2007 жыл

0 106

12 қаңтар – елімізде Үкімет ауысып, жаңа Үкімет жасақталды. 12 қаңтарда Министр­лер кабинетінің алғашқы отырысы өтті.
10 ақпан – Астанада «Sanasoft» компаниясы жасаған қазақ тілін дербес компьютерде кешенді қолдану бағдарламасының тұсауы кесілді.
13 ақпан – Елбасы Н.Назарбаев
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңесте үш жылға арналған жұмыстың қорытындысын шығарды.
20 наурыз – «Би-би-си» арнасының Астана туралы түсірген «Арман» атты фильмі ағылшын тілінде әлем елдеріне таралды.
26 сәуір – Астанада ашылған ең алғашқы №4 қазақ мектебіне 100 жыл толды.
10 мамыр – Ресей Федерациясының Президенті В.Путин ресми сапармен Астанаға келді. Қазақстан мен Ресей басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді.
27 шілде – «Қазақстан Респуб­ликасының Білім туралы» заңы қабылданды.
18 тамыз – Төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы Конституцияға мамыр айында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес тұңғыш рет партиялық тізім бойынша өтті.
4 қыркүйек – Астананың Оңтүстік-шығыс ауданында халықаралық қазақ-түрік лицейі ашылды.
20 қыркүйек – Астанада «Ға­шықтар» саябағында Еуроодақ аллеясы ашылды.
24 қыркүйек – Елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 62-ші сессиясында сөз сөйледі.
16 қазан – 2008-2010 жылдарға арналған «Жасыл ел» бағдарламасы бекітілді.
25 қазан – Елбасы
Н.Назарбаевтың қатысуымен Астанада MEGA сауда-ойын-сауық орталығы ашылды.
6 қараша – «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру ресми басталды. Бағдарламаға жалпы құны 60 млрд долларды құрайтын 97 жоба енді.
16 қараша – Испания астанасы Мадридте өткен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің отырысында Қазақстанның 2010-шы жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі бірауыздан қолдау тапты.

Тәуелсіздіктің 16-жылында ел экономикасының тұрақтылығы сыннан өтті. Жылдың басынан жаңа Үкімет жасақталып,мемлекеттің жылдық даму жоспары анықталды. Бұл жыл еліміз үшін халықаралық дәрежедегі табыстарымен де ерекше болды. Қазақстан өркендеген және бәсекеге қабілетті мемлекет құру жолында алға жылжыды. Елбасының тікелей бастамасымен Ата заңға Қазақстанның бұдан былайғы даму бағытын нақты айқындап берген түзетулер енгізіліп, 2007-ші жыл Қазақстан демократиясы үшін тарихи жыл болды.

«Астана жұлдызы» көз тартады

Әуежайдан қалаға өтетін жолдағы автомобиль жолайрығында «Астана жұлдызы» монументі ашылды. Монументтің салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатыс­ты. Монументтің жобасы Қа­зақстанда жасалды. 40 метрлік стеланың төменгі бөлігінде орналасқан әдемі тұлпарлар ерекше көрініс береді. Осы монумент – Астана дамуының символы. Монументтің жан-жағын гүл көмкерген биік тұ­ғырға алтын түстес үш қыр­­лы стела қондырылған. Сте­ланың тұғырынан сана­ғандағы биіктігі – 24 метр, ал үстіндегі жұлдызымен қоса санағанда 31,5 метрге жуық. Ең ғажабы, осы стеланың әр қырында аспанға атылып, ар­қырап тұрған қанатты пы­рақтар орнатылған. Олардың қанаттары алтынмен апталған қоладан жасалды. Әрбір аттың салмағы – 5 тонна, биіктігі – 7 метрден. Стеланың ұшар басындағы жұлдыз да алтынмен апталған, атауы – «Жел бәйшешегі», оның диаметрі – 9 метр. Ертедегі халықтардың түсінігі бойынша жерде қанатты пырақтар пайда болғанда жамандық кетіп, жақсылық орнайды, жасампаздық жұлдызы жанады екен. Монументтің авторлары – сәулетші
С.Бөкебай, мүсінші – А.Нартов.

«Қазанатта» қызық көп

Елорданың мерейтойына тамаша тарту жасалды. Сол жағалауда Қабанбай батыр даңғылының бойында әлемдік кластағы «Қазанат» атшабары ашылды.
Мемлекет басшысы салтанатты ашылуына қатысып, символдық қоңырауын соқты. Сол күні «Замана желімен жа­рысқан «Қазанат» атты ал­ғашқы ат спортының мерекесі өткізілді. Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан еуропалық үлгідегі ипподром 2600 көрерменге ар­налған. Оның ат жарысы өт­кізілетін алаңының ұзын­дығы – 1800 метр, ал жарыс алаңының ұзындығы – 1600 метр. Жарысқа қа­ты­сушылар мен жарыс аттарын жарақаттанудан сақтау үшін алаңға зақымдануға қарсы қорғаныш орнатылған. Ипподром көкпар мен басқа да ұлттық ат ойындарын өткізетін қосымша алаңмен жабдықталған.

Бөгенбай батыр тұғырға қонды

Астана күні қарсаңында елордадағы Сарыарқа мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында қазақ халқының даңқты қолбасшыларының бірі, жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресін ұйымдастырушы, Абылай хан заманындағы атақты тұлға – Бөгенбай батырдың ескерт­кіші ашылды.
Қала күніне орайластырылған салтанатты шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Парламент Сенатының депутаты Өмірбек Байгелді және Кәкімбек Салықов, Алдан Смайылов, Мырзатай Жолдасбеков сынды қаламгерлер қатысып, сөз сөйледі. Қара көк граниттен жасалған ескерткіштің жалпы биіктігі – 11,3 метр. Ескерткіштің авторы – мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Тоқтар Ермеков.

Көне астаналар қатар жайғасты

Наурыз айында №1 көше Тәуелсіздік кө­шесі болып аталса, №2 көшеге халықтар ара­сындағы достық пен ынтымақтастықтың нышаны ретінде «Достық» атауы берілді.

Бұдан былай №12 көше Алтын Орда астанасының құрметіне орай Сарайшық деп аталады. №19А, 33, 35 реттік нөмірлерімен аталған көшелер еліміздің бұрынғы астанасы болған Алматы, Ақмешіт және Орынбор көшелеріне ауысты. Ал №19 көшеге ІХ ғасырда қаланған Сығанақ қаласының атын берді. Ономастикалық комиссияның шешімі бойынша №34 көше – Түр­кістан, №78 көше Ақ Орданың астанасы болған Сауран деп аталатын болды.

Бүкіл әлем жоғары баға берді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 25 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясына қатысып, сөз сөйледі.
Бейбітшілік пен қауіп­сіздікті нығайтуға байланысты баяндама жасаған Н.Назарбаев «Қазақстан халқы атомдық жарылыстар салдарының бүкіл қасіретін өз басынан өткерген. Семей ядролық полигонында 456 рет жарылыс жасалған. Сондықтан тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның бірінші тарихи шешімі Семей ядролық полигонын жабу болды. Соның артынша әлемдегі қуаты бойынша 4-ші ядролық арсеналдан бас тарту және оның инфрақұрылымдарын жою жүзеге асты» деп атап өтті биік мінберден Елбасы.
Ядролық қаруды өз еркімен жойған бірінші ел – Қазақстан болды. Тарихта бұған дейін мұндай ізгілік қарекеті болған жоқ. Қазақстанның бұл әрекетіне бүкіл әлем жоғары баға берді.

Ата заңдағы өзгерістер

Елбасының тікелей бастамасымен Ата заңға Қазақстанның бұдан былайғы даму бағытын нақты айқындап берген түзетулер енгізіліп, 2007 жыл Қазақстан демократиясы үшін тарихи жыл болды.
Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұрынғы Ата заңымыз бойынша Мемлекет басшысының құзырында болып келген бірқатар өкілеттіктер Парламентке беріліп, заң шығарушы органның өкілеттілігі кеңейді. Іс жүзінде Қазақстан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшті. 21 мамырда Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Президенттік басқару мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды. Парламент депутаттарының саны 154-ке жетті. Жергілікті жерлердегі мәслихаттардың рөлі күшейтіліп, өзін-өзі басқару түбегейлі өзгертілді, сот билігі тармағының тәуелсіздігі нығайды, азаматтық қоғамды дамытуға айрықша назар аударылды. Бұл жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2000-нан аса құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде 127 Заң, 274 Жарлық, 91 Өкім, әртүрлі мәжілістердің 10 хаттамасы, 1400-дей сараптамалық және ақпараттық-анықтамалық құжаттар, 150-ден аса азаматтардың өтініштері бар.

100 мектеп пен 100 аурухана салынады

Үкімет әкімшілік реформаны жалғастыру, бюджеттік жоспарлау мен бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, өңірлерді дамыту, бәсекелестікті қорғау мен дамыту, тұрғын үй құрылысын дамыту, инфрақұрылымды басқару жүйесін жетілдіру, аграрлық саланы дамыту, мемлекеттік тілді дамыту сынды сегіз бағыт бойынша жұмыс істеді.
Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, республикамызда үш жылдың ішінде салынуы тиіс 100 мектеп пен 100 аурухананың алғашқыларының іргетасын қалау жұмыстары да осы жылы бас­талып кетті. Республика бойынша 65 мектеп ашылды. Елдегі орташа айлық көлемі 51 мың теңгеге, дүниеге келген әр сәбиге берілетін жәрдемақы 35 мың теңгеге жетті.

Үш зауыт – үлкен тірек

5 шілде күні Мемлекет басшысы Нұр­­сұлтан Назарбаев Астана қаласы индустриялық паркі аумағында салынатын үш зауыт құрылысының іргетасына капсула қойып, серпінді жобаның тұсауын кесті.
Бүгінде Астананың индус­триалды паркінің аймағын­да, яғни «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық ай­мағында 21 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ локомотив жинайтын зауыт (Қазақстан–Ресей), «АБК «Мақсат» ЖШС темірбетон бұйымдарды дайындайтын зауыт, «Темiр Сервис Астана» ЖШС теміржол жолдарының құрылысы бойынша инфрақұрылымдық жобасы, «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолау­шылар вагонын шығаратын зауыт (Қазақстан–Испания), «Тау Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауыты және тағы басқалары бар.
Мұнда отандық және шетелдік инвес­торларды тар­ту үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған.

Парсы шығанағына бастайтын жол

2007 жылы Қазақстан, Түркіменстан және Иран мемлекеттерінің мемлекет басшылары «Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» теміржол желісі жобасын жүзеге асыру туралы Декларация және Үкіметаралық келісімге қол қойды.
Бұл жол құрылысы Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізінің 600 шақырымға дейін қысқарған баламалы бағытын құруға мүмкіндік берді. Аталған жобада Қазақстан аумағы арқылы өтетін желінің ұзындығы – 146 шақырым. Қазақстан мен Түркіменстан арасында тікелей теміржол қатынасын орнататын жаңа жол жүктің жеткізілу, соның ішінде транзиттеу, ал болашақта жолаушылар үшін жол қатынасы мерзімін қысқартады. Қазақстан-Түркіменстан теміржолы – Парсы шығанағы аймағына шығуды қамтамасыз ететін теміржол дәлізінің негізгі бөлігі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 1 =