1999 жыл

0 15

Жылашар нөмір –жылы сезім

1999 жылдың жылашар нөмірі Президент шыршасы шаттыққа бөледі деген мақаламен ашылады. Ол кезде Президент шыршасы, оған қатысу дегенің кәдімгідей жаңалық болатын. Өйткені оған кез келген бала қатыса алмайтын, тек оқуда озат және өнерлі оқушылар сол ерекше шыршаға қатысуға мүмкіндік алатын. Мақалада осы шыршада қыз балаларға қымбат тон мен етік, ұлдарға былғары күрте мен пилотка және барлығына бірдей шаңғы берілгені айтылады. «Ерулік» айдарында «Елорда және Ерік Асқаров» деген атпен сұхбат бар. «Елорда» мемлекеттік баспасына бас редакторлығына тағайындалған айтыскер Ерік Асқаров баспа жұмысы, «Алтын қордағы» шығармаларды басып шығару жоспарымен бөліседі, айтыс туралы іште жүрген пікірін айтады. «Шынымды айтсам, қазіргі айтыстарға көңілім толмайды, айтыстың рухы төмен, моральдік мағынасы жұтаң. Айтыс қазақтың мәдени мейрамы, үкілі өнер сайысы деген ұғымнан мүлдем алшақтап кетіпті. Сахнадағы бәйгеге тігілген машинаны ұтып алу үшін елім деп еңіреп, боздайды, ал сахнаның артында бір-біріне жат. Сөйлеспейді. Бақталастық па, ішараздық па, әйтеуір, алакөзденіп бір-біріне атарға оғы болмайды. Сұмдық! Егер бәйгеге самолет тіксе, домбыра емес автомат алып шығудан тайынбайтындай. Ал біздің кезімізде ақындар бір-бірімен туған бауырдай араластық. Өнер құдіреті бәрімізді баурап шын ниетіміз, ықыласымыз дарындыны құрметтеуге ауатын» деп сыр ақтарыпты.«Тілсіз қазақтың күні қараң»

Бұл – бүгінде газетіміздегі аға журналист Таңатар Төлеу­ғалиевтің мақаласы. Журналист кез келген адамның ойына келе бермес пайым жасайды. «Ауыл азып, қазекемдер жүдей бастады» дегенді көп естиміз, Осының түп-төркіні тіліміздің қадірін кетіріп алуда жатыр. Байқап қараңызшы, тубдиспансердегі науқастардың түгелге жуығы – өзіміздің қаракөздер. Жатақханада тұрып жатқандар мен жұмыссыз босып жүргендер де тағы сол өзіміздің ағайындар. Неге? Оның бір ғана жауабы бар. Тіліміз – жетім» деп түйіндейді. Иә, тіл жетім болғасын, білімі мен білігі жетіп тұрса да орысша білмейтін қаншама қазақ өз мүмкіндігін көрсете алмайды, жұмыс таппайды, дастарханы жүдеу, көңілі жарым адам ауруға шалдыққыш, емделейін десе ақшасы жоқ әрі тіл білмейді. Және осының бәрі – өз елінде болып жатқан жағдай.
Газет тілшісі Бекен Қайрат ағамыз «Отан оттан да ыстық немесе оралман қандастар хақында» деп аталған мақаласында оралмандардың көші-қон мәселесіндегі түйткілдерге тоқталып өтеді. Айта кетейік, 1999 жылы республикалық бюджет есебінен көші-қонға 900 млн теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ сол 1999 жылы 1100 отбасыны көшіріп алуға квота есептелген екен.Дүркіреп өткен Президент сайлауы
1999 жылғы «Астана ақшамы» газетінің тігінділерін ақтарып отырғанда бұл жылы Президент сайлауы өткені еске түсті. Көптеген нөмірлер осы айтулы кезеңге арналған. Сайлау өткен соң «Ізгілік үшін дауыс бердім», «Келешектің кепілі», «Жеңісі баянды болсын» т.б. үміт пен сенімге толы пікірлер көп басылған екен. Бұл бір жағынан сол кезде халықтың жаңа мемлекет құруға деген құштарлығын көрсетеді, оқып отырып өзіңнің де көңіліңді көтереді. Осы аралықта өткен уақыт
21 жыл, осы аралықта халықтың санасы да, ұстанымы да қаншалықты өзгергенін ойлайсың.

Халық сөзін сөйлеген

Назарымызды аударғаны «Халықтан жасырғанның құлағы тік» айдары болды, ал мақаланың аты «Жұлындағы жегі құрт» деп аталады. Авторы – Қайсар Әлім. Мұнда Чернобыль апаты, радиацияның зияны, сәуле ауруларын емдейтін мамандар жетіспеу­шілігі туралы айтылады. «Астана ақшамы» тілшісі Ғабит Абзалбек «Қазақстан экономикасын қай сала құтқарады?» деген сұраққа жауап іздейді. Журналист аграрлық секторды басқаруда жіберілген кемшіліктердің аталған салада өнеркәсіп төңкерісін жүргізуге, жуық арада мемлекеттің экспорт-импорт саласын өзгертуге, дамытуға түрткі болмай отырғанын айтады, тұтынушылар сұранысын өтеу үшін технологиялық мүмкіншіліктерді игеруді қолға алуды ұсынады. Журналистің сауатты көзқарас-пайы­мына сүйсінесің.
Марқұм болып кеткен журналист А.Тілеуов те «Зейнет­ақы реформасы ойдағыдай болды ма?» деген мақаласында көп сұраққа жауап іздейді. Шынына келгенде, сол кездегі мәселелер әлі күнге дейін шешуін таппағанын, сол кездегі елді толғандырған сауалдардың әлі де өзектілігін жоғалт­пағанын байқаймыз. Мысалы, автор Серік Тайжанның «Көрпемізге қарай көсілейік» мақаласында зейнетақы, жәрдемақы төлеу кезіндегі әділдік туралы мәселе көтереді.
«Әлемдік дағдарыс әсері» айдарындағы «Қимылдаған қыр асады» деген мақалада Ғ.Абзалбек уақытша қиындықтан шығу жолдарына үңіліп, сонымен бірге оқырманға ой салуға ниет етеді. Ойлап көрсеңіз, бұл 1999 жылдар елдің экономикалық қиындықты бастан кешіп жатқан жылдары еді. Ол кезде осындай бағыттағы мақалалар қажет болатын. Дегенмен, осы өтпелі кезең қазақтан ешуақытта алыс кетпегендей көрінеді де тұрады. Қазақ қай кезде жақсы өмір сүрді екен деп ойлап қоясың.Ашық қоғам сол кез емес пе?

Газетті ақтарып отырып байқайтының – осы кезеңде шын мәнінде ашық қоғам болғанға ұқсайды. Көп дүние ашық айтылған, азаматтар бүгінгіден гөрі намысшыл, өткір, берік байламы болғандай. Ұлт, тіл, діл мәселелерін айтуда еш іркілмегендей. Медет Тайбатыр есімді автор қытай тауарларына тыйым керектігін көтеріп мақала жазған. Базар сөрелеріндегі сапасыз тағамдарды азайтсақ, елдің денсаулығы да түзелер еді, отандық кәсіпкерлердің өндірген өнімдерін өткізуге жағдай жасар едік дейді. Автор бәрімізге таныс баяғы бір үмітті – өзімізді өз өнімдерімізбен қамтамасыз ететін күнге қашан жетеміз дегенді қаузайды, мақала әлі күнге өзекті. Расында сол күнге қашан жетер екенбіз?
Автор Т.Рамазанов «Бойкүйездік басшыға жараспайды» деген мақалада қала әкімі Ә.Жақсыбековтың қаладағы әртүрлі салаларға жауапты басшыларды жинап, Қазақстанның бас қаласын абаттандыру, қысқа мерзімге арналған жобалар, қала құрылысын стратегиялық дамуын кезең-кезеңмен жүзеге асырудағы кемшіліктер мен жайбасарлықты сынағанын келтіреді. Әкім қарамағындағыларды «нақты істі жандандыратын серпіліс жоқ, реформалауға байланысты ұсыныстар басшылар тарапынан неге көрінбейді?» деп жауапқа алғаны туралы оқып риза боласың. Шын мәнінде Астана осындай тәртіп, талап, нәтижелі еңбектің арқасында осы дәрежеге жетті. Ал бүгінде осындай талап бар ма екен?
«Қазақ құрылысшыларының қарғысына қалмайық» деген мақалада тележурналист Е.Ертай техникалық қауіпсіздік талаптары сақталмаудан құрылыста жүріп қаза болған құрылысшылар үшін мердігерлер, құрылыс саласы басшыларының жауапкершілігін арттыру мәселесін көтереді. «Далада жатқан адам жоқ» деген А.Тілеуов мақаласында да осы еңбек қауіпсіздігін сақтамау салдарынан қаза болған жұмысшылардың отбасына өтемақы төлеуден жалтарған кәсіпорындарды жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілген.
Одан бөлек, «Жер тағдыры – ел тағдыры» деген мақалаларда авторлар ата-баба жерінің саудаға түскенінен іш жиятындарын жасырмайды. «Жер сатыла ма?» деген мақала сол заманда қандай өзекті болса, бүгінде солай, бірақ, мемлекеттік газеттерде бұл басы ашық мәселе ретінде көтеріле бермейтіні де шындық қой.
«Олар аспаннан түскен жоқ» деп қоғамдағы жең ұшы­нан жалғасқан жемқорлықты сынаған журналист Шәкизада Құттыаяқов «бұл күнде осындай жемқорлық қылмыстары үшін 9 судьяның үстінен тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 3 судьяның қылмыстық істері сотта» деген мәлімет келтіреді. Одан бері қанша уақыт, жемқорлық өршімесе, бәсеңсіген түрі байқалмайды.

Көзқамандар – қауіпті

«Қандастарымыз шоқына бастады» деп бірінші бетке мақала бергендегі редакция­ның тек бұқаралық ақпарат құралы ретінде ғана емес, осы елдің жанашыр азаматтары ретінде күйініш білдірген көңіл-күйі аңғарылады. Осы күні қандастар жат дінге кірсе, миссионерлер қалай тайраңдаса да бұған ешкім таңғалмайтын да болған, бәрінен ет өліп кеткеннің жаман екенін сезінесің. Осы мақаладағы «бір ұлт өкілдері арасындағы әр дінге мінәжат етушілік әлеуметтік мәдени, саяси көзқарастар алшақтығына әкеліп соқтырады» деген жолдар мемлекеттің берік ұстындарының біріне айналуы тиіс еді, амал не…
Ғалым Серік Әмірғазиннің «Миссионерлер әрекетін шектеу қажет» деген мақаласында да соқырға таяқ ұстатқандай анық, нақты ұсыныстар айтылады. «Қазақ тілі (для русских школ) құның қанша? Бұл да әлі өзекті, өткір қалпында. Арада қанша жыл өтсе де өзгермейтін мәселе, айықпас мұң… «Астана ақшамы» жазғандай, әлі күнге «тіліміздің аяғында «тұсау» жүр.
Ерғазы Әсембекұлы «Осы біз ұлтшылмыз ба?» дегенде трайбализмның тамырына қалай балта шабамыз деп көпшілікті ойбөліске шақырады.
«Көзқамандар – нағыз қорқаулар, олар елге мәңгүрттерден де қауіпті» дейді. Мұндай салмағы ауыр, қауіп еткеннен айтқан, ертеңге көз жіберген, келешекті ойлаған сөзді ұлттың жанашыры Рахманқұл Бердібаев айтқан. Мұндай сүйекті мақалаларды басу арқылы газет те үлкен бедел жинағаны анық. Бұл мақаланы қазіргі таңда да қайтадан басып шығаруға болар еді. Еттен өтіп, сүйекке жететін аталы сөз, ұл келешегіне алаңдаған шерлі көңілді тап басқан мұндай мақаланы жастар оқуы керек.

Тыныс-тіршілігі алақандағыдай

Газет ашылған кезден бастап қаланың келбеті әсем, сәулеті ерекше болуына айрықша үлес қосқанына дау жоқ. Сәулет, құрылыс, абаттандыру, қала тазалығы үнемі көтеріліп отырған. «Көрмейін десем көзім бар» айдарымен «Мәтіні мәңгүрт жарнамалар» туралы айтылған. «Пуча» дүкенінің атауын сынаған, ол дүкен әлі күнге сол атаумен тұр. Ағылшынша, орысша қаптаған атаулар бұрынғыдан көбеймесе, азаймағанын көреміз. Сондай-ақ Бейбітшілік көшесіндегі шыршалардың құрылыс үшін текке қиылып жатқанын үлкен мәселе ретінде көтерген. «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Жұмагүл Саухат «Астана сәулетімен ғана көрікті емес» деген мақаласында елордадағы көше атаулары ұлт тарихын әйгілеп, қазақылықтың иісі шықса деген ойын білдіреді. Ғалым Қожабеков ағамыздың «Қайыр тілеген бала» туралы мақаласы да әлеуметтік қиындықтарды ғана емес, адам тағдырын, қоғам ахуалын сөз етеді. Осы жылы «Жасұлан» мектебі салтанатты жағдайда ашылғанын да айта кетейік. Ол кезде Астана күні 10 маусым болған. Газеттің бұл күнгі саны айрықша ажарлы. Бұл күні Астананың жер-жерінде көрме, салтанатты шаралар болған. Тіпті ат жарысы ұйымдастырылған. «Сарыарқада сыналды сәйгүліктер» деген мақала – соның дәлелі.

Руханиятқа да орын жеткілікті

Автор Ескермес Иманбайдың «Қаракерей Қабанбай батыр қайда жерленген?» деген мақаласы – бір жағынан тарихқа шолу, бір жағынан танымдық дүние. Жазушы Толымбек Әбдірайымовтың Есенберлин туралы естеліктер – «Өлке тарихының өрен жүйрігі» мақаласы да өресі биік мақала.
Тағы бір айтулы жаңалық – Ел газеті «Егеменнің» елордаға көшіп келгені. Сол кезде түсірілген суреттер, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның астаналықтармен қауышу сәті көптің көңіліне ыстық көрінетін шығар деп ойлаймыз. «Қаныш аға – тұңғыш қазақша алгебраның авторы» (авт. Берен Өтебаев), «Қаныш ағадан қалған із» (авторы А.Тілеуов) атты мақалада да қайраткердің ұлағатты істері кеңірек айтылған. «Абсентті баптаған азамат» туралы мақалада қазақ сарбазы, әйгілі атбегі Кәрім Әсенов жайлы айтылады.
Профессор Талас Омарбековтың «Мәскеуді бағындыр­ған Тоқтамыс – ол кім еді?» деген мақаласы тарихты парақтап, қазақ тарихына қатыс­ты ақтаңдақтарға ой көзін жібереді. Тағы бір қызық (осы күні бізге қызық көрінеді) – сол кезде айтыстың беделі өте биік болғаны. Халықтың ұлттың өнерге сусап қалған көңілімен айтысқа айрықша құрмет көрсетілген. «Ақындар ақтарылды ағыл-тегіл» деп екі бетке толтырып репортаж берген, ақындардан сұхбат алынып, көрермендер ықыласы келтіріліп… сондай бір кездер өткен екен.

«Жібердік сәлем хатпенен»

1998 жылы редакцияға 700 хат келгені тіркелген болса, 1999 жылы тек үш айдың ішінде 500 хат келген екен. Сол кезде редакцияның халықпен байланысы жақсы болғаны да, халықтың қоғамдық белсенділігі, бастамашылдығы жоғары болғаны да осыдан байқалады. Демократия осы кезде болған ба дейсің. Олай ойлауымызға себеп те бар. 1998 жылы 23 сын материал жарияланып, оның 22-сіне (!)лауазым иелері жауап берген. Ал 1999 жылдың үш айында 40 сын материал шыққан, оның 14-іне басшылар мән беріп, жауап берген. Осындай кезең баспасөзге қайтып оралар ма екен… Қазір қалай сынаса да сол сыннан қорытынды шығарып, не болмаса жағдай былай деп жауап беріп жатқандарды көруді қойдық. Бұл баспасөздің беделі қалмағаны ма, журналистердің сын жазудан қорқатыны ма, басшылардың сынға пысқырып қарамауының артында қоғамды салбөкселік, енжарлық жайлап алған мінезі жатыр ма, айыру қиын. Әйтпесе, газет бетінен орын алған «Қазақ баласы неге қазақша оқығысы келмейді?», «Намыс қайда?» деген мақалаларды бұл күнде фейсбук беттерінен көреміз, әлі күнге тап осылай ашынулымыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 14 =