2009 жыл

0 41

«Астана ақшамының» әр саны елорданың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жатыр. Ол өзінің отыз жылдық ғұмырында астананың тарихи жылнамасына айналды десек, тым артық айтқан болмаймыз. Басылымның қатталып жатқан тігінділерін ақтарсаңыз, осынау жылдар ішіндегі қаланың тыныс-тіршілігін, көкейтесті проблемалары мен өзекті мәселелерін көз алдыңыздан өткересіз. Қоғамды, тұрғындарды, зиялы қауымды және жалпы оқырман қауымын әр жылдары не толғандырып келгенін сезіне аласыздар. Газет халықтың шын мәнінде үнжариясына айналды, мұнда көптеген авторлардың, ғалымдар мен әртүрлі сала мамандарының, қарапайым адамдардың еңбектерімен, толғаныстарымен танысуға болады. Редакция ұжымы әр нөмірде ел өміріндегі «үп» еткен жақсы жаңалықтар мен ақжолтай хабар-ошарларды қазаққа жеткізуге асықты. Тілшілер қауымы күнделікті жұмысында мемлекеттің саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет және руханият, өнер, спорт және басқа да саладағы маңызды мәселелерін тегіс қамтуға тырысты. Енді газеттің сол күндерінің естелігіндей болған сарғыш тартқан беттерінен дерек келтірейік.

Тұңғыш интеллектуалдық мектеп

2009 жылдың алғашқы сандарының бірі газеттің бірінші бетінен әдеттегідей жағымды жаңалықпен басталған. Басылымның 13 қаңтар күнгі санында Астанада тұңғыш интеллектуалдық мектептің ашылғаны жөнінде айтылады:
«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегендей, бұл ел өміріндегі аса маңызды оқиғалардың бірі екені даусыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың оның алдындағы жылы Үкіметке Астана мен Алматы қалаларында және барлық облыс орталықтарында интеллектуалдық мектептер ашу туралы тапсырма берген болатын. Міне, жыл басында осы жоба іске асып, тұңғыш заманауи білім ошағы елордада ашылып отыр.
«ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің ғасыры» дейді ҚР Президенті Н.Назарбаев интеллектуалдық мектептің ашылу салтанаты кезінде. «Қазақстан-2030» стратегия­лық даму бағдарламасында білім мәселесіне ерекше көңіл бөлінгенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Соңғы 10 жылдың өзінде бұл салаға бөлінген қаржы 7 есе өсіп отыр. Биыл мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көтерілді. Бұдан өзге, «100 мектеп» бағдарламасы аясында биыл елімізде жаңадан 80 мектеп ашылмақ. Мұның бәрі – мемлекеттің білім саласына жасап отырған қамқорлығының көрінісі».

Қазақтың жаны – тілінде

Мемлекеттік тілдің мәселесі – ұлтымыздың бір бү­йіріне батып жүрген өте өзекті мәселе. Ол, әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында және славян диаспоралары көп қоныстанған солтүстік пен шығыс өңірлерде өте ұшынып тұрды. Ел арасында қазақ тілінің қоғамда кеңінен қолданыс табуы үшін сол кездері саясатты немесе қолданыстағы заңдарды өзгерту керек деген пікір айтылып жүрді. Осыған орай, газеттің кезекті санында белгілі заңгер, тіл жанашыры Абзал Құспан сұхбат береді.
«Заңды айыптай береміз. Өзім заңгер болған соң, ғафу етіңіз, заңнан гөрі, мен заңды қолданбай жүрген халықты көбірек кінәлаймын. «Мына бап әлсіз, ана тұсы кемшін» деп мүйіздей бергенше, қолданыстағы заңмен де көп шаруа тындыруға болады» деп заңгер «Тіл туралы» заңның күнделікті өмірде қоғамның пайдасына асырылмай жатқанын айтып, көпшіліктің өзіне салмақ сала сөйлепті. Сондай-ақ ол өз өмірінен, қызмет тәжірибесінен ұтымды мысалдар келтірген.Ақсұңқар ақын

«Астана ақшамының» 3 нау­рыз күнгі санында қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің қаза тапқан күніне орай мақала жарияланыпты.
Мақала авторы Гүлжан Рахман былай дейді: «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деген Сәкен Сейфуллин – қазақ атауына араша түсіп, ұлтына төнген қауіпті ерте сезінген, елінің тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек еткен қоғам қайраткері, дауылпаз ақын. Ол «Қазақ халқына оқу керек, оқу керек, оқу керек!.. Оқымаған адам, оқымаған халық – надан, қараңғы, соқыр» деген берік ұстанымын мысалға келтіреді.
Біреу білер, біреу білмес, Сәкен Қазақ үкіметінің басына келгеннен кейін жоғары оқу орындарының студенттеріне шәкіртақы бөлу туралы қаулы қабылдатып, заң, экономика, медицина, әскери мамандықтар бо­йынша ұлттық кадрларды дайындауға зор еңбек сіңірді. Әсіресе қазақ балаларының Ресейде білім алуы үшін 1140 грант бөлгізген. Сол жылдары тағайындалған шәкірт­ақымен оқыған жастардың арасынан кейін ірі ғалымдар мен өнер қайраткерлері шықты. Олардың қатарында Петербург университетінде оқыған Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Томск политехникалық институтында білім алған Қаныш Сәтпаев бар.
«Сәкеңнің нар тұлғасы, өнегелі ісі тарих күнпарағында мәңгі жазылып қала бермек. Сәкен бабамыздың азаматтық борышы, халқына жасаған жақсылығы бүгінгі ұрпақ келбетіне үлгі, тәлім-тәрбие болмақ» дейді ақынның немере қызы Рымжан Мәжитқызы осы мақалада.

Атағы әлемге жайылған

Газеттің сәуір айындағы санында қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуаны Қажымұқан Мұң­айт­пасұлы туралы толымды мақала шығыпты. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұлан-ғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген – Қажымұқан бабамыз.

Абай – ұлт ұстазы

Газеттің 8 тамыз күнгі санында жазушы Тұрсынжан Шапай ұлт ұстазы туралы терең талдау мақаласын бе­ріпті. «Тарих бізге жас Абайдың келбетін сақтаған жоқ, – деп бастайды сөзін абайтанушы. – Біз білгенде, Абай – «қартайып, қайғы ойлаған» қарт… Абайдың барша жұртқа әйгілі «ресми» портреттеріне зер салсаңыз – тақия киген, жүзінде ой белгісі, сезім нышаны жоқ стандартты егде. Орыстар да Толстойды бір құшақ сақалсыз елестете алмайды… Неге?
Жалпы, жұрттың санасында екеуінің де суреткер-гений ретіндегі бағасынан гөрі, моральдық гений тұрғысын­дағы беделі басымырақ сияқ­ты» дейді ­Т.Шапай.Үйі жоқтың – күйі жоқ

Басылымның 27 тамыз күнгі санында газет тілшісі Қымбат Тоқтамұрат тұрғын үй құрылысы туралы көлемді мақала жазыпты. Баспана – қалаға келген қазақтың бас­ты проблемасы. Бұл – елордада ғана емес, барлық ірі мегаполистердің, облыс орталықтарының басында бар жайт. Оның үстіне жылдан-жылға ірілі-кішілі шаһарларда тұратын халықтың, оның ішінде де қандастарымыздың саны артып келеді. Сондықтан астаналықтарды баспанамен қамтамасыз ету – атқарушы биліктің көкейтес­ті мәселелерінің бірі.
Құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралаған елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов ағымдағы жылы жоспар бойынша 93 тұрғын үй кешені жаңадан пайдалануға берілетінін айтқан. Әкім құрылыс жұмыстарының қарқынына қанағаттанарлық баға бере келіп, бас қала үшін маңызы зор бірнеше ғимараттарды бөле-жара атады: «Хан Шатырдың» құрылысы жоспар бойынша аяқталуға жақын. Ғимараттың жылжымалы төбесі салынып біткен соң, жалға алушылар бутиктерін орналастыра бастайды. Құрылыс­тың тез бітуі – олардың қаншалықты шапшаң жұмыс істеуіне байланысты» дейді Имекең.
Тілшінің айтуынша, осы жылы «Шабыт» шығарма­шылық сарайының да құры­лысы аяқталуы тиіс екен.

Бітімі бөлек Бекзат еді

Қазақ спортында шоқжұлдыздай жарқ етіп келіп, сағымдай болып ғайыпқа айналған боксшы Бекзат Саттархановтың қазасы қалың елдің жүрегін қарс айырды. 2000 жылы Сидней Олимпиадасында ол алтыннан алқа таққанда, қуаныштан тебіренбеген, «алтын айдарлы» ұлына сүйсінбеген жанкүйер кемде-кем еді. Әттең, оның өмірі келте болды. Сол жылы желтоқсан айында небәрі 20 жасында біз Бекзаттан айырылып қалдық. Басылымның кезекті санында марқұмның өмірі туралы тұтас бір бет мақала шыққан.Қазақстанның ел бірлігі доктринасы

2009 жылдың ең айрықша жаңалығының бірі де бірегейі – Қазақстанның ел бірлігі доктринасының қабылдануы. Оның талқылауға арналған жобасы газеттің 7 қарашасы күнгі санында жарық көрді. Ол мемлекеттің ішкі саясатын, қоғамдық қызметін, этносаралық және конфессияаралық қатынас­тарды реттейтін негізгі құжат болып табылады. Доктринада ұлттық саясаттың мақсаттары, міндеттері, ұстанымдары, сондай-ақ оны іске асырудың негізгі бағыттары баяндалған. Доктрина жобасы ел ішінде қызу талқыға, тіпті таласқа түсіп барып әрең қабылданды. Мұнда қазақ тілді қауымның мәртебесін арттыратын бірқатар мәселелер көтеріліп, бекітілген болатын. Өкінішке қарай, Қазақстанның ел бірлігі доктринасының біз ұнатқан нұсқасы қабылданғанмен, ол әлдебір пиғылдардың кесірінен қоғам өміріне араластырылмай ұмыт қалды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 − one =