2002 жыл

Оқырманмен бірге 30 жыл

0 52

Жылқы саны  15 жылда 15 есе  кеміген

Жылқы жылғы газет қамбар ата туралы көп мағлұматтар берген. 1986 жылы Одақтағы жылқы түлігінің 28 пайызы 1 миллион 455 мыңы Қазақстанда болған екен. Осынау байлықтан қалған қазіргі жұрнақ – 103,4 мың ғана.
Қымыз бен жылқы етінің қасиеті туралы да сөз қоз­ғаған материалдардың ұлттық тағам мәдениеті жөнінде де көп мағлұмат берсе, «Жылқы жылы туған жиһангер», «Құлагерді құлатқан кім?» деген тарихи материал­дар Шыңғыс хан мен Ақан сері туралы оқырманға тамаша сыр шертіпті.

Туған тілдің  тағдыры

Қазақстанда 30 жылдан бері шешілмей келе жатқан тіл мәселесі БАҚ беттерінен бір сәтке де түсіп көрген жоқ. Күні бүгінге дейін айтылып та, жазылып та келе жатқан бұл тақырып біз қаузап отырған жылда да қатты- қатты айтылыпты. «Тәуелсіз телеарна қашан қазақша сөйлейді?» (Өріс Яшүкірқызы), «Қазақ тілі алдымен қазақтарға керек» (Ғалым Жүсіпов), «Тілін білмеген тексіз» (А.Сәкиұлы), «Телеарнада тепе-теңдік сақталуы керек» (Ғалым Қожабеков) деген мақалалардың бәрінде туған тілдің тағдыры сөз болыпты. «Тіл жойылса, ұлт та жойылады» деген қағиданы санамызға сіңіретін уақыт жеткен жоқ па? Қашанғы өз тілімізді өгейсіте береміз? Еңсесін көтерейік те» деп сөз қозғаған А.Сәкиұлы қазақ тілінің мәртебесін көтеру жөнінде ұтымды ойларын ортаға салса, Ғалым Қожабеков телеарналардың көбі орысша «сайрайтынын» айта келіп, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң мен «Тілдер туралы» заңда көрсетілген талап пен міндетті орындауға бақылау жасау күн тәртіптен түспесе екен» деп түйіндепті.
Ел тағдырына, ұлт болашағына қатысты тақырыпты үзбей қаузаған газет «ойтоғыс» айдарымен оқырмандарға көптеген келелі кеңес, сүбелі сұхбаттар ұсыныпты. Соның бірі – «Халықты әрі тарт та, бері тартқа салатын кімдер?» деген тақырып. Қоғамдағы бұл мәселе Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Мырзатай Жолдасбековтің ғалымдармен өткізген «дөңгелек үстел» басындағы әңгімеге арқау болыпты. Әңгімеге қатысқан А.Сейдімбеков, Р.Нұрғали, Қ.Салғараұлы, Т.Садықов сынды ғалымдар мемлекетшілдік, сол кездегі БАҚ-тардың жағдайы туралы әр қырынан сөз қозғап, қазақ тілінің мәселелеріне көбірек тоқталыпты.

Көштен кейін де күңкіл көп болған

Өткен ғасырдағы күллі қазақ үшін ең үлкен жаңалық Қазақстанның тәуелсіздік алуы болса, ғасыр соңында ел астанасын Алматыдан Арқа төсіндегі Ақмолаға көшіру де өте маңызды тарихи қадам болды. Алайда болашақ астананың келешегіне күмәнмен қарап, күңкілдегендер де аз болған жоқ десек, сол күңкіл 2002 жылға дейін үзілмегенін «Ақшам» анық аңғартып тұр. «Бір елде бір-ақ астана болады», «Айттың не, айтпадың не немесе бір елде екі астана болмайды» деген тақырыптар аясында ел астанасы Арқаға көшкеннен кейін жұрт біразға дейін Алматыны «оңтүстік астана» деп атағанын, оны ең алдымен орыс тілді БАҚ беттері бастап, ке­йін қазақ журналистері атау ретінде қолданып кеткені жазылыпты.

Ащы судың әлегі

Әр дәуірдің тулатып ортаға салар өз тақырыбы бар десек, еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бастап осы ғасырдың басына дейін арақ апатының елге салған лаңы да аз болмаған секілді. Мәселен, газеттің 2002 жылғы 7 ақпан күнгі нөміріндегі бас мақалада қала бойынша 22903 адамның арақ ішіп айықтыру орнына «қонақ» болып шыққаны дәлелді дерек ретінде көрсетіліп, «арақ атамыздың асы емес» деген тақырыппен келелі кеңес айтылыпты. Т.Махметовтің «Арақ ішудің ақыры» деген мақаласында да ащы судың әлегін жанды мысалдармен тәптіштей түсіндіріп, ұлт азаматтарын арақ ішуден тыйылуға шақырып, үндеу тастапты.

Жер тарихы – ел тарихы

Өлкетанушы Клара Әмір­қызының «Астананың айналасын білесіз бе?» деген тақырыппен берілген материалында бас қаламыз­дың төңірегіндегі жер аттары жөнінде тамаша деректер келтірілген. Айталық, «Сілетінің жағасы – бабамыз­дың қонысы», «Бір байдың Күлшін деген қызы болған», «Тоқымның тоғызы» сынды тақырыпшалар кейінгі кездері орысша аталып кеткен жер аттарының арғы тарихына үңіліп, қазақша атауын қайтару жөнінде тамаша ой қозғапты.
Саясаттанушы Ерлан Төлеу­байдың тарих ғылым­дарының кандидаты Арман Бейсеновпен өткізген «Археологиялық қазба құндылықтары немесе Қазақстандағы көне мұралар тарихын зерттеу өз дәрежесінде ме?» деген тақырыптағы сұхбаты да ел мен жер тарихы туралы көп сыр шертеді. Н.Жансейітованың «Ақмоладағы қазақ мектептерінің қалыптасу тарихы» деген материалы да Арқадағы алғашқы білім ордалары туралы тың деректер ұсынса, Светлана Сарыбаева «Астананың алғашқы ұстазы» мақаласында 1926 жылдан бастап Ақмола жерінде са­уатсыздарды оқытқан Сағат Сарыбайұлы туралы әңгімелепті.
Журналист Амантай ­Кәкен «Ақмоладағы маусым көтерілісі» туралы жазған мақаласында аталған көтерілістің Қазақстан тари­хындағы әділ бағасы қашан беріледі деген мәселені қаузапты. 1979 жылы Кремль­дің Ерейментау өңірінен неміс автономиясын құрмақ болған жоспарына қарсы шыққан қазақ жастарының отаншылдық жігерін үлкен ерлікке балап, осы ерліктің әлі күнге дейін өз деңгейінде бағаланбай келе жатқанын алға тартыпты.

Журналистердің  тәуелсіздіктен  кейінгі ресми  басқосуы

2002 жылы 12 наурыз күні Парламент үйінде Қазақстан журналистерінің І конгресі өтіпті. Еліміздің барлық аймақтарынан делегаттар қатысқан бұл алқалы жиын еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін журналистер қауымының тұңғыш рет ресми басқосуы ретінде тарих бетіне таңбаланыпты. Конгрес­ке Елбасы Н.Назарбаев та қатысып, «Отанға сүйіспеншілік көкейден кетпейді» деген тақырыпта маңызды сөз сөйлепті. БАҚ маңызына тоқталған Елбасы «Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары жалпыұлттық мүдделерді шынайы жеткізуші бола алады және солай болуға тиіс те. Олар біздің экономикалық тұрғыдан өркендеген әрі ашық, демократиялық қоғам құру жөніндегі стратегиялық міндеттерімізді жүзеге асыру ісінде өздеріне лайықты орынды алуы тиіс» деп атап өтіпті.

Арқаның ару қаласы

Астана Есілдің бойына ірге тепкеннен бастап бас қаламызда болып жатқан жаңалықтарды қағыс қалдырмай оқырман назарына ұсынып отырған газет бейне бір бас қаланың мұрағаты іспетті. Күн сайын түлежіп, ай сайын аумағы кеңейіп, жыл сайын жаңаланып отырған қаланың әрбір жаңалығы газеттің әр бетінде сайрап тұр.
«Астана – өрлеуіміздің, өркендеуіміздің белгісі» деген тақырыппен берілген бас мақалада Елбасының қаты­суымен Астана қаласын да­мытуға арналған кеңес өткізілгенін, кеңесте Астананың дамуымен қатар, сақталған кемшіліктердің де алғаш рет ашық айтылғанын алға тартқан газет мақаланың соңын «Бұл кеңес Астана құрылысын салудағы орын алған кемшіліктерді ашып көрсетумен қатар, алдағы уақытта олқылықтарды жібермеу үшін жүйелі түрде атқарылатын міндеттерді де айқындап берді» деп түйіндепті.
Газеттің 8 маусым күнгі санында «Астана тұрғындары 500 мыңнан асты» деп сү­йіншілеген хабар дәл қазіргі дәуірдің көзімен қараған адамға да ой салады. Себебі 1998 жылы Астанада 275,8 мың тұрғын болса, келесі жылы бұл көрсеткіш 318,1 мыңға жеткендігі айтылыпты. Ендеше осыдан кейінгі 2,5 жылда 180 мың адамға көбейген Астана халқының 2002 жылдан 2020 жылға дейін 1 миллион 136 мыңға әзер жеткені (2020 жылғы қаңтардағы санақ) бас қаламызда жан санының өсімі соңғы кезде көбейгеннің орнына тым баяулап кеткен жоқ па деген ой салады.

«Елім, жерім, Отаным»

2002 жылдары оқырманға ұсынылған «Елім, жерім, Отаным» айдары да «Ақшамның» ажарын аша түскен. Ел тағдырымен қатар сүйемдей жердің де қазақ үшін жаннан қымбат екенін алға тартқан журналистердің арасында Төлен Зәрубайұлының «Ұлттың ұясы» деген шағын мақаласында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жер мәселесі қозғалыпты. «Кәрімов мырза, екі елдің болашағын ойлаңыз», «Кәрімов мырза, тек Бостандық ауылының 4180 шаршы шақырымы ғана сіздікі, қалғаны – Қазақстандікі» деп басталған мақала Өзбекстанға кеткен қазақ жерін қайтару қадам­дары жөнінде сөз қозғап, сөзінің соңын «Бабаларымыз жерім болмаса, жанымның құны неге керек деп текке айтқан жоқ» деп түйіндепті.
Осыдан кейінгі нөмірлерінде де тәуелсіздігімізге, елдігімізге қатысты өзекжарды мәселелерді үзбей көтерген бұл айдарға берілген материалдардың қай-қайсысы да оқырманды көрген жерден өзіне тартып тұр.

«Ағыл, қазақ, атажұртты аңсаған»

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әлемнің 40-тан астам еліне тарыдай шашылған қандастарын тарихи отанына шақырды. Сонымен қатар, 1992 жылы қыркүйек айында Алматы қаласында дүние жүзі қазақтарының І құрылтайын шақырды, оған әлемнің 33 елінен 1000-ға жуық адам қатысты. Қазіргі таңда 5 жылда бір өтетін бұл құрылтай сол кездегі елдің жағдайына байланысты араға 10 жыл салып, 2002 жылы қазан айында қасиетті Түркістанда өтіпті. Құрылтайға 32 мемлекеттен 400-ден астам өкіл қатысты. Құрылтайда тарихи отанына оралуды аңсап жүрген қандастарымыздың елге оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарастырылыпты. Қатарынан 3-4 нөмірін осы құрылтайға арнаған газеттің берген материалдарының бәрінен Қазақ елінің қандастарға деген қамқорлығы, қанына тартатын қасиеті менмұндалап тұр.

Астанадағы  аламан айтыс

Жылқы жылында Астананы дүбірлетіп, қазақ ұлтының рухын көтеріп, жігерін жаныған айтулы шаралардың арасында Қабанбай ауылындағы айтулы той мен Кенесары ханның 200 жылдығына арнап өткізілген аламан айтысты атауға болады. Астана іргесіндегі ауылда өткен тойға 17 ауылдың құрамасы қатысып, ұлттық спорттың көрігін қыздырыпты. Ал елорда төрінде қазақтың соңғы ханы Кенесарының рухына арналып өткізілген жыр додасына Қазақстанның жер-жерінен «сен тұр, мен атайын» дейтіндей жыр жүйріктері қатысып, оған Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы сынды марғасқа ағалар қазылық жасапты.

Беске толған бас қала

Газеттің жыл соңындағы нөмірлерінде Астананың Арқа төріне кереге жайғанына 5 жыл толғанына орай берілген материалдар көбірек орын алыпты. Сол материалдардың арасында жазушы Әбіш Кекілбайдың газет тілшісі Төлен Зәрубайұлына берген сұхбаты мәйегімен де, мәнділігімен де оқырманды өзіне тартады. «Астана – шын мәнінде мемлекеттің үлкен ядросы. Біз тәуелсіздігімізді қалай қастерлейтін болсақ, Астанамызды да солай қастерлеуіміз керек» деген сөз бастаған қаламгер Астананы жобалау­да ұлттық болмысты көрнекілендіруге ден қою жағын баса айтыпты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 5 =