1998 жыл

0 29

«Ақмола ақиқатының» 1998 жылғы нөмірлерін парақтағанда, кешегі Ақмола – бүгінгі елорданың қоғамдық әлеуметтік жағдайы, жалпы өрлеу-­өркендеу жолдарынан сыр шертетін кішігірім жылнамасын оқып отырғандай күй кештік. Мұнда мемлекеттің саясаты да, басқару жүйесі де, мәдениеті мен руханияты да түгел қамтылған.Жаңа астананың алғашқы қадамдары

«Ақмола ақиқатының» 1998 жылғы №1 санында қалалық мәдениет және демалыс саябағының аумағынан салынған теннис корты астана тұрғындарының игілігіне айналғаны туралы айтылады. Қаңтардың 7-сі күнгі нысанның салтанатты ашылу сәтіне Президент Н.Назарбаевтың өзі арнайы қатысқан. Нөмірдегі «Ақмола – ата-баба рухы сіңген мекен» атты Қуаныш Ахметовтің мақаласында Ақмола қаласының тарихы баян­далып, Ақмола атауы осы өңірде мекен еткен Қыпшақ тайпасынан шыққан, әділдігінен Есіл-Нұра бойын жайлаған қалың қазақтың құрметіне бөленген Нияз бидің есімімен тығыз байланысты екендігі айтылады. Мақалада қызық дерек бар: «1897 жылы өткен халық санағы бойынша Ақмолада 1300-ден астам дворян, 33 діни лауазым иесінің, 85 көпес, 280 мещан, 1829 шаруаның, 3936 бұратана ұлттар өкілдері мен әртүрлі сословиедегі 1438 адам, барлығы 10260 жанның тұратыны көрсетілген» дейді. Ал 1914 жылы халық саны 15 мыңға жеткен.
1998 жылғы нөмірдің барлығында дерлік Астана келбетін көтеру мәселесінің қала әкімшілігі алдындағы басты міндет болғаны байқалады, қаңтардың басында Президенттің өзі Ақмола қаласының даму мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңесте 1998 жылдың 10 маусымында жаңа астананың халық­аралық деңгейдегі тұсаукесері өтетінін мәлімдегеннен бастап қала тазалығы, қаланы көркейту күн тәртібінен түспегенін көреміз. Әсіресе, санэпидемстансаға шыбын-шіркейге қарсы күрес­ті күшейту мықтап тапсырылған. Соған қарағанда, Есілдің сары масасы сол кезде буып тұрғанға ұқсайды. Сондай-ақ, «Іскер деген атың барда, ісің мықты болса игі» деп ұран тастап, коммерсанттар мен іскерлерді тек қалтасын ғана емес, астана мүддесін ойлауға шақырады.
Мысалы, газеттің 17 сәуірдегі нөмірінде қала әкімі Ә.Жақсыбековтің әр аптаның бірінші күні халықаралық кеңестік лездеме өткізуі тұрақты шараға айналғаны айтылады. «Астана» қонақүйі құрылысы, екі ай ішінде қала көшелеріне 64 мың тонна асфальт төсеу туралы мақалаларда басты мақсат Ақмолаға астаналық сипат беру екені нықталады. «Астанадағы туындап отыр­ған мәселелердің бірі – тазалық және тәртіп. Біздің тұрғындардың көпшілігінде әлі де астаналық мәртебе сипатын түсінбеушілік басым» деп жазады тілші. «Астана тұсаукесер қарсаңында» айдарымен берілген мақалалар осыдан 22 жыл бұрынғы қала тіршілігін көз алдыңа әкелетіндей. Газет тілшісі Өріс Яшүкірқызы сол кездегі Тұрғын үй департаменті бас­тығы Н.Ждановичпен сұхбатында «Кенесары-Иманов, Республика даңғылы-Уәлиханов көшелері аралықтарындағы ескі үйлер бұзылып, жаңа үйлер салынатындығы айтылған. Қазір ол маңның түгелге дерлік жаңарып қалғаны белгілі.Бас қаланың саңлақтары

Осы Ақмоладан шыққан адамдар, мысалы тың игеру ісін зерттеген ғалым, профессор М.Гендельман, көпестер Кубриндер әулеті, Ақмоладағы тұңғыш метеоролог Лазеров туралы жазылған мақалалар тартымды. Нұрғожа Ораздың «Сарыарқаның саңлақтары» атты мақаласында белгілі адамдар туралы қамтылған.
Ал Ақмоланың астаналық бас жобасы үшін болған конкурста бірінші жүлде иеленген Қалдыбай Жұмағалиұлы туралы мақалада Астана сәулеті сөз болады. Жаңа Астананың бой көтеруіне жазушылар, өнер адамдары да үн қосады. «Қазақ киносы Астанада» кинофестиваліне «Заманай» фильмін ала келген Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық иегері Сәкен Жүнісов өзгеріске қаламгер ретінде пікір білдіріпті. «Бүгінгі басты мәселе – кадр мәселесі, жағдай жасаймын десең ит те, бит те келе береді. Үкіметке жаны ашитын, елдің келешегін ойлайтын іскер ұл-қыздарды қосу керек» деп ой айтады. Сондай-ақ жазушы Дүкенбай Досжан да «Ақмола ақиқаты» газетіне сұхбат беріп, Ақмола тарихына арналған романы туралы баяндайды. Жалпы, газетте руханиятқа көбірек орын берілген. Тұрсынбек Кәкішұлының «Сәкен түрікшіл болды ма?» деген мақаласы сөзімізге дәлел. Сол кездегі С.Сейфуллин мұражайының директоры Р.Асылбекованың мақаласында Сәкен ақынның Астанадағы қара шаңырағы – Сәкен мұражайы туралы айтылған. Сонымен бірге Астанадағы алғашқы Наурыз мерекесін ұйымдастыруға да зор мән берілгені газеттен көрініс тапқан. Президент Н.Назарбаев, Премьер-министр Н.Балғымбаев бастаған мемлекет басшылары Наурыз мерекесін халықпен бірге тойлаған. Ақмола әуежайының өткені, бүгіні және болашағы туралы да, вокзал туралы жазу да журналистер назарынан тыс қалмаған. Біле жүрейік, Ақмолаға тұңғыш пойыз 1928 жылы 8 желтоқсанда келіпті, 1940 жылы Ақмола-Қарталы жолы бір-бірімен түйіскен. Сондай-ақ еліміз бойынша бірінші рет Ақмолада балалар теміржолы салынған, ол мәдениет және демалыс паркінде қызмет көрсеткен. «Зерде» айдарымен берілген Амантай Кәкеннің «Желтоқсан оқиғасы Ақмоладан бастау алған» атты мақаласының да танымдық мәні зор. Бұл жерде Ақмоладағы қазақ жұртшылығының 1979 жылғы неміс автономиясын құруға қарсы бой көтеру себептері сараланады.Бір тамаша той өтті

Ақмоланың тұсаукесер тойы алдындағы абыр-сабыр күйі, ірі оқиға қарсаңындағы игі істерінің барлығы газетте қамтылған. Ұлттық баспасөз клубының президенті С.Матаев жүргізген баспасөз мәжілісіне елден-жерден журналистер шақырылып, дайындықтар пысықталғаны да бұл күнде қала тарихының бір сәтіне айналған. Мысалы, қалалық ІІБ бастығы В.Кан тәртіп сақшыларының Астана тойына дайындығы мығым екенін, құрам қосымша 1500 адамға толыққанын айтып, есеп берген. Жақын шетелден 2 мыңдай қонақ келетіндіктен, күндіз-түні 3 ауысымдық наряд жұмыс істеген. Бұл кезде Ақмолада жүргізіліп жатқан құрылыс­тарды әр аптаның бейсенбі күні Елбасының өзі аралап шығатын болған. Той алдында С.Сейфуллин кітапханасы, Қажымұқан орталық стадионы жөнделіп, жасыл желек отырғызылып, Ұлттық мұражай, Отан қорғаушылар ескерткіші салынып жатты. Астана тұсаукесеріне келген қонақтар лебізі де газет бетінен орын алды. Олардың арасында «Мұндай кереметті көрген емеспіз!» деп таңдай қағып, бас шайқаған жапон журналистері де, «Сіздер ерлік жасадыңыздар!» деп баға берген Сигма институты жетекшісі Гюнтер Капелле де болды. Сонымен бірге 1998 жылдың 19 маусымында өткен дүние жүзі қазақтарының басқосу конференциясы да тарихи оқиға ретінде газет бетінен орын алды.

Ашылмаған аралдар

Газеттің бұл айдары өте қызықты. Жанболат ­Аупбаевтың «Абдель Насер мінген арғымақ» атты қызықты мақаласында Луговой асыл тұқымды жылқы зауытының атбегісі Әбітхан Оразалиевтің 1960 жылы Мысыр жеріне барып, Біріккен Араб Республикасының президенті Гамаль Абдель Насерге Кеңес Одағы тарапынан сыйға берген Мастер деген арғымақты табыстау тарихы айтылады. Сол кезде араб еліне барғаннан кейін бөтен адамның жетегінде кетіп бара жатқан арғымақтың артына қарап кісінеген естілігі таңғалдырады. Атбегі жүрегі жұлынып кеткендей болып, жанарына жас үйіріле кері бұрылғанын айтады. Сондай-ақ Жанболат Аупбаевтың «Шахматтағы Уфимцев қорғанысы» деген мақаласы да қызық. Бұл Набоковтың атақты «Лужин қорғанысы» шығармасын еске түсіреді. 1946-1961 жылдары респуб­ликалық жарыстарға қатысып, Қазақстанның 11 дүркін чемпионы болған А.Уфимцев қарапайым экономист болған.Оқырмандар ықыласы

«Жазылған жайдың жаң­ғырығы» айдарында қала тұрғыны Бану Латипова өз мұқтажын қалалық Білім басқармасы арқылы шешуге жәрдем берген «Астана ақшамына» алғыс айтады. Бір байқағанымыз, осы кезде «Астана ақшамы» атала бастаған газет қай тақырып­ты да батыл жазып, өткір мәселелерді көп көтерген. «Армияңа қайта бір қарашы, Қорғаныс министрлігі» деп осы саланың қордаланған проблемаларын ашып айтып отырған. Сонымен бірге «Ойтұмар» айдарында көшелерге халқымыздың ардақты ұлдарының есімін беруде ұдайы үн қосып, бас­тама көтеріп отырған. «Бар қазақтың Бақтыоразы» деп батыр Бақтыораз Бейсек­баев есімін көшеге беруге үн қосқан.

Тіл мемлекет қамқорлығына әлі зәру

1998 жылы «Тіл туралы» заңның қабылданғанына бір жыл толған еді. Сол кезде де «Ең алдымен «Тіл туралы» заңның 25-бабындағы уәкілетті мемлекеттік орган туралы нақты талаптарды орындау керек» деп Тіл комитетін, болмаса Литвадағыдай тіл инспекциясын құру туралы бастама көтерілген. «Тұншығыс немесе қайтсе төрге шығасың, қайран тілім», «Қайран тілім, қор болдың» деген атпен мақалалар жиі жарияланған. «Қайран тілім, қор болдың» деп жазып отыр­ған – сол кезде «Тіл және мәдениет» қоғамының төрағасы Әнуарбек Ералыұлы. Ол «Тіл туралы» заңға пысқырмай отырған үлкен мекеме басшыларын сынайды. Ал қазір мұндай сирек. Әжептәуір атағы бар азаматтардың өзі «тілді айтам деп жылы орнымнан айырылып қалып жүрермін» деп қауіп ойлап, тіл тақырыбынан қашатын болған. «Айта бергеннен не өзгерер дейсің?» деп қолын сілтейтіндер де көбейген. 31 шілдедегі нөмірде «Ұят-ай» айдарымен «Қайран намыс, қайдасың?» деген шағын мақала шыққан. Өзі шағын, көтерген жүгі зор. Онда 10 дана «Астана ақшамын» базарда сатқан сатушы Қарлығаштың жұмыстан қуылғаны айтылады. Газет ұжымы беделді деген азаматтардың осындай намыссыздығына налиды. Туған тілдің мәселесі осыдан 22 жыл бұрын да, тап қазір де өзекті.

Намыс найзағайы

1998 жылғы газетте «Намыс найзағайы» деп аталатын айдар болған. 1998 жылдың 13 қазанында Шерхан Мұртаза жазған «Қажыгелдиннің қай сасқаны?» деп аталған мақаласын оқу өзіміз үшін өте қызық болды. «Әкежан мырза әруақтардың сү­йегі сырқырайды» дейді. «Орыс­тарға опасыздық жасадық, әруақтар кешірмейді» дейді. Сонда сырқырайтын Көшім ханның, Сырым Датұлының, Исатай мен Махамбеттің, Кенесары мен Наурызбайдың, Сыздық сұлтанның сүйектері ше? Ұлы әруақтардың сүйегі сырқыраса, Әкежанның сол әруақтарға жала жапқаннан сырқырайды!» деп қатты айтады. Ашынған жазушы, қоғам қайраткері қазақ тілінің бейшара жетімнің күнін кешіп отырғанын нақты деректермен келтіреді. Әріден қозғап, біраз жайды айтқан жазушы мақаласын «Әкежан мырза қазақ емес­терге жағынып, қазақтарға жала жабу үшін тағы қандай амалдарға барар екен?» деп аяқтайды.Әлі күнге өзекті

«Заң және заман» айдарында берілген мақалада республика Парламентінің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы әлеуметтік әрі экономикалық маңызы зор заңды дер кезінде қабылдағаны, оның қандай міндет жүктейтіні айтылады. Автор Советхан Сәкенов тергеу сапасын көтеруді, тергеуші айлығын жоғарылатуды ұсынады. «Жемқорлық – жегі құрт» деген айдарда «Балық басынан шіриді» деп мақала жазған автор Ертөре Сабасов «барлық қылмысты жасайтындар – жоғары жақтағылар» деп түйін жасап, жабылып қалған Торғай облысындағы келеңсіздіктердің бетін ашады. Және сол мақаланы басып отырған газеттің батылдығына сүйсінбеске болмас.
Бәрінен бұрын «Көк түтінге қашан көмілеміз?» деген мақала арада 22 жыл өтсе де сол күйі өзектілігімен ерекшеленіп тұр. Елорданы күзден көктемге дейін көміп, көк мұнар жауып тұратын күн де ұмытылып, газ келген кезде осындай мақалалар жазылғанын, талай рет мәселе көтерілгенін де ұмытамыз-ау…
13 қарашада жарық көрген «Доллар қанша дүрілдегенмен, теңгеміз теңселмейді» деген сенімге, үмітке толы мақаланы оқып таңырқайсың. Не деген сенім! Айтпақшы, ол кезде де біздің оқыр­мандар «Назарбаев феномені» деген сериялық мақалалар, «Ұлы тарихты ұлы тұлға ғана бастай алмақ», «Өзін танытқан өр тұлға» деген мақалалар оқы­ған екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 1 =