2006 жыл

0 19

Осы жылы Қазақстанға енген шетелдік инвестиция көлемі 100 ­миллиард доллардан асып жығылғаны бұқаралық ақпараттар ағынында көрініс тапты. Елордада халықаралық деңгейде түрлі шаралар өтіп жатты. Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезі елордада қайта жалғасып, Қазақстанның діни кеңпейілдігін әлемдік өркениет мойындай түсті. Әлемнің дәстүрлі діндер басшылары Астанада екінші рет бас қосты. Олар жер жүзінің барлық адамдарына бейбітшілік, қайырымдылық және келісім мұраттарын таратушы мемлекеттің астанасы ретінде Қазақстанның жаңа астанасына бата берді. Бұл жолы да әлемдегі соғыстар, апаттар мен сілкіністер таусылмай тұрғанда, Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы дәстүрлі дін өкілдерінің кездесетін жеріне айналды.

Гүлің болып егілемін…

2006 жылдың қаңтарында мемлекетіміздің жаңа әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған, композитор Ш.Қалдаяқовтың 1950 жылдары дүниеге келген «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Президент Н.Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады. Сондықтан да Әнұранның заңды авторларының бірі – Н.Ә.Назарбаев. Бұл туралы газетімізде «Бұл – халқымызды патриоттыққа бастайтын ұлт идеясының ұлағаты» деп жазылды.
«Қазақстан студенттері альянсының ұйымдастыруымен еліміздің барлық қалаларында бір мезгілде 200 мыңнан аса жастардың қатысуымен республикамыздың әнұраны шырқалды. Бұл ­патриоттық шараға Астанадан 10 мыңнан астам студенттер мен жастар қатысты» деп жазады «Астана хабары» тілшісі Төлеубай Ілдебаев.

Бірде олақ, бірде шолақ

Күләш Байсейітова атындағы опера және балет ­театрында «Тіл және тәуелсіздік» деп аталатын конференция өтті. Газет бетінде сол жиында сөз алған сенатор Әбіш Кекілбаевтың сөзін түгел жариялаған екен.
«Тіл деген – тіл байланғанша айтуға тұратын тақырып. Бәлкім, біздің халқымыз көбіне басшыға құрайтын, алғы жақта келе жатқан кісі қалпағын сілтемей тұрып көштің басын тоқтатпайтын елміз. Биылғы жылдың ең басты оқиғасы, осы халық жиырма жыл бойы айтылып келе жатқан әңгімеге Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың әлденеше назар аударып, енді осы мәселені қолға алу керек деген пәтуасы болған секілді. Бірақ тілдің мәселесін бір кісі айтып тауыса алмайды. Оның мәселесін бір кісі шешіп бере алмайды. Әдетте мемлекеттің өзі ұлтты сақтау үшін құрылған. Ұлт жоқ жерде мемлекет болмайды. Ұлт деген – мемлекет баламасы. Мемлекет деген – ұлтты сақтау үшін құрылған құқықтық аппарат. Ұлт – өз бетімен өмір сүріп жатқан тірі организм. Мемлекет – оны өмір сүргізіп отырған бірден-бір мотор. Сондықтан ұлттың негізгі мақсаты – өзін-өзі сақтау. Адамның мақсаты қашан құдай алып кеткенге дейін өлмеуге тырысу болса, ұлттың негізгі мақсаты – өзінен зор шығып, жер бетінен жойып жібергенге дейін жо­йылмауға тырысу. Сондықтан қазір мемлекет не бітіріп отыр, мен не істеп жүрмін деп саудаласатын уақыт емес. Қазақ баласы осы саудаға көп уақытын жіберіп, аузындағы тілінен айырылып қала жаздап отырған кезде ендігі керенау әңгіменің де, кемеңгер әңгіменің де керегі жоқ. Одан қайта бірде олақ, бірде шолақ шығатын күнделікті нақты істер керек».Құрбан айт демалыс күні болды

Биылғы Құрбан айт жылдағыдан ерекше болмақ. Елбасымыз қасиетті Құрбан айттың алғашқы күнін демалыс деп жариялады. Бұл ұлттық ата-дәстүрге, аруақ­тарға бағышталған игілік деп білеміз. Осы ретте «Құрбандық шаласыз ба?» деп сауалнама жүргізген екен. Оған жазушы Әнес Сарай былай деп жауап беріпті: «Құрбан айт – төрткүл дүниедегі барлық мұсылман қауымның ең ұлық мерекесі. Бұл – аруақтарға тағзым ететін, құран бағыштайтын айрықша күндер. Әрбір шамасы келетін мұсылман баласы бұл күндері құрбандық шалған абзал» дейді. Ал Олимпиада жүлдегері Ермахан Ибраимов: «Қазақ атамыз «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Сондықтан да Құрбан айт мерекесі күндері аруақ­тар біздің әрқайсымыздан құран дәмететіні сөзсіз. Ал осы қасиетті парызды орындау – тірі жүрген біздерге сын» дейді.

Астана архитектурасының философиясы

Астанада өткен сәулетшілердің халықаралық форумында осы мәселе талқыланды. Форумға қатысушылар жаңа қаланың сәулетіне қатысты пікірлерін білдірді.
Питер Ридлей, британдық сәулетші, лорд Норман Фос­тердің бірінші көмекшісі: «Астана жай ғана салынып жатқан жоқ. Ол әлемнің ең үздік те тәжірибелі, танымал сәулетшілерінің шығармашылықтарын бір ортаға тоғыстырып, солардың таңдаулы жобаларынан мына жаңа орталыққа шо­ғырланған тұтас бір ғажап дүние жасалуда. Ондай жағдай талай-талай кәсіпқой сәулетшілердің талпынысын арттырып, шығармашылық ізденістерін шыңдай түсуде».
Георгий Стоилов, академик, халықаралық сәулет академиясының президенті (Болгария): «Сіздердің елордаларыңыз басқа мемлекеттердің астаналарынан өзінің жаңа ғасыр қаласы болатындығымен ерекшеленеді. Оған оның қазіргі салынып жатқан қарқыны, басқаларға ұқсамайтын сәулеттік келбеті айқын дәлел».

«Жабайы туристерге» тосқауыл бола ма?

Астананың оңтүстік-шығысындағы Аршалы ауданы Сарыарқаның ұсақ шоқылы және аласа таулы солтүстік бөлігін қамтиды. Ауданда Үлкен Сарыоба, Кіші Сары­оба, Балықтыкөл, Танакөл, Батпақкөл, Байдалы – барлығы 50-ден астам көл бар екен. «Адамның табиғатқа тек тұтынушылық көзқарасымен, оған сарқылмас байлық деп қарауы табиғи ортадағы тепе-теңдіктің бұзылуына жол береді. Жазғы уақытта көлге келіп демалушыларда есеп жоқ. Өкінішке қарай, арнайы ұйымдастырылған демалыс орны болмағандықтан, олардың әрекеті бей-берекет, олардан кейін көл жағасындағы қоқыстардан аяқ алып жүру мүмкін емес. «Жабайы туристердің» көбі Астанадан, Қарағанды мен Ресейден келіп жататынын автокөлік нөмірлерінен аңғару қиын емес. Егер оларға бақылау, өрескел қылықтарына тос­қауыл болмаса, көл басы қазіргідей мүшкіл хал кешпес еді» деп жазады.

Жел энергиясының жүйесі

«Оның қуатын пайдаланудың мемлекеттік бағдарламасын жасаса» деп жазады газет тілшісі Сұлтан Әли. Екі жылдан бері республика үкіметі БҰҰ ұйымының бағдарламасына сәйкес бірлескен жел қуатын пайдалану жобасын орындауға кірісті. Қазақстан жел энергетикасы рыногын дамытудың бастамашысына айналды. Ғалымдар мен мамандардың пікірінше, жел ­қуаты өте пайдалы. Қазақстандағы энергия көздері қазір 8 млрд кВт/сағ электр энергиясын шығарады. Жел қуатын пайдаланғанда жылына 1,8 трлн кВт/сағ энергия өндіруге болады екен. Жобаның бірінші кезеңін іске асыруға ғаламдық экологиялық қоры республикаға 2,5 млн АҚШ долларын бөлген. Жекелеген инвесторлар бұған 4 млн АҚШ долларын қосты. Жел диірменнің әрқайсысы дүниежүзілік баға бойынша 1200-1500 АҚШ долларына бағаланады. Егер алғашқы тәжірибелік жобалар экономикалық, техникалық көрсеткіштері жағынан өзін-өзі ақтаған жағдайда, 100 жел диірмен орнату ұйғарылды. «Астананың келешегіне жел энергетикасын пайдалану аса тиімді болмақшы. Астанаға таяу маңдағы жыл бойына қатты жел соғып тұратын орындарды зерттеу, оған келетін қаржы көздерін есептеген жөн» деп автор біршама дәлел келтіреді.Үйлену тойы қалай өтіп жатыр?

Газет тілшісі Шынар Досанова астанада өткен тойдың есеп-қисабын шығарған екен. Сонымен, автор: «Кеше ғана Астанада дүркіреген той өтті» деп бастайды. «Әрине, біз қалай қалыс қалып кеттік деп таңғалуыңыз мүмкін. Бірақ еш өкінбей-ақ қойыңыз. Бұл – сізге еш қатысы жоқ екі жастың үйлену тойы. Үйлену тойы демесеңіз, екпіні тау құлатардай. Кешкісін елорданың орталық көшелерінде көздің жауын аларлықтай қызылды-жасылды лентамен көмкерілген. Шетелдік лимузин автокөлігі бастап қаздай тізілген оннан астам мәшине «Бәйтерекке» бет алып бара жатты. Бұл – жаңадан бас қосып отыр­ған екі жастың «нөкерлері» мінген көліктер тізбегі. Ертеде хан қызы ұзатылып бара жатқанда да жасауы жарасқан керуеннің болуы заңды нәрсе. Бұл көліктерді жалдау құны – сағатына 100 АҚШ доллары. Қазақстандық әншілер 2-3 ән орындағаны үшін 1000-3000 доллар алса, шетелдік әншілер 60-70 мың доллармен қалтасын қампайтып кетеді екен. Құстың сүтінен басқасының бәрі қойылып сіресіп тұратын той дастарқаны үшін бар-жоғы 250-300 адам үшін 3000 доллардан астам қаражат керек. Осының астарында «мен озсам, менің атым бәйгеге бұрын келсе» деген бәсекелестік ниет қана жатқандай көрінеді».

Ардагер – алтын тұғыр

Астанада Қазақстан ардагерлерінің 5-съезінде 1 миллион 600 мыңнан астам мүшесінің мүддесін қорғайтын 90 адамнан құралған делегаттар қатысты. «Көкірегі даңғыл қарттарың жазып қойған хатпен тең» деп Бұқар жырау бабамыз айт­қандай, халқымыз кеудесі тарихқа толы аға ұрпақ өкілдерін аса бағалы қазынасы ретінде қадірлеуден жалыққан емес. Аға буын өкілдерінің мұқтаждарын қанағаттандыру бағытында соғысқа қатысушыларға теңестірілген адамдарға – 2,4 есе, яғни 2472 теңгеден 5971 теңгеге дейін, соғыс мүгедектеріне теңестірілгендерге – 1,2 есе, яғни 5871 теңгеден 7313 теңгеге дейін, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне – 1,6 есе, демек, 2781 теңгеден 4429 теңгеге дейін арнайы әлеуметтік жәрдемақы төленетін болды. Азаматтық тұрғыдан алғанда, аға буын өкілдерінің мұқтаждарын ұмытпау біздің қасиетті перзенттік борышымыз екенін естен шығармаған жөн» деп жазады газет тілшісі Гүлбаршын Өкешқызы.

«Ақмола оқиғасын» еске түсірді

1981 жылы қарашаның 11-і күні Ақмола облысының орталығы – бүгінгі Астанада «Казактар одағының» құрылуына наразылық білдірген жергілікті ұлт өкілдерінің митингісі болып өтті. Біздің тілге тиек етіп отырғанымыз сол «Ақмола оқиғасының» бел ортасында жүріп, шеруге қатысқан ­Қа­йыргелді Арғынбаев ағамыз жайлы үзік сыр.
– Ақмолада казактар одағы құрылып елді дүрліктірер қарсаңында мен Ақмола ауыл шаруашылығы институтында оқитын едім. Соның алдында күзгі сессияға келдім. Одақ туралы әңгіме бұрқ ете қалды. Тура 11 қараша күні таңертең сабақты тастап, оқиға болатын жерге елудей курстас жігіттерді алып бардым. Одан кейінгі оқиға бәрімізге мәлім – біздің жеңісімізбен, бейбіт түрде реттелгенін білетін боларсыз­дар. Браун қашып құтылып, оның жандайшабы, оқиғаға себепкер Андрианов халық алдына шығып түсінік беруге мәжбүр болған. Осылайша алмағайып заманда еліміздің тәуелсіздігі мен жеріміздің тұтастығына, казак-орыс итаршылары мен тағы бас­қа жаулары тарапынан төніп тұрған қауіптің бұлты сейіліп, ерлеріміз қорғап қалған еді.Осы жұрт Машаниді біле ме екен?

Жастар сарайында ғұлама ғалым, әл-фарабитанушы Ақжан әл-Машанидің 100 жылдық мерейтойына арналған еске алу кеші өтті. 1968 жылы Хали ибн Әбу Хасен Мұхамбед әл-Хали деген кісінің әл-Фарабимен бірге тұрған тарихи еңбегін тауып алады. Ол еңбекте ғұлама ғалымның туған жері Отырар даласы, Арыстың жағасы, Сырдарияның бойы картада анық көрсетілген. Ұлы ойшылды әлі күнге де­йін Иран, Тәжікстан «біздің ғұламамыз» деп мойындайды, тіпті Тәжікстанда Фараби деген қала бар. Бірақ ақиқатты ашып көрсеткен Ақжан ағамыз 1975 жылы ұлы ғұламаның 1100 жылдығын Қазақстанда атап өтуге мұрындық болған. Оған дейін 32 ғылыми еңбек жазып, ойшылдың қазақ жерінде дүниеге келгенін, қыпшақ даласының перзенті екендігін өзге жұртқа мойындатады, даралап ­береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 2 =