­тандыру және оның бәсекеге қабілеттілігінің артуын қамтамасыз ететін басымдықтағы секторларын дамыту; индустрия­ландыру үшін қолайлы орта қалыптастыру; экономикалық әлеуетті өңірлік ұтымды ұйымдастыру негізінде экономикалық өсім орталықтарын құру; экономиканың басымдықтағы секторларын дамыту барысында мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету. Сәуір айында Үкімет республикалық маңызы бар 101 жобадан және 136 аймақтық жобадан тұратын Индустрияландыру картасын бекітті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =