2004

0 53

Бастапқыда «Ақмола ақиқаты» болып оқырманмен жүздесіп, кейін «Астана ақшамы» болып өзгерген газеттің атында 2004 жылы да біраз өзгерістер болыпты. Оны біз екі аптаға жетпей үш рет өзгерген газет атынан байқадық. Атап айтқанда, 2004 жылы 1 қаңтардан бастап газет аты «Астана» болып өзгерсе, бірнеше нөмірден кейін «Астана ақшамы» атын қайта тауыпты. Алайда 13 қаңтардан бастап қайта өзгеріп, жыл соңына дейін

«Астана хабары» деген атпен шығыпты.

Қазақстандағы Ресей жылы

2004 жылы Ресейдің Қазақстандағы жылы аса жоғары деңгейде аталып өтіпті. Ең әуелі бас қаламызда Ресей өнер жұлдыздарының концерті өтіп, астана халқын керім кештің кереметінен көз айым қылса, екі ел басшылары да бірнеше мәрте кездесіп, келелі кеңестер өткізіпті. Оны «Астана ақшамы» «Ресей Президентінің жыл басындағы бұл сапары еліміздегі ең елеулі саяси оқиға деп бағаланып отыр» деп жазыпты.

Тың туралы тың деректер

1954 жыл – Қазақстан тарихында айрықша орын алатын кезеңнің бірі. Себебі еліміздегі 36 млн гектар егістік жердің 25 млн гектары дәл осы жылдан басталған Кеңестер Одағының «тың игеру» науқаны кезінде аңыз­ға айналған. Міне, осы бір айтулы науқанға 2004 жылы 50 жыл толуына байланысты «Игерілген тың: аңыз бен ақиқат» деген тақырыппен газеттің 5 нөмірінде желілес мақала жазған тілші Төлеу­бай Ілдебаев тың жайлы тың деректер айтыпты. Тың игерудің қазақ даласында көзсіздікпен жүргізілгені жөнінде де дәйекті дәлелдер келтірген ол «табиғаттың бермесін де тартып аламыз» деп ұрандатқан ұлы жорықтың осал тұстарын өткір тілмен осып-осып жазыпты. Тек мұнымен ғана шектелмеген тілші «Жер жылуы», «тың – тарихымыздың бір тармағы» деген мақалаларында еңбек ерлері жайлы сыр шертсе, Мағжан Садыханұлы «Сол бір алыс жылдарда» деген тақырыппен тың ардагерлері, Социа­листік еңбек ерлері ­Б.Оразалин, Н.Малғаждаров, Қ.Жуасов жайлы; алғаш рет алып трактор тізгіндеген қазақ қызы Кәмшат Дөненбаева жайлы сыр шертіпті.
Жалпы тың игерудің жарты ғасырлық мерейтойы Арқа төсінде айрықша аталып өтіпті. Оған Елбасы ­Назарбаев қатысып, маңызды сөз сөйлепті.

«Ату жазасына екі рет кесілген»

XX ғасырдың 30-жылдары қазақ тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Аштықтан екі миллионнан аса адам қаза тапса, 37-38 жылдары 29 мың адам жазықсыз атылып кетті. Әне, солардың қатарында екі рет ату жазасына кесіліп, екі ретінде де ажалдың «оғы өтпеген» Бекболат Мұстафин 95 жасында «Ақшамның» тілшісі Құралай Рақымбаеваға сұхбат беріпті.
Б.Мұстафин 1909 жылы Семейдің Абай ауданында дүниеге келіпті. 1937 жылы Қазақстан Орталық партия комитетінде идеология бөлімін басқаратын Б.Мұстафинге «Мирзоянның сыбайласы», «Жапон тыңшысы», «Қарағандыдағы шахталарды бүлдірген зиянкес» деген жала жауып, тұтқындап, ату жазасын беріп, кейін 20 жылға соттапты. Осыдан кейін Алматыдағы түрмеден Мәскеу түрмесіне, одан Воркутадағы «өлім» лагеріне қамалған ол түрмеден қашам деп қолға түсіп, тағы да ату жазасына кесіліпті. Бірақ ол да кейін ұзақ мерзімге соттаумен ауыстырылыпты. Басынан кешкен осы бір тарғалаң тарихты тізбелеп шыққан ақсақал ашаршылық жайлы да сөз қозғап, «Қазақстанда ашаршылықтың 1928-29 жылдары басталды» деп оған тың дәлелдер айтыпты.

Ұлттық құндылықты дәріптеген…

2004 жылғы газетте ұлттық құндылықтарды насихаттаған мақалалар да аз емес. «Ат тергеу әбестік пе?», «Валентин күні керек пе?», «Орамал тағу айып па?» (Құралай Рақымбаева), «Қазақ әйелі қандай болуы керек?» (Саягүл Жарылқасын) деген тақырыптар ұлттық болмысымызды жоғалтпауды дәріптесе, ақын Жұпар Қожақ «Қазақтың ұлттық киім үлгісі» деген тақырыппен жазған желілес мақаласында қазақ ұлтының киім-кешек мәдениетіне тоқталыпты.

Рейхстагқа ту тіккендер

Екінші дүниежүзілік соғыс­та Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевты күллі қазақ танығанымен, сол қуанышты тойлап, Рейхстаг ішінде қуаныш пен мақтаныш оғын әуеге ату салтанатына ие болған қазақ азаматы Тұрсынбай Момынқұловтың аты ұдайы атала бермейді. Алайда Тұрсынбай атаның теңдессіз ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Әскер қатарына 17 жасында шақырылып, Берлинді азат етіп бір-ақ қайт­қан Момынқұлов кейінгі өмірін Астанада өткізіпті. Осы бір тарихты жеңіс күні қарсаңында қайта аунатқан әріптесіміз Қанат Тоқабаев Момынқұлов туралы мол мәліметтер беріпті.

Қазақстан – астықты мемлекет

Саягүл Жарылқасынның Қазақстанның астық экспортындағы орны жөнінде жазған материалы да қызықты деректерге толы. «Қазақстан ТМД елдері бойынша экспортқа бидай шығаратын бірден-бір ел» деп сөз бастаған автор 2001 жылы экспортқа бидай шығарған елдер арасында еліміздің әлем бойынша 7-орынға шыққанын көрсетіп, сол жылы Қазақстан 3,0022 млн тонна бидай экспорттағанын жазыпты.

Абылай хан ескерткіші

2004 жылы 8 шілде күні Бурабайдағы Абылай хан алаңында «Абылай хан» ескерткіші ашылыпты. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, «Бұл ескерткіш Абылай бабамыздың ұлт тәуелсіздігі жолындағы тынымсыз күресіне бүгінгі ұрпақтың тағзымы іспетті» деп ықыласты лебіз білдіріпті. Бұл жөнінде Ғалым Қожабеков арнайы барып мақала жазыпты.

Түбі бір түркілердің басқосуы

2004 жылы 14-15 шілде күндері Астанада түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі халықаралық ұйым – ТҮРКСОЙ-дың ХХІ мәжілісі өтіпті. Оған 10-нан аса түркітілдес мемлекеттердің өкілдері қатысып, түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін дамыту жөнінде келелі кеңес өткізіпті. Сондай-ақ 1992 жылы Стамбулда құрылған ТҮРКСОЙ-дың атқарған жұмыстарына тоқталып, алда істелетін істері талқы таразысына салыныпты.

Қазақстандағы  ГУЛАГ

Кешегі кеңестік тоталитарлық жүйенің бір көрінісі «ГУЛАГ» десек, оның бөлімшелері Қазақстанда да болған. Ол өткен ғасырдың 30-жылдарында Жезқазған жерінде КарЛАГ-тың бөлімшесі ретінде құрылып, 1940 жылы «Жезқазған еңбекпен түзету орталығы», 1948 жылы «ІІМ далалық лагері» деп аталған «СтепЛАГ». Міне, осы СтепЛАГ туралы қалам тербеген тарихшы ұстаз Сейітқали Дүйсенов аталған лагерьде болған 1954 жылғы тұтқындардың көтерілісі жайлы сөз қозғап, көтерілістің аяусыз жанышталғанын, алайда төгілген қан текке кетпей, 8 мың тұтқын ақталып шыққанын, жаза лагерінің де 1958 жылы біржола жабылғанын жазыпты.

Астанадағы алқалы жиын

2004 жылы ТМД мемлекеттері президенттерінің кезекті саммиті ҚР Президентінің жаңадан салынған резиденциясында өтіпті. Осы басқосуда құрамында ТМД елдерінің сыртқы істер министрлері, қауіпсіздік кеңесінің хатшылары, шекара қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының басшылары кіретін Қауіпсіздік кеңесін құру Қазақстан тарапы жағынан ортаға қойылып, оған жиналысқа қатысқан басшылар бірауыздан қолдау білдіріпті. Осы бір тарихи уақиғаны Ерлібай Қадырбай «аймақтық қауіпсіздікке айрықша мән береді» деген тақырыппен «Ақшамның» бетіне айшықтапты.

«Көшпенділер»-дің түсірілімі аяқтаған жыл

2004 жыл қазақ киносы тарихында үлкен жаңалық бол­ған жыл болыпты. Атап айт­қанда, дәл осы жы­лы Гол­ливудтың өкілдері мен «Қа­зақфильм» бірле­сіп түсірген «Көшпенділер» фильмі­нің алғашқы түсірілімдері аяқтапты. Журналист Нұр-­Алтай фильмның түсірілу барысын және ондағы актерлар туралы жақсы мәліметтер беріп, көрермендерден «қазақ тарихын әлемге әйгілейтін туынды дүниеге келді» деп сүйінші сұрапты.

Тұсаулы аттай  тыпырлаған қазақ тілі

«Қазақ тілін оқытуға әрдайым басымдылық беріледі. Өйткені қазақ тілінің қажеттілігі объективті жәйтке ай­налады». Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада өткен білім және ғылым қыз­меткерлерінің ІІІ съезінде сөз сөйлеген кезде Мемлекеттік тіл жөнінде айтқаны. Тыңдаған жанның жігеріне жебеу, үмітіне демеу беретін сөз. Алайда содан бері 16 жыл өтті. Қазақ тілі әлі тұсаулы аттай сол орында тыпырлап тұр. Осыған қарағанда кейде айтылған сөз, жазылған мәселе сол жердің өзінде қалып қала ма деген ой келеді. Әйтпесе, Президент қолдап тұрғанда 15 жылда қазақтілді мемлекет жасау түк те қиын емес қой.

Жүсіпбек  жүз жаста

Алты алашқа аты мәлім, әйгілі әнші Жүсіпбек Елебеков 2004 жылы 100 жас­қа толыпты. Қазақтың ән өнеріне өшпес із қалдырған осы бір айтулы тұлғаның өнер жолына қысқаша шолу жасаған Құралай Рақымбае­ва – «Жүсіпбек Елебеков қазақ өнерінің тарихында­ғы дәс­түрлі әндерді қайта жаң­ғыртқан санаулы әншілердің бірі. Оның өнер жолын шә­кірттері Жәнібек Кәрменов пен Мәдениет Ешекев жалғады» деп жазыпты.

«Қажылық сапар қолжаулық емес»

Дәл осы тақырыппен сөз қозғаған Амантай Әбілұлы соңғы кездері қажылыққа барудың дүрмекке айналып бара жатқанын айтып, «қажылық сапар ел көріп, жер көріп қайтатын турис­тік саяхат емес, керісінше бір Аллаға мінәжат етіп, біліп және білмей істеген күнәлары үшін кешірім сұрап, тәуба қылатын сапар» деп түйіндепті.

Қазақтың саны неге өспейді?

2004 жылы «Астана хабарының» соңғы нөмірлерінің бірінде Мағжан Садыханұлының «Кіріптар болмайық десек, көбейейік» деген мақаласы жарияланыпты. Газетің бас бетінен ойып орын алған бұл мақалада «таяу жылдарда қазақ халқының санын 20 миллионға жеткізудің» маңыз­дылығы жөнінде тоқталыпты. Айтылған уәж, келтірілген деректің бәрі орынды-ақ айтылған. Алайда содан бері 16 жыл өтсе де, қазақ халқы түгіл бүкіл Қазақстан халқының саны әлі 20 миллионға жеткен жоқ. Бұған не себеп сонда? Қазақстанда қазақтың саны, тілінің мәртебесі қашан өседі?

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 7 =