2004 жыл

0 26

9 қаңтар – Ресейдің Қазақстандағы жылы аясында Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. Осы сапарда Астанада Қазақстан мен Ресей басшылары Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы келісімге қол қойды.
20 қаңтар – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еліміздегі тұңғыш ғарыш мониторингі орталығының тұсауы кесілді.
5 ақпан – Астана қаласында Ұлыбритания елшілігі ашылды.
1 наурыз – Мемлекеттік қызмет мектебі ашылды. Жаңа оқу орны Қазақстан Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиаттар ассоциациясының Қазақстан жастар конгресі және Мемлекеттік қызмет агенттігінің қолдауымен құрылды.
21 наурыз – Астананың орталық алаңында алғаш рет стационарлық полиция бекеті ашылды.
1 сәуір – «Астана Думан» ойын-сауық отауының тұсауы кесілді.
19 мамыр – «Көктал» тұрғын алабында орналасқан №40 қазақ орта мектебіне Әлкей Марғұлан есімі берілді.
28 мамыр – Шығыс Қазақстан облысында еліміздің 15 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Оның есімі – Перизат Ускембаева.
28-29 мамыр – Астанада Орталық Азия ынтымақтастығы ұйымына мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы болып өтті. Оның барысында Орталық Азиядағы төрт мемлекеттің басшылары өңірдегі теледидар және радиохабарларын тарату туралы келісімге қол қойды.
10 маусым – елордалық тәртіп сақшыларына 45 полиция көлігі табыс етілді.
17 маусым – жерді аукционмен сату жөніндегі комиссия астаналық 15 соғыс ардагеріне тегін жер телімін беруге шешім қабылдады.
29 маусым – Астана қаласы оралмандарының «Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің тұсаукесер рәсімі өтті.
8 шілде – Елбасы жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, «Бурабай» курортты аймағындағы 37 метрлік Абылай хан стеласының ашылу салтанатына қатысты.
7 қыркүйек – Астанада Қазақстан әйелдерінің IV форумы өтті. Форумда сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев елдегі гендерлік ахуалды жақсарту мақсатында жедел түрде мемлекеттік бағдарлама қабылдап, оны келесі 2005 жылдан бастап жүзеге асыруды тапсырды.
19 қыркүйек – Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауы өтті.
2 қазан – Мұғалімдер күні мерекесіне орай елордалық 25 ұстазға әкімдік тарапынан пәтер кілттері табыс етілді.

Тәуелсіздіктің бір мүшелінде ұлттық экономика біршама ілгері дамып, барлық салада толайым табыстарға қол жеткіздік. Жұмыссыздар саны төмендеп, мемлекеттің әлеуметтік саланы оңалтуға қатысты саясаты мығымдалды. Қазақстан ТМД кеңістігінде әлеуметтік экономикалық саясаттағы жетістігімен әріптестеріне қарағанда оқ бойы озғанын көрсетті. Осы жылғы зерттеулер нәтижесінде әлеуметтiк-экономикалық дамудағы табыстарының негiзгi өлшемдері бойынша Қазақстан Орталық Еуропаның бiрқатар елдерiне барынша жақындай түсуге мүмкiндiк алды. Жыл қорытындысында Дүниежүзiлiк банктiң сыныптамасы бойынша Қазақстан ендiгi жерде орта деңгейден жоғары табысы бар мемлекеттердiң тобына жататын болып есептелді.

АҚОРДА — ПРЕЗИДЕНТ РЕЗИДЕНЦИЯСЫ

«Ақорда» деген айшықты атаумен қазақ тарихын бүгінгі заманға ұштастырып тұрған осынау алтын шаңырақ — ел сәулет өнерінің ең үздігі. Ресми тілде Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы, сәулетшілердің тілімен айтқанда, жаңа әкімшілік орталықтың жинақтаушы тұғыры.
Резиденция өзіне ең таяу деген құрылыстардан 300 метр жерде, биіктігі 6 метр жасанды жотаның үстінде оқшау тұр. Негізі, кескін ретінде классикалық кубиктік форма таңдалып алынған. Ғимарат колонналар арқылы салтанатты реңде, сырт қарағанда әрі жеңіл.
Резиденция құрылысы
2001 жылы бас­талды. Аса маңызды мемлекеттік нысанды салу үшін 26 ұлт өкілдері және әлемнің ондаған елінің мамандары мен жұмысшылары еңбек етті.
Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа резиденциясының ресми тұсаукесері 2004 жылғы 24 желтоқсанда өтті. Ғимараттың жалпы ауданы – 36720 шаршы метр. Ғимарат құрылыстағы ең соңғы заманауи әдістер мен озық инженерлік құрылғыларды қолдану арқылы монолиттік бетоннан тұрғызылды. Үшкір төбесімен қоса алғандағы ғимарат биіктігі – 86 метр. Ғимарат жер үстіндегі бес қабатты және жер астындағы екі қабатты үйден тұрады.

ҚАЗАҚ ТЕМІРЖОЛЫНЫҢ ТЕГЕУРІНІ

2004 жылы Қазақстан теміржолының 100 жылдығы аталып өтті. Сол жылы сәуірдің 30-ында Елбасы мерекелік күнді атап өтуге арналған медаль шығару туралы пәрмен берді. Бұл мерекелік медальдар төрт мыңнан астам теміржолшыға берілді.
Теміржолдың ғасырлық мерейтойы республика астанасында 6 тамызда өткізілді. Осы жылдың 9 қарашасында Ақтау портынан Құлсары стансасына дейін үлкен көлемді, биіктігі төрт қабатты үйдей жүктерді тасымалдаған қазақстандық теміржолшылар әлемдік рекордты жаңартты. 30 қарашада Арқа стансасында мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен Алтынсарин-Хромтау жаңа теміржолдың ашылуы өтті. Бұл жол арқылы көршілес елдердің аумағына кірмей, ел іші арқылы жүргізілетін бағдар іске қосылды. Алтынсарин-Хромтау теміржол желісін қосу арқылы жылына 160 млн доллар көлемінде үнемділікке қол жеткізілді. Сонымен қатар Қазақстанның ішкі жолдарымен жүк тасымалдау қашықтығы 500-ден екі мың шақырымға дейін қысқарды. Қазақстанның Тәуелсіздік күні мерекесінде Астана вокзалы алдында тарихи экспонат – Эш-4161 сериялы паровозы орнатылды. 10 желтоқсанда Алтынсарин-Хромтау жолымен жолаушылар тасымалдаудың жаңа кестесін Астана-Ақтөбе пойызы ашты. Жолаушыларды жолдың 15 сағатқа дейін қысқарғандығы, билет бағасының екі есеге азайғандығы қуантты. 2004 жылы Қазақстан Қытай арасындағы мемлекеттік шекаралық өткелі Достық стансасы арқылы 9,5 миллион тонна жүк тасылды. 21 сәуірде Астана теміржол вокзалынан «Астана-Алматы» бағытында қатынайтын «Тұлпар» жолаушылар жүрдек пойызы алғашқы сапарға аттанды.АҚШ ЕЛШІЛІГІ БОЙ КӨТЕРДІ

Маусымның 8-і күні Астанада АҚШ елшілігі ғимаратының алғашқы іргетасын қалау рәсімі өтті.
Американың Қа­зақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ларри Нэппер бұл ша­раны елшілікті ас­­танаға көшірудің ал­ғашқы қадамы еке­нін айтты. Жаңа елшілік орын тепкен аймақ 10 мың шаршы метр­ді алып жатыр. Құ­рылыс жұмысына 90 млн АҚШ доллары жұмсалды.ЕЛОРДАДА ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНА АШЫЛДЫ

10 маусымда Астанадағы ірі рухани орталық – Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы салтанатты түрде ашылды. Бұл шараға Елбасы Н.Назарбаев пен Мәскеу мэрі Ю.Лужков қатысты.
Жаңа кітапхана – жалпы алаңы 15000 шаршы метрді құрайтын, қазіргі заманға сай 5 қабатты ғимарат. Мұнда оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Қазақстан Үкіметінің жаңа жобасы кітапхана процестерін автоматтандырудың кешенді жүйесімен қатар, кітапхана ісіндегі жаңа технологияларды дамыту және ақпараттардың ұлттық электронды сақтау қоймасын құру үшін жаңа компьютерлік жабдықтармен жасақталған зияткерлік орталық құруға бағытталған. Бүгінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында электронды ресурстарды 50 терабайттан петабайтқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін электронды сақтау қоймасы мен серверлер кешеніне арналған база құрылды. Бүгінде кітапхана қызметін 15 мыңнан аса оқырман пайдалануда. Кітап қоры 380000-ға жуық. Кітаптан бөлек, кітапханаға қазақ, орыс және басқа да шет тілдерінде 1500-ден аса атаумен отандық, шетелдік мерзімді басылымдар келіп түседі. Кітапхана өз пайдаланушыларына 15 толық мәтінді ғылыми мәліметтер базасын және әлемдік алпауыт ақпарат орталықтарының онлайн каталогтарын ұсынады.

«МӘДЕНИ МҰРА» БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

13 қаңтарда ҚР Президенті «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы Жарлыққа қол қойды. Аталған мемлекеттік бағдарлама мәдени, экономикалық және әлеуметтік капитал, жалпы адамзаттық мәдениеттің құрылымдық бөлігі, этнос, қоғам, адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, тарихи естеліктердің маңызды қоймасын жасау және қорғау құжаты еді.
Бағдарламаны қабылдағаннан кейін 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. 218 нысанды қамтыған Қазақстанның тарихи-мәдени және тарихи ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі дайындалды. Ұлттық мәдениет үшін аса маңызды 30 сәулеттік және археологиялық қосымша ғылыми зерттеулер жүргізілді.

АФИНАДАН  – АБЫРОЙМЕН

2004 жылы Грецияда өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы ел қоржынына 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль салды.
XXVIII жазғы Олим­пиада ойындарында Бақтияр Артаев (бокс) алтын, Геннадий Лалиев (еркін күрес), Георгий Цурцумиа (грек-рим күресі), Геннадий Головкин (бокс), Сергей Филимонов (ауыр атлетика) күміс, Серік Елеуов
(бокс), Мкхитар Манукян (грек-рим күресі), Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика) қола жүлдені иемденді.
Бұл жарыста Қазақстан құ­рамасы 202 мемлекеттің арасынан 40-орынға табан тіреді.

АЛҒАШ РЕТ ҰБТ ЕНГІЗІЛДІ

2004 жылы Қазақстанның білім саласында алғаш рет Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілді. ҰБТ – Қазақстан Республикасында қолданылатын мектеп бітірушілердің білімін сынау жүйесі.
ҰБТ-ның нәтижесі жалпы және орта білім ұйымдары бойынша мемлекеттік аттестацияның қорытындысы ретінде есептеледі. Бұл тестілеу жалпы білім жүйесіндегі білім сапасын сырттай бақылайтын тәуелсіз жүйе ретінде қалыптасты. Оқушының Қазақстан университеттеріне түсу мүмкіншілігі және қорытынды аттестатының бағасы оның ҰБТ-да алған балының санына байланысты болады. ҰБТ-ның балдары «Болашақ» президенттік шәкіртақысын алуға да мүмкіндік береді. Бұрынғы жылдары бітірген түлектер, колледж бітірушілері және кейбір талапкерлер үшін ҰБТ баламасы кешенді тест боп саналады. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңі 5 лектен тұрады және маусымның алғашқы күндерінен басталады. ҰБТ бір кезеңнен өтеді және 125 балдық шкаламен бағаланады. Оқушылар бір күннің ішінде бес пәннен тест тапсырады. Әрбір пән 25 сұрақтан тұрады. ҰБТ-ның жүргізілуіне 3,5 сағат, яғни 210 минут беріледі.ҚЫТАЙҒА МҰНАЙ ҚҰБЫРЫ ТАРТЫЛДЫ

Мұнай мәселесіне қатысты ықпалдастық та осы жылы орын алып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға барған сапары кезінде Қытай мен Қазақстанның ұлттық мұнай компаниялары арасындағы мұнай құбыры құрылысын бастау туралы келісімшартқа қол қойылды.
Мұнай құбырының іргетасы сол жылдың 28 қыркүйегінде қаланды. Осы жылғы әлемнің ақпарат құралдары көршілес екі мемлекет арасындағы осынау қадамды жарыса жазып, бұл келісімді «ғасыр жобасы» ретінде атаған болатын. Қазақстанның алғашқы мұнайы Қытайға 2006 жылдың 25 мамырында құйыла бастады. Атасу (Қазақстан) мен шекаралас пункт Алашаңқай (Қытай) арасын жалғап жатқан осы мұнай құбырының магистралі арқылы Қазақстан жылына 20 млн тоннаға дейін мұнай экспорттау мүмкіндігіне ие болды.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − five =