2000 жыл

0 82

«Астана ақшамының» 2000 жылғы нөмірлерінде ел астанасы өміріндегі ең бір жарқын кездер ­кө­рініс тапқан. Иә, бұл шын мәнінде тың бастамалар мен жаңа идеялар көтерілген нағыз даму кезеңі болатын. Бір жыл бұрын, яғни 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атағын алғаннан кейін 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблея­сының мүшесі атанады. Міне, осынау жарқын жетістіктердің бәрі «Астана ақшамында» жазылған.Жаңа ғасырға – жаңа үмітпен 

Жалпы, жаңа мыңжылдықты біз өзгеше сезіммен қарсы алыппыз, жаңа ғасыр­дан күтеріміз де мол болыпты, бұл туралы Президент Н.Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында айтып өткен екен: «Қазақстан үшін де, барлық адамзат үшін де 2000 жыл өліара шақ болды: ХХ ғасыр аяқталып, ХХІ ғасыр басталды. Күнтізбедегі бұрын көз үйренбеген «2000» деген ерекше санның өзі алда айрықша бір жағдайлар күтіп тұрғандай әсер туғызды. Жаңа ғасыр ресми түрде 2001 жылдан басталуға тиіс болса да, миллиондаған адамға үшінші мыңжылдық 2000 жылы-ақ кіріп келетіндей көрінді. Мұның өзі кәдімгідей пікірталасқа ұласты. Мыңжылдықтың ғаламдық психологиясы осындай еді. Жаңа ғасыр алдымызға тартқан міндеттерді қалай түсінетінімді мен Қазақстан халқына Жолдауларымда жан-жақты айтқанмын. 2000 жылдан бастап олардың бірте-бірте бедері айшықталып, көкжиегі кеңейе келе, 2030 стратегиясының алуан түрлі өрнектері көрініс табатын ауқымды панорамаға айналды. Әрбір Жолдау «Қазақстан-2030» бағдарламасын жүзеге асыруға жасалған жаңа қадам болып, алдағы жылы атқарылуға тиісті міндеттерді айқындап беріп отырды. Сол 2000 жылдың өзінде-ақ Үкіметке экономиканың өсуін қамтамасыз етуге басымдық беретін бесжылдық индикативті және онжылдық стратегиялық жоспар дайындау тапсырылды. Сөйтіп біздің стратегия біртіндеп нақты да айқын сипат ала бастады» деп жазады Президент.

Жаңа Астананың  даму жолы

Қаңтар айында ел орталығы Арқа төсіне ауысқан сәттен бастап бұрынғы астана Алматы қаласымен барыс-келіс күшейді. Осы орайда қалааралық автомобиль жолын жақсарту жөнінде Елбасы атқарушы билікке арнайы тапсырма жүктеп, осы мәселе Үкімет мүшелерінің кезекті отырысында кеңінен талқыланып, нәтижесінде 1200 шақырымдық жолды аз ғана мерзімде толық жарақтап, құрылыс жұмыстарын жедел жүргізу жайлы шешім қабылданды.
«Астана ақшамы» 27 қаңтарда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Астананың бас жоспарымен жан-жақты танысқанын жазады. Елбасына қала әкімі Ә.Жақсыбеков пен бас архитектор Б.Досмағанбетов таныстырып шыққан жобада қазіргі Президент резиденциясы, «Нұр Астана» мешіті, сонымен қатар екі ортаны жалғап жатқан «Трансойл» компаниясының ғимараты қатарлы аса ауқымды нысандар қарастырылған. Жоба мақұлданған соң Үкімет құрылыс жұмысын бастады. Бұл күнге Нұрсұлтан Әбішұлы «Астана қақпасы ашылған сәт» деп баға берді. Ал 20 шілдеде Премьер-министр Қ.Тоқаевтың төрағалық етуімен Үкімет мүшелері қатысқан кең көлемде мәжіліс өтіп, онда «Астана қаласын дамыту тұжырымдамасы» талқыланды. «Астана қаласының шекарасын өзгерту туралы» Елбасы Жарлығы шықты, оған сәйкес қала аумағының жалпы көлемі ұлғайды. «Астана ақшамында» 22 тамыздан бастап қаланың іргесіндегі елді мекендер – «Күйгенжар», «Мичурин», «Пригородное», «Интернациональный», «Учхоз», «Көктал» ауылдары бас шаһар құрамына енгені, елорда аумағы ұлғайғаны айтылады.
Астана қаласындағы ал­ғашқы бағдарламалық құжат 2000-2002 жылдарға кедейлiк және жұмыссыздықпен күрес жөнiнде аймақтық бағдарлама жасалғаны да «Астана ақшамы» газетінде көрініс тапқан. Қалалық бағдарлама елорда дамуының осы кезеңiне сипатты түбегейлi мәселелер және басымдылықтар есебiмен әзiрлендi. Осы бағдарламаны сондай-ақ басқа да аймақтық және салалық бағдарламаларды iске асыру барысында нақты жағымды нәтижелерге қол жеткiзiлдi: қаланың еңбек нарығында қалыптасқан жағдай тұрақтандырылып, жұмыссыздар үлесi 1,1 па­йызға төмендедi; 24,8 мың жұмыс орны құрылды.

2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы

«Астана ақшамының» жаңа жылдық нөмірлерінде жаңа ғасырдың алғашқы күні Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланып, бас қалада «Мыңжылдық – Думан – Астана» атты мерекелік бағдарлама қолға алынғаны айтылған. Жаңа мыңжылдықты қарсы алу салтанаты қаладағы «Алатау» спорт сарайында өтіпті. Газеттің 14 қаңтардағы нөмірінде Арқа төсінде тұңғыш рет қазақ әндері фестивалі ұйымдас­тырылып, оған облыстардан танымал әншілер шақырылғаны айтылады.
«Астана ақшамының» бұдан кейінгі нөмірлерінде ел үкіметі «Астана қаласын дамытудың бас жоспары туралы» қаулы қабылдағаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорда мәдени ошақтарын аралап, мемлекеттік опера және балет театры құрылысын тез арада бітіруді тапсырғаны жазылған. Сегіз айдан кейін Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры Мұқан Төлебаевтың «Біржан–Сара» операсымен шымылдығын ашыпты. Ал 22 ақпанда Елбасы бас қалада салынып жатқан Президенттік мәдениет орталығының құрылысымен (қазіргі Әскери-тарихи музей) танысып, «Байырғы көшпенділер мәдениеті» атты залға өзіне маңғыстаулықтар сыйлаған киіз үйді орналастыруды тапсырды. Орталық сегіз айдан кейін, яғни 28 қазан күні Президенттің қатысуымен ашылды.Спорттағы жетістіктер

4 қаңтарда Астанада Қазақстан және Куба елінің бокстан ұлттық құрама мүшелері арасында жолдастық жекпе-жек өткен. Даңқты спортшы, әлем чемпионатының бес дүркін жеңімпазы Феликс Савон бастап келген кубалықтарды еліміздің былғары қолғап шеберлері 6:4 есебімен ұтты. Жалпы алғанда, 2000 жылы спорттағы жетістік аз болмаған. Жас Қазақстанның атын әлемге танытқан спорттағы жетістіктің негізгісі ХХVІІ Сидней Олимпиадасында көрініс тапты. Осы Олимпиадада Қазақстанның туы әлемдік додада жоғарыға көтеріліп, боксшы Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттарханов, Ольга Шишигинаның арқасында ел әнұраны Сидней аспанында шырқалды. Сондай-ақ 16 желтоқсанда тәуелсіздік тойына тарту ретінде елорданың «Алатау» спорт сарайында тұңғыш рет қазақша күрестен алғашқы ұлттық чемпионат ұйымдас­тырылды. Түйе балуанға Қазақша күрес федерация­сының президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед жеңіл көлік тігіп, ол балуан Елдос Ықсан­ғалиевке бұйырған екен. «Астана ақшамы» газеті спорттағы ақжолтай жаңалықтарды дер кезінде қала тұрғындарына жеткізіп отыр­ған.

Елорда руханияты

2000 жылы Қазақстанның Мәдениет жылындағы шаралар республикалық ауқымды ғана емес, халықаралық деңгейде де көрініс тапты. Түркі жұртының бесігі – Түркістан қаласының 1500 жылдығы ЮНЕСКО деңге­йінде тойланып, бұған Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар, түркі мемлекеттерінің басшылары да түгелдей қатыс­ты.
Астанаға қатысты айтар болсақ, Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы өз жұмысын бастады. «Ақындар айтысы» республикалық конкурсы, «Шабыт» жастар шығармашылық фестивалі осы жылы дәстүрлі конкурс­тар ретінде қалыптасты. 13 маусымда Елбасының қатысуымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаңа ғимараты, 12 тамызда қазақ тілінде әдеби шығармалар саудалайтын «Абай» кітап дүкені ашылған. Сонымен бірге қарашаның басында Астанадан 30 шақырым жердегі Рождественка ауылының маңында Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің салтанатты ашылуы ұйымдас­тырылған. Осы жылы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, яғни 10 желтоқсанда Ақмола қаласы үш жыл бұрын (1997 жылы) еліміздің жаңа астанасы деп танылған тарихи күнге орай Конгресс-холда салтанатты жиын ұйымдастырылып, қала басшысы Ә.Жақсыбеков Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма ­театрының көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетовке «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын тапсырады.

Саясаткерлер бас қалада бас қосты

30 наурызда Астанада төрт жылдың (1996 жыл) алдында «Шанхай бестігі» деген атпен құрылып, кейін «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы» атауына ие болған беделді халықаралық ұйым мүшелері бас қосыпты.
2000 жылғы Астана қонақтары арасында Түркия президенті Ахмед Неджет Сезер, Сауд Арабиясы Корольдігі премьер-министрінің орынбасары бекзада Сұлтан Бин Абдель Азиз әл-Сауд, АҚШ елінің мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт болыпты. 2000 жылы тәуелсіз Қазақстанның халықаралық саясаттағы қадамы нық болды. Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мыңжылдық саммитінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Қауіпсіздік және ынтымақтастық – ғаламдық және аймақтық аспектілер» тақырыбында арнайы баяндама жасады.

«Астана ақшамы» – мықты құрама

«Астана ақшамының» ба­йырғы қызметкері, журналист Ғалым Қожабеков осы кезеңдегі «Астана ақшамын» былай деп еске алады: «Алматыдан көрнекті жазушы әрі белгілі газетші Дидахмет Әшімханұлын шақырды. Осылайша біз қазақтың тағы бір талантты қаламгерімен қоян-қолтық жұмыс істедік. Өр мінезімен, өнегелі ісімен бізді өзіне тез баурап алған Дидаға да газет тіршілігіне көптеген тың бастамаларды енгізіп, қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Жайсаң жайлау, жаз пейіл бола отырып, жұмыс барысындағы келеңсіздіктерге төзбейтін абзал аға біздің көбімізге сөз құдіретін тереңінен түйсінуді үйретті. Жұмыстан тыс кезде бәрімізбен аралас-құралас жүрді. Осындай қабілет-мінезімен көпшілікке жаққан жазушы ағамыз, өкінішке қарай, «Астана ақшамы» газетінде бес-ақ ай жұмыс істеген екен. Астаналық газеттің қалыптасу кезеңінде айшықты ізін қалдырған ­Дидахмет аға, секретариат­тың қара жүгін көтерген Ерғазы аға, жазғаны маржандай Төлеген ағамыз бұл дүние­ден ерте өтіп кетті. Бәрінен тәлім алғандықтан, сондай-ақ сыйластығымыз жарасып жүргендіктен болар, осы ағаларым есіме түскен кезде көңілім кәдімгідей құлазып сала береді. Жайсаң адамның жақсылығы ұмытылмайды екен-ау. Біле білсек, қуаныш пен өкініш қатар жүретін бұл жалғанда жан-жағыңдағы адамдарға, өзің тіршілік етіп жүрген қоғамға титтей де болса жақсылық жасап жүрсең, онда өміріңнің зая өтпегені» деп толғанады автор Ғ.Қожабеков.

Қандастар туралы жаңалық

2000 жылдың 28 желтоқсанында Президент ­Н.Назарбаев мыңдаған адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаны туралы Жарлыққа қол қойған, 3137 адам Қазақстан азаматтығына ие болды деп қуана жазады «Астана ақшамы». Тұтастай алғанда, 10 мыңнан астам адам осындай құрметке ие болған. Атажұртына қоныс­танған азаматтардың басым бөлігін кезінде Моңғолиядан еңбек келісімі бойынша келген отандастар толтырған. Айтпақшы, 2000 жылы алғаш рет мемлекетімізде гендерлік саясат мәселелері талқыға түскен екен. Бірқатар ЖОО-да гендерлік саясат курстары енгізіле бастаған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 2 =