2005 жыл

0 20

2005 жылы Қазақстанның ішкі саяси үдерісінде орын алған ерекше оқиғаның бірі – Президент сайлауы. Осы жылдың желтоқсанында Конституция шеңберінде Президенттік сайлау өтіп, ел өзінің басшысын таңдады. Президент сайлауы елдің 9 мың 580 сайлау учаскесінде өткен. 8 миллион 880 мыңнан астам сайлаушының 77 пайыздан астамы (6 миллион 850 мыңы) дауыс беруге қатысты.Президент сайлауы өтті

14 мың 447 учаскеде кә­дімгі қағаз бюллетеньдермен қатар электронды тәсілмен дауыс беру қолданылған. Орталық сайлау комиссия­сына 9 мың 542 сайлау учаскесінен келіп түскен мәліметтер бойынша Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 91,01 пайыз дауыс жинап, қарсыластарынан басым түсті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президентінің: «Бүгін ел тарихында өте бір елеулі кезең: Қазақстан халқы өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, өз Президентін сайлады. Қазір дүниежүзінің барлық ақпарат құралдары «Назарбаев жеңді!» деп хабар таратып жатқанын білесіздер. Бірақ мен бұл жеңіс халықтікі екенін айтар едім. Қазақстан халқы тәуелсіздігіміздің болашағы үшін, ел бірлігі үшін, мемлекетіміз ішіндегі тыныштық үшін бірауызды бола алатынын осылайша танытты. Екіншіден, мұны тәуелсіздігіміздің 14 жылындағы менің істеген қызметімді халықтың мақұлдауы деп бағалауға болады. Үшіншіден, жария еткен бағдарламаларымды алдағы 7 жыл ішінде жүзеге асыруға елім маған осылайша мандат беріп отыр» деп атап өткенін, сол кездегі «Астана хабары» бірінші болып сүйіншілеген еді.
Осы жылы барлық мемлекеттік аппарат Астананың сол жағалауында орналасқан жаңа әкімшілік орталыққа қоныстанды. Қала елорда мәртебесін алған жеті жыл ішінде тұрғындарының саны өсіп 541, 7 мың адамға жетті. Сонымен қатар бұл жылы 1200 орындық – бес, 400 орындық бір орта мектеп, 208 және 240 орындық екі балабақша пайдалануға берілді.

«Нұр Астана» мешіті

Есіл өзенінің сол жағалауында тағы бір еңселі ғимарат «Нұр Астана» мешіті пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына Елбасы қатысып, 1994 жылы Саудияға барған сапарында король Фаһд бин Әбдел Әзиз сыйлаған Қағба жабынының бір бөлігін мешітке сыйға тартты.
Мешіттің жобасын ливандық сәулетші Чарльз Хафиза жасаса, құрылысының бас мердігері – Түркияның «Пасинер» компаниясы. Ішкі әрлендіру жұмыстарына отандық сәулетшілер мен дизайнерлер атсалысып, жазулар ислам каллиграфиясы мен араб графикасына сәйкес өрнектелген. Безендіру және көркемдеу жұмыстарының авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов. Діни орталық ерлер мен әйелдерге арналған залдардан, әрқайсысы 62 м биікке созылған төрт мұнарадан тұрады әрі қос субұрқағы бар ашық ауласы көрік беріп тұр. 5000 адам сыятын сәулет туындысы ливандық шебер Чарльз Хазифтің жобасы бойынша салынды. Мешіттің бас күмбезінің биіктігі – 43 м. Ғимарат барлығы 3930 шаршы метр аумақты алып жатыр.

Жеңістің 60 жылдығы

Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты ІІ дүние­жүзілік соғыстағы совет әс­кері жеңісінің 60 жылдығына арнап «…бар ниетіміз сіздерге, майданға көмек үшін» атты көрме өткізді.
Көрмеге Ақмолада соғыс жылдарында жүргізілген әскери-даярлық және қорғаныс жұмыстары, ақмолалықтардың майданға қосқан көмегі жөнінде мұрағат құжаттары қойылған. Майданға аттанған 10 мыңға жуық ақмолалықтардың тек 2 мыңнан астамы ғана қайтып оралыпты. Сондай-ақ, майдан даласына аттанған азаматтардың отбасына көмек көрсету жөніндегі құжаттарының көшірмесі де сақталған.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан сыр шертетін көрмеге мемлекеттік мұрағат қоры құжаттарының түпнұсқалары мен көшірмелері қойылған. Деректерге сүйенсек, 1944 жылы өнеркәсіптердің саны 16-ға жеткен екен. Тарихтан белгілі – Ақмола облысы 1939 жылы құрылған. Сол кезде Ақмола облысының орталығында 6 кәсіпорын жұмыс істепті. Оның үшеуі республикалық деңгейдегі, үшеуі ұсақ кооперативтік өндірістік деңгейдегі кәсіпорын болған.
Соғыстың алғашқы жы­лын­да Ақмола облысына 30 мыңға жуық адам қоныс аударған. Халық санының өсуі әсіресе, медицина қыз­метінің жұмысына да өзге­рістер әкелген. Көрмедегі мұрағат құжаттарына қа­рағанда, сол жылдары жаңадан емдеу мекемелері, екінші дүниежүзілік соғыс мүгедектеріне арналған емхана және екі эвакуациялық госпиталь орналасқан. Бізге шешен және иңғұштар, неміс­тер жер аударылып келді. Соғыс жылдарында қалада 310, 387, 29-атқыштар және 106-атты әскер дивизиялары жасақталған. Содан 9873 ақмолалық майданға аттанған екен.
Соғысқа аттанған 10 мың­ға жуық ақмолалықтардың
7 мың 400-і майдан даласынан оралмаған. Ұлы Отан соғысының 60 жылдығына орай, республикамыздағы барлық ардагерлер қатысқан Жеңіс парады өтті.

Сәбилердің саны көбейген

Бұл туралы «Астана хабары» былай деп жария еткен еді. «2005 жылдың басында 13 жасқа дейінгі балалардың саны 88, 4 мыңға жеткен, бұл дегеніміз жалпы астаналық­тардың 16,7 пайызы.
Ал, өткен 2004 жылы Астанада 7972 сәби дүние есігін ашқан, бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 1523 балаға көп болыпты. Сәбилердің 4076-сы ұл болып, 51,1 пайызды құраса, дүние­ге келген 3896 қыз бала – 48,9 пайызды құрады. Газет жазып отырған күннен алдыңғы төрт айында 2 983 сәби туылып, былтырғы көрсет­кіштен 360 балаға асып түскен екен.

«Вечерняя Астана» «Алтын Жұлдыз» алды

Ал баспасөз беттерінде айтулы жетістіктерге жеткен журналистер мен басы­лымдарға, баспагерлерге берілетін дәстүрлі Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын астаналық «Вечерняя Астана» иеленді.
«Вечерка» орыс тілінде шы­ғатын ең үздік аймақтық ба­сылым деп танылды. Сол кездегі газеттің бас редакторы Владимир Коченов бұл ең алдымен, жас елордамыздың әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан астаналық журналис­тиканы мойындағанының жарқын белгісі деп айтты.
2005 жылы 13 қарашада «Астана хабарымен» бірге «Вечерняя Астана» 15 жылдық мерейтойын атап өтті. «Вечерка» әрқашанда уақыт тынысын қалт жібермей, қоғаммен бірге қарыштап отырды. Астананың әр күні, әр сәті осы газет тілшілерінің назарында болды. Елордадалықтар бас қалада болып жатқан жаңалықты алдымен осы газеттен іздейтін.

«Хан шатырдың» кірпіші қаланып, әуежай көкке есік ашты

Астанада қайталанбас өзіндік ерекшелік беретін жаңа бірегей ғимараттар құрылысы басталды. Соның бірі ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Хан Шатыр» атты болашақ сауда–ойын-сауық орталығының алғашқы кірпішін қалауға қатысты.
Еліміздегі ерекше пішіндегі «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы әлем­дегі шатырлы ең биік ғимарат ретінде Гиннесс рекордтар кітабына кірген. Елорданың ғажайып ғимараты бүгінде Астана символдарының біріне айналып үлгерді. «Хан Шатыр» – алып мөлдір шыныдан жасалған әлемдегі ең ірі шатырдың сәулетшісы әйгілі британдық Лорд Норман Фостер. Бас мердігері Түркияның Sembol Construction құрылыс серіктестігі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ас­тана әуежайының жаңа халықаралық терминалының ашылу салтанатына қатысып, нысанның ішін аралап көрді. Жолаушылар терминалының ғимараты бес деңгейден тұрады және 6 телескопиялық сатылармен жарақталған. Барлық ұшақ түрлерін қабылдайды және бір мезгілде 750 жолау­шыны өткізуге мүмкіндігі бар.

Тілшілер үшін бәрі маңызды

Астана тұрғындарының қала әкімдігіне айтар арыз-­шағымдарын қалдыру үшін қала көшелерінде жәшіктер орнатылды. Сол кездері де Тұрғын үй кооперативтерінің жұмысына көпшіліктің көңілі толмайды екен. Тұрғындардан түскен арыз-шағымдар ескеріліп, осы саланың жұмысын жақсартуға бағытталған.

***

Сорбонна Париж университетінің студенті Хайнс Бе­нуа өзінің дипломдық жұ­мысын «Астананы Алматыдан Астанаға көшіру» деп атап, үздік бағамен қорғап шығыпты. Оның астаналық газетке сұхбатында, ғылыми жұмысымен бірге париждық жастар туралы әңгімелеп беріпті.
Астана күнінде ерекше бутерброд жасалды. Оның құрамында нан, ірімшік, қияр, сары май, тұздықтар бар. Оны дайындауға он аспаз кірісіп, бар жоғы 2 сағат, 58 минут, 16 секундтта ұзындығы 17,5 метр, ені 1,67 метр, салмағы 787 келілік алып бу­терброд жасап шығарды.

***

Осы жылдың тамызы­нан бастап, үкіметтің ат­қарушы органдарының қызметкерлері кеудесінің сол жағына арнайы бейджи тағып жүретін болады. Оның үлгісін мемлекеттік қызметкерлер ісі бойынша Агенттік жасап шығарды. Мемлекеттік тудың түсіндей етіп жасалған пластикалық бейджиді тек жұмыс уақытында тағылатын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × five =