«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

2009 жыл

0 259

12 ақпан – Қазақстан Респуб­ликасының Президенті, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының 10 жылдығына арналған партия саяси бюросының кеңейтілген мәжілісі өтті.
25 ақпан-6 наурыз – Қазақстанда екінші ұлттық халық санағы жүргізілді.
11 наурыз – Тәуелсіздік сарайында өткен ІІ Астана экономикалық форумы «Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздігі» тақырыбына арналды.
28 сәуір – Алматыда Халық­аралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті өтті.
1 шілде – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезі өтті.
5 шілде – Тәуелсіздік сарайында әлемге әйгілі әнші Пласидо ­Домингоның концерті өтті.
5 шілде – Астанадағы ең биік ғимарат пайдалануға берілді. Ол – Есілдің сол жағалауында орналасқан өзіндік өрнегімен салынған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының әкімшілік ғимараты.
3 тамыз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қорғас – Жетіген» ­теміржол желісі құрылысының ­ашылуына қатысты.
30 тамыз – Нұрсұлтан ­Назарбаевтың қатысуы­мен Конституция күнін мерекелеуге арналған тұңғыш әскери шеру өтті.
4 қазан – Бүкіләлемдік туристік ұйым Астанада ұлттық ат спорты түрлерінен фестиваль өткізді.
2 қараша – Астанада Назарбаев университетінің іргетасы қаланды.
5 қараша – Иордания астанасы Амман қаласындағы әдемі көшелердің бірі – елордамыздың құрметіне Астана көшесі болып аталды.
16 қараша – елорданың ең ұзын көпірі іске қосылды. Осылайша Бөгенбай батыр даңғылындағы көлік жолайрығы толығымен пайдалануға берілді.
12 желтоқсан – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоның қатысуымен «Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» газ құбырының қазақстандық учаскесін пайдалануға беру рәсімі болды.

2009 жыл елімізде екінші рет өткен санақпен есте қалды. Санақтың ресми дерегі бойынша Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлттың саны тұңғыш рет 63 пайыздан асты. Егемендік алған жылы небәрі 42 пайызды құрайтын қазақтар үшін бұдан асқан бақыт жоқтай көрінетін. Осы санақтан кейін мемлекеттік саясатта да біраз өзгерістердің, әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулардың болғаны анық.ҚЫТАЙМЕН ҚАРЫМ- ҚАТЫНАС НЫҒАЙДЫ

Елордада Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаевтың және ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның қатысуымен «Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» газ құбырының қазақстандық учаскесін пайдалануға беру рәсімі өтті.
«Әлемде қандай жағдай болмасын, Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынас ізгілікті және достық жағдайында қала береді. Бүгін Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық әріптестіктің аса маңызды жобасы жүзеге асып отыр. Қытай сіздердің елмен ынтымағын одан әрі арттыруға мүдделі әрі дайын» деді ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао.

ҚАЗАҚ ЕЛІ – БЕЙБІТШІЛІК БЕСІГІ

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезі өтті.
«Біз жаңа мыңжылдықта да толастамай отырған әлемнің әр бұрышындағы діни текетірестер мен ұлттық қақтығыстардың алдын алуға ықпал етіп келеміз. Астанадағы бүгінгі басқосу да біздің осындай табанды ұстанымымыздың бір көрінісі. Дінаралық та­тулық арқылы ғана халықаралық түсі­ністік орнатуға болады. Бұған еліміздің қазіргі жүргізіп отырған саясаты толық дәлел бола алады. Бір дөңгелек үстел басына жиналған съезге қатысушы 400-дей діндардың наным-сенімі бөлек болғанмен, көздеген мақсаты біреу ғана. Ол – бейбітшілік. Қазақ даласына бейбітшілікті, татулықты ту етіп келгендердің әңгімесі де жарасымды болды» деді саммит жұмысын қорытындылаған Елбасы.

АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ ШЕРУ

Қазақ елі алаңында Астана қаласында тұңғыш әскери шеру өтті. Конституция күніне арналған әскери шеруге Қорғаныс министрлігінің құрлықтағы әскерлері, әуе қорғанысы күштері, әскери-теңіз күштері, сондай-ақ Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінің қызметкерлері мен Республикалық ұланның өкілдері қатысты.
Мерекелік шеруге Қарулы Күштердің 96 әскери техникасы мен 43 соғыс ұшағы және тікұшақ қатыс­ты. Алаңда алдымен әскери техникалар сап түзеп, олардың әрқайсысының ерекшеліктері мен мүмкіндіктері және олардың соғыс кезінде атқаратын қызметтері жөнінде баяндалды. Әскери техникалардың арасында «БТР-80», «Д-30» көліктері мен «МСТА» зеңбіректері, «Ураган», «Смерч», «Точка-У» сияқты аса қуатты қарулар, сондай-ақ «С-125», «С-75», ­«С-200» тектес зенит-зымыранды кешендер тамашаланды.
Ал 40 жылдан астам тарихы бар «Жетісу» пилотаж тобының төрт ұшағы (Су-27) Астана аспанында қызғалдақ гүлін бейнелеп, жауынгерлік даярлықтың шыңын көрсетті.

БҰҰ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚОЛДАЙДЫ

2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессия­сында Қазақстан бастамасы­мен 29 тамыз – Халықара­лық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні болып бекітілді.
Қазақстан әлем өлшемі бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде үлкен беделге ие. Мемлекетіміз ядролық қаруларды сынауға ты­йым салу туралы келісімнің белсенді қатысушысы және оның тез арада күшіне енуін қолдайды. 1991 жылы Семей ядролық полигонының жабылуы – соның айқын айғағы.

АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ӘРЕКЕТІ

Алматыда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Халық­аралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті болып өтті.
Саммитте Арал теңізі бассейніне көмек көрсетудің 3-бағдарламасы жасалатын болып келісілді. Мемлекет басшысы сондай-ақ өз әріптес­терін Қазақстанның Сырдария өзенінің өткізу қабілетін күшейтуге және Солтүстік Аралды сумен көбірек қамтамасыз етуге бағытталған «Сырдария өзенінің арнасын және Арал теңізінің солтүстік бөлігін реттеу» жобасының бірінші кезеңін аяқтағаны жөнінде хабардар етті.

ЕЛОРДАДА ҚҰРАСТЫРЫЛАДЫ

3 шілде күні Астана қаласының іргесінде орын тепкен индустриялық парк аумағында Локомотив құрастыру зауыты пайдалануға берілді.
Алдымен Елбасы зауыттың цехтарын мұқият аралап шықты. Мұнда алғашқы тепловоз «General Electrіc» компаниясының жинақ бөлшектерінен құрастырылмақшы. Зауыттың жай-күйін және теміржол саласындағы индус­трияландыру мақсатындағы атқарылып жатқан жұмыстар барысын Мемлекет басшысына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин әңгімелеп берді. Соңынан Нұрсұлтан Әбішұлы телекөпірге жиналған жұмысшылар мен қонақтардың алдында сөз алды.
«Біз көптен бері Қазақ­станның индустриялық- инновациялық бағдарламасын орындаймыз деп жария етіп келе жатырмыз. Мінеки, қазіргі дүниежүзілік қаржы дағдарысына қарамастан, сол бағдарламаны орындап отырмыз. Соның алғашқы қарлығаштарын көрудеміз» деді Президент өз сөзінде.

ҚАЗАҚ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

2009 жыл елімізде екінші рет өткен санақпен есте қалды. Санақтың ресми дерегі бойынша Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлттың саны тұңғыш рет 63 пайыз­дан асты. Егемендік алған жылы небәрі 42 пайызды құрайтын қазақтар үшін бұдан асқан бақыт жоқтай көрінетін. Осы санақтан кейін мемлекеттік саясатта да біраз өзгерістердің, әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулардың болғаны анық.
Жер бетінде 6 млрд-тан аса халық болса, соның 0,22 пайызы – Қазақстан атты байтақ мемлекеттің қызыл сызығының ішінде өмір сүріп жатқандар. Қазақстан халқы Жер шарының өзге тұрғындарымен салыстырғанда теңізге тамған тамшыдай болғанмен, оның өзіндік алар орны, өсіп-өнуі, даму бағыты, ұлы мұраты бар.
Санақ ұлттардың санын анықтау үшін емес, жалпы тұрғындардың тұрмыстық деңгейін, өмір сүру ортасын, білімін, денсаулығын, жұмыс істеу қабілетін тексеруге де септігін тигізеді.

АВТОБАН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­ 20 қарашада Қазақстандағы алғашқы «Астана – Бурабай» бағытындағы автобан құрылысының аяқталуына арналған салтанатты рәсімге қатысты. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша салынған жаңа жол автокөліктің сағатына 150 шақырым жылдамдықпен жүруіне есептелінген. Жобаның жалпы құны 114,4 миллиард теңгені құрады. Құрылыс барысында бір жарым мыңға жуық техника және 3,5 мыңнан астам адам жұмысқа тартылды, 5 бетон шығарушы, 11 асфальтбетон зауыты және 20 уатқыш құрылғы жұмылдырылды.
Бүгінде «Астана – Бурабай» автожолында жол қауіпсіздігін және ауа райы барысын қадағалау үшін автоматты режимде болатын осы заманғы интеллектуалдық-электронды жүйе енгізілді.

АТАТҮРІККЕ ЗОР ҚҰРМЕТ

Қазан айында елордада Түрік республикасының негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші ашылды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі үздік эскиздік жобаға конкурс жариялап, нәтижесінде мүсінші Бақытжан Әбішев жеңімпаз атанды. Түрік көшбасшысының мүсіні қола мен граниттен құйылды. Оның биіктігі – 4,4 метр, салмағы 5,5 тонна тартады. Монумент Есіл өзенінің жағасындағы гүлбақта, «Қараөткел» көпірінің төңірегінде орналасты.
Бұл ескерткіш түбі бір бауырлас елдердің ынтымағын одан әрі нығайта түсті. Бұған дейін Түркияның орталығы Анкарада Абайдың, ­Мұхтар Әуезовтің және Мағжан ­Жұмабаевтың ескерткіштері бой көтерді.

ҚАРЖЫ СЕКТОРЫ ҚАЛЫПҚА ТҮСТІ

Дағдарысқа қарсы жаппай жұмыссыздықты болдырмау мақсатындағы «Жол картасы» 2009 жылы өзінің тиімділігін танытты. Ресми мәліметтер бо­йынша «Жол картасын» жүзеге асыруға сол жылы респуб­ликалық және жергілікті бюджеттерден 191,5 млрд теңге бөлініпті. Нәтижесінде Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайызды құрады. Қазақстанмен іргелес жатқан көрші елдерді айтпай-ақ, экономикасы дамыған Еуропаның өзі жұмыссыздықтың зардабын тартып жатқан тұста біздегі көрсеткіштер көңіл қуантты. 2009 жыл көп қауіп күтілген Қазақстанның қаржы секторы тұрақтандырылған жыл болды деп айтуға толық негіз бар. Жыл басындағы торыққан болжамдардың барлығы теріске шығып, банк секторы дефолтқа ұшыраған жоқ. Керісінше, қиын-қыстау кезеңде мемлекет қолдауының арқасында Қазақстанның банк секторы әлемдік қаржы дағдарысының қысымына лайықты төтеп берді.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды