2001 жыл

0 50

2001 жылғы «Астана ақшамының» жылашар нөмірінде Спорт сарайының ашылғаны туралы «Ақ дидарлы алып кешен» деген мақала беріліпті. Сарайдың ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен қала әкімі Әділбек Жақсыбеков қатысқан.«Өткен ғасыр қазақ тарихында қандай із қалдырды?» деген сауалнама жүргізіліп, оған ҚР Парламент Сенаты депутаты Жабайхан Әбділдин, ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты қыз­меткері Наталья Геллерт, журналист Амантай Кәкен жауап берген. Неміс қызы Геллерт қазақтардың ортасынан орын алғанына, еңбегі еленгеніне өзін бақытты сезінетінін айтады.

Қайта оралмас қайран сәттер

«Ел мерейі – Ермахан» деп Сидней олимпиадасының жеңімпазы Ермаханмен әдемі сұхбат берілген. Серік Тұрғынбекұлының «Әбіштің ақындық әлемі» деген мақаласы бар. Журналист-жазушы Елжас Бейсенбектің «Қайран қазақтың Дәнеші» деген мақаласында шоқының басына шығып «Сүйген сәулем Балжан-ай» деп ән салған әнші көз алдыңа елестейді.
Еуразия университетінің доценті, ғалым Қ.Ахметов­тің «Ұлт ұшін отқа түскен ұлылар» мақаласында 20-30 жылдардағы қазақ интеллигенциясының ағартушылық қызметі туралы айтылады. Айтпақшы, «Іште пікір өлгенше» деген айдар болыпты, «Мұндай киноға зәру емес едік қой» деп Төлеген Жәкітайұлы «Ағайынды үшеу» филіміне сын-көзқарасын білдіреді. Журналист Ғалым Қожабеков боксшы Бекзат Саттарханов­тан қайтыс боларының алдында ғана сұхбат алған екен, сол сұхбат «Жұлдызың сөнбейді, Бекзат!» деген тақырыппен жарық көреді.

Тарихтан «тәбәрік»

2001 жылғы 9 қаңтарда «Астана ақшамының» бас редакторлығына Мағжан Садыханұлы келгені туралы шағын хабар бар екен. Газет танымдық-тағылымдық дүниелерге бұрынғыдан да зор мән беріп, көбірек орын арнағанын байқаймыз. Бекен Қайратұлының «Бейтаныстың беделі» деген жақсы мақаласында әйгілі желаяқ Балғабай Күлпейістің Бауыржан Момышұлымен кездейсоқ кездескені, өзі сол сәтте кім екенін танымаған батыр­дың қамқорлығын көргені айтылады. Тарихшы-ұстаз Баялы Шалғынбайдың «Күт, ұлым, мен ораламын» деген мақаласы нәубет жылдарында ұсталып кеткен Нұртай балуан туралы баяндайды. «Красная шапочка» бандысы туралы не білеміз?» деген мақалада Қараөткел өңірінде жазықсыз атылған 63 адамның тағдыры туралы айтылады. Газеттегі көзге жылыұшырайтын ай­дар­дың бірі – «Тарихтан тәбәрік». Оқытушы Гүлзара Қант­бекқызы Қоянды жәрмеңкесінің халықаралық маңызына тоқталады. Сол заманда Қоянды жәрмеңкесіне Үндістан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Орта Азияның саудагерлері келіп тұрғанын осы мақаладан біле түсеміз. Тағы бір ойландырған дүние­нің бірі – Ақселеу Сейдімбек сұхбатында «Біз тарихқа есесі кеткен халықпыз» деп көп дүниені айтқан екен.Күн тәртібінде –кедейшілік пен жұмыссыздық

Кедейшілік пен жұмыссыздықты жою мәселесі қалалық әкімдігінің күн тәртібінен түспегені байқалады. Ол кездегі теңгенің құны бар екен деп ойладық, өйткені жаңа жылдың қарсаңында қаладағы 44000 зейнеткердің әрқайсысына 500 теңгеден ақшалай сыйлық жасалған, бұл – 22 млн теңгенің көлемі.
Астана халқы көбейіп, мәдени өміріне өзгерістер енген уақытты көреміз. Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков қалалық мәдени мекемелердің жұмысымен танысады. Қазіргі заман өнері мұражайына 1999 жылы 22500 адам келіп тамашалаған болса, 2001 жылдың басында бұл сан 60 000-ға артқан.
«Базар байлық бастауы ма, әлде күнкөріс көзі ме?» деген мақалада базарға қатысты мәселелер, қарапайым жұрт мән бере бермейтін түйткілдер көтеріледі.Өзекті мәселе, өткір пікір

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіжәлел Бәкір «Ұлт рухына төнген қауіп» деп мемлекеттік емес телеарналардың ұрпақ санасын у­лап жатқанына алаңдау­шылық білдіреді. Бүгін біз мемлекеттік телеарналардың халық көңілінен шықпай жатқанын, арзан күлкі, болымсыз шоу қуып кеткенін айтып жүрміз. Демек, бұл да баяғыда басталған «ән» екен.

Газет бетіндегі жанайқай

«Айдың күннің аманында адам жоғалттым» деген ананың жанайқайы да назар аудартпай қоймайды. Онда ана «Астана ақшамы» газетінде басылған «Ағайдың бичтері» деген мақаланың өзінің жан жарасын тырнап, мұңын қозғап кеткенін айтады. Ұлы жапон қызы Идзумиге үйленіпті, қыздың әкесі Жапонияның ірі қалаларының бірі Иокогамада ірі банк қыз­меткері екен. Асан іссапармен барып, 1998 жылы сол қызбен кездеседі. Көңілдері жарасып шаңырақ көтереді. Кейін екеуі Астанаға келіп, Идзуми Евразия университетінде жапон тілінен сабақ береді. Ұлы болса, бидай сатумен айналысқан. Сол жалғыз ұлын 2000 жылы қарашада белгісіз біреулер шақырып, машинаға мінгізіп алып кеткен. Төрт айдан асса да ұлынан бір хабар болмаған ана газеттен көмек сұрайды. Мақала үлкен резонанс туғыз­ған, Арқалық қаласынан тергеуші Н.Сабыров арнайы іздеп келіп,өз учаскесінен жоғалған адамдар тағдырына ұқсастығын айтады, сонымен бірге Жезқазғаннан, Көкшетаудан, Арқалықтан да адамдар хабарласып, өздерінің де адам жоғалтып отырғанын айтқан. Бұл – қо­ғам­ның шындығы. Сол жыл­дары ел жаңадан еңсе тіктеп жатқан жылдар болса да, ел арасында әлеуметтік қиындыққа тап болғандар көп болғанын көреміз. Газет адам проблемаларына баса назар аударудан жаңылмаған. «Жат жұртқа бөбектеріміз кете бере ме? деген жанайқайын жеткізеді, өйт­кені сол кезде елімізде бала асырап алуға арнайы рұқсаты бар 10-нан аса шетелдік агенттіктер жұмыс істеген. Сол кезде қаншама қазақ баласы мұхит асып кетті, олардың қалауын ешкім сұрамаған да, жетімнің жанарын жәудіретіп, шығарып сала бергенбіз…. Газеттің 16 қаңтардағы нөмірі оқыс жаңалықпен ашылады, «таңертең атылған оқ немесе Шалинге қастандық жасаған кім?» Мақаладан үлкен кәсіпорындарда басшылық еткен, Қорғалжын ауданының әкімі С. Шалинді біреу­лер атып кеткенін білдік. Газет сол кезде қазақстандық жұмысшының айлығы – 15 мың теңге, шетелдік болса, 364 мың теңге айлық алатын әділетсіздік туралы да жазған. Шетелден келген біріккен кәсіпорындардың ойына келгенін жасап, осы ұлттың иесі саналатын қазақ жігіттерінің несібесін жеп, жалақы төлеу­де алақолдық танытқанын айтқан мақаланы байырғы журналист Таңатар Төлеуғалиев жазған.
«Жаман арба жол бұзар» деп «Астана ақшамы» журналисі «Мегаполис» газетінің тұтас бір ұлтты маскүнем деп қаралауына қарсы жа­уап берген. Қазақ халқынан неге кешірім сұрамайды? деп күйінеді автор Ерғазы Әсембекұлы. Риза боласың. Дәл бүгінгі таңда бізде сондай рух, шарболаттай қайралған намыс бар ма өзі? Бір полицияның мақаласын оқыдым, полиция полковнигі Ғалым Жүсіпов құқық қорғау саласының жетістігі не кемшілігі туралы айта ма десем, «Ұлттық дәстүрді қалай оятамыз?» деп сауал тастайды. Наурызды мерекелеу, жалпы той өткізуге жаңашылдық, ұлттық мінез керегін айтады, тамаша мақала! Бүгінгі таңда да «Астана ақшамында» қыз­мет істейтін Төлен Зәрубайұлы сол кезде ғылымнан келетін табыстың аздығынан ғалымдардың шетелдерге кетіп жатқанын айтады. Бекен Қайратұлының «Баспасөз кімге керек немесе ақпарат құралдарының қоғамдағы ролі туралы» жазғаны ой саларлық. Байқасаңыз, қазақ газеті сол кездегі «Жас қанат» байқауын да сүйіншілеп жазған екен. Ел алдан тек жақсылық күткен, сәл жақсылыққа қуанған, азғантай жетістікке ырза болған кеңпейіл кезең екен.

Жаңа қала – жаһұт мекен болса

Ендігі міндет Есіл жағалауын игеру деген Н. Назарбаев қала дамуындағы түйткілді мәселелерді шешуде басшылардан тың идея, жаңа бастама күтеді. «Астана әлемдік жетістіктерді сүйреп алып кететіндей локомотив қала болуы керек» деген Президент үлкен міндеттер жүктейді. Жаңа қала – жаһұт мекен болуы үшін арнайы экономикалық аймақ құрылғаны да осы 2001 жыл. Сол кезде қаладағы салынған әрбір жаңа ғимаратқа қуаныш білдіріп, жақсылықты жарыса жазып отырған. Мысалы, 31 наурыз­дағы нөмірде «Көз тартады келбеті» деп Базис А салған «Престиж» деп аталатын ТК туралы айтады. Үй демекші, «ипотекалық несие үй алуға көмектеседі» деп халыққа ой салған, денсаулығы барда, жұмысы барда адамның сол дер шағын, мүмкіндігін пайдаланып баспаналы болып үлгерсін деген ниеті көрінетін осындай мақалалар сол кезде оқылымды болғаны анық. Сондай-ақ қалалық тұрғын үй кезегінде тұрып, пәтер кезегі жылжымай немесе кейінге шегеріліп қалған әділетсіздіктер туралы да шағым айтып келушілер аз болмаған. Бұдан газеттің қала тұрғындары арасында әжептәуір беделі болғанын көреміз. Ол заманда жұртшылық басылымның өз үнін жеткізетініне, тиісті орындар газетте айтылған мәселеге назар аударып, құлақ асып, бір нәтиже шығарарына сенген.

Еттің келісі –370 теңге

«Қазаның күнде қайнай ма, қазақ?» деген мақалада еттің қымбаттағаны айтылады. Осы мақала дәл бүгін көбірек өзекті көрінеді. Қазір айлап қазан аспайтын болдық қой, қалалықтар түгілі ауылдағылардың өзіне соғым сою – кәдімгідей мәселе. Ал 2001 жылдың мамырында сиырдың сан еті – 370 теңге, қой еті 500 теңге болған. Әрине, ол кезде айлықтың көлемі де азғантай еді. Қазір көбінің айлығы өсті, бірақ қымбатшылық та қысуын қояр емес.
Теңгенің құны болған екен-ау деп таңғалғанымыз­дың тағы бір себебі – 2000 жылы Астанада сырттан көшіп келген қандастарға 15 пәтер бөлінгені туралы айтылған. 2001 жылы да қандастарымыздың пәтер алуы үшін 15 млн теңге бөлініп отыр дейді әкімдік берген ақпарат. Сонда сол кезде 15 млн дегенің әжептәуір ақша болғаны ғой. Бүгінгі таңда 15 млн теңгеге қуықтай ғана бір бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Пәтер демекші, 2001 жылғы 8 ақпанда Елбасы мәдениет, өнер, ғылым саласының 38 адамына пәтер сыйлапты. Оны қала әкімінің орынбасары Т. Мұхамеджанов салтанатты түрде тапсыр­ған.

Ескерткіштер шеруі

Кенесары хан ескерткіші­нің ашылу салтанаты да айтулы оқиға болыпты, Президент бір топ басшымен келіп батыр баба рухына тағ­зым еткен. Сондай-ақ күллі түркі дүниесінің көк семсері атанған Күлтегін ескерткіші де Еуразия мемлекеттік университетінің бас ғимаратына жеткізіліп, салтанатты жағдайда ашылған. Осы жерде айта кетейік, жаңа астананың халқы жаңа мыңжылдықтың алғашқы Наурызы деп ұлт мерекесіне үлкен маңыз берген.

Сын садағын қолға алып…

«Туризм тұнған байлық» деп оны дамытудың жолдары айтылады, одан бері не заман, бұл тақырыпты жиірек қаузап қойғанымыз­бен істеліп жатқан шаруа, айтарлықтай нәтиже бар деу қиын. Сондай-ақ «Қазақтелекомның монополистік мінезі» деп, сынап жазған, Астананың «Панасыз қалған бичтері» де журналист назарынан тыс қалмаған. «Ескі үйі бұзылғандардың есесі кете ме?» деп қала тұрғындарының құқының бұзылмауына үн қосады. «Есік қаққанның есебі түгел ме?» деп пәтерден пәтерге көшіп жүргендер туралы Төлен Зәрубайұлы жақсы көтереді.
Тілдің жайының қашанғыдай қаны сорғалап тұрғанын көріп мұңаясың. Журналист Өріс Яшүкірқызы «Қазақша оқымаған соң қазақ газеті тарамайды» деп мәселенің қайдан шығып жатқанын санамалап көрсетеді. ­Ғалым Қожабеков ағамыз Қ.­Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Әзербайжан Мәмбетовтен сұхбат алыпты. Сол кезде қазақ театр өнерінің жарық жұлдызы «Елордамызда театр және өнер институтын ашу керек» депті. Өнер институты ашылды, ал жаңа театр көп ұзамай халық игілігіне айналады деген үміт бар.

Елордадағы облыс күндері

Елордадағы облыс күндерінің ұымдастырылуына да үлкен мән берілген, бұл кезде газет те ерекше шыққан. Мысалы, 20-21 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының елордадағы күндері өтуіне байланысты сол күнгі «Астана ақшамының» «қалпағы» – «Оңтүстік Қазақстан» болып шыққанын көріп бір таңғалдық. Сол кездегі мереке 25 қазан- Республика күні де айрықша әдемі безендірілген екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − one =