2003 жыл

0 24

2003 – қой жылғы газеттің беташары марқұм Ақселеу Сейдімбектің ықыласты лебізімен ашылыпты. «Жалпы алғанда Қазақстан іскерлікпен, орамдылықпен тактикалық және стратегиялық тізгінді тең ұстап, болашаққа батыл қадам басып бара жатқан ел ретінде жүрегіме орасан зор қанағат сезімін ұялатады» деп бастаған Ақселеу аға сөзінің соңын «қазақ халқының ұлттық рухы оянып, арман-мұраты биіктеп, жігері таси түссін» деп ақырластырыпты. Жалпы бұл жылы елімізде және Астанамызда үлкен жаңалықтар өте көп болыпты.

Кедейлікпен күрес

Бір жылдық газетті ақтарып отырып байқағанымыз, осы жылы елімізде кедейлікпен күрес шарасы едәуір қарқынды жүрген сыңайлы. Аталған тақырыпта көбірек қалам тартқан әріптестеріміздің арасында А.Нұр-Алтайдың «Тұрмыс тұтқасы неде?» деген мақаласы оқырманға ой салатындай өте өрелі жазылыпты. Еліміздің кедейшілікпен күрестегі атқарған жұмыстарына бір-бірлеп тоқталған автор «кедейшіліктен құтылудың жолы тек билікке ғана емес, ниетке де байланысты» екенін айта келіп, мақаласының соңын «ертеден қара кешке дейін билік басындағыларды сынауды әдетке айналдырып, өзіміз үйде жамбастап жата берсек, ешкімнің де қарны тойып, бала-шағасын асырай алмасы анық. Күнкөрістің негізі – адал еңбек» деп түйіндепті.

Қазақтың капиталисі

Газеттің 3 нөміріне қатарынан жарты беттен берілген өлкетанушы Ерлан Күзекбаевтің «Қазақтың капиталисі» деген мақаласында Арқа жерінде өткен атақты бай, көпес Баймұхамбет Қосшығұлов туралы тамаша деректер айтылыпты. 1848 жылы туып, 1916 жылы қайтыс болған Баймұхамбет Қосшығұлов ата-анасынан жастай жетім қалғанымен, еті тірлігінің арқасында қоғамдық өмірге ертерек араласып, Масғұт деген татар көпесімен бірлесіп сауда-саттық жұмыстарымен айналысыпты. 19 ғасырдың аяқ шенінде Ақмоладағы ірі байлардың біріне айналған ол саудамен айналысумен қатар, тері-терсек заводы, сабын заводы, кірпіш заводы сияқ­ты өндіріс орындарын да ашыпты әрі Ресей, Батыс Еуропа, Орта Азия елдеріне сауда керуендерін үзбей жүргізіп тұрыпты. 1911 жылы 1-ші гильдий көпесі атағына ие болған ол Ақмола қаласын өркендетуге көп күш шығарған тұлғалардың бірі ретінде таныс­тырылған мақалада оның ұрпақтары жайлы да тың деректер айтылған. Кешегі кеңес дәуірінде аты да аталмай кеткен осы бір ұлағатты тұлғаны дәуір нұрымен қайта жаңғыртып, еңбектерін елге таныстырған бұл мақаланың қашанда тарихи құны өте жоғары.

Тұңғыш суретшінің  құдіреті

Қазақтың атақты суретшісі Әбілхан Қастеев жайлы жазылған Қымбат Тоқтамұраттың «Қазақтың тұңғыш суретшісі» мақаласы да қыздың жиған жүгіндей жинақы жазылып, Қастеев қаламының көп қатпарын ашыпты. Үш жасында әкеден жетім қалған Әбілханның байларға жалшы болып 13 жыл қой баққаны, қой бағып жүріп байлардың суретін тасқа сызам деп талай таяқ жегені, қазыққа керіп байлап, үстінен қой айдағаны, керек десеңіз, молда-қожалардың «сурет салу, адамның бейнесін жасау – сайтанның ісі. Ол құдай алдында күнәһар» деп бүкіл елді оған қарсы қойғанына дейін әсерлі бейнеленіпті.

«Адамның  аты-жөні – ұлттық  көрсеткіші»

«Қазақтың фамилия туралы ұғымының әртүрлі болғаны себепті оны айтумен қағазға түсіру көрінісі де ғасырлар бойы әртүрлі болып келеді. Бұл ыңғайда бірізділіктің сақталмауы әркезде әркімнің алуан түрлі пікірталасын туғызып жүр» деп сөз бастаған профессор Мырзатай Серғалиев­ қазақтардың аты қайсы, фамилиясы қайсы екенін айырудың күн сайын қиындап бара жатқанын алға тартып, бұған бірізділік қажет екенін дәлелді дәйекпен түсіндіріпті. Қазақы ұғымға сыйымды ұлы, қызы деген үлгіден сырт, атаның соңына пәленбай келіні, шөбересі деп қосып жазатын жағдайдың жарыққа шыққанын, орыс тілінің әсерінен шыға алмай, ия, ян, нко, евич… сияқты жал­ғауларды жалғап алып жүргендердің де кездесетінін атап өткен автор қазақы үлгідегі аты-жөн жазудың үлгісі ретінде қазақтың шежірелік үлгідегі ұрпақ тарату әдісі «дан, ден» жалғауын жалғап, «Төлеубай Ертөстікұлы Аманбайдан» деп жазу керек деген ұсынысын ортаға салып, «грузин, армян, украин азаматтарының аты-жөнінен ұлты білініп тұратыны сияқты, біздің фамилиямыздан да шыққан тегіміз аңғарылып тұруы керек» деп ақырлас­тырыпты.
Ең қызығы, 15 жыл бұрын айтылған осындай орынды ұсыныстар әлі күнге дейін елеусіз қалып келеді. Яғни әлі күнге дейін Қазақстанда аты-жөн жазуда бірізділік жоқ немесе совет заманынан қалған үлгі баяғы қалпымен өзгермей келеді.

Есіл жағасының 200 жылдық тарихы

Жалпы «Астана ақшамының» қай нөмірін ашып қарасаңыз да, бас қаламыздың өсу, өркендеу барысы ешқашан назардан қағыс қалған емес. Бірде Астананың арғы тарихына ат шалдырса, бірде бүгінгі бағындырған белесін бедерлеген газеттің 2003 жылғы мамыр айындағы нөмірінде Амантай Әбілұлының «Есіл жағасындағы ғасыр қаласы» деген мақаласы жарияланыпты. Астананың жеткен жетістігімен қатар, өткен тарихына да үңілген журналист 19-20-ғасырларда қазіргі Астанамыз тұрған жерде кімдер қоныстанғанын, қай дәуірде қанша мал болғанына дейін жазып, Есіл жағасындағы бергі 2 ғасырлық тарихты қайта бір аунатып, бүгінгі Астананы ғасырдың ғажайыбы ретінде суреттепті.
Серік Оспановтың «Астананың негізі қашан қаланды?» деген мақаласы да Астана тарихынан мол тағылым береді. Тарихи деректерді бір-бірлеп салыстырған бұл мақалада Ақмоланың іргетасы 1824 жылы емес, 1830 жылы қаланғаны айтылып, 1998 жылы қала аты Президенттің Жарлығымен «Астана» деп өзгергенге дейінгі тарихы тізбеленіпті.

Жаз тойы – «Қымызмұрындық»

Қазақ халқы наурыз деп жыл басын тойласа, «қымызмұрындық» деп жаз тойын, мизам, сабантой, ақсабан деп күз тойын тойлап, соғым басымен қыс­тың басын қарсы алған. Ұлтымыздың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан осы бір маусымдық мерекелерінің арасында «қымызмұрындық» мерекесін ЮНЕСКО адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп таныды. Атап айтқанда, қазақтың «бие байлау», «айғыр қосу» және «қымызмұрындық» жоралғылары адамзаттың материалдық емес, мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне 2018 жылы «қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» деген атпен енгізілген болатын. Міне, осы бір мереке бас қаламызда 1992 жылдан бастап тойланғанын біз Қымбат Тоқтамұраттың «Ата сусын – ақ қымыз» деп аталатын мақаласынан білдік. «Қымызмұрындық» мерекесінің шығу барысын, қымыздың емдік қасиетін тілге алып, «қымызмұрындықты» мерекелеудің Астана үшін маңызына тоқталған тілші мерекенің әр жылы жоғары деңгейде аталып өтетінін жазыпты. Ендеше, ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып қана қалмай, бас қаламызға көптеп турис­тер тартуға да көп мүмкіндік беретін осы бір мереке соңғы кезде неге ұмыт қалды? Ол «адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы ғой» деген ойымызды да ортаға сала кетейік.

Балуаннан қалған  аманат

Арман Әменұлының қазақтан шыққан қаракүштің иесі, жауырыны жерге тимеген балуан Қажымұқан жайлы бір мөлтек сыр шертетін «Аманат» деген мақаласы да қызықты деректерге толы. Мақалада күш атасы Қажымұқанның 1912 жылы чемпион болғанда алған медалі Нұра өңірінде тұратын Шеру Сейтқалев ақсақалдың үйінен табылғаны жазылып, медальдің қашан, қалай алынғаны, оны балуанның өзін қолдап, қуаттап

жүрген Сымайыл қажыға «балаларыңа бабалық белгі болсын» деп сыйға бергені жазылыпты. Балуаннан қалған осы бір жәдігерді көзінің қарашығындай қорғап, сақтаған Сымайыл ұрпақтарына үлкен алғыс білдірген автор мақаласын «бұл медальді Ақмоланың тумасы болған Қажымұқанның мұражайына қоятын кез келді» деп түйіндепті. Балуанның 1923 жылы боз­кілемге шығар алдында түскен фотосы да мақалаға қоса берілген.

Аударма ала болса…

«Ала-құла аудармалар қайдан шығып жатыр?» деген Төлеубай Ілдебаев­тің мақаласында да ана тілімізге, әсіресе аудармадағы келеңсіздіктер жайлы біраз нәрселер айтылыпты. Аударма тілінде қазақтың сөз жасау, сөйлем құрау дағдысына үйлеспейтін, тіліміздің табиғатына жат сөздердің барған сайын көбейіп бара жатқанына нақты мысалдар келтірген әріптесіміз тұтас қоғамды аударма тіліне назар аударуға шақырыпты. «Аударманың қадірін кетірмей, оның сапасына жауапкер­шілікпен қараған жөн. Өйткені ол кейбіреулер ойлағандай, кім көрінгеннің қолынан келе беретін жеңіл-желпі іс емес. Оған да жан-жақты білім керек. Себебі ол – мемлекеттік тілде іс жүргізудің бір шарты. Аударма ала болса, тілің де шала болады» деп түйіндесе, Астана қаласы денсаулық сақтау саласының маманы А.Айтқазин медицина саласындағы мемлекеттік тілдің жағдайын, әсіресе, атау-термин мәселесін көтеріп, медицина саласын қашан қазақша сөйлетеміз деген ойын ортаға салыпты.

Абайға  жазылған хат

– Ассалаумағалайкүм! Биік мәртебелі, аса құрметті, жұрт ардақ тұтатын Ибраһим мырза! Сізге Ақмола облысының барша оязының қадірменді адамдарының атынан өкілдік алып жазып отырмын, – деп басталыпты жазушы Қуаныш Ахметовтің «Қосшығұлдың Абайға жазған хаты» деген мақаласы. 1906-1907 жыл­дары Ресей думасына қатарынан екі рет депутат болып сайланған көкшетау­лық мұғалім Қосшығұловтың 1903 жылы 9 наурызда Абайға жазған хаты жайлы жазылған бұл материалда арқа қазақтарының хал-күйі жайлы да көп деректер келтіріліп, Абайдың осыдан бұрынғы хатқа жауап қайтармағаны тілге алыныпты.

Кәсіпкерге  қолдау бар ма?

Астанамыз Алматыдан Есіл жағасына көшірілгеннен кейін, елордада және елорда төңірегінде шағын кәсіпкерлікті дамытуға баса ден қойылыпты. Нәти­жесінде 2003 жылы қала бойынша 23 мың шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, онда 55 мыңнан астам адам еңбек етіп жатқанын Арман Әмен «Жағда­йың қалай кәсіпкер?» деген мақаласында жазыпты. Мақаладағы санақтарға зер салсақ, жалпы сол жылдарда, елордамыз­да шағын кәсіпкерліктің дамуы бастапқы мезгілде едәуір қарқын алғаны анық аңғарылады.

Қоршаған ортаны қорғау – ортақ міндет

Жалпы ел өміріндегі өзгерістермен қатар, әртүрлі мәселелерді де үзбей көтеретін газетте экологиялық орта мәселесі ең көп ауызға алыныпты. Соның бірі журналист Төлеубай Ілдебаевтың «Сарыбұлақ неге сарқылды?» деген тақырыппен қаланы қақ жарып, Есілге құятын Сарыбұлақ өзенінің арнасын кеңейтіп, өзен арнасына қан жүгіртудің қаланың көркін асырып қана қалмай, есіліп аққан Ертістің де ернеуін толтырады деген мәселені көтеріпті.

«Егеулі найза қолға алмай»

2003 жыл – «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай…» деп жырлаған қазақтың жаужүрек жауынгер ақыны Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы. Осы бір айтулы датаны Астана ақшамы да назардан қағыс қалдырмай, арнаулы бет ұйымдас­тырып, мақалалар беріпті. Жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай, ақын Серік Тұрғынбаев сынды қаламгерлер Махамбет туралы қалам тербегеніне «Ақшамға» ажар қосып қана қалмай, оқырман көңіліне де шұғылалы шуақ сыйлап тұр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =