2007 жыл

0 41

«Астана хабары» газетінің осы жылы кеңінен насихаттаған оқылымды дүниелерінің дені еліміздің мәдени мұрасы, құндылықтары мен Алаш тарихына қатысты болып, көптеп орын берген. Оның да үлкен себебі бар. Осы жылы астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында үш жылға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің қорытынды отырысы өтті. Жиынға қатысқан Елбасы 2007-2009 жылдарға арналған салалық бағдарлама жасап, жүзеге асыруды тапсырды. Газет тілшілері ел тарихындағы, ұлттық тағдырымызда айрықша орын алатын әлеуметтік жобаның ел рухының көтеріліп, ұлт жадының жаңғыруына септігін тигізетін құбылыстардың біріне айналғанын айтып жазды.

Елорда тарихының өткені мен бүгіні

«Астана тарихын Ақмола бекінісінің салынуымен есептеу қате. Одан да ілгері замандарда бұл өңірде шағын қалалар болған, диханшылық дамыған. Алғаш Қазақ хандығы құрылған ХV ғасырларда осы өлкенің әкімшілік билігі туралы Есіл өңірі Сібір аймағының оңтүстік бөлігі ретінде орыстың жылнамаларында жазылған. Кейін Алтын орда мемлекеті құлағаннан кейін бұл жерлер Түмен (Тюмень) хандығының құрамына енген. Сібір хандығының астанасы Шыңғыс Тұра қазіргі Тюмень қаласы болатын. 1429-1445 жылдары Шыңғыс Тұра қаласын Әбілхайыр хан астана етіп, соңынан Сығанақ қаласына көшірген. 1563 жылдары Сібір хандығының билігі Жәдігердің қолына өтті, одан соң 1569 жылы Көшім хан отырды» деп тарқатады әуесқой зерттеуші, қаланың байырғы тұрғыны, статистика саласының қызметкері Жеңіс Кәрібаев.

Астананың алғашқы мектебі

Қаламыз астана мәртебесіне ие болғанға дейін осында жалғыз қазақ мектебі болды. Ол – бүгінгі Жамбыл Жабаев атындағы №4 қазақ мектеп-гимназия­сы. Бұл мектептің құрылғанына 2007 жылда бір ғасыр толыпты. Осында Сәкен Сейфуллин сабақ берген, інісі Мәжит оқыған. Мектеп 1907 жылы қалалық мешіттің жанынан ашылып, ­медресе қызметін атқарыпты. Осында діни дәріспен бірге араб тілін үйретіпті. 1909 жылы Қазан қаласынан оқу бітірген Ғалымжан Құрмашев деген ұстаз келіп мектеп бағдарламасына жаңадан арифметика, жаратылыстану, ана тілі пәндерін енгізген. 1911 жылы қала халқы ортасынан қаржы шығарып, ағаштан арнайы мектеп үйін тұрғызыпты. Осы ғимарат әлі күнге дейін бұзылмай сақталып тұр. Қазіргі Отырар көшесінің бойында орналасқан ескі ағаш үй – осы ескі мектеп. 1918 жылы Ақмола қаласын Колчактың әскері басып алғанда мектеп ғимаратын госпитальға айналдырып, үстел мен парталарды отқа жағып жіберген көрінеді. Мектеп ұстазы Ғалымжан Құрмашевті ақтар қамауға алыпты. Ұстазды жергілікті халық арызданып жүріп, абақтыдан босатып алған екен. Кешікпей 1919 жылдың күзінде Ақмолада Кеңес өкіметі орнап, мектеп жұмысын жандандырып, 1939 жылдарға дейін басқарған. Мектеп жанына ауыл мектептері үшін мұғалімдер дайындайтын қысқа мерзімді курстар ашқан. 1930 жылы жеті жылдық білім беретін орта оқу орнына айналады. 1940 жылы мектепке Жамбыл Жабаевтың есімі беріліпті. 1983-84 жылдары мектепке жабылып қалу қаупі төнген. Себебі қазақ мектебінде оқитын бала саны азайған. Осындай алмағайып, қиын күндері мектеп ұстаздары мен ұлтжанды азаматтар үй-үйді аралап жүріп оқушылар жинап, мектепті жабылудан аман алып қалыпты.Шортанбай, Дулат пенен Мұрат ақын

«Астананың үш көшесі осы ұлы тұлғаларымыздың атымен аталса екен, тіпті мектептердің атын берсек те артық емес. Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы және Мұрат Мөңкеұлы есімдерін білмейтіндер де бар. Оларға өкпелеудің жөні жоқ. Олар шыңыраудан шыққан Шортанбай түгіл, рухани әлемімізде асқақтап тұрған Абайды да жөндеп танымайды. Жұрттың жоғарыда аталған атақты үш ақынды мүлде білмеген кезі болған. Ол тұста бұларды білгеннен гөрі білмеген әлдеқайда тиімді еді. Енді бүгін мақалаларымызда тықпалаймыз. Бірақ әлі жеткілікті дәрежеде құрметтей алмай жатырмыз. Қаламызда неше түрлі кездейсоқ кісілердің атын иеленген көшелер әлі бар. Айтсаң ауыздың жібі шешіліп кетеді. Ауыздың жібі шешілген соң бітті. Көшелі кісілерден көшені аяймыз ба? Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы және Мұрат Мөңкеұлы – үшеуі қазақ әдебиетінің ұлы ақындары, руханият әлемінің теңдесі жоқ тұлғалары емес пе?!» деп жазады сол кездің оқырмандары.

«Тобыл ойшылы» неге Ресей мұрасы болып жүр?

Бұл ерте туып, кеш қалған не жаңалық? Айтайық! Бұл – «Тобыл ойшылы». Жанды емес, тастан жасалған адамның бейнесі. Жалпы тұрқы 20 см-ден сәл асатын, салмағы 4 кило тас мүсін. Жасалған уақыты – атам заман, яки біздің дәуірімізге дейінгі 3000-4000 жыл бұрын. 1877 жылы Қостанайға таяу «Мичурин» кеңшарының В.Елесеев деген механизаторы Тобылдың оң жағасында жер жыртып жүріп осы баға жетпес мұраның үстінен шыққан ғой. Аршып тазалап қарағанда, жай тас емес – нобайы келіскен, екі қолын алдыңғы екі аяғының үстіне қойып, жоғарыға тесіле қараған, маңдайы шығыңқы, мұрны қоңқақ, иегі елеулі, ерні жұқалау, аузы жабулы, көзі ашық адамның мүсіні болып шыққан. Ол мүсіннің түпұсқасы, Қазақстанның бағына қарай, басқа жаққа әкетілмей, елде қалған. Қазір Қостанайдың облыс­тық музейінде тұр.
Ал енді өкінішті жеріне келейік. Осы тас мүсіннің Қостанай музейіне қойылуына себепші болған челябілік археолог-ғалым Г.Зданович бүгінде нарықтық деңгейде пысықтық танытып, өзі тұрған қаладан «Тобыл ойшылының» тура кейпіндегі кәдесый шығаруды жолға қойып алған. Сондай-ақ мұны Арқайымның мұрасы дегеннен жазбай келеді. Қос­танай облыстық музейінің басшылығы: «Здановичтің бұл әрекеті дұрыс емес. Ол ғылымның нағыз жолында жүрсе, жарнама мен сувенирге иек артар ма еді? Бізден көшірмесін алғанда, осылай жасаймын деген жоқ, ғылымыма керек деді. Бірақ жағдай басқаша болып шықты» дейді.
Қара шаңырағын атамекенге әкелген

Базылхан Бұхатұлы – алтай, түркі, моңғолтану ғылымна зор үлес қосқан ғалым. 1965 жылдан бастап Моңғолияның жоғары оқу орындарында 30 жыл үзбей дәріс оқыды. «Астана хабары» газетінің тілшісі Бекен Қайратұлымен болған сұхбаттан қысқаша үзінді.
– Моңғолия академиясы сізді не себептен босатты?
– Кеткен себебім, қыспақ көрсетіп болмады. Алдында моңғол-қазақ түбір сөздерінің 40 мың сөзден тұратын сөздігін жасаған едім. Осындағы түбір сөздер бірдей келіп тұр. Моңғол тілінің түп төркіні қазақ тілі құрамынан шыққан деген ой түйдім. Әрі онымды ашық айта бастадым. Содан моңғолдар жақтырмады.
– Ақыры ақиқат іздеп Алматыға кетпедіңіз бе?
– Алматыға келдім, Ісмет Кеңесбаев деген тілші-­ғалымға келіп жағдайымды айттым. Ол кісі «Саған шақыру қағазын берейік, барлық жұмысыңды алып үш айға іссапарға кел» деді. Сөйтіп жүргенде Қазақстанға ел көше бастады. Мен де көштен қалмайын, кетейін деп ойладым. Тура сол тұста Моңғолияның жолаушылар тасымалдайтын әуе компаниясы «Боинг» ұшағын сатып алды. Менің бір балам сол компанияда жұмыс істейтін. Соған айттым: «Сен бастықтарыңа айтсаңшы, сатып алған ұшақтарын Орта Азияға, соның ішінде Қазақстанға ұшырсын». Ондағы ойым алда-жалда Алматыға ұшатын боп жатса, қатын-баламды отырғызып, жетіп алмақпын ғой. Құдай сәтін салып, әлгі «Боинг» алғашқы сапарын Алматыдан бастайтын болғаны. Бір көлік жалдап алдым да бала-шағаны ертіп алып, онымен қоймай, сегіз қанат киіз үйімді – шаңырақ, кереге, уық, үзік, туырлық, ­диаметрі 8 метр еден тақтайымен қоса бәрін тиеп алып, Алматыға топ ете қалдым.
– 6-7 метр уық ұшаққа қайтып сыйды?
– Ойбой, ұшақтың іші кең сарай екен ғой. Бір жақ бұрышына сыйды да кетті. Үйдің киіздерін бүктеп-бүктеп ортасына үйіп қойдық. Осылай қарағым, мен қа­сиетті қазақтың қара шаңырағын атамекенге әкелген адаммын.

Генерал Корнилов кім?

Әйгілі жазушы Алексей Толстойдың «Азапты сапар» трилогиясында Корниловтың контрреволюциялық әрекеттері туралы әдемі бяандалады. Әдебиет әлемінен ойып алар орны бар осынау кесек туындының кейбір тұстарында Лавр Георгиевичтің қалмақ пішіндес бет-бейнесі жөнінде айтылады. Сөйтсек… Иә, орыс тарихындағы бұл орасан тұлға қазаққа бөтен болмай шықты. Жат жұрттық «жаман» қызымыз­дан туған жиеніміз екен. Ең сүйсінерлігі сол, суретіне қарасаң қыр жайлап, қиыр қонған қиық көзді нағашыларының аузынан түскендей. Аумаған азиат. Екі тілді тел емген Лавр жастайынан нағашы жұртын жағалады. Омбыдағы кадет корпусын бітіреді. Отыз жасында қазақшамен қатар, парсы, татар, түрікмен, ағылшын, француз және неміс тілдерінде еркін сөйлейтін жағдайға жетті. Осының арқасында ол кәсіби барлаушыға айналып, шекара сыртына сапар шегетін. Атап айтқанда, Персия­ға, Үндістанға және Қытайға жасырын барып қайтты. Бұл кезде Азияға ықпал аяғын кеңейту үшін Ресей мен ­Англия арасында бәсеке жүріп жатқан болатын. Шашын тықырлата алдырып, үстіне өзбектің ала шапанын киген барлаушы Ауғанстан асып, Қашқарияны аралады. 1904 жылы Л.Корнилов Түркістандағы әскери қызметін аяқтап, Санкт-Петербургке Бас штабқа ауысады. Одан кейінгі соғыс пен төңкеріс өрті шарпыған, ақ қашып, қызыл қуған кезеңдегі тағдырына тоқталмайын. Корнилов дәл қасына түсіп, жарылған зеңбіректің оғынан қапияда қаза табады. Сұмдық мұнымен бітпейді, қызылдар марқұмның мүрдесін қазып алып, әбден қорлауға салады. Ақырында айдалаға апарып, сау-тамтығы қалмаған жансыз денені көзі қанталаған коммунистер отқа жағып жібереді.Арба айдаған ағайын

Бесіктен белі шықпастан қабырғасы қайысып, қара жұмысқа жегілген қазақ баласын көргенде «әлі талай уақыт тағдырыңды тәшкемен тоғыстырасың ба?» деген сұрақ туады көкейде.
Арбакештерді «тәрбиелеп» жатқан мекен – қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдар. Бұл да ащы болса айтатын шындық. «Ауруын жасырған қашанда ажалынан бұрын өлмей ме, қалаға келген қазақ ауылының қара домалақтары қара базарда қара жұмысқа жалданудан әрі аса алмай жүр.
Кезінде шөл-шөлейтті шалғайға мал бағуға тық­сырылған қазақ ауылда­ры көнтері көнбіс тірлікке әбден мойынсұнып ал­ған тәрізді. Сол шақтардағы салқын саясаттың суы­ғы­нан жабысқан дерт бүгінге дейін опық жегізіп отырғаны жасырын емес. Ауылдық жерлерде кә­сіптік-техникалық училищенің ашылмауы, мектептерде «еңбекке баулу» деген пән­нің жеткілікті дәрежеде оқытылмауы қайыс керіп, қамшы өріп өскен қазақ баласының мүмкіндігін шектегені рас. Бұл мәселелерді шешуді жеделдетпесе, қоғам қажетіне сай кадрларды даярлау ісін мықтап қолға алмаса, арба итерген қазақтардың әлі талайын көретін боламыз» дейді Еркебұлан Ерғалиев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − three =