2000 жыл

0 73

1999 жылы – Астана ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атағын алғаннан кейін 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық Ассамблеясының мүшесі атанады.
14 қаңтар – Арқа төсінде тұңғыш рет қазақ әндері фестивалі ұйымдастырылып, оған облыстардан танымал әншілер шақырылды. Үздік деп танылған өнерпаздар елорданың мәдени тынысына үлес қосуға шақырылды.
30 наурыз – Төрт жылдың (1996 жыл) алдында «Шанхай бестігі» деген атпен құрылып, кейін «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы» атауына ие болған беделді халықаралық ұйым мүшелері Астанада бас қосты.
13 маусым – Елбасының қатысуымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаңа ғимараты ашылды.
20 шілде – Премьер-министр Қ.Тоқаевтың төрағалық етуімен Үкімет мүшелері қатысқан кең көлемде мәжіліс өтіп, онда «Астана қаласын дамыту тұжырымдамасы» талқыланды.
12 тамыз – Қазақ тілінде әдеби шығармалар саудалайтын «Абай» кітап дүкені ашылды.
15 тамыз – Есіл өзенінің қала орналасқан өн бойын шарлай жүзіп, қонақтарға шаһар көркін таныстыратын «Ақбұлақ» саяхат кемесі жүре бастады.
3 қыркүйек – Н.Ә.Назарбаев елімізде мұнай өндіріле бастауына 100 жыл толуына орай Атырау қаласында өткізілген салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

2000 жыл – тың бастамалар мен жаңа идеялар көтерілген нағыз даму кезеңі. Бас шаһарда құрылыс, қалааралық автомобиль жолдарын жақсарту, кедейлiк және жұмыссыздықпен күрес қарқын алса, ал еліміз бойынша есте қалған естеліктер молынан. Ұлы Жеңістің 55 жылдығы, ертүріктің бесігі – Түркістан тойы мен қазақ баласының тұңғыш рет олимпиада ойындарынан алтыннан алқа тағынуы еліміздің абыройын асқақтатты.

 БАС ҚАЛАНЫҢ ІРГЕСІ КЕҢЕЙДІ

«Астана ақшамы» 27 қаңтарда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Астананың бас жоспарымен жан-жақты танысқанын жазады. Елбасына қала әкімі Ә.Жақсыбеков пен бас архитектор Б.Досмағанбетов таныстырып шыққан жобада қазіргі Президент резиденциясы, «Нұр Астана» мешіті, сонымен қатар екі ортаны жалғап жатқан «Трансойл» компаниясының ғимараты қатарлы аса ауқымды нысандар қарастырылған.
Жоба мақұлданған соң Үкімет құрылыс жұмысын бастады. Бұл күнге Нұрсұлтан Әбішұлы «Астана қақпасы ашылған сәт» деп баға берді. Ал 20 шілдеде Премьер-министр Қ.Тоқаевтың төрағалық етуімен Үкімет мүшелері қатысқан кең көлемде мәжіліс өтіп, онда «Астана қаласын дамыту тұжырымдамасы» талқыланды. «Астана қаласының шекарасын өзгерту туралы» Елбасы Жарлығы шықты, оған сәйкес қала аумағының жалпы көлемі ұлғайды. «Астана ақшамында» 22 тамыздан бастап қаланың іргесіндегі елді мекендер «Күйгенжар», «Мичурин», «Пригородное», «Интернациональный», «Учхоз», «Көктал» ауылдары бас шаһар құрамына енгені, елорда аумағы ұлғайғаны айтылады.
Астана қаласындағы алғашқы бағдарламалық құжат 2000-2002 жылдарға кедейлiк және жұмыссыздықпен күрес жөнiнде аймақтық бағдарлама жасалғаны да «Астана ақшамы» газетінде көрініс тапқан. Қалалық бағдарлама елорда дамуының осы кезеңiне сипатты түбегейлi мәселелер және басымдылықтар есебiмен әзiрлендi. Осы бағдарламаны сондай-ақ басқа да аймақтық және салалық бағдарламаларды iске асыру барысында нақты жағымды нәтижелерге қол жеткiзiлдi: қаланың еңбек нарығында қалыптасқан жағдай тұрақтандырылып, жұмыссыздар үлесi 1,1 пайызға төмендедi; 24,8 мың жұмыс орны құрылды.

ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ МӘЙЕГІ

Мыңжылдықтар межесін айқындап, ғасырлар тоғысында тұрғанына қарамастан екі мыңыншы жыл елімізде ел Президентінің Жарлығымен Мәдениетті қолдау жылы деп жарияланды. Бас қалада «Мыңжылдық – Думан – Астана» атты мерекелік бағдарлама қолға алынғанды.
«Астана ақшамының» жаңа жылдық нөмірлерінде жаңа ғасырдың алғашқы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланып, бас қалада «Мыңжылдық – Думан – Астана» атты мерекелік бағдарлама қолға алынғаны айтылған. Жаңа мыңжылдықты қарсы алу салтанаты қаладағы «Алатау» спорт сарайында өтіпті. Газеттің 14 қаңтардағы нөмірінде Арқа төсінде тұңғыш рет қазақ әндері фестивалі ұйымдас­тырылып, оған облыстардан танымал әншілер шақырылғаны айтылады.
Соған қарамастан Үкімет басындағы кейбір оспадарсыздардың қателігінен жүздеген шағын мектептер мен мыңдаған кітапханалар және клубтар жабылды. Ірі елді мекендердегі мәдениет үйлерінің сәулетті ғимараттары қалталы пысықайларға сатылып кетті. Мәдениетті қолдау жылы сол қателікті түзетудің арналы алаңы болды.
Президент Жарлығымен әдебиет пен өнер қайраткерлеріне мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатымен айына жиырма еселенген есептік көрсеткіш мөлшерінде жыл сайынғы елу стипендия тағайындады.
Астанадағы Күләш Байсейі­това атындағы ұлттық опера және балет театры құрылды. Халық қаһармандығының үлгісі Қаракерей Қабанбайға елорда түбінде ескерткіш орнатылды.
ЮНЕСКО шешімімен ақыл-ойдың алыбы ақын Абайдың, ғұлама ғалым ­Қаныш Сәтбаевтың, көркем ойдың кемеңгер зергері Мұхтар Әуезовтің және бір өзі бір кітапхана кітап жазған халық жазушысы Сәбит Мұқановтың мерейтойлары әлемдік деңгейде атап өтілді.ЖАҢА ҒАСЫР ЖЕҢІСПЕН БАСТАЛДЫ

Олимпиада жылында Қазақстан спортшылары дүбірлі додаға екінші рет қатысты. «Мыңжылдық – Думан – Астана» мерекелік жобасының аясында өткен Қазақстан-Куба боксшыларының кездесуінен Сидней олимпиадасында олжасыз болмайтынымызды аңғардық.
Себебі еліміздің былғары қолғап шеберлері бокс профессоры Сагрро мен жеті дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанған Феликс Савон бастаған Куба боксшыларын 6:4 есебімен жеңді. «Астана ақшамы» газеті спорттағы ақжолтай жаңалықтарды дер кезінде қала тұрғындарына хабарлап отырған.
Жас Қазақстанның атын әлемге танытқан спорттағы жетістіктің негізгісі ХХVІІ Сидней Олимпиадасында көрініс тапты. Осы Олимпиадада Қазақстанның туы әлемдік додада жоғарыға көтеріліп, боксшы Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттарханов, Ольга Шишигинаның арқасында ел әнұраны Сидней аспанында шыр­қалды. Сондай-ақ 16 желтоқсанда тәуелсіздік тойына тарту ретінде елорданың «Алатау» спорт сарайында тұңғыш рет қазақша күрестен алғашқы ұлттық чемпионат ұйымдас­тырылды. Түйе балуанға Қазақша күрес федерациясының президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед жеңіл көлік тігіп, ол балуан Елдос Ықсанғалиевке бұйырыпты.

МАЙДАНГЕРЛЕР МАШИНА МІНДІ

Екі мыңыншы жыл, шынында да, ерекше жыл еді. Ол адамзатты фашизм апатынан аман алып қалған Ұлы Жеңістің 55 жылдығы мерекеленген торқалы той жылы.
Кеудесін қалқан етіп, темір тажал танктерді тойтарып, Мәскеуді қорғап қалған, Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен, ажал шашқан амбразураны омырауымен басып, отқа оранған ұшағымен жау ордасына құлап, опат болған. Беларусь ормандарында, Карпат тауларында партизан жасақтарын басқарып, тұтқиылдан тиіп, дұшпанның үрейін алып ойсырата соққы берген қазақ азаматтарының атағы әлемге әйгілі болды. Осындай ерлігі үшін 500-дей жерлесімізге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Төрт отандасымыз мұндай мәртебеге екі дүркін ие болды. Шығыс қыздарының арасынан екі қандасымыз батыр атағын алды. Кейінгі жылдары Кеңес Одағы Батырлары сапын сол соғыста ерлікпен қаза тапқан қаһарман ұшқыш Бақтыораз Бейсекбаевтың есімі толықтырды.

29 сәуірде елорда басшысы Ә.Жақсыбеков Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында 18 майдангерге «Таврия» жеңіл автокөлігінің кілті мен 26 соғыс ардагеріне пәтер кілтін табыс етті. Аталмыш жылдың жазында әскери доктрина қабылданып, әскерді жеткілікті дәрежеде қаржыландыру көзделді, шекараны бекіту қолға алынды.

БІРІНШІ «ИНТЕРНЕТ–КАФЕ»

Елордада «Интернет-кафенің» тұсауы кесіліп, алғаш рет қашықтықты жақындату, қажет оқиғалардың санау­лы секунд ішінде алынуы халыққа қолжетімді болды. Бұл қуанышты жаңалық «Астана ақшамы» газетінің беттерінде көрініс тапты.
«Жаңа мыңжылдықтың қауқарлы құбылысы болып отырған интернет қызметін көпшілік қолды етуге талпынған бұл қадам – республика телекоммуникациясының жетекші операторы бағасын алған «Нұрсат» компаниясы мен интернет қызметінің орталығы жобасымен жасалған. Кафеге келушілерге интернет жүйесіне ену, электронды почтаны ашу, жүйелі ойын ойнау, интернет арқылы көре отырып (видео), жер шарының кез келген адамымен әңгімелесу мүмкіндігі тудырылып, әрбір іскер адамға қажет факс, принтер, сканер сияқты кең көлемді қызмет түрлері ұсынылады. Интернет арқылы үйіңіз немесе кеңсеңізден шықпай-ақ әлемнің кітапханаларын, мұражайларын аралап, «жұлдыздардың» концерттерін тамашалай бересіз.
1999 жылдың жылдың 30 желтоқсаны мен 2000 жылдың 7 қаңтар аралығындағы жаңажылдық каникул күндерінде «Интернет-кафе» қызметі тегін көрсетіледі» деп жазылған басылым бетінде.ТҮРКіСТАНҒА – 1500 ЖЫЛ

Бұл жылы түркі жұртының бесігі – Түркістан қаласының 1500 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар, түркі мемлекеттерінің басшылары да түгелдей қатысты.
Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы өз жұмысын бастады. «Ақындар айтысы» республикалық конкурсы, «Шабыт» жастар шығармашылық фес­тивалі осы жылы дәстүрлі конкурстар ретінде қалыптасты.
Сонымен бірге қарашаның басында Астанадан 30 шақырым жердегі Рождественка ауылының маңында Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің салтанатты ашылуы ұйымдастырылған. Осы жылы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, яғни 10 желтоқсанда Ақмола қаласы үш жыл бұрын (1997 жылы) еліміздің жаңа астанасы деп танылған тарихи күнге орай Конгресс-холда салтанатты жиын ұйымдастырылып, қала басшысы Ә.Жақсыбеков Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетовке «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын тапсырады.

ДОЛЛАР, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

Халық тірлігінің тірегі болмаса да, сауда-саттықта, алыс-берісте айқындаушы рөл атқаратын доллар бағасы күн сайын сатылап жоғарылады. Доллар қымбаттаған сайын қарапайым жұртшылықтың қалтасы қағылып, тынысы тарыла түсті. Оның сату бағасы 142-ден 144 теңгеге жетті.
Осыған қатысты «Астана ақшамы» газетінде сол кездегі Ұлттық банктің Астанадағы филиалы валюта операцияларын бақылау секторының меңгерушісі Жаннат Байманованың жағдайға қатысты түсініктемесі жарияланды.

ЕТ НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?

Орташа есеппен 1 келі ұн – 38 тг, сиыр еті – 239 тг, қой еті – 256 тг, тауық етінің келісі 240 теңгеге түсті.
«Соғым соймаған ағайындардың сорлайтын түрі бар. Өйткені тон киіп, тоя тамақ ішпесең, Арқаның аязына төтеп беруің қиын. Сере қазы түсетін семіз жылқының құны 70 000 теңгеге жетті. Ал ендеше…
Астана базарларында да еттің бағасы аспандап кетті. Қазы-қарта, жал-жая секілді жылы-жұмсақты сатып алуды көпшіліктің қалтасы көтермейді. Сосын сүйек-саяқты қанағат тұтып, қарын жұбата тұрады да.
Қазақша басылымдар мал аза­йып барады деп қақсағалы қашан. Айтқанымыз келді, ақыры. Айналайын, ауыл азды. Түлік біткен түгесілді. Ендеше, ет қымбаттамай қайтсін…» делінген «Астана ақшамы» газетінде жарияланған Талғат Батырхан мақаласында.ТАС ЖОЛ ТАҚТАЙДАЙ БОЛАДЫ

Бұл жылы Ислам даму банкі Астана – Қарағанды автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу үшін 20 миллион АҚШ доллары көлемінде несие бөлінгенін мәлімдеді.
«Жеңілдікпен бөлініп отырған мақсатты несие Астана-Аршалы арасындағы тас жолды жөндеудің қажетіне жұмсалатын болады. Бұл – автомобильдер толассыз жүретін үлкен жолдың бір бөлігі ғана.
Жалпы республика үкіметі еліміздің оңтүстігін елордаға жалғайтын күре жолды тұтастай жөндеуден өткізуді межелеп отырғаны белгілі» деп жазылған «Астана ақшамының» газет беттерінде.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =