2008 жыл

0 34

4 қаңтар – елордада «Сарыарқа» деп аталатын алғашқы сауда, ойын-сауық орталығы ашылды.
17 қаңтар – Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанға этникалық отандастарымыздың көшіп келу квотасы туралы» Жарлығы шықты.
30 қаңтар – Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының форумында аталмыш халықаралық бағдарламаны жаңғыртуды ұсынды.
2 сәуір – Алматыдағы «Медеу» спорт кешенінде «Бейжің-2008» Олимпиадалық алауы эстафетасы басталды. Эстафетаны Елбасы Н.Назарбаев бастады.
16 сәуір – Бішкек-Астана-Бішкек бағытындағы әуе жолы ашылды.
6 мамыр – Президент Жарлығымен «Астананың 10 жылдығы» медалі тағайындалды.
25 маусым – «Қазақстан Респуб­ликасының мерекелер туралы» заңына толықтыру енгізілді. 6 шілде – Елорда күні болып бекітілді.
1 шілде – елордадағы Ақбұлақ арнасының бойына Жамбыл Жабаев ескерткіші қойылды.
2 шілде – Астанадағы ­Б.Момышұлы даңғылы бойына даңқты қолбасшы ескерт­кіші қойылды.
3 шілде – Астананың он жылдығы аясында елордада Ақтөбе облысы сыйға тартқан «Әлия» мемориалдық кешені, Қызылорда облысының тартуы – «Қорқыт қобызы» мүсін композициясы ашылды.
6 шілде – Астана күні мерекесі 10-рет аталып өтілді. Бұл шараға Ресей Президенті Д.Медведев, Түркия Президенті Абдулла Гүл және басқа да көршілес мемлекеттердің басшылары қатысты.
29 тамыз – Астанада «Appie City Food» ет өңдеу зауыты іске қосылды. Күніне 15 тонна ет өндіре алатын бұл зауыт еуропалық одақ стандарттарына сай өнім өндіре бас­тады.
5 қазан – АҚШ Мемлекеттік хатшысы ­Кандолиза Райс Қазақ­станға ресми сапармен келді.
14 қараша – Ақтөбеде Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» кітабының кейіпкерлеріне ескерт­кіш қойылды.
2 желтоқсан – 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы бекітілді.
4 желтоқсан – «Астана» кәсіпқой велоклубының шабандозы әлемдегі ең үздік велосипедшіге берілетін «Алтын велосипед» сыйлығына ие болды. Ол ­Альберто Контадорға бұйырды.

2008 жылы халықаралық деңгейдегі Қазақстанның жетістіктері аз болмады. Ел аумағында да ақжолтай жаңалықтар көп болды. Сол жылы елорда өзінің 10 жылдығын атап өтіп, еліміздің мерекелер тізімі Астана күнімен толықты. Бас қаламызда жаңа аудан құрылды. Бейжің Олимпиадасында спортшыларымыз үздік отыздыққа еніп, айды аспанға шығарды. Төменде сол жылғы еліміз бен елорданың абыройын асқақтатқан негізгі жаңалықтарды жинақтадық.

АСТАНА КҮНІ МЕН ЖАҢА ГЕРБ

25 маусымда «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, 6 шілде Астана күні болып бекітілді. Содан бастап жыл сайын осы күні бас қала мерекесі аталып келе жатыр.
Күнтізбеде «қызыл күн», яғни демалыс болып белгіленген бұл күні түрлі мерекелік шаралар өткізіледі. Сол жылы 10 жылдығын атап өткен Астана гербін өзгертті. Жаңа гербті қалалық мәслихат депутаттары 5 маусымда өткен отырыста бекітті. Елорданың басты символы – Бәйтерек пен қазақ халқында қастерлі – шаңырақ, самұрық құстың бейнелерінің қосындысынан жасалған герб авторларының бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

УКРАИНАНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖЫЛЫ

Жыл басында қос мемлекеттің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Виктор Ющенконың қатысуымен елордада Украинаның Қазақстандағы жылы ашылды.
Атаулы шара екі ел кәсіпкерлерінің бас қосуымен өткен бизнес-форумға ұлас­ты. Жыл ішінде Қазақстан мен Украина жас журналис­тері мен БАҚ өкілдерінің ақпараттық форумы, ғарыш мәселелері жөніндегі ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Украинаға Қазақстан астанасының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Киев және Нұр-Сұлтан қалаларының өнеркәсіптік және туризм жетістіктеріне арналған бірлескен көрме өтті. Қазақстан өңірлерінде Украина жылының аясында бірқатар шаралар ұйымдастырылды.

«ЖОЛ КАРТАСЫ» ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Президенттің тапсырмасы бойынша дағдарысқа «Жол картасы» бағдарламасы қабылданып, жұмыссыздық пен қымбат­шылыққа тос­қауыл болар тетік қосылды.
Билік жұмыссыздар санын уақытша жұмыс орындарын құру арқылы шешіп, индустриялы жобаларды енгізу арқылы жаңа жұмыс орындарын жеделдетіп ашуға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Қаржылық саясатты тұрақтандыру мақсатында екінші деңгейлі банктерге көмек жасалды. Президент шұғыл шешім қабылдап, осы уақытқа дейін жеке дара қызмет істеп келген мемлекеттік екі холдингті біріктіріп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын құрды.

ЕНДІ ЕСІЛ АУДАНЫ БАР

Астанада жаңадан Есіл ауданы құрылды.
Жаңа ауданға Пригородный, Комсомол, ­Заречный, Ильинка, Тельман кенттері кірді. Әлбетте, қалың қараға бір шөміштен су ішкеннен екі шөміштен су ішкен тиімдірек. Бұрынғы екі ауданның әкімшілігіне бөлінген жүк енді үш ауданға жүктелді. Мемлекеттік қызметте жаңа вакансиялар пайда болып, қарапайым халыққа қызмет көрсететіндер көбейді.
Ауданның сол кездегі жалпы аумағы 31,2 мың гектар болса, халқының саны 180 мыңды құрады. Ал бүгінде 2018 жылдың 1 сәуірдегі дерек бойынша аудан тұрғындары 198124 адамға жетті.

БЕЙЖІҢДЕ ОЛЖА САЛҒАНДАР

2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада үлкен спорт әлеміндегі маңызды оқиғаға айналды. Қазақстандық спортшылар бұл сында 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте 205 мемлекет ішінде 29-орынға тұрақтады. Алтынды зілтемірші Илья Ильин мен боксшы Бақыт Сәрсекбаев, күмісті жеңіл атлетші Ольга Рыпакова, балуандар Асхат Жіткеев пен Нұрбақыт Теңізбаев, қоланы балуандар Елена Шалыгина мен Марид Муталимов, боксшы Еркебұлан Шыналиев, таэквондошы Арман Шілманов иеленді.

ЕЛОРДАҒА ТАРТУ – ЕСКЕРТКІШТЕР

Астананың он жылдығына өңірлер тарту жасады. Ақтөбе облысы – Әлия Молдағұлованың, Алматы облысы – Жамбыл Жабаевтың, Жамбыл облысы – Бауыржан Момышұлының ескерткіштерін, Қызылорда облысы «Қорқыт қобыз» мүсін композициясын елордаға сыйлады.
Қазақтың қаһарман қызының ескерткіші Жеңіс даңғылы мен Әлия Молдағұлова көшесінің қиылысында бой көтерді. Биіктігі – 3,8 метр, қоладан құйылған ескерткіштің авторы – мүсінші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ескен ­Сергебаев. Сондай-ақ ескерткішті жобалауға мүсінші ­Б.Әбішев, архитекторлар ­В.Кацев пен Е.Айнабеков қатыс­ты. Жыр алыбының ескерткіші
Ж.Тәшенов көшесіне орнатылды. 12 метрлік ескерткіштің авторлары – мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Қазыбек Жарылғапов. Ал батыр Бауыр­жан­­ның ескерткіші батыр атымен аталатын даңғыл мен А.Тоқпанов көшесі қиылысына қойылды. Мүсіншілер ­Темірхан Қолжігіт пен Бақытжан ­Сыздықовтың қолынан шыққан туындының жалпы биіктігі – 8,5 метр. Ал «Қорқыт қобыз» композициясы Уәлиханов пен Омаров көшелері қиылысында орын тепті.

САМҰРЫҒЫ САМҒАҒАН

Еліміздің бойтұмары іспетті «Қазақ елі» монументі Астананың он жылдық мерей­тойы қарсаңында ашылды. Мәдениет үшін де, идеология үшін де, тарих үшін де мәні зор ескерткішті Елбасының өзі ашты. Ашылу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев: «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» деген атадан қалған ұлағатты сөз бар. Тарихын ұлықтамаған, барын бағаламаған жұрттың бағы жанып, жоғы түгенделмейді. Бүгінгідей кең-байтақ жері, киелі төрі бар қазақ – шын мәнінде жұлдызы жанған бақытты халық» деді.
Монумент авторлары ­Сәрсенбек Жүнісов пен ­Жаңбыршы Нүркенов болғанмен, идея авторы – Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі.
Тарихи-мемориалдық кешеннің жалпы аумағы – 5,2 гектар, соның монумент орналасқан орталық тұғырнамасы 1 гектар жерді алып жатыр. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі – 91 метр. Ал оның басындағы алтын түстес бояу­мен әрленген алып құс – Самұрық Қазақстанның тыныштығын «күзетіп» тұр. Сыртқы бөлігіндегі 28 колоннадан тұратын «Қазақ елі» монументінің жалпы ұзындығы 120 метрлік доға пішіндес ақ колоннада орнатылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =